Размер шрифта:

Цветовая схема:

31 наурыз, 2020618

Наурыздағы туған күн иелері

Қазақстандық киноиндустрия саласы жыл санап қарыштап дамып келеді. Оған осы салада еңбек етіп жүрген өнер иелерінің қосып отырған үлесі аз емес. Сондай жандардың бірқатары наурыз айында дүние есігін ашқан.  

11 наурызда кино және театр актері Берік Айтжанов дүниеге келді. Қазақстандық актер 41 жасқа толды.  
Берік Айтжанов Қызылорда облысының тумасы. 2004 жылы Т.Жүргенов атындағы өнер академиясын бітірген. Кинодағы алғашқы қадамын «Час волка» фильмінен бастаған.
2000-шы жылдардың басында кино саласына аяқ басқан актердің қазір жиырмадан аса картинасы бар. Олардың қатарында - «Застава», «Красная полынь», «Мұстафа Шоқай», «Ликвидатор», «16 қыз», «Замуж в 30», «Всемогущий», «Той, любой ценой», «Наурыз.кз» кинокартиналары бар. Тек соңғы бір жылда актер «Я люблю тебя», «Композитор», «Томирис» сияқты фильмдерде бой көрсетті. Алайда, қазақстандық көрерменге Берік Айтжанов «Ағайынды» телехикаясында үйдің үлкені - Шыңғысты сомдауы арқылы кеңінен танымал болды.
Актер 2009 жылы «Құлагер» Ұлттық кинопремиясының лауреаты атанды. 2016 оған Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткері атағы берілсе, 2018 жылы «Кинематография» аталымы бойынша Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президент Қоры Премиясының лауреаты болды.

13 наурыз күні қазақстандық актер Әшім Ахметов дүние есігін ашты. Өнер иесі 29 жасқа келді.

Әшім Ахметов 2013 жылы  драмалық театр және кино актері мамандығы  бойынша Т.Жүргенов атындағы өнер академиясын тәмамдаған. Ал, үш жылдан кейін осы оқу орнының актерлік өнер мамандығы бойынша магистрі атанды. 2013-2014 жылдары Әшім Нью-Йоркке де барып, актерлік шеберлігін шыңдап қайтты.
Студент шағында болашақ актер «Жаужүрек мың бала», «Олимпиада грабителей», «Дода» сияқты фильмдерде эпизодтық рөлдерде ойнады. 
Оның толыққанды рөл сомдауы «Ограбление по-казахски» фильмінен басталған. Ал, жалпы Әшім Ахметов көрермендерге Нұртас Адамбайдың «Я – жених», «Тараз», «Аким» сияқты комедиялық фильмдері арқылы кеңінен таныс. Актер сонымен қатар, тарихи картиналарда да өнер көрсетті. Мысалы, премьерасы наурыздың 12 наурыз күнге жоспарланған режиссер Асқар Ұзабаевтың «Батырлар» фильмінде Әшім Ағынтай батырдың рөлін сомдады. Жалпы, осы уақытқа дейін актер жиырмаға жуық фильмдерде өнер көрсетті. Олардың ішінде жоғарыда аталған фильмдерден бөлек, «Қазақ елі», «Таңдау», «Замуж в 30», «Гламур для дур» сияқты фильмдер бар.

1954 жылдың 19 наурыз  күні  Алматыда белгілі режиссер, продюсер, сценарист Рашид Нұғманов дүниеге келді.  Режиссер 66 жасқа толды.

1977 жылы сәулетші мамандығы бойынша Қазақ мемлекеттік политехникалық институтын тәмамдағаннан кейін ол Бүкілодақтық мемлекеттік кинематография институтының режиссерлік бөліміне оқуға түсті.  Осында оқып жүріп-ақ өзінің сценариі бойынша «Йа-Хха» мен «Искусство быть смирным» атты екі қысқаметражды кинокартина түсірді. Ал, төртінші курсқа аяқ басқанда, яғни 1988 жылы болашақ режиссер басты рөлде атақты әнші Виктор Цой ойнаған «Ине» («Игла») фильмін таспалады. Картина 1990 жылы Нюрнгри қаласында өткен Халықаралық фестивальде бас жүлдені жеңіп, оның авторына үлкен танымалдылық әкелді.

21 наурызда осыдан 33 жыл бұрын қазақстандық актер Нышанбек Жұбанаев дүниеге келді. Жақындары оған Наурызбай деп ат қоймақшы болған екен. Бірақ атасы Нышанбек деген есім берді.

Актердің экран бетіне шыққанына көп уақыт болмаса да, талай картиналар арқылы көрерменнің көңілін жаулап үлгерді. Оның соңғы сомдаған рөлі - жаңа жылдың алдында ғана қалың көрерменге жол тартқан Қуралай Анарбекованың «Ва-банк» фильміндегі Марат есімді бас кейіпкер. Н.Жұбанаев сондай-ақ, «Отвергнутые» және Айқын Төлепбергеннің «Где мое кольцо?» атты жаңа фильмінде өнер көрсетеді.
Бұдан бөлек, актер «Арманға жиырма қадам» мен «Қарлығаш ұя салғанда» сериалдарында да рөлдер сомдады.
Актер сонымен қатар студенттік кезден бастап голливудтық кинотуындыларды мемлекеттік тілге дубляждаумен айналыса бастады. Оның бұл саладағы алғашқы еңбегі - «Тачки 2» мультипликациялық фильмдегі бас кейіпкер Молния Маккуинді дыбыстауы. Актердің дубляждау саласындағы соңғы дыбыстаған фильмі - биыл көрермендерге жол тартатын «Уолт Дисней» компаниясының «Мулан» атты киносы. Жалпы осы уақытқа дейін актер 10-ға жуық голливудтық кинотуындының бас кейіпкерлеріне қазақ тілінде дубляж жасаған.

