Размер шрифта:

Цветовая схема:

02 қазан, 202019

Көруге кеңес берілетін отандық мультфильмдер

Өзге елдердің балалары сияқты қазақстандық өскелең ұрпақ та Шректің, Олаф пен Спанч Бобтың, Анна мен Эльзаның кімдер екендігін жақсы біледі, алайда отандық анимация кейіпкерлерін ұмыт қалдыруда. Бірақ бүгінде қазақстандық мультипликацияда кішкентай көрермендерге ғана емес, ересек адамдарға да қазақ халқының тарихы мен мәдениетінің рухын жеткізе отырып, жақсылық пен мейірімділікке баулитын көптеген мультфильмдер жарық көрді. Осы орайда қазақ халқының дәстүрі мен құндылықтарын дәріптейтін заманауи мультипликациялық фильмдер мен талай ұрпақты тәрбиелеп өсірген ескі отандық мультфильмдерден құралған топтаманы ұсынамыз. 

«Қарлығаштың құйрығы неге айыр?»

(1967)

Әрине, қазақ мультипликациясының алғашқы қарлығашы ол - Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясында режиссер Әмен Қайдаров түсірген  «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» мультфильмі. Туынды жарық көрген 1967 жыл – қазақ мультипликациясының туған жылы деп айтуға толық негіз бар. Бұл тамаша мультфильм қазақ халық ертегісінің желісі бойынша таспаланған.   

«Ақсақ кұлан»
(1968)

Суретші-ардагер Әмен Қайдаровтың бұл туындысы да халық дастаны негізінде жасалған. Мультфильм екі ішекті домбыраның пайда болуынан сыр шертеді. Музыка қазақ халқы үшін көнеден бері өмірінің ажырамас бөлігі болып келеді. Бұл дастан да музыканың сөздерден әлдеқайда шешен келетінін көрсетеді. Аталған хикая оны тамашалаған көрермеді бей-жай қалдырмай қоймайды.  Мультфильм арқылы балалар атақты «Ақсақ құлан» күйінің қалай пайда болғанын білетін болады.   

«Алдар-Көсе»
(1975)

Алдар-Көсе – бұл үнемі кедейлерді қорғайтын қазақ халық ертегілеріндегі ең сүйікті кейіпкер. Оның есімі қазақ халқының шығармашылығымен біраз болса да таныс жанға белгілі. Кейіпкерлерді керемет дыбыстаған актерлер Александр Баранов, Владимир Кенигсон, Чеслав Сушкевич және Галина Кордубтың арқасында «Алдар-Көсе» мультфильмі жеңіл әрі көңілді шықты. Мультфильм мейірімді әрі айлакер Алдар-Көсе мен халық арасында шық бермес Шығайбай атанған пайдакүнем бай туралы хикая. Алдар қарапайым адам болғанына қарамастан, шық бермес Шығайбай секілді сараң байларға арналған талай құлықты біледі. Картинаға аниматор Иван Сон-И-Сон режиссерлік етті. Бір қызығы - бұл мультфильмнен кейін келесі 1976 жылы хикаяның жалғасы - «Алдар көсе жолбарысты қалай алдады туындысы жарық көрді.

«Даналық пен байлық»
(1978)

Ерте, ерте, ертеде байлық пен даналық өмір сүрді. Бір күні олар кездеседі. Әрқайсысының «бақыт үшін не қажет?» деген сұраққа өз жауаптары мен пікірі бар. Байлық бақытқа жету үшін ақша керек дейді, даналық болса ақылға саяды. Содан байлық бақытқа ақылсыз да кенелуге болатынын дәлелдемек болады... Т.Мендошеваның бұл туындысын көрген көрермен әр адамның өмірінде ненің маңызды екендігін түсінуге көмектеседі. Түрлі игілікке қол жеткізу үшін байлыққа басымдық берген жөн бе әлде ешкімнің байлығына қызықпай, өмірлік тәжірибе жинақтап, даналыққа ұмтылған дұрыс па? «Даналық пен байлық» мультфильмі осы сұрақтарды көрермендерге қоя отырып, бас кейіпкерлер арқылы адамның екі бөлек бағыттағы дамуын көрсетеді.

«Қанбақ-шал мен дәу»
(1986)

Бұл мультфильм қазақ ертегісінің желісі бойынша жасалып, көрермендерге ақыл мен тапқырлық ең қауіпті жағдайда адамның құтқарушысына айналатынын, ал кейде айлакердің өзіне қарсы шығуы мүмкін екендігін көрсетеді. Режиссер А.Әбілқасымовтың туындысында жиһанкез қаңбақ-шал дәудердің қолына түседі. Олар өз кезегінде шалды өлтірмек болады. Алайда шал ақылы мен қулыққа салып, жауыздардың қолынан құтылып қана қоймай, үйге де аман-есен оралады.    

«Дастархан»
(1988)

Абзал мен оның әйелі – қолы ашық әрі мейірімді отбасы. Үйге келген қонақты жылы қарсы алып, оған дастарған жаюға даяр жандар. Қазақ халқының қонақжайлылығын білмейтін жан жоқ-ау, сірә. Бұл мультфильм халқымыздың осы бір керемет қасиетін тағы бір паш етеді. Режиссер Тамара Мұқанованың бұл туындысында көрермендер жомарт және ақкөңіл Абзал есімді отағасымен танысып, оның танымайтын адаммен қолындағы барымен бөлісуге бар жан екендігін көреді. Осылайша фильм өскелең ұрпақты жақсылыққа, мейіріміділік пен қонақжайлылыққа үйретеді.

«Тігінші және ай»
(1993)

Бір күні ай тігіншінің әдемі әнін естіп, оның шаңырағына бас сұғады. Тігіншінің шеберлігіне тамсанған ол, өзіне көйлек тігіп беруге тапсырыс береді. Алайда көйлекті киіп көруге әр келген сайын ол оған сыймайды... Режиссер Қайдыбай Сейдановтың ай мен көйлек туралы бұл хикаясы Самуил Маршканың «Айдың көйлегі неге жоқ» атты өлеңін еске түсіреді. Тігіншінің Айға ерінбей-жалықпай қайта-қайта көйлек тігетіні туралы мейірімді әрі ирониялық хикая тұтас бір ұрпақтың сүйікті мультфильмі болып қала бермек.    

«Сага о сайге»
(2006)

Ча мен Та – ақбөкен үйірінің кішкентай ақбөкендері. Туа сала оларды қауіп күтеді: бір жағынан  азулы қасқырлар үйірі, екінші жағынан – ақбөкендердің бұл түрлерінің жоғалып кетуіне қауіп төндіретін браконьерлер. Анимациялық лента қазақ даласының бірегей жануарларының бұл түрін сақтауға бағытталып, «SOS-ақбөкен» халықаралық экологиялық бағдарламаның бір бөлшегі саналады. Мультфильм адамдардың бойында табиғатты қорғауға және оған қамқорлық танытуға шақырады. Мультфильмді жасауда Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігінің орман және аңшылық шаруашылық комитеті мен Германия елінің «NABU» табиғатты қорғау Одағы қолдау жасады. Айта кету керек, Мақсұт Жарымбетовтың бұл мультфильмінің жалғасы - «Сага о сайге 2» мультфильмі Ханты-Мансийскіде өткен «Құтқару және сақтау» халықаралық экологиялық телевизиялық фестивалінде «Балалар мен жасөспірімдер бағдарламасы» аталымында үздік деп танылды. Ал 2011 жылы Иркутск қаласында өткен «Адам және табиғат» атты 10-шы Байкал халықаралық кинофестивалінің қазылар алқасы отандық режиссердің бұл туындысын балаларға арналған үздік фильм деп таныды.

«Момын мен қарақшылар»
(2009)

Момын – бұл қарақшылардың қолына түскен бас кейіпкердің есімі. Олар момынның ақшасын ғана емес, әйеліне алған сыйлығын да тартып алады. Алайда Момын сырт көзге көрінгендей, қарапайым емес. Бұл мультфильм де кішкентай көрермендерге ақыл мен тапқырлықтың айла мен әлсіздерге көрсетілген күшті жеңуде таптырмас көмекші екендігін көрсетеді. Картина режиссері -  Батырхан Дәуренбеков. Мультфильм «Сақ-Жебе» ЖШС-нің қатысуымен Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясында түсірілген.   

«Қошқар мен Теке»
(2009)

«Қошқар мен Теке» мультфильмі осы қос жануардың үйден кетіп, жаңа бақытты өмір іздеуге шығатыны туралы хикая. Бірақ тек барлық қиындықтан өткен соң ғана олар нағыз бақыт - туған жерде ғана өмір сүру екендігін түсінеді. Бір қызығы - американдық «Мұз дәуірі» мультфильмінде анда-санда азу тісті егеуқұйрықты тиын көрсетіліп отыратыны сияқты, «Қошқар мен Теке» отандық туындысында да осыған ұқсас кейіпкер бар. Ол – тезектен жасалған шарын дөңгелетіп жүретін қоңыз. Бұл кірістірмелер  фильм сюжетіне еш қатысы жоқ мылқау көңілді сахналар атауына ие. «Қошқар мен Теке» картинасына да Батырхан Дәуренбеков режиссерлік етті.

«Алдар-Көсе»
(2009)

2009 жылы отандық көрермен назырына Алдар-Көсенің жаңа хикаялары ұсынылған. Бұл жолы туынды «Azia Animation» компаниясына тиесілі, ал картина режиссері – Артур Краус. Туынды мультсериал форматында жарық көрді. Барлық бөлімдерде Алдар сараң байларды алдап, кедейлерге көмектесумен болады. Байлардың аямшақтығынан өзі де пайда көреді. Алдар-Көсе жайындағы ертегілердегі басты идея - оның айлакерлігі емес, ақыл мен шешендікті қалай және қай мақсатта пайдалану керектігін көрсету. Айта кету керек, мультфильм қазақ тілінің оқу құралы ретінде жасалған. Әр бөлімнің соңында мультфильмде орыс тіліндегі аудармамен кездесетін  негізгі фраза көрсетіледі.    

«Аңшы»
(2010)

Аңшы – ауылдың жалғыз асыраушысы. Оны бәрі мақтан тұтады, құрметтейді әрі оған сенім білдіреді. Ол – балақайлардың батыры әрі ақсақалдардың мақтанышы. Мультфильм Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы мен Т.Жүргенов атындағы өнер академиясы студенттерімен бірлесіп түсірілген. Картинаның қоюшы режиссері – Адай Әбелдинов. Сюжет кейде мақтаныш пен атақ-данқ адамның сезімі мен санасын ұлап, қатыгездік пен құрдымға апаратынын суреттейді. Осы кезде мұның барлығына тек табиғат қана төтеп бере алатынын көрсетеді.  

«Мұзбалақ»
(2018)

«Мұзбалақ» картинасының желісіне қолға үйретілген бүркіт пен оның иесі арасындағы сенімге негізделген достықтан сыр шертеді. Ерте, ерте, ертеде адамдардың ақымақтығынан жылан оянады. Ол үңгірден жорғалап шығып, ақырындап айдаһарға айналып, жақын маңда жатқан ауылдарды қиратып, адамдарды өлтіреді. Сөйтіп бар тіршіліктің үрейін қашырады. Тек жалғыз ғана бүркіт өзінің балапанын құтқару үшін онымен күреске түседі. Бұл күресте бүркіт жеңіп, жылан өзінің үңгіріне қайта кіреді. Бүркіт балапанын алып, алыс жаққа ұшып кетеді, ал жылан ыңғайлы  уақытты күтіп, ұясында тығылып жатады. Жылдар өтіп, жылан қайта үңгірінен шығады... Анимациялық лента ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясында түсірілген. Режиссерлері – Тұрдыбек Майдан мен Тілек Төлеуғазылар. Мультфильм 2D-анимацияда орындалған. Картина 2018 жылы Кинематографистер Одағының «Құлагер» Ұлттық жүлдесінің анимация секциясында «Үздік фильм» атауын жеңіп алды, ал 2019 жылы балалар мен жасөспірімдерге арналған неміс киносының «Шлингель» Халықаралық кинофестивалінде үздік анимациялық фильм сыйлығына ие болды.

«Күлтегін»
(2018)

Сюжет желісінде үш тайпаның бір Одаққа біріккен ұлы түркі мемлекеті жатыр. Бұл мемлекет ыдырау алдында тұр. Түркі халықтарының бірлігін сақтап жүрген Елтеріс есімді ұлы қаған жаңа мемлекеттің билеушілері болуға ұмтылған сатқындардың қолынан қаза табады. Елтеріс қағанның ұлы, тақ мұрагері 12 жастағы Күлтегін олардан қашып құтылады. Туған елге қайта оралмас бұрын оған талай сынақтан өтуіне тура келеді. Жолда оған түркілердің қорғаны - Көкбөрі, үш тайпаның көшбасшылары мен оның туған ағасы Білге көмектеседі. Олар барлығы бірігіп, жауларын жеңіп, түркі халқының империясын жаңғыртады. Күлтегін бүкіл түркі мемлекетінің әскер басшысы болады, ал таққа туған ағасын – данагөй Білге қағанды отырғызады. 

Мультфильм ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша дайындалған. Картинаға Адай Әбелдинов режиссерлік етті. Оның айтуынша, мультфильм ерлік пен батырлық, халық  бірлігі мен ата-бабалардың  тұтастығын суреттейді. Оның негізгі мақсаты – сол заманның мәдениетін мультипликация  арқылы көрсетіп, жас көрерменнің тарихымызға деген қызығушылығын жандыру. Картина 3D  технологиясында орындалған.

Автор:  Зарина Смагулова

Фото:  Интернет желісінен алынған

Поделиться
Для корректного отображения страницы пожалуйста отключите блокировщик рекламы