Размер шрифта:

Цветовая схема:

26 тамыз, 2020131

"Мен өнерден кетсем де, өнер менен кетпейтін сияқты"

Қазақ кино әлемінде жұлдызы “Томирис” фильмінен жанған жас актриса жақында ғана тұрмысқа шығатыны жайлы жария еткен болатын. Актрисаның отбасылық өмірге дайындығы, оның өнерге деген жоспарлары мен жобалары жайында сұхбаттасып көрген едік. 

Салтанат Серкебаева жас кино актрисасы, қазақ эстрадасының жарқын жұлдызы. Еліміздегі үздік режиссер, белді киногер Ақан Сатаевтың режиссерлігімен түсірілген ауқымды жоба отандық “Томирис”  кинофильмінде өз дебютін алған Салтанат қыз осындай жауапты картинадағы басты рөлге қалай дайындалғаны жайында сөз өрбітеді. Алғашқы лентасындағы қызықты оқиғалар мен кездескен қиындықтарымен бөлесетін болмақ. Өнердегі қадамын енді ғана бастап келе жатқан актрисаның алға қойған жоспарлары қандай?

Салтанат жалпы өзіңіз туралы ақпарат бере кетсеңіз. Қай жақтың тумасысыз? Бала күніңізден өнерге жақын бала болып өстіңіз бе?

- Серкебаева Салтанат Төленқызымын. Қарағанды облысы, Сәтбаев қаласынанмын. Анам 3 жасымнан балабақшада әртүрлі мерекелік іс-шараларға қатыстырып жүретін. Кейіннен қалалық деңгейдегі түрлі ән жарыстары мен байқауларға қатыса бастадым. Кіп-кішкентай кезімнен анам сахнаға, өнер әлеміне баулыды. Алғаш орындаған әндерімнің бірі “Домбыраның құлағы” шығармасы болды. Вокалмен профессионалды деңгейде 8-сыныптан бастап айналыса бастадым. Содан кейін тек қалалық байқаулар ғана емес, сондай-ақ, облыстық, Республикалық, халықаралық деңгейдегі ән жарыстарының сахналарында  өнер көрсеттім. Жүлделі орындарға ие болып, жеңімпаз атана бастадым. 

Киноға келмей тұрып қыздардан құралған  “Назар” атты топта өнер көрсеттіңіз. Топ продюсері Мөлдір Әуелбекованың жобасына қалай келдіңіз? 

- Негізі “Назар” тобына келмей тұрып жарты жыл бұрын “Томирис” тарихи фильмінің кастингінен өтіп қойған болтынмын. Рөлге дайындала бастаған уақыт еді. Тапсырмалар беріліп, рөлге деген арнайы дайындық барысында жүрдім. Ал топқа Мөлдір ханым инстаграм желісінде Direct-ке жазып, қыздардан құралған эстарадалық топ ашқалы жатқанын айтып, ұсыныс білдірген болатын. Ұсынысты көп ойланбай қабыл алып, басқа қыздармен бірге кастингтен өткен болатынбыз. Солай 2,5 жыл бұл топта өнер көрсетіп, еңбегім сіңді. 

Қыздардан құралған топта өнер көрсету қиын деп жатады. Мұнымен сіз қаншалықты келісесіз? 

- Бұл дүниеде оңай ешнәрсе де жоқ. Кез келген жұмыстың өз деңгейде қиындығы болады. Егер қиын деп қабылдасаң солай болып жалғаса бермек. Ал егер көп нәрсені жүрекке жақын қабылдамай,  жеңіл қарасаң оңайырақ болады.  Сол себепті мен көп жағдайда әрқашан позитивті жүруге тырысамын. Бұл дүниеде бір-бірімізге сыйластықпен қарап, әрқашан жақсы көңіл-күйде болып жүруге не жетсін.

Кинодағы алғашқы дебютіңіз бірден ауқымды картинада орын алды. Ол бәрімізге белгілі, белді режиссер Ақан Сатаевтың режиссерлігімен түсірілген “Томирис” кинокартинасындағы басты рөл. Сол кездегі Салтанатқа оралсақ. Кастингқа қалай шақыртылдыңыз? Қандай дайындықтар жасадыңыз? Қорқыныш пен үрей сезімі болған жоқ па?

