Размер шрифта:

Цветовая схема:

22 мамыр, 2020134

«Менің атым Қожа» туралы қызықты 12 факт

Барлығының сүйікті картиналарының біріне айналған «Менің атым Қожа» кинолентасындағы Қожаның рөлінде мүлде басқа бала ойнауы керек болғандығын білесіз бе? Бұл жолы арнайы сіздер үшін кинофильм туралы біз бен сіз біле бермейтін 12 түрлі қызықты фактіні ұсынамыз.

"Қазақфильм" киностудиясында алғаш рет балаларға арналған фильм түсіруді ойға алғаннан бастап,  студияның барлық киногерлері жиналып картинаның қаңқасын құрай бастады. 1962 жылы 29 желтоқсанда өткен отырыста Зеленеран және Соқпақбаевтың "Менің атым Қожа" атты әдеби сценарийін талқылап, киностудияның көркемдік кеңесі келесідегідей қорытындыға келеді: "Фильм сценарийі қызықты комедиялық форматта мектеп тәрбиесінің маңызды тұстары мен мәселелерін көтереді. Ұлттық құндылықтарды сақтай отырып жазылған сценарийде ауыл оқушыларының өмірі, олардың қуанышты сәттері мен қобалжыған кездері, өзіндік мүдделері мен үлкен арман-мақсаттары көрсетіледі. Сценарийде көптеген авторлық пайдалы тұстар мен табысты кинематографиялық тәсілдер бар екендігін байқаған худсовет сценарийді мақұлдағаннан кейін оны режиссерлік жасақтауға ұсынады. Сөйтіп келесі 1963 жылы фильм түсірілімдері жүргізіліп, Мәскеуде 1964 жылы 19 мамырда кинокартинаның премьерасы орын алады. Осы айда «Менің атым Қожа» картинасына 57 жыл толып отыр.  Жалпы 1963 жылы кино әлемі үшін ерекше жылдардың бірі болғаны рас. Оған Федерико Феллинидің «Восемь с половиной», Джозеф Манкевичтің «Клеопатрасы» және Джон Стерджестің «Большой побег» сынды танымал туындыларды айта аламыз. Сол жылы көптеген елдерде ұлттық ауқымдағы жауһарлар көрермен назарына ұсынылған болатын. КСРО-да «Три плюс два», «Я шагаю по Москве», «Живые и мертвые» және «Королевство кривых зеркал» сияқты фильмдер сол заманның үздік картиналарына айналған еді. Ал біздің елдегі мақтан тұтатын картиналар қатарында қашанда дәл осы «Менің атым Қожа» шығармасы болатын.  Фильм Бердібек Соқпақбаевтың "Менің атым Қожа" повесіне негізделе отырып түсірілген.  Фильмнің сценарийін жазғандардың бірі (Нисон Залеранский болды. Ал картинаға көркемдік жетекшілік еткен кинодраматург және кинорежиссер Ефим Арон. Картинаға балалар жанрында үздік жобаларды түсіріп үйренген Абдолла Қарсақбаев режиссерлік еткен еді. Ол 1976 жылы түсірген "Алпамыс мектепке барады" туындысы көпке танымал болып, айтарлықтай табысқа кенелген болатын. «Менің атым Қожа» кинофильмі әлемнің көптеген тілдеріне аударылып, шетелдік көрермендерге де ерекше таныс болатын. Қазақ тілінен басқа өзге 67 тілде жарыққа шыққан қазақ классикасы өшпес көркем туындыға айналса керек. Бүгін біз сіздер үшін көптің сүйікті фильміне айналған картина туралы 12 қызықты фактілер дайындаған болатынбыз. Ендеше, бірге танысып көрейік. 

  • Қазақ өнерінің талғамды шығармасына айналған Кеңес Одағы кезінде алғашқылардың бірі болып үлкен экрандарда көрсетілген балалар картинасы еліміздегі  тұңғыш халықаралық жүлдені иеленген кинофильм болды. «Менің атым Қожа» туындысы  Канн кинофестивалінің 1967 жылы «Жастарға арналған үздік фильмдер» атты номинациясының арнайы жүлдесімен марапатталған болатын.

