Размер шрифта:

Цветовая схема:

03 тамыз, 2021263

М.Бақтыгереев: алымды өнерпаздың жалынды картиналары

Мұхтар Бақтыгереев – отандық және кеңестік кино саласына өз үлесін қосқан талантты да, дарынды киноактер. 1933 жылы маусым айының он бесінші жұлдызында  қазіргі Атырау қаласында дүниеге келген. Өзінің өнердегі алғашқы жолын Атырау қаласында орналасқан драма театрында бастаған. Актердің бой көрсеткен кинокартиналары мен сомдаған рөлдері көп. Солардың бір қатарын сіздердің назарларыңызға ұсынбақпыз. Танысып, өз бағаңызды беріңіз.

«Девушка - джигит»

Кеңес заманында ұсынылған бұл кинолента комедиялық жанр бойынша түсірілген. 1955 жылы Алматы көркем және хроникалық фильм киностудиясында жүзеге асырылған отандық туынды көрерменнің назарына бірден іліккен. Музыкалық көркем фильмнің режиссер Павел Боголюбов. Киноның тұсау кесер рәсімі 1955 жылдың жиырма жетінші маусымында Мәскеу қаласында өткізілген.

Кинолентаның сюжеттік желісі бойынша, фильм колхоздың жылқы зауытында жұмыс жасайтын жылқышы Айдар мен аға табыншысы Ғалия туралы.  Басты кейіпкерлер Айдар мен Ғалия  бір-біріне шын ғашықтар. Бір күні  екі жастың арасында түсініспеушілік орын алып, бір-бірімен ренжісіп қалады.  Бұл жағдайды Ғалияға сырттай ғашық болып жүрген дүкен меңгерушісі Аңғарбай сәтті пайдалануға тырысады. 
Алайда жас жылқышы өзінің сүйікті қызының орнын ұзақ уақыт жоғалтқанмен, фильм соңы көңілді үйлену тойымен аяқталады.

«Біз осында тұрамыз» немесе «Мы здесь живем»

Режиссер Шәкен Айманов еңбектерінің бірі болған «Біз осында тұрамыз» деп аталатын көркем фильмі. 1956 жылы Матвей Володарскийдің қатысуымен жарыққа шыққан лента Алматылық киностудияның бірлесуімен жүзеге асқан. Партияның шешімімен қазақ ауылына бір топ комсомолдық жастар отряды келеді. Ерекше энтузиазм мен энергияға толы қыз бен жігіттер ауыл шаруашылығына кірісіп, барынша сол жердегі тіршілікке бейімделуді мақсат тұтқан еді. Олар ауылдың тұрмыс деңгейінің жақсарып, дамуы үшін бар күш-жігерлерін салуға дайын болатын. Бірақ сол ауылдағы жергілікті тұрғындар жаңадан келген жастарға ауылдың мұндай жағдайында алға қойылған мақсатқа жету оңай емес екенін айтып, ескертеді. Бірақ жалындап тұрған жастарды бұл ескертулер мүлде қорқыта қойған жоқ. Алайда олар өз мақсаттарына жетер жолда көптеген қиындықтарға, табиғаттың ызғарлы ауа-райы мен жергілікті билік өкілдерінің әділетсіз шешімдері мен нұсқауларына кезігеді. Бұл қиын сынақтар жастардың сағын сындыра алады ма? Олар ештеңеге қарамастан өздері қойған межеге жете алады ма? Оны отандық  кинолентадан тамашалай аласыздар.

Фильмді түсірген шығармашылық топ пен авторлық ұжымға тоқтала кетейік. Әлеуметтік драма жанры бойынша түсірген киноның режиссерлері: Шәкен Айманов және Матвей Володарский. Операторлық жұмыстарды өз ісінің маманы Марк Беркович орындаған. Әуенмен әрлеген композиторлар:  Александр Зацепин және Мұқан Төлебаев.

Басты кейіпкерлердің рөлін сомдаған актерлер мен актрисалар тізімінде: Шахан Мусин, Ыдырыс Ноғайбаев, Зәмзәгүл Шәріпова, Сайфулла Телғараев және өзгеде актерлар бар.

