Размер шрифта:

Цветовая схема:

26 қаңтар, 2021250

Меруерт Саббусинова Бангладеште үздік атанды

Отандық «Мариям» фильмінің бас кейіпкері Бангладеш астанасы Даккада өткен Халықаралық кинофестивальде үздік актриса атанды. Бұл туралы картина режиссері Шарипа Оразбаева өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында хабарлады.

Даккадағы ХІХ-шы Халықаралық кинофестиваль (DIFF) өткен жексенбі күні аяқталған еді. 16 қаңтар күні бастау алған шара тоғыз күнге созылды. Осы уақыт ішінде әлемнің 73 мемлекетінен 226 картина 10 секция бойынша бақ сынасты. Қатысушылар арасынан 15-сі үздіктер қатарынан көрінді. Олардың ішінде отандық «Мариям» картинасы да бар. Нақтырақ айтқанда, фильмнің бас кейіпкерін сомдаған Меруерт Саббусинова «Үздік әйел рөлі» атағын жеңіп алды.     

«Алақай! Біздің «Марьям» фильміміз осындай қиын уақытта жаңа биіктерді бағындыруда! «Фильмнің бас кейіпкері Меруерт Саббусинова Dhaka Film Festival ХКФ-нде «Үздік актриса» жүлдесіне ие болды», - деп жазды Шарипа Оразбаева.

Фото: @sharipa_urazbayeva

Фестивальдің «Азиялық фильмдер байқауы» секциясында бақ сынасқан «Марьям» картинасы 2019 жылы жарық көрген. Кинолента желісі күйеуі белгісіз жағдайда ғайып болған Марьям (Меруерт Саббусинова) жайында баяндайды. Жұбайының жоғалып кетуінен кейін әйел төрт баласын жалғыз асырап, ауылдың бар қиындығын басынан өткеруіне тура келеді. Естеріңізге сала кетейік, фильм шынайы оқиға негізінде түсірілген. Картина - режиссердің толықметраждағы дебюттық жұмысы.

Dhaka Film Festival фестиваліне «Мариямнан» бөлек, тағы бір отандық фильм қатысты. «Маленький принц» деректі кинолентасы «Әйел-кинематографистер» секциясында бақ сынады. «Маленький принц» - бұл талантты қазақ ақыны Танакөз Толқынқызының өзінің жанымен әңгімелесетін монолог-фильмі. Картинаның бас кейіпкері де өзі. Сюжет желісі бойында ақын әйел «Мен кіммін?» және «Өмірдегі негізгі бағытым қандай?» сұрақтарына жауап беруге тырысады. Деректі лента талантты жерлесіміздің шығармашылығына енуді ұсынады. Қарлыға Хасенова үшін де бұл картина - кино әлеміндегі тұңғыш еңбегі. Атап өту керек, фильм түсірілімдері Франция мен Германия елдерінде жүргізілді.

Даккадағы ХІХ-шы Халықаралық кинофестиваль биыл Бангладеш елінің түңғыш президенті әрі Премьер-министрі болған Муджибур Рахман Шейхінің 100 жылдығына арналды.  

Поделиться
Для корректного отображения страницы пожалуйста отключите блокировщик рекламы