Размер шрифта:

Цветовая схема:

19 мамыр, 2020306

«Менің атым Қожа» фильміне 56 жыл болды

Бүгін көпшілікке таныс «Менің атым Қожа» фильмінің жарыққа шыққанына 56 жыл болды. Дәл осы күні 1964 жылдың 19-шы мамырда Мәскеуде көркем туындының премьерасы өтті.

«Менің атым Қожа» фильмі жазушы Бердібек Соқпақбаевтың аттас повесі негізінде «Қазақфильм» киностудиясында түсірілген. Режиссер Абдулла Қарсақбаевтың фильмі талай кеңестік қана емес, қазақстандық балалар үшін сүйікті туындыға айналған.

Көркем фильм елу жылдан аса уақыт бойы көрерменіне жылу ұялатып келеді. Фильм сюжеті барлығына таныс. Хикая Қожа есімді мейірімді, ізденімпаз, ашық әрі кеңпейіл бала туралы баяндайды. Өзге балдырғандар сияқты ол да әлемді танып білгісі келеді. Қожа түрлі оқиғаларға тап болып жүреді. Сол үшін де құрдастары оны жақтырмайды. Алайда, ақырында тентек бала дұрыс жолға түсіп, жөнделеді.

Фильмде балалар әлемі Қожаның көзімен әсерлі етіп көрсетіледі. Осы жағынан алғанда режиссер Абдулла Қарсақбаев балалармен жақсы жұмыс жүргізгені байқалады. Балалар болса, рөл сомдаған жоқ, жай ғана экран бетінде өздерінің өмірлерін сүріп қана жүреді. Содан картина ерекше шынайы болып көрінеді.

Фильмдегі атмосфера да ерекше. Қазақ даласы, салт-дәстүрі жақсы бейнеленген. Мектеп пен үйдегі тұрмыс қарапайым әрі көңілге қонымды етіп жеткізілген. Картинаны тамашалаған көрермендерді баурайтын да сол қарапайымдылық.

Көркем туындыға танымал композитор Нұрғиса Тілендиев музыкасын жазған болатын. Ал, басты рөлді актер Нұрлан Сегізбаев сомдады. Сондай-ақ, картинада қазақ киносының шеберлері Бикен Римова, Кененбай Қожабеков, Раиса Мұхамедиярова сынды атақты әртістер өнер көрсетеді.

«Менің атым Қожа атты» кинолента кеңестік және қазақстандық киноның классикасына айналған. Картина талай халықаралық кинофестивальдерде жүлделерге ие болған. Оның ең алғашқысы - 1967 жылы Канн кинофестиваліндегі «Үздік балалар фильмі» арнайы сыйлығы болды.

Автор:  Зарина Смагулова

Фото:  кадрдан алынған

Поделиться
Для корректного отображения страницы пожалуйста отключите блокировщик рекламы