Размер шрифта:

Цветовая схема:

31 наурыз, 202096

Музыка тербейді

Қазақтың тарихында болған ұлы тұлғалардың өмірін суреттейтін телесериалдар қашанда жоғары бағаланатыны сөзсіз. Оның ішінде музыкаға жән-тәнімен берілген Күләш Байсейітова, Нұрғиса Тілендиев сынды талантты өнерпаздарымыздың өмірінде негізделген картинаны әрбір қазақ жұртшылығы көруге тиіс. Мұндай терең мағынада түсірілген сапалы туындылар қашанда біздің кино саламызда жоғары орында тұратыны сөзсіз.

Ән-аға

«Қазақ вальсінің королі» Шәмші Қалдаяқовтың өміріне негізделген телесериал композитордың образын толық аша алды. Киногерлер көрерменге Шәмшіні тек музыкалық қырынан ғана емес, сонымен қоса адамгершілігі мол, адалдық қасиеті басым кейіпкер ретінде көрсетеді. Шын мәнінде де, Шәмші Қалдаяқов өмірінде талай қиыншылық көрсе де, талай әділетсіздікті басынан өткерсе де, әрқашан таразыны теңдей өлшеп, атақ пен мансапқа ермей өз ниетінің түзу екенін баяғыдан дәлелдеп келген. Жүрегінің кеңдігі мен мейірімділігі хақында  оның жолдастары да сыр шертеді. Осының барлығы өскелең жас ұрпаққа оң жағынан әсер етіп, ән ағаның жақсы қасиеттеріне қарап, бойына сіңіруіне септігін тигізгедей. Сонымен қоса, телехикая барысында жаңа мәліметтер мен деректер жан-жақты зерттеліп көрсетілген. Бұл киногерлердің өз кейіпкерлерін тереңінен зерттегенін, зерделегенін көрсетеді. Мәселен, оқиға желісі Шәуілдір жерінде Шәмшінің өмірге келуінен басталады. Оның ата-анасы баласына дара, талантты болсын деген ниетпен Жәмшид деп парсы халқының падишаһының есімін қойған. Кезінде ағылшынның өнер қайраткері Роберт Файлер: «Мен Шәмшімен таныс болып, дос болғаныма өте қуанамын. 300- ден астам шығармалары бар, керемет әндер жазған Шәмшінің бұл ерлігін кімде-кім болса да қайталай бермейтіні анық. Бұл ұлы композиторға ескерткіш қойса да артық емес», деп өзінің тәнті болғанын жасырмаған. Осындай ұлы композитордың әндері мен шығармаларының өмірге келуі де бір тарих, сериал. Оның алғашқы туындыларының бірі Шәмшінің алғашқы ғашығы, бала күнгі махаббаты Нәзипаға арналған. Бұрынғы сыныптастар күнде қайықта серуендеп жүреді. Шәмші мектепті аяқтаған соң, ветеринарлық оқуға білім алуға кетіп, кейіннен  әскерде отан алдындағы борышын өтеуге аттанады. Ауылға оралған Шәмшінің бұрынғы махаббаты Нәзипаның қайтыс болғанын естігенде, оған берген уәдеде тұрып, Ташкенттегі музыкалық училищеге оқуға түседі. Оның өнер жолындағы алғашқы қадамы міне осылай басталады. Бұл оқиғаға арнап жазған алғашқы шығармасы «Қайықта» деп аталады. Сериалдың режиссері Жасұлан Пошанов барынша кейіпкерлердің ішкі сезімін баяндауға тырысқан. Фильмнің басты кейіпкерлері Дәурен Серғазин, Мейірбек Қауымбаев, Гүлнар Байбосынова, Нұрбол Мейрамбаев, Ғазиза-Таңшолпан Тілеубай, Даир Ақипбаев, Диана Холловей сияқты актерлер сомдаған. Бала Шәмшінің рөлінен бастап, оның жас кезі мен 40-тан асқан егде шағына дейін сомдаған актерлер өз кейіпкерлерін өте жоғары деңгейде алып шыққан. Жайық Сыздықов пен Мұхамед Мамырбековтің жазған сценарийі де жоғары бағалауға болады. Шығарма уақыт бөліп, тамашалауға әбден тұрарлық. Ол тағылымы терең, берер тәрбиесі мол өте көркем шығармашылық картинардың біріде, бірегейі.

Күләш

Еліміздің біртуар тұлғаларының бірі, операның жарық жұлдызы Күләш Байсейітованың өміріне арналған бұл картина көрерменге зор әсер қалдыратыны сөзсіз. Оның бала күнінен бастап, өнердегі карьерасының шарықтау шағына дейін бейнелейтін бұл сериалдың көрерменге айтар тұщымды ойы мен берер үлгісі мол. Оқиға желісі ән айтуды жан жүрегімен сүйетін Күләштің асқақ арманына жету жолында кездесетін әртүрлі оқиғалар мен қиындықтары айтылған. Өз өнер жолын театрлардағы эпизодтық рөлдерден бастайды. Күләш қыз рөлдерді сомдау арқылы өзіне кеңінен тәжірибе жинап, оның театрдағы карьерасы ақырындап өсіп, биіктей бастайды. Енді Байсейітова үлкен басты рөлдерді сомдайтын болады. Оның сыңғырлаған дауысы, сахнадағы энергиясы кім-кімнің болса да жүрегін жаулайтыны хақ еді. Кәсіби әртістерден бастап үлкен дәрежедегі профессорлар оның талантына тамсанып, тәнті болған. Қазақтан шыққан дарынды қыз КСРО Халық әртісі атағын алған ең жас қазақ қызы болды. Ол кезде оның жасы небәрі 24 те еді. Бұл оның өнер жолының шарықтаған кезеңі болатын. Оның өмірінде өкінішке орай тек жеңістер емес, жеңілістер де аз болмады. Ол мұндай жетістіктерге аса өжет мінезінің, қайтпас рухының арқасында жеткен еді. Телехикаяда міне осының бәрі суреттеледі. Қос Сталин премиясына бір емес, екі рет жүлделі болған Күләштің таланты, оның сұлу бейнесі әрқашан ел есінде.

Құстар әні

Қазақтың танымал композиторы әрі дирижері Нұрғиса Тілендиевтің өмірі жайында түсірілген бұл сериал қазақ киномотографиясында ерекше орын алады. Нұрғиса атамыздың өмір кітабы ретінде баяндалатын сериал оның бала кезіндегі шағынан бастау алады.. Ол жас кезінен музыкаға тәнті болып өседі. Асқар тау әкесінің арқасында дарынды бала домбыраның құлағында ойнап, 12 жасында-ақ музыкалық училищеде балетмейстер атағына ие болады. Дирижерлік карьерасын 14 жасынан бастаған Нұрғиса ән жазуға кірісе бастайды. Музыкаға деген махаббаты оны үлкен жетістіктерге жетелеп, өнерде үлкен атаққа қол жеткізеді. Құстар әні телесериалының оқиға желісі 1961 жылдардан бастау алады. Тілендиев жаңа оркестр құруды мақсат тұтып, жаңа музыкалық инструменттер мен құрам іздестіре бастайды. Жаңа керемет ұжымның негізін қалаған музыканттың бұл мақсатқа жетуі оңай бола қойған жоқ. Көптеген жас музыканттарға өзі тәлім беріп, бар білгенімен бөліскен Нұрғиса Тілендиевтің есімі қазақ музыка тарихында ерекше орын алатыны сөзсіз.

Автор:  Жанерке Ахмадиева

Фото:  brod.kz

Поделиться
Для корректного отображения страницы пожалуйста отключите блокировщик рекламы