26 наурыз күні қазақстандық актриса Жанель Мақажан дүниеге келді.

Актрисаның алғашқы дебюттық киносы – режиссер Рүстем Әбдірашевтің «Остров возрождения» фильмі. Бұдан кейінгі жұмысы - «Прощай, Гульсары», «Возвращение в А», «Тоқал» фильмдері.
Жалпы актриса осы уақытқа дейін республикалық арналардың эфирінен шыққан талай отандық телехикаяларда рөлдер сомдап, көрерменнің көңілінен шығып жүр. Атап айтқанда, Жанель «Сырғалым», «Болашақ», «Тағдыр», «Побег из аула» (2 және 3 бөлімдері), «Қарлығаш ұя салғанда», «Ана жүрегі», «Егіз ғұмыр» және тағы басқа сериалдарда өнер көрсетті.
Ал, жуырда қазақстандық көрермендер Жанельді басты рөлде тағы бір жаңа комедиялық картинада көре алатын болады. Фильм - «Роботбек» деп аталады.

27 наурызда қазақстандық актер Дәулет Әбдіғапаров дүние есігін ашты. Өнер иесі 48 жасқа келді.

Отандық актер Бішкектің театр институтын бітірген.  Осы кезге дейін елуге жуық картинада өнер көрсетті. Олардың арасында «Көшпенділер», «Бақсы», «Мұстафа Шоқай», «Алтын орда» сияқты бірегей фильмдер бар. Актердің дубляж саласында да еңбегі бар. 2011 жылы ол Дисней компаниясының «Тачки 2» мультфильміндегі кейіпкердің бірін қазақ тілінде дыбыстады.

29 наурыз күні Төлепберген Байсақалов дүниеге келді. Белгілі қазақстандық актер 46 жасқа толды.

Төлепберген Байсақалов өнерге кішкентайынан әуес болған көрінеді. Мектепте оқып жүріп ауыл кештерінде диджейлік етіп, барлық мерекелердің басы-қасында жүретін.
Ал, 1995 жылы болашақ актер Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясы оқуға түсіп, Р.Машурованың актерлік шеберханасын бітірген.  Оқу оқып жүргенде ерекше дарындылығымен көзге түскен оны «Қыз жылаған» («Молитва Лейлы») фильміне түсуге шақырады. Бұл болашақ актердің кинематография саласындағы дебюттық картинасы болды. Бұдан кейін ол «Құрақ көрпе», «Остров возрождения» сияқты фильмдерге  түсіп, ақырындап танымал бола бастады.
Жалпы, актер осы уақытқа дейін елуге жуық картинада өнер көрсетті. Отандық кино мен сериалдардан бөлек, актер Ресей, Франция, Германия, Швейцарияның кино әлемін де бағындырды. Режиссері Сергей Дворцевойдың Тюльпан» атты туындысында Төлепберген Байсақалов басты рөлдің бірін сомдаған. Ал, 2008 жылы кинокартина Канн киновестивалінде «Ерекше көзқарас» аталымы бойынша бас жүлдені жеңіп алған. 

Дәл осы күні, яғни 29 наурызда Ермек Тұрсыновтың «Шал» фильмінде басты рөлді сомдап, қазақстандық көрермендердің көңілін жаулаған отандық актер Ерболат Тоғызақов дүниеге келді. Талант иесі 72 жасқа толды.

Кино әлеміне зейнеткерлікке шыққан соң бірақ енсе де, бірден жарқын бейнесімен жарқ етті. Оның бұл саладағы тұсаукесті картинасы тағы сол режиссер Ермек Тұрсыновтың «Келін» фильмі. Дебюттық рөлден кейін актерге шетелдік киноға шақырту түседі. Осылайша, ол режиссер Питер Уирдің «Путь домой» фильмінде өнер көрсетеді. Бұл картинада Коллин Фаррел мен Эд Харрис сынды танымал актерлер бой көрсеткен. Ал, «шал» қарт монғолдың рөлін сомдайды. 
Аталған үш картина да американдық киноакадемиясының жүлделеріне ұсынылғандар қатарында болды. Егер «Путь домой» фильмі «Оскар» сыйлығына үміткер болса, «Шал» фильмі 11 елде түрлі халықаралық фестивальдерге қатысқан. Бұл картина үшін Тоғызақов «Киношок-2013» фестивалінде үздік ердің рөлі сыйлығын алды, сондай-ақ, «Жыл актері» номинациясында «Алдын Адам» мүсіншесіне ие болған.
Жалпы, 2009 жылдан бастап актер түрлі картиналарда эпизодтық рөлдерде ойнады. Олардың қатарында «Подарок Сталину», «Груз 001», «Сказ о розовом зайце» сияқты фильмдер бар.

 

Біз өз кезегімізде туған күн иелерін төл мерекелерімен құттықтап, шығармашылық шабыт, толайым табыстар мен зор денсаулық тілейміз!

Поделиться
Для корректного отображения страницы пожалуйста отключите блокировщик рекламы