 «Беспокойная весна»

Қазақстанның тың жерлерінде жұмысшы - комсомолдар жаңа совхоздың негізін құрады. Жастар арасында Женка Омега есімді жас жігіт бірден көзге түсіп, ерекшеленеді. Ол тек өз дегенімен жүретін, еркін өмір сүріп үйреніп қалған, тынымсыз әрі беймаза жігіт. Женка қарапайым адамның ойына келмейтін дүниелерді ойлап тауып, әртүрлі эксперименттерді жүзеге асырып жүреді. Өзінің жұмыс құралын әдемі әрі әуезді гитараға айырбастаған. Ол үшін бұл қалыпты жағдайлардың бірі болды. Жұмыс уақыттарында басқа жерге қашып кеткенімен қоймай, тракторды жүргізу сабақтарына мүлдем қатыспайтынды шығарады. Жұмыс аптасының бастапқы күндерінен - ақ жолдастары оны өздерімен бірге ертіп әкеткендері үшін өкіндіретін әрекеттер жасайды. Женка осыншама жағдайларға қарамастан, тракторшы болуды армандайды. Ал бұл оның жұмыстағы жолдастары мен әріптестері үшін мүмкін емес дүние болып көрінеді.

«Беспокойная весна» кинолентасы 1959 жылы түсірілген алғашқы түрлі - түсті кинолардың бірі. Картинаның авторы - Александр Медведкин. Ол бір уақытта сценарий де жазып, режиссерлік жұмыстармен де айналысып үлгерді. Кинорежиссер жалынды жастардың тың жерлерді игеруімен қалай айналысқаны, олардың баста өткерген шытырман оқиғалары мен қиын кезеңдері туралы баяндайтын көркем фильмдерді бірінші рет түсіріп тұрған жоқ еді. Оның бұған дейін де осы жанрға ұқсас картиналары жарық көрген болатын. Бұл жолы Медведкин өзінің осы кинолентасы арқылы көрермендерді адал еңбектенген адамның қалай жақсы жаққа өзгертетініне назар аудартқысы келгендей. Ол мұны актер Сергей Гурзоның орындауындағы басты кейіпкер Женка Омеганың мысалында жасады. «Беспокойная весна» картинасы Қазақстан жерінде түсірілген отандық туынды болған еді. Түсірілімге барлығы 19-ға жуық актер қатысқан болатын. Дегенмен бұл мөлшер бригаданың жұмысқа барынша еніп, толыққанды атмосфераны сезіну үшін жеткіліксіз әрі тым аз болды. Сондықтан, көпшілік сахналар үшін рөлдерге жергілікті тұрғындар, студенттер және түсірілім процесіне қатысқысы келетін еріктілердің барлығы шақыртылған болатын.

Кинофильмдегі басты рөлдерді сомдағандар қатарында: Ыдырыс Ноғайбаев, Мұхтар Бақтыгереев, Кененбай Қожабеков, Нина Гребешкова, Иван Лобызовский, Всеволод Тягушев, Римма Шорохова, Павел Кайров және басқалары бар.

 «Наш милый доктор»

Бір кездері дәрігерлердің жеке мерейтойларына сыйлық ретінде ақша немесе коньяктан гөрі әлдеқайда маңызды сыйлықтар жасау әдетке айналған еді. Көптің сүйікті дәрігері Анатолий Николаевич 60 жасқа толатын мерейтойына оның санаторийдегі әріптестері дәрігердің барлық әйгілі пациенттерін щақыртып,  көңілді кеш ұйымдастыруға шешім қабылдайды. Бірақ, өкінішке орай, сол танымал жұлдыздардың барлығы мерейтой күні бос емес екендіктерін жеткізеді. Көптің көңіл - күйі мен мазасы қашқан бұл мерейтойды ұйымдастырушы - әріптестері енді қандай амал табады екен?

1957 жылы  «Наш милый доктор» атты комедиялық фильмі жарыққа шықты. Оқиғаның желісі бойынша, басты кейіпкер көптің көңілін тауып жүретін дәрігер үшін адамдарды қуанту оларды емдеу сияқты да өте маңызды екенін айтады. Юрий Померанцевтің орындауындағы Анатолий Николаевич өз табиғаты бойынша қарапайым және қарт адам. Сондықтан актер түсірілім кезінде макияж бен гриммнің көмегімен екі есе қартаюға мәжбүр болады. Фильмнің түсірілім жұмыстары басталған кезде Юрий Померанцев небәрі 33 жаста еді, ал ол сомдаған кейіпкер 60 жастағы қарт кісі болған.

Бүкіл фильм бойына әртүрлі жанрдағы музыкалық композициялар орындалады. Картинадағы кейіпкерлердің образдары мен рөлдері өздерінше ерекше сомдалған. Шынайы өмірде хатшының, әріптестердің, шақырылған қонақтардың рөлдерін сомдағандар Алматыдан келген кәсіби бишілер, әншілер мен музыканттар. Олардың рөлдеріне арналған музыканы композитор Александр Зацепин жазып шыққан еді, бұл автордың дәл кино саласындағы алғашқы жұмыстарының бірі болды.

Туындыда бой көрсеткендер: Роза Исмаилова, Юрий Померанцев, Хадиша Бөкеева, Валентина Старжинская, Шәкен Айманов, Қызғалдақ Аквард, Хадиша Бөкеева, Юрий Померанцев, Евгений Диордиев және басқалары. Кинолентаның режиссерлері: Шәкен Айманов және Александр Карпов. Сценарий авторы - Яков Зискинд.

«Далеко в горах»

«Далеко в горах» -1958 жылы Фрунзе және Алматы студияларында режиссер Александр Карпов түсірген кеңестік көркем фильмі. Отандық туындының премьерасы 1958 жылдың қыркүйегінде Алматыда өткен.

Картинаның сюжеттік желісіне назар салатын болсақ, оқиға Қырғызстан елінің оңтүстік аймағында өрбиді. Фильм большевиктер мен Қырғыз шаруаларының, байлар мен кедейлердің арасындғы түсініспеушіліктер мен қақтығыстар туралы баяндайды.  Олардың бұл іс-әрекеттерінің бірден-бір себебі-әділ әрі тыныш өмір сүру болатын. Картинаның актерлік ұжымы: Марат Сыздықов, Шәмші Түменбаев, Евгений Попов, Асанбек Өмірәлиев, Кемел Албанов, Мұхтар Бақтыгереев, Мұратбек Рысқұлов, Әшіраәлі Боталиев, А. Исабеков және басқалары бар. Шығармашылық топ: Юрий Вайншток, Т. Әбдімомынов, Б. Левкович, О. Бондаренко, Д. Тналина, Осман Зекки, Александр Карпов, Р. Жанғазина, Г. Дугашев, А. Шевелев және Борис Сигов.

«Звучи, там-там!»

«Звучи, там-там!» деп аталатын туынды киногер Шәріп Бейсембаевтың  режиссерлігімен түсірілді. Комедиялық балалар көркем фильмнің түсірілімдері 1967 жылы жүргізіліп, сол жылы көрермен назарына ұсынылған. Кеңестік бұл фильм азаттық күрес кезінде қысым көрген жергілікті халыққа көмектесу үшін басқа елге аттанбақ болған үш баланың хикаясын баяндайды. Осы мақсаты үшін олар тіпті Африкаға кетуге дайын болады. Өз мақсаттарына жету үшін мектеп оқушылары көптеген шытырман оқиғаларға кезігеді.

Қазақ ауылындағы тынымсыз үш мектеп оқушылары үлкен бір шытырман оқиға ойлап табады. Бұл ойынның бастамашысы және авторы Арман есімді балақай. Оның Мурун және Темиртон есімді достары осы ойынның басты кейіпкерлерін сомдайды. Арман Конго елінің саясаткері Патрис Эмери Лумумбаның рөлін ойнамақ болады. Бірақ Патристің қарсыласы Моиз Чомбенің бейнесін достарының арасынан ешкім сомдағысы  келмейді.

Ұзақ пікірталастардан кейін жігіттер енді ойын ойнауға өздерін тым үлкен санайды. Кішкентай балалардың қылығын жасамай, Африка еліне шын мәнінде аттанып, сол жердегі көмекке мәжбүр болған жерігілікті тұрғындарды құтқаруға нақты шешім қабылдайды. Олар мұндай маңызды қадамға мұқият дайындала бастайды. Балалар Африка елінің географиясын және Африка тайпаларының этнографиясын түгел зерттеп шығады.Тіпті осындай қысқа уақыт ішінде ағылшын тілін де асығыс оқып шығады. Олар өздерін құлдықта болған африкалық жұртшылықты, олардың кішігірім тайпалары мен топтарын құтқарып тұрған батыл қадамдары мен ерліктері жиі түстеріне кіретін болады.  Енді олар толыққанды дайын екендіктерін сезген кезде үйден қашып, теміржол станциясына келеді. Бірақ барлық жоспар олар ойлағандай болмайды. Африкаға аттанған жігіттерге енді Африканың өзі келеді. Теміржол станциясында олар қазақ колхозшыларына келген Африка елінің  бір топ делегациясымен кездесіп қалады. Осылайша олар қонақтарды күтіп алуға ауылға қайта оралады. Фильмдегі басты рөлді ойнағандар: Мұхтар Ишмұхамедов, Виктор Пусурманов, Мурад Абусейітов, Чапай Зулхажев, Бикен Римова, Мұхтар Бақтығиреев, Қаукен Кенжетаев, Сапар Базарбаев, Мұхтар Өтебаев, Архимед Ысқақов, Лидия Ашпарова және басқалары бар. Картинаның режиссері - Шәріп Бейсембаев, операторы - Михаил Аранышев. Сюжеттік желіні жазған сценарий авторы - Әкім Тарази. Анатолий Бычков аталған жобаның композиторы.

«Джамилия»

«Джамилия» деп аталатын көркем  кинокартинасы 1968 жылы режиссер Ирина Поплавская түсірген туынды. Бұл жоба Шыңғыс Айтматовтың кітабы бойынша жарыққа шыққан «Мосфильм» және «Киргизфильм» киностудияларының  ортақ еңбегі.

Сценарий желісі бойынша, оқиға Ұлы Отан соғысы кезіндегі қарттар, әйелдер мен балалар далада жер жыртып, майдангерлерге бидай жіберген кездерде бастау алады. Мұның бәрі Қырғызстан жерінде орын алып жатады. Қарқурау ауылында тұратын бір отбасының екі үйі бар, бірі кіші және үлкен. Жанұяда тек қана анасының айтқаны және қалағаны дұрыс болып саналады. Оның мінезі өте ауыр әрі қатал болғандықтан, басқаларға өз билігін жүргізе алатын мүмкіндігі болатын. Сондай-ақ, отбасында 2 ағайынды және олардың кенже ұлы Сейіт пен ерке қарындасы болды. Үйдің үлкен Садық есімді ұлы Джамилия есімді бойжеткенмен бірге отбасын құрады. Жас жанұя небәрі төрт ай ғана бірге өмір сүреді, одан кейін Садықты елге қызмет етуге фронтқа алып кетеді. Джамилия өз күйеуін қатты күтетін және сағынатын еді. Садық қан майданда жарақттанып, екі айдан кейін үйге қайта оралатынын жазып ауылдағы анасы мен жарын бір қуантады. Ол уақытқа дейін ауыл адамдары азая берді. Астықты станцияға дейін жеткізе алатын адамдар өте қажет болды. Сондықтан бригадир Кичи ападан келінін жұмысқа беруді сұрады. Алғашында апа келісімін бермей, ойланып ұзақ жүрді. Араға біраз уақыт салған соң ауылдағы ушыққан жағдайға қарап ақ батасын береді. Сөйтіп Сейіт пен Джамилия астық тасумен айналыса бастайды. Біраз уақыт өткеннен кейін олардың қатарына Данияр есімді жігіт те қосылады. Алғашында Джамилия оған мән бермей жүреді. Кейінде Сейіт әзіл айтып, Даниярмен ойнап бастайды. Бірақ бір күні олар Даниярмен ойнағандарына өкініп қалады.

Картинаның режиссері - Ирина Поплавская. Сценарий авторы-Шыңғыс Айтматов. Анатолий Кузнецов қоюшы-сурешті қызметінде, ал Николай Сидельников композиторлық мідетті атқарған. Оператор-Қадыржан Қыдыралиев болса, дыбыс инженері-Виктор Беляров. Кейіпкерлерді сомдап шыққандар: Мұхтар Бақтыгереев, Мұқанбет Тоқтобаев, Болот Бейшеналиев, Наталья Орынбасарова, Алиман Жангорозова, Суймкул Чокморов, Бәкірдин Әлиев.

Поделиться
Для корректного отображения страницы пожалуйста отключите блокировщик рекламы