20 ақпан, 202036

Көктем қандай киномен қуантпақ?

Биылғы жылы отандық киноиндустрия саласында «бум» десек те болады. Кинотеатрларда толассыз қазақ фильмдері көрсетілуде. Бірінің көрсетілім мерзімі аяқталмай жатып, енді бірі прокатқа шығуда. Демек, отандық фильмдерге сұраныстың артқаны. Оны кассалық жиыннан көреміз, көріп те келеміз. Қуралай Анарбекованың «Ва-банк»-і мен Нұрлан Қоянбаевтың «Бизнес по-казахски в Корее» бастаған фильмдерін одан әрі «My love is Aisulu» жалғаса, қыс маусымын  «Гудбай, мой бай 2» мен «Я, пышка» кинотуындылары түйіндемек. Енді барлығы рет ретімен.      

Режиссер Анвар Матжановтың 2018 жылы қазақстандық прокатқа шығып, кассалық жиыны 50 миллион теңгеге жуықтаған «Гудбай, мой бай» кинотуындысы жалғасын тапты. Фильмнің екінші бөлімі 20 ақпан күні көрермен назарына ұсынылмақ. «Гудбай, мой бай 2» комедиясы бұл жолы да Ермек есімді аңқау жігіт жайында. Алайда, мұнда оның үйленгеннен кейінгі өмірі одан әрі өрбиді. Таяуда үйленіп, бір айырылысып, бір қосылған жігіт әлі де болса өздігінен шешім қабылдай алмай келеді. Қайдан қабылдасын?! Бір жағынан қадам да аттап басуға мұрша бермейтін анасы, екінші жағынан құлақ құрышын жеген жан жары тұрғанда?! Ақыры, әйелінің сөзіне құлақ асқан Ермек, ата-анасының үйінен кетуге бел буады. Мұнысымен бейбақтың қиындықтары таусылса көрім. Алда оны талай сынақтар күтіп тұр. Фильмнің бұл бөлімінде де Сәбит Рахымбаев, Даут Шайхисламов, Нұрдаулет Шертім, Әзім Саидбаевтар өнер көрсетеді. 

Айта кетейік, фильмге Сәбит Рахымбаев пен Даут Шайхисламов продюсерлік қызмет атқарды, ал, сценарийдің сәтті шығуына Сәбит Рахымбаев Әзім Саидбаевпен бірлесіп еңбек етті. Ендеше, туындының тұсаукесерін күтейік! Бағасын кейін бере жатармыз.

Араға апта салып қазақстандықтардың қуанышына айналады деп күтіліп отырған ендігі туынды – «Я, пышка!». Ақпан айының 27-і күні көрерменге жол тартпақ. Кинолентаның продюсері – Баян Алагөзова. Сюжет желісі бойынша бас кейіпкер сән әлемін жаулап алуды арман етеді. Бұл мақсатына жету үшін өзі сияқты «толықша» бикештерге арнап өзінің коллекциясын шығарады. Алайда, бұл мұратына жету жолында талай қиындықты бастан кешіреді. 

«Өте көңілді болмақ. Фильмнің сюжетін біліп тапқан жан, жабық тұсаукесер рәсіміне ресми шақыру алады», - деп жазады продюсер өзінің Инстаграм желісінің парақшасында. Олай болса, «Go!» Біздің мақаламызды оқып, тезірек шақыруға ие болыңыз дейміз!

Ал, көгілдір көктемнің кино маусымының шымылдығын режиссер Ернар Нұрғалиев, оператор Азамат Дулатов, актер Жандос Айбасов пен продюсер Тимур Шевченколарлардың «Жаным, ты не поверишь» атты туындылары ашпақ. Халықаралық әйелдер күні қарсаңында 5 наурыз күні қазақстандық прокатқа шығатын кинокартина қарапайым отбасылық ұрсыстан басталып, екі достың шытырман оқиғаларына ұласады. 

Картина қара әзіл комедияларының ішіндегі көктемнің ең шулы әрі ең жарқын премьераларының бірі болады деп сендіреді режиссер. «2020 жылдың 5 наурызында елдің барлық экрандарында киноның барлық бас кейіпкерлері күтпеген амплуада болады» деп жазады ол әлеуметтік парақшасында. Режиссер мырза уәде етсе, фильмді тамашалауға неге бармасқа?

Айпақшы, кинода  Данияр Алшынов, Әсел Қалиева, Еркебұлан Дайыров, Рустем Жаныаманов,  Азамат Маркленов,  Ерлан Пырымбетов,  Дулыға Ақмолда, Алмат Сақатов өнер көрсетеді. 

Дәл осы күні тағы бір туынды көрермен көзайымына айналмақ. Кинокартина «Семейные страсти» деп аталады. Фильм режиссері – Асқар Бисембин. Туынды – демалыс күні  отбасымен бірге көруге таптырмас нұсқа болмақ. 

Картинаның бас кейіпкерлері – орта деңгейлі жағдайы бар қарапайым қазақ отбасы. Өзге таныстары сияқты шетелде демалуға мүмкіндіктері жоқ. Құрбылары болса, «анда демалдық, мында демалдық» деп мақтанады. Әрине, екі баланың анасы да бір жерге барып демалуды армандайды. Сөйтіп жүріп отағасының мазасын алады. Әйелінің күнделікті налына шыдай алмай,  күндердің күнінде отағасы бір жерден шағын автобус сүйретіп келіп, отбасы саяхатқа аттанады. Алайда ерлі-зайыптының шытырман оқиғасы осымен аяқталмақ емес. Керісінше, енді басталады. Бір айтарымыз, фильмнен ешкім жалықпайтыны анық. Әрине! Себебі басты рөлдерді – Мейіржан Түребаев пен Дана Есеевалар сомдайды.

Ал, қазақстандық көрермендерді «Құдалар», «Әкім», «Келинка Сабина» және тағы басқа комедияларымен қуантып жүрген Нұртас Адамбаев Сабина келіннің кезекті қылықтарын паш етпек. 

Естеріңізде болса, қалалық Сабина есімді бойжеткен араб шейхіне тұрмысқа шығуды армандайды. Алайда ақыры қарапайым ауыл жігітінің әйелі атанады. Ауылда жүріп, қазақ тілі мен дәстүрді үйренеді. Сөйтіп жүріп, келіндер клубын ашады. Енді бір бөлімінде Сабинаның отбасына Қарлығаш есімді сұлу тап болып, отбасының шайқалуына себепкер болады. Ал, үшінші фильмде өжет Сабинаның басына нендей сынақтар түседі? Бірге тамашалайық. «Келинка Сабина 3» картинасы наурыздың 19-ы қазақстандық прокатқа шықпақ.

Автор:  Зарина Смағұлова

Поделиться
Для корректного отображения страницы пожалуйста отключите блокировщик рекламы