Размер шрифта:

Цветовая схема:

17 қыркүйек, 2021579

Өнер табыстырған жұбайлар

Сүю – бір бағытқа бірге қарау деген сөз. Демек бағытыңнан жаңылпайтын жанды кезіктіру – үлкен бақыт. Ал өз салаңның майталманы атану үшін, талант пен еңбек аздық етеді. Сол жолда саған сүйеу болатын, таңдауыңды түсінетін, қолдайтын өмірлігің серігіңнің болуы да үлкен рөл ойнайды.  Бұл жолғы мақаламызда өнер саласында өмірлік жарын жолықтырған ерлі-зайыптылар туралы баяндаймыз.

2019 жылы «Хабар» арнасында көрсетілген «Рауза»  телехикаясы қос ғашықтың қосылуына себеп болды. Түсірілімнің бірінші маусымы біте сала басты рөлде ойнаған Айдар Асқарбек сүйіктісіне ұсыныс жасады. «Сері жігіттің жаңалығы барлығымызды таңғалдырды» дейді жақындары. Актердің таңдауы өзімен бірге рөл сомдаған актриса, әнші Жарқын-ай Ханайымға түсті. Айдар сериалдағы образымен көрермен ықыласына бөленіп қана қоймай, сұлудың жүрегін жаулаған көрінеді. Олар отау құрғанын әлеуметтік парақшаларында жария етті. Былтыр жас жұбайлар шаңырағында үлкен қуаныш болды. Олар ата-ана атанып, қызды болды. Халықтың сұрауы бойынша хикаяның екінші маусымы түсірілді.

Театр актерлері Мадияр Серікбаев пен Дана Тұрарбек оқу іргесінде жүріп танысқан. Көп ұзамай ғашық жандар көңіл қосып, отау құрды. Бүгінгі таңда ерлі-зайыпты Мадияр мен Дана  5 баланы тәрбиелеп өсіріп отыр. Кейіннен жас отбасы «Өнер қырандары» атты әзіл-сықақ театрын ашқан. Театр 10 жылдан бері сахналық қойылымдарымен көрерменді баурап  келеді. Актерлар қазір кинода бақ сынап, «Есіктер» сериалын түсірді. Бұл – театр актерларының тырнақалды туындысы. Биылғы наурыз айында сериал көрерменге жол тартты. «Алматы» телеарнасында көрсетілген 8 бөлімді сериал көптің көңілінен шыққан. Комедия жанрындағы хикая «Youtube» әлеуметтік желісінде миллионнан астам қаралым жинады.

Отау құрып, отбасы болғанына отыз жылдан асқан Азат Сейтметов пен Данагүл Темірсұлтанованың махаббат хикаясы кез келген жанның жүрегіне жылу ұялатады. Алғаш рет Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында танысып, кейіннен М. Әуезов атындағы театрда бірге қызмет еткен. Актерлардың шығармашылық жолы театр сахнасынан басталды. Уақыт өте келе олар отандық киноларға түсе бастады.  Жұлдызды жұп біраз отандық фильмдерде рөл ойнады.  Мәселен «Прямой эфир», «Айналайын», «Той любой ценой», «100 минут о любви», «ГОК» т.б. көрермен қызыға тамашалаған кинотуындыларда әрқилы кейіпкерлерді сомдады.  Соның бірі – Қазақстан ұлттық арнасынан ұсынылған «Айналайын» отбасылық телесериалы. Бұл Қазақстанда ситком комедия жанрында түсірілге тұңғыш хикая.

Ал актрисаның Данагүл Темірсұлтанованың образын көбіне комедия жанрындағы туындыларды көп кездестіреміз. Мысалы «ВУЗеры», «Келинка тоже человек – 1,2», «Домашние войны», «Свадьба на троих»  секілді фильмдерде  қатыгез ене рөлін қатырып сомдаған. Көпшіліктің ыстық ықыласына бөленген актриса 2008 жылы «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметі атағына ие болды.

Өмірдегі әрі өнердегі серігі Азат Сейтметов отандық 22 киножобаға қатысқан. Атап айтқанда, «Лейтенант С.», «Рэкитер», «Анаға апарар жол», «Семейка Нуркеновых», «Он и она», «Асель, друзья и подруги» т.б. көптеген фильмдерде рөлдерді жоғары деңгейде  алып шыққан. Сонымен қатар, актер 2016 жылы Оңтүстік Кореяда өткен «Seoul International Drama Awards» фестивалінде   «Ең үздік ер адам рөлі» атағын алды. Бұл жүлде оның «Әке» телесериалындағы басты рөлі үшін берілді. «Әке» телехикаясы Қазақстан РТРК арнасының тапсырысымен түсірілген. Онда жалғыз басты әкенің күйбең тіршілігі суреттеледі.  Екі баласын қатарынан қалдырмай, жұмыс іздеп, басын тауға да, тасқа да ұрады. Күн санап жетіліп жатқан балалардың тәрбиесімен айналысуға да уақыт керек. Өте әсерлі шыққан хикая әділ қазылар көңілінен шыққан. Сондай-ақ актер «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағын алған. Ал оның бірегей тұлға ретінде қалыптасуына әкесінің көмегі тиген.

Азат Сейтметовтың әкесі Райымбек Сейтметов –  Қазақстанның халық әртісі, Қырғызстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, Мемлекеттік және жастар сыйлықтары және тәуелсіз «Тарлан» сыйлығының лауреаты, профессор, бір сөзбен айтқанда театр алыбы. Ол қасиетті Түркістан өлкесінде дүниеге келіп, Алматыда мемлекеттік өнер инситутын бітірген. Өзінің сахналық жолында алуан түрлі рөлдерді шебер сомдауымен көзге түскен. Соның ішінде: Қозы (Ғ.Мүсірепов «Қозы Көрпеш - Баян сұлу»), Әбіш (М.Әуезов, Л.Соболев «Абай»), Шоқан (С.Мұқанов «Шоқан Уәлиханов»), Жайнақ (Ш.Айтматов Ана - Жер-ана) образдарын кәсіби деңгейде ойнап шыққан. Одан бөлек режиссерлікпен айналысып, үздік сахналық қойылымдар қойған. Атап айтқанда, Б.Майлиннің «Неке қияр», Ә.Таразидің «Жолы болғыш жігіт», М.Әуезовтің «Алуа», Т.Әбдіковтің «Біз үшеу едік», Ғ.Мүсