Размер шрифта:

Цветовая схема:

20 ақпан, 2020157

Махаббаты үшін Мексикаға аттанған жігіт: сәуірде барлық экрандарда

«Бизнес по-казахски», «My love is Aisulu», «Каникулы в Тайланде», «В поисках мамы», т.т. Қазақстандық фильмнің түсірілмеген жері жоқ: Америка, Африка, Тайланд, Оңтүстік Корея, Испания, Италия. Қазақстандық режиссерлер шетелге шығып, кино түсіруге ынтық көрінеді. Енді бұл ұзын тізімді «Базар жоқ, Мексика» туындысы толықтырмақ. 

Махаббаты үшін Мексикаға аттанған жігіт  жайындағы кинолентаның режиссері әрі продюсері Жеңісхан Момышев. Айта кету керек, «қазақ бизнесмендерінің» алғашқы бөліміне де Жеңісхан режиссерлік еткен. 

«Базар жоқ, Мексика» фильмінде Ерлан есімді қарапайым ауыл дәрігерінің бастан өткерген оқиғасы баяндалады. Қызметімен айналысып жүрген жігіт күндердің күнінде Мексикада білім алып жатқан сүйіктісінің басқа жігітке тұрмысқа шыққалы жатқанын естиді. Содан оны қайтармақ болып, досымен бірге Мексикаға жол тартады. Достар  жабайы джунгли елінде оларды нендей қиындықтар күтіп тұрғанын білмейді. Алайда,  шетелде көретіндері олардың санасын мүлдем өзгертіп, ұмытылмас әсер қалдыратыны даусыз.   

Комедияның бас рөлін Қазақстанның жас жұлдызы Асқар Ілиясов сомдайды. Актер қалың көрерменге режиссер Ақан Сатаевтың «Бизнесмены» және продюсер Баян Алагөзованың «Станция судьбы» фильмдері арқылы танымал. 

Картинада Асқармен бірге, Қажет Смағұлов, Олжас Абай, Айжан Лайджи және мексикандық актерлер өнер көрсетеді.  

Шетелдегі қауіп пен әзілге толы «Базар жоқ, Мексика» атты отандық су жаңа туынды сәуірде елдің барлық кинотеатрларында көрсетіліп,  киносүйер қауым назарына ұсынылады.  

 

Поделиться
Для корректного отображения страницы пожалуйста отключите блокировщик рекламы