Размер шрифта:

Цветовая схема:

14 қыркүйек, 2020290

«Мариям» картинасының актрисасы Қазан кинофестивалінде үздік атанды

«Мариям» фильмінің актрисасы Меруерт Саббусинова Қазан қаласында өткен мұсылман киносының 26-шы Халықаралық кинофестивалінде үздік әйел рөлі үшін жүлдеге ие болды. Бұл туралы картина режиссері Шарипа Оразбаева өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында хабарлады.

Биылғы Қазан кинофестивалі коронавирус пандемиясына байланысты жабық форматта ұйымдастырылды. Қаралым онлайн-режимде өтті. Байқау бағдарламасына барлығы 52 картина таңдалып алынған. Олардың қатарында қазақстандық «Мариям» драмасы да бар. Төрт баламен шалғай ауылда жалғыз қалған әйелдің тағдырын суреттейтін фильм фестивальдің «Толықметражды көркем фильмнің үздік актрисасы» аталымында бақ сынады. Осылайша, кинолентада өзін-өзі сомдаған актриса Меруерт Саббусинова халықаралық шарада номинация иегері атанды. «Үздік актриса» атауын ол ресейлік «Керосин» фильмінде рөл сомдаған актриса Елена Сусанинамен бөлісті.

«Ол өмірде талайды бастан өткерді, жұбайының қайтыс болғаны туралы анықтаманы ала алмай жүр (ол әлі де жоқ), төрт баланың анасы оларды асырау үшін үш жұмыста (еден жууға) еңбек етуге мәжбүр, міне, оның бала кезден бері бір фильмде болса да ойнау арманы орындалды, әрі ол жеңімпаз», - деп жазды картина режиссері өзінің парақшасында.

Айта кетейік, Шарипа Оразбаеваның толықметражды дебюттық картинасы International Women's Film Festival әйел режиссерлердің дебюттық фильмдер халықаралық кинофестиваліне де қатысты. Ал режиссердің өзі «Мариям» фильміндегі еңбегі үшін Asian Film Awards 14-ші киносыйлығына үміткер атанды. Мұнда қазақстандық киногер тағы бес режиссермен «Үздік жаңа режиссер» аталымы үшін бақ сынасады. Азиялық кинопремия да пандемияға байланысты биыл онлайн форматта өтеді. Жеңімпаздар 14 қазан күні анықталатын болады.

Поделиться
Для корректного отображения страницы пожалуйста отключите блокировщик рекламы