19 мамыр, 202015

Назар аударыңыздар! Байқау!

Түрлі хикаялар ойлап тауып, оны қағаз бетіне түсіріп жүрсіз бе? Ендеше, қамданыңыз! Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы сценарийлерге байқау жариялайды.

Шарт бойынша ұсынылатын картинаның бюджеті шағын болуы қажет. Әрі фильмдегі көріністер тек «Қазақфильм» аумағында ғана түсірілуі керек. Бұл дегеніміз түсірілім киностудияның техникаларын, павильондары мен табиғи объектілерін пайдалану арқылы жүзеге асырылуы тиіс.

Егер бұл талаптармен келіссеңіз, сценарийлеріңізді қызықты диалогтары мен жарқын кейіпкерлерімен толықтырып, байқауға асығыңыз!

Бұдан бөлек, қара шаңырақ жаңа кинотуындыға кастинг жариялайды. MG Production+ кинокомпаниясы «Qazaqstan» Ұлттық арнасының тапсырысымен Ұлы Отан соғысының ардагері, жазушы Әзілхан Нұршайықовтың «Махаббат қызық мол жылдар» романының желісі бойынша жиырма бөлімнен тұратын телехикая мен толықметрлі фильм түсіретін болады. Көркем туындыға «Қазақфильм» киностудиясы материалдық және техникалық қолдау көрсетеді.

Кастингке 5-70 жас аралығындағы актерлік қабілеті бар кез келген адам қатыса алады. Басты кейіпкерлер Ербол мен Меңтайдың рөліне 16-23 жас аралығындағы қолаң шашты қыздар мен 25-30 жас аралығындағы орта бойлы жігіттер болуы керек.

Айта кетейік, жазушының «Махаббат қызық мол жылдар» атты кітабы осыдан елу жыл бұрын жазылған. Шығарма соғыстан аман қайтқан жас солдат Ербол мен бойжеткен қыз Меңтайдың арасындағы махаббатты баяндайды.

Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, кастинг онлайн түрде жүргізіледі. Ал, байқау мамырдың 30-шы жұлдызына дейін жалғасады.

Автор:  Зарина Смагулова

Фото:  kazakhfilmstudios.kz, @qazaqstantv

кастинг
Қазақфильм
Сценарий
Поделиться
Для корректного отображения страницы пожалуйста отключите блокировщик рекламы