Размер шрифта:

Цветовая схема:

18 қыркүйек, 202015

Менің әлемім Кино...

Еліміздің кино әлемінде кішкентай жасына қарамай, көптеген жобалардан бой көрсетіп, атаулы картиналарда басты рөлді сомдап келе жатқан бала актерлер көп. Бүгін солардың қатарында көптеген фильмдерге түсіп, көрерменнің сүйікті кішкентай актеріне айналып үлгерген Айбар Таңғыттан сұхбат алып көрген едік. 

Үш жасынан түсірілім алаңдарында жүріп, кино әлеміне ерте жастан келген бала Айбар қазір қандай картинаға түсіп жатыр? Актердің асқақ арманы қандай, оның үлгі тұтар тұлғасы кім? Қазақстандық киноиндустриядағы бала актерлер болашақта кім болғысы келеді? Бұл сұрақтардың жауабын бүгін алатын боламыз. 

Айбар, сәлем! Көңіл күйің қалай? Күнің қалай өтуде?

- Ассалаумағалейкум, баршаңызға! Көңіл-күйім тамаша. Күнім әдеттегідей керемет өтуде. 

@aibar_tangyt

Өзің туралы ақпарат бере кетсең? Қай жерде туылдың? Жасың нешеде? Қазір қай қалада білім алып келесің?

- Менің есімім Айбар Таңғыт. Руым – Найман, Қыржы. Жасым тоғызда. Талдықорған қаласының тумасымын. Алматы қаласында орналасқан Мұқағали Мақатаев атындағы №13 мектептің төртінші сынып оқушысымын. Өзім жайлы айтсам, мен актермін. Кино әлеміне үш жасымнан бастап келгенмін. Қазіргі күні біршама отандық және халықаралық жобалар мен кинокартиналарға түсіп келемін. Елімізден бөлек, көрші Ресейде түсірілген “Не чужие” картинасында бой көрсеттім. Фильм режиссер ретінде Вера Глаголева жұмыс істеді. Жапониямен бірігіп  түсірілген “Три” атты телехикаясына да түскен болатынмын. Сондай-ақ, Түркия мемлекетінің Ыстамбұл қаласында “Потерянный Султан” кино жобасынан да бой көрсеттім. 

Отбасың өнерге жақын ба? Жанұяда нешеусіңдер?

- Жанұямда біз бес адамбыз. Әкем, анам, үлкен әпкем , мен және бауырым. Иә, отбасым өнерге жақын адамдар. Анам домбыраның құлағында ойнайды, сонымен бірге гитара аспабын да жақсы меңгерген. Арасында маған да үйретіп отырады. Маған бұл аспаптар ұнайды, сондықтан аса зор қызығушылықпен үйреніп жатырмын. Адам жан-жақты болу керек деп ойлаймын. 

Сені киноға кім алып келді? 

- Мен кішкентай кезімнен камераға жақын бала болып өстім. Үйге қонақтар келген кезде, ән айтып, би билейтінмін. Осылайша, мен бала күнімнен өзімнің кішігірім концертімді қоятынмын. Бойымнан өнерге деген қызығушылығымды анам байқап, осы салға баулыған болатын. Әртүрлі жобалардың кастингтеріне апарып, менің өнер жолымның қалыптасуына талмай үлесін қосып келе жатыр. 

@aibar_tangyt

Алғашқы дебютің жайлы айта кетсең.

- Ең бірінші “Дала сары” деген кинофильмге түстім. Алғашқы жобам болғандықтан біраз қиын болды. Сондай-ақ, түсірілім жері де, мезгіл де кішігірім қолайсыздық тудырды. Ақпан айында “Қапал” деген жерде түсірдік. Күн біраз суық болды. Түсірілім қар үстінде таңғы сегізден кешкі сегізге дейін  жалғасты. Тіпті, шын қысқырлармен де түскен болатынбыз. Бірақ, сонда да маған ол атмосфера өте ұнайды. Мен әсіресе экшн бағытына қызығамын. Өз кәсібімді сүйгендіктен, маған жүктелген рөлді кез-келген жағдайға қарамастан жоғары деңгейде алып шығуға тырысамын. 

Кішкентай кезіңнен қатарластарың сияқты ойын алаңында емес, түсірілімдерде өстің. Қиын болған жоқ па?

- Барлығы солай айтады. Шынымен де, осылай ойлап жатады. Мен өзім барлығына үлгеремін. Маған түсірілім алаңы ұнайды. Ол мен жақсы көретін кәсіп, бірақ бұл мен достарыммен кездеспеймін деген деген сөз емес. Сабағыма да, достарым мен жақындарыма көңіл бөлуге де және өз сүйікті ісіммен айналысуға да уақытым толығымен жетеді. 

Сабақты нешеге оқисың? Сені мектепте танып жата ма? Мұғалімдерің мен сыныптастарың сен түскен фильмдерді қарайды ма? 

- Сабақты бес деген бағаға оқимын. Әрине, мұғалімдерім де, сыныптас достарым да мен түскен фильмдерді тамашалайтынын айтады. Алған әсерлерімен бөлісіп, өз ойларын айтып жатады. Анаммен бірге серуенге шыққанда кейде менімен бірге фотоға да түсетін кездер болады. 

Сабақ пен кино бір-біріне кедергі жасамай ма?

- Иә, кей кездері түсірілім уақыты мен сабақ қатар болып қалған жағдайда амалсыз сабақтан қалып қоятын кездерім болады. Бірақ, бағдарламалардан қалып қойсам, өтіп кеткен тақырыптарды өзім қайталап, оқып аламын. Әрқашанда сабақты жақсы оқуға тырысамын. 

Кастингтерге қалай дайындаласың?

- Шынымды айтсам, мен дайындалмайды екенмін. Менің қолыма сценарий ұстатқан кезде, бір оқып аламын да, рөлге барынша кіруге тырысамын. Кейде қажетті болатын жаттығулар да жасап тұрамын. 

Барлығымыз сүйіп тамашалаған “Каникулы оффлайн” кинокартинасы жайлы әңгіме өрбітсек. Бұл картинаға қалай келдің? 

- “Каникулы оффлайн” кинокартинасы менің ең сүйікті жобаларымның бірі. Бұл жоба маған өте көп достар мен жаңа эмоциялар сыйлады. Кинокартинаның кастинг директоры хабарласып, “Қазақфильм” киностудиясына келуімді сұрады. Мен онда фильм режиссері Руслан Акун ағаммен кездесіп, фильмдегі өз кейіпкерімді көрсетіп бердім. Сол кезде режиссер ағам маған бірден киноға түсуге ұсыныс жасаған болатын. Шын мәнінде, менің қуанышымда шек болған жоқ. Себебі, мұндай картина, жалпы осы секілді сценарий желісі бойынша әлі елімізде бірде-бір картина түсірілмеген еді. Бұл жаңа жоба қаншама көрерменнің көңілінен шығып, талай жандардың көзайымына айналғаны рас. Осындай тамаша картинанының бір бөлшегі болғаныма қуанамын. 

Расымен де, ауылдағы лагерь мен қалалық лагерьдің айырмашылығы неде деп ойлайсың? Өзің қай лагерьге барар едің? 

- Әрине, көп ойланбастан ауыл лагеріне барар едім. Ауылдың атмосферасы керемет қой. Өзім ауылға барып, сонда уақыт өткізгенді жақсы көремін. Неге десеңіз. Атпен шауып, қымыз-қымыранға тойып, ауылдың таза құртының дәмін көріп, таза ауамен тыныстағанға ештеңе жетпейтіні анық. Ауылымда өзімнің тұлпарым бар. Аты “Тұмар”. Қалада жүргенде оны қатты сағынамын. Итім де бар “Таймас” деген. Шынымды айтсам, өзім ауыл лагерінде болып көрмеппін. Қала ауылға жетпейді ғой. Бірақ, қазір ауыл табиғатын ерекше бағалауымыз қажет. Ол біздің асыл қазынамыз секілді. Қаладағы үздіксіз тіршіліктен шаршасаң, ауылдың ерекше атмосферасына еніп, бір рахаттанып қаласың. 

Түсірілімдер қалай өтті? Ауылдық атмосфера қаншалықты ұнады?

- Түсірілім жұмыстары қызықты әрі өте көңілді өтті. Біршама достар тауып, әр күні жаңа қызықты ойын ұйымдастыратын едік. Күнде тамаша көңіл-күй, дискотека, ойын болатын. Расымен де, өзіміз шын мәнінде бір лагерьде болып қайтқандай болдық. Бір күні түрлі-түсті шарлармен атысып ойнайтынбыз. Киіз үйде тұрып, ауылдық өмірге үйреніп те кеткен едік.  

Түсірілім кезінде орын алған қызықты оқиғалар есіңде бар ма?

- Иә, бір қызықты оқиғаны айтып берейін. Менің Арман деген бір досым бар еді. Түсірілім жүріп жатқан кезінде, ол садақпен атып қалған. Кейін ол Бека ағаның жамбасына шын мәнінде тиіп кеткен. Бәріміз сол жерде ішек-сілеміз қатып күлгеніміз бар. Сол секілді әртүрлі қызықты оқиғалар жиі болатын. 

 Бұл картинада сен тұйық баланың рөлін сомдадың. Бұл кейіпкер қаншалықты саған жақын?

- “Каникулы оффлайн” кинокартинасында сомдаған кейіпкеріме мен мүлде ұқсамаймын. Мен ашық мінезді, барлығымен де тіл табысып кете беретін жарқын мінезді жанмын. Тұйық кейіпкерді сомдайсын дегенде, біраз ойланған болатынмын. Бірақ, шынайы өмірде өзіңе қарама-қайшы мінезді кейіпкерді ойнағанда үлкен бір тәжірибе жинайсың. Сол себепті, бұл рөлімді жақсы сомдауға тырысқан болатынмын. 

Қазір қандай картинаға түсіп жатырсың? Ол жердегі рөлің қандай? Қашан үлкен экрандардан тамашалай аламыз?

- Қазіргі таңда мен “Махаббат қызық мол жылдар” атты отандық кинокартинаға түсіп жатырмын. Бұл жобада мен басты рөлдердің бірін сомдаймын. Кейіпкерімнің есімі Кеңес. Ол ерте жастан ата-анасынан айырылып, ананың жылы мейрімі мен әкенің қамқорын көрмеген. Балалар үйінде тәрбиеленетін Кеңес кішкентай кезінен қатігездік көріп өседі. Алла қаласа, желтоқсан айында үлкен экрандарда көрермен назарына ұсынылатын болады. Қазіргі жағдайларға байланысты кинотеатрлар жұмысы біраз тоқтап тұр. Бұл біршама картиналардың премьераларының шегерілуіне әкеліп соқтыруда. Егер, кинотеатрлар жұмысы қайта жанданатын болса, мен түскен төрт кинокартиналарды тамашалай аласыздар. 

kaztube.kz

Болашақта қандай отандық актермен бірге киноға түсуді армандайсың?

- Негізінде, мен сыйлайтын біршама отандық актерлермен түсіп үлгердім. Олардың қатарында Тәуекел Мүсліммен “Папа поневоле” жобасында түстім.  Елімізідң үздік актерлерінің бірі Санжар Мәдиевпен “Не чужие” картинасында бой көрсеттім. Ал Еркебұлан Дайыров ағаммен “Қазақ Хандығында” бірге түскенбіз. Мен осындай мықты қазақ киносында ойып тұрып орын алатын актер ағаларыммен бір жобада рөл сомдап, бір кинофильмде түскенімді мақтаныш тұтамын. 

Кімнен үлгі аласың?

- Мен үшін бұл өмірде үлгі алатын адам ол менің – әкем. Өскенде әкемдей болсам деймін. Оның бойындағы асыл қасиеттер, қайсар мінезділігі, ерекше қамқорлығы, алға қарай ұмтылуы маған ерекше қуат береді. Әкем секілді адамгершілігі мол, жігерлі болу мақсатым деп айтсам болады. 

Өзің қандай киноларды тамашалағанды ұнатасың? Сүйікті үш фильмдермен бөлісе кетсең?

- Маған бандиттар туралы фильмдер ұнайды. Экшн, боевик, фантастика және комедия жанрларын тамашалағанды жақсы көремін. Сүйікті киноларым ретінде “Острые козырьки”, “Собачья жизнь”, “Очень странные дела” сияқты картиналарды айта аламын. 

Сабақ пен кинодан бөлек қандай үйірмелерге барасың? Хоббиің бар ма?

- Иә, әрине кинодан бөлек біраз хоббилерім бар. Мен домбыра аспабында ойнай аламын. Гитараны меңгеріп келемін. Спортқа да барамын. Джиу- джитсумен айналысамын. 

@aibar_tangyt

Инстаграм желісінде өте белсендісің. Парақшаңды өзің жүргізесің бе?

- Әр кезде әрқалай. Кей кезде мен, кейде анамның өзі жүргізеді. Бірақ оқырмандарға жауаптарды мен жазамын. 

Болашақта кім болуды армандайсың?

- Менің армандарым көп. Әлемге танымал актер болғым келеді. Ерекше картиналарға түсіп, өзіме үлкен тәжірибе жинағым келеді. Голливудтық жобалардан да бой көрсету арманым. 

Автор:  Уйсунбай Жаннура

Фото:  Интернет желісінен алынған

Поделиться
Для корректного отображения страницы пожалуйста отключите блокировщик рекламы