  • «Менің атым Қожа» кинофильміндегі Қожаның рөліне мүлде басқа актер бекітілген еді. 1961 жылы "Қазақфильм" киностудиясында Василий Шукшиннің "Аленка" фильмінде эпизодтық рөлге кішкентай ұлдарды іріктеу басталады. Сол маңайға жақын орналасқан № 33 орта мектептің ұлдары да киносынамаға бақ сынауға келеді. Бірақ дөңгелек бетінде тыртық болғандықтан және фотода аса сүйкімді көрінбегендіктен аталған рөлге  Нұрлан Санжар (болашақ Қожа) алынбай қалады. Бір жыл өткен соң Қожаның рөліне актерлерді іздеу жұмыстары қарқынды жүре бастайды. Аталған рөл үшін кастингқа үш жүзден бес жүзге дейін үміткер қатысып, нәтижесінде бет-әлпеті аққұба келген, сүкімді әрі сұлу баланы бекітеді. Тіпті ол баланың ата-анасымен келісім-шарт жүргізіліп, Қожаның рөлі кейіпкеріне іріктеудің аяқталғаны жарияланылады. Алайда режиссер фильмнің түсірілімдеріне кірісуге асықпайды. Тіпті "Қазақфильм" киностудиясында түсініспеушілік туындап басты рөлге бекітілген актер үшін ұрыс-жанжал орын алады. Абдолла Қарсақбаев көркемдік жетекші қызметіндегі Шәкен Аймановқа басты рөлге іріктеудің тоқталмағанын талап етеді.  Біраз уақыт өткеннен кейін режиссердің көмекшісі Марик Ибраев қайта № 33 орта мектепке келіп, көзі көгерген, көйлегі алба-жұлба болып сабағына кешігіп бара жатқан болашақ Қожаны (Нұрлан Санжар) кездейсоқ көріп қалады. Біз бен сіз  үйренген Қожаның рөліне актер осылайша іріктеліп алынған.
  • Картинаның түсірілім жұмыстары Талғар маңында түсірілген. Нақтырақ айтсақ, Алмалық жерінде «Менің атым Қожа» кинофильмінің съемкасы жүргізілген. Қожа білім алған, бірақ ол аса ұната бермейтін мектеп қазір өкінішке орай жарамсыз күйге түскен. Фильмнің кейбір эпизодтары Үшқоңыр жерінде түсірілген.
  • Фильмдегі Қожаның дауысы өзінікі емес, яғни актер Нұрлан Санжар фильмде өзі сөйлемейді. Өйткені ол орта сыныпқа дейін  кекештеніп сөйлейтін. Қожаны қазақ тілінде дыбыстаған отандық актриса Фарида Шәріпова болса, орысша сөйлеткен мәскеулік актриса Марина Виноградова болды.
  • 2019 жылы кинокартина Ұлыбританияның астанасы Лондон шаһарында ұйымдастырылатын кинофестивальде көрсетілді. Жобаны Romford film festival ұйымы қаржыландырған болатын. Картина ағылшын тіліне толығымен аударылып,  көрерменге жаңа нұсқада ұсынылған еді. Фильм Орта Азия тарихындағы ағылшын тіліне толыққанды аударылған тұңғыш картина болды. Кинотуындыдағы кейіпкерлерді ағылшынша сөйлету үшін американдық мектептердің драмалық үйірмелерінің балалары шақыртылды. Бірақ ұйымдастырушылардың айтуынша, дубляж үшін сәйкес келетін балалар дауысын табу оңай болмаған.