- Ол кездегі Салтанат небәрі 19 жаста болатын. 2 курстың соңы еді, сәуір айы болатын. Достарым, “Қатысып көрші, сенің табиғатың тарихи туындыларға жақсы келеді”,- деп фильмнің кастингінің афишасын жіберіп жатты. Өзіме де қатты қызық болды. Кастинг директоры Жайна Абдиевамен хабарласып кастинг жөнінде толығырақ ақпарат сұрап алдым. Бір айдан соң Астанамызға депортамент келіп, кастингтің бірінші кезеңінен өтіп, рөлге дайындық ретінде біршама тапсырмалар алдым. Келесі кезең 5 айдан соң Алматы қаласында “Қазақфильм” киностудиясында өтті. Солай 4-5 кезеңнен сүрінбей өттім десе де болады. Таңдалып алынған актерлер ерекше дайындыққа кірісті. “Nomad” каскадёрлерінің мектебінде де болып көрдім. Осылайша, көптеген этаптардан кейін ауқымды жоба болған “Томирис” кинофильмінде өнер көрсеттім. Каскадерлер атқа мініп, шабуды, садақ атуды, қылыштасуды үйреткен болатын. Қорқыныш сезімі атқа мінгенде ғана болды. Себебі сол сәтке дейін мен ешқашан атпен шауып көрмеген болатынмын.

Алғашқы кино сабақтарын қайдан және кімдерден алдыңыз?

- Алғашқы кино сабақтарын кастинг директоры Жайна Абдиеваның өзінен алған болатынмын. Ивана Чаббактың “Мастерство актёра: Техника Чаббак”  кітабын оқып шықтым.

Сақ патшайымы Томириспен Сатпаевтық Салтанаттың бойында қандай ұқсастықтар бар? Өз кейіпкеріңіз өзіңізге жақын ба?

- Томирис пен Салтанаттың ұқсастығы мүмкін әділдік қасиеттерінде  болар. 

Түсірілім барысында сізге ең қиын болған нәрсе?

- Егер сол кезде сұрасаңыз айтып берер ме едім... Алайда, қиын болған сәттерді тез ұмытып қаламын. Тек жағымды сәттер ғана есімде қалып қояды. Мүмкін бұл да бір қуанышқа орай…

“Томирис” жобасындағы шығармашылық топтың ішіндегі атмосфера қалай болды? Сол кездегі әріптестеріңізбен қазір араласып тұрасыз ба?

- Шығармашылық топ өте жоғарғыы деңгейдегі білікті мамандар болды. Әркім өз жұмысын толықтай 100% махаббатпен атқарып жүретін. Сондай профессионалдармен бірге бір жобада жұмыс істеп, тәжірибе алмасу мен үшін үлкен бақыт болды. Фильмнен кейін Ақан Сатаев ағамен, Жайна Абдиева әпкемен, Әділ Ахметов ағамен, Еркебұлан Дайыров ағамен, амазонкалармен, гримерлармен, жалпы тағы да басқа адамдармен араласып тұрамын.

Картина көңіліңізден шықты ма? Жобаға айтылған пікірлер сіз үшін қаншалықты маңызды?

- Көрерменнің пікірі әрине өте маңызды, әрі олардың ойын тыңдап, пікірін оқыған өте қызықты. Әр адамның өз ойы бар дейді ғой. Өз басым кинокартинаны 5 рет көрдім. Маған ұнады.

Өнерде сіз үлгі тұтатын әртіс кім?

- Джеки Чан. Барлығымыз сол актердің фильмдерімен өскеніміз рас. Оның әрқашан позитивте жүретіні, өз рөліне толықтай беріліп, тынбай, талмай  еңбек ететіні қатты ұнайды. Оның өнері көптеген жандарға қуаныш сыйлайды. Әрқашан оны көргенде сол бір балалық шақтарыңды амалсыз есіңе түсіресің. Шебер актер. 

Әрбір актердің өзі қалайтын, армандайтын рөлі болады. Салтанаттың идеалындағы рөл қандай? Қандай жанрда өзіңізді сынап көргіңіз келеді?

- Идеалымдағы рөлді армандап көрмеппін. Бірақ Marvel- дегі немесе Disney-дегі жаңа супергерой болып көргім келеді. Меніңше, ол өте қызық әрі ерекше эскперимент болар ма еді, кім білсін. Барлығын уақыт көрсетеді.

Қыз бала үшін өнер жолы ауыр жол деп жатады. Бұл жолды таңдауңызға кім себепкер болды? Кімнің қолдауы әсер етті?

- Анамның өнерге баулыған сәттен бастап бұл жолға дұрыстап кірісе бастадым. Анамның ниетінің және өнердегі ұстаздарымның қолдауы мен септігінің әсері болды деп ойлаймын. Сонымен қоса, қашан табыс келеді деп күтіп отырмай, талмай еңбектену керек. Міне, бірнеше жылдық еңбектен кейін қазір сізбен сұхбаттасып отырмыз. Бұл да бір мен жетістік, алдағы уақытта бұдан да биік деңгейдерді бағындыратынымызға сенімдімін.

Спорт - денсаулық кепілі дейді. Өнер жолында жүрген қыз-келіншектер дене бітіміне көп уақыт бөледі. Сіз қандай спорт түрімен айналысасыз? Өзіңізді қалай күтесіз?

- Тамақты аз мөлшерде жеуге тырысамын, көп қозғаламын, арасында жүгіріп те тұрамын. Воллейбол, футбол ойнағанды ұнатамын, бірақ оған көп уақыт бола бермейді. Адам табиғаты жалпы организмі үшін спорт әрқашан пайдалы. Түсірілімдер мен сахналардан қолым босап жатса денемді шынықтырып тұруға тырысамын. Және басқаларға да салауатты өмір салтын ұстануға кеңес беремін.

Жақында ғана қалыңдық атандыңыз. Құттықтаймыз! Болашақта отбасылық өмірде өнер жолын жалғастыру жоспарда бар ма?

- Көп рахмет! Оны уақыт көрсетеді деп ойлаймын. Мен өнерден кетсем де, өнер менен кетпейтін сияқты. Сондықтан, қазір үзілді-кесілді бір жауап бере алмаймын. Бәрі де мүмкін.

Сіз халық билеген, жауға жалғыз өзі аттанған батыл қыз Томиристің фильміне түстіңіз. Қазіргі таңда гендрлі тепе-теңділік мәселелері жиі қозғалуда. Әйел азаматтардың, қыз-келіншектердің кей жерлерде, тіпті жақын адамдарының, отбасының ішінде құқықтары тапталып, дұрыс қорғалмай жатады. Қалай ойлайсыз, қазіргі таңда орын алып жатқан осы сынды проблемалар неліктен жиі кездеседі? Мұны тоқтату үшін қоғамға не жетпейді? Ой-пікіріңізбен бөліссеңіз.

- Бұл сұраққа жауап бере алмаймын.

Сіз ешқашан келіспейтін рөлдер немесе жанрлар бар ма?

- Бар, әлбетте. Әрбір киноактердің өз ұстанымдары мен талаптары болады ғой. Сол секілді, сапалы дүние болып, айтар ойы мен жеткізер мәселесі бар мағынасы терең болған шығармаларға қарап қашанда қуанамын. Ал егер мұндай болып жатпаса, терең ойланып, шешімді таразыдан өткізіп барып қабылдағанды жөн деп санаймын.

Қайырылымдылық жасауға қалай қарайсыз? Көмек сұрайтын жандар бар ма?

- Өте жақсы қараймын. Көптеген жандар жекеме жазып, өз жағдайларын түсіндіріп, көмек беруімді сұрап жатады. Бәріне көмектескім-ақ келеді. Сол сәтте “миллиардер болсам ғой, бәріне көмектесетін” деп армандап отырамын. “Кең болсаң, кем болмайсың” деп айтып жатады ғой. Қолымнан келгенше қол ұшын беріп жүруге тырысамын. Жалпы көмек беру деген тек қана материалдық тұрғыдан ғана емес қой, адам үшін назар салып көңіл бөлгеннің, жылы сөздің өзі үлкен бақыт. Оның рухани көтерілуіне бұл да бір үлкен септігін тигізеді деп ойлаймын. Тіпті, қазір волонтерлер жылы ғой. Ұйымдастырылып жататын көптеген іс-шараларда өз еркімен көмектесіп, волонтер болып жатқан жастарымызға қарап тамсанамын. Сондықтан, барынша бір-бірімізге жылы сөзімізді аямай, көңіліміздің кірлемеуіне назар салып жүрсек екен деймін.

Қазіргі таңда қандай жобалармен айналысып жатырсыз? Жақын арада үлкен экраннан сізді қашан тамашалай аламыз?

- Жақында ғана “Aray Media Group” және Қазақстан Ұлттық телеарнасы бірлесе отырып жасаған 20 бөлімнен құралған көпсериялы “Менің мектебім” атты телехикаяның түсірілімдерін аяқтаған болатынбыз. Басты рөлде Арайлым есімді мұғалімнің рөлін сомдаған болатынмын. Картина қазір өндіріске берілді. Монтаждық жұмыстары басталып кетті. Жоспар бойынша, 2020 жылдың соңына дейін көрермендер назарына ұсынылатын болады. Күтіңіздер.

Салтанат Серкебаевадан  бес үздік фильм?

- “Форест Гамп”; “Зеленая книга”; “Побег из Шоушенка”; “Тайна Коко”; “Мальчик в полосатой пижаме” фильмдерін айтар едім. 

Болашақта мақсат және жоспарларыңызбен бөлісе кетсеңіз?

- Алдағы уақытқа жоспарлап отырған мақсаттар мен жобалар өте көп. Біз еңбектеніп шыңдала берейік, сіздер куә болып мақтап жүргенге не жетсін. Көрерменді жақсы жаңалықтармен қашанда қуантып жүруге тырысамын. 

Жүйелі сұхбатыңызға рахмет. Алдағы жоспарларыңызға сәттілік, отбасылық өміріңізге бақыт тілеймін!

Өзіңізге де сәттілік тілеймін. Көп рахмет.

Поделиться
Для корректного отображения страницы пожалуйста отключите блокировщик рекламы