  • «Менің атым Қожа» картинасына басты рөлдерге іріктелген актерлердің көп бөлігі кездейсоқ таңдалып алынған. Мәселен, Қожаның сыныптасы әрі ол ғашық болған Жанардың рөлін сомдаған актриса Гүлнәр Қарабаева фильмде ойламаған жерден таңдалып алынған. Ол құрбысының үйінде қонақта отырған кезде, досының анасы кинематографист екенін біліп, Жанардың рөліне қыз іздеп жатқандығын естіген. Ол өзінің шынайы күлкісімен және қызықты әңгімелерімен көңілді бірден жаулап алса керек, көп ұзамай киноның кастингісіне шақыртылады. Фильмдегі оның өлең мен шығармаларды әдемі оқуы көптің есінде қалғаны рас. Гүлнәр тіпті киносынама кезінде де өлең оқып берген. Ол таңдаған шығарма Федор Тютчевтің  «Люблю грозу в начале мая» атты өлеңі болды. Кинода бағы жанып кездейсоқ фильмнің актері атанып кеткен тек Гүлнәр ғана емес. Картинада 5 жастағы Дәулеттің рөлін сомдаған Юсуф Шамузовтың да кино әлеміне келуіне ерекше жағдай себепкер болған. Фильм режиссері Абдолла Қарсақбаев картина директорымен кездесуге келіп, көлігін балалар ойнап жүрген алаңқайға тастап кетеді. Көлікке мініп, алаңсыз ойнап отырған бүлдіршіндерді көрген режиссердің назары дәл осы Юсуфқа түседі. Бірден: «Мына баланы ертең киноның түсірілім алаңына әкеліңдер» дейді. Осылайша балалар «Менің атым Қожа» картинасына таңдалынып алынған.
  • Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа» повесі түрік тіліне аударылған. Шығарманы аудару жұмыстары Түркия еліндегі Қазақстан күндері аясында ұйымдастырылған болатын. Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру»  бағдарламасын жүзеге асыру барысында қазақ өнерін шетелге таныстыру мақсатында жүзеге асты. Қазақстан күндері Анкарада, Малатияда, Шанлыурфте және басқа да қалаларда өткен. Шығарманың түрік тіліндегі аудармасының тұсау кесері Анкара қаласындағы Неджип Фазыл атындағы драма театрында өткен болатын. Анкарадағы туындының ресми тұсаукесеріне жазушының қызы Самал Соқпақбаева және түрік зиялы қауым өкілдері мен жас оқырмандар қатысты. Қазақ шығармасын түрікше сөйлетіп, туындының түрік тіліндегі нұсқасын өнер сүйер қауым мен түркиялық оқырмандарға ұсынған аудармашы Джамиля Кынажи болды.
  • Картинадағы басты кейіпкер Нұрлан Санжарға киноға түсуге ұсыныс түскенде ол бірден келісе кеткен. Себебі, ол үшін бұл мектепке бармау мен сабақ оқымау үшін таптырмас мүмкіндік болған. Оның айтуынша, анасы Ленин даңғылынан нөмірі 33 мектепке дейін қуып апаратын. Нұрлан бала киноға түсіп жүргенде, мектептегі сабақ үлгерімі нашарлап кетеді де, келесі жылға қалдырылады. Оның өз кейіпкері Қожамен тіпті осы жағдайда да ұқсас екенін байқауға болады.
  • Фильмдегі Қожа ұнататын Жанардың рөліне Ғабит Мүсіреповтың немере қызы бағын сынап көрген. Бірақ ол жобаға алынған жоқ. Себебі, фильм сюжетіндегі Жанардан оның жасы үлкенірек болған көрінеді.

  • Картинада сол кезеңдегі қарапайым халықтың жағдайы кеңінен суреттелген. 1960 жылғы кеңес заманындағы қазақ ауылының күнделікті қарапайым өмірі бейнеленеді. Азық- түлік алу үшін кезекке тұру керектігі туралы фильмнің кей эпизодтарында көрсетілген. Оқушылардың ерте жастан бастап пионерлер болып, мектепте қызыл галстуктер киюге міндетті болғаны да баяндалған. Сондай кеңестік кезеңде балалар еңбегін пайдалану да ашық түрде жеткізілген. Фильмде сыныптың бір бөлігі шөп шабуға, екіншісі қой қырқуға барады. Бұл оқушылар мен мұғалімдер үшін ерекше мереке мен оқиға саналған. Оған белгілі-бір себептермен қатыспаған жағдайда оқушы жазалануы немесе келесі жылға қалдырылуы әбден мүмкін болған.

  • «Менің атым Қожа» кинофильмінің актерлері қазіргі таңда киноға мүлде қатысы жоқ. Бұл картинада олар өз дебюттерін алғанымен, әріқарай басқа да шығармаларда бой көрсете қойған жоқ. Мәселен, басты рөлді сомдаған Нұрлан Санжар 1974 жылы Өскемен пединститутының филология факультетін, содан кейін 1982 жылы Мәскеуде ВГИК (кинематография институты) тәмәмдайды. Қазір философия ғылымдарының кандидаты, кинодрамотург. Көптеген кітаптардың авторы. "Қазақфильм" киностудиясында түсірілген біршама көркем фильмдердің сценарийлерінің авторы. Сұлтанның рөлін ойнаған Марат Кәкенов актер болуды армандағанымен, әскердегі қызметтен кейін мемлекеттік қауіпсіздік органдарына жұмыс істеуге барады. Бес жастағы Дәулеттің рөлін сомдаған Юсуф Шамузов 1983 жылы бокстан Қазақстан құрамасының дәрігері болып қызмет атқарады. Ал Жанардың рөлін сомдаған Гүлнәр Қарабаева жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін, инжинер қызметіне кеткен.
  • Жылдар бойы танымал киноклассикасы атанған картина өзінің көп жылдық тарихына қарамастан қазіргі күнге дейін әртүрлі кинофестивалдер мен кинобайқауларда жүлделі орындар мен атақтар алып келеді.  2012 жылы Франция қаласы Везулдағы азиялық фильмнің халықаралық фестивалінде және Мәскеу, Ташкент, Душанбе сияқты елдерде де ХКФ сыйлықтарымен марапатталған.

Автор:  Уйсунбай Жаннура

Фото:  кадрдан алынған

Поделиться
Для корректного отображения страницы пожалуйста отключите блокировщик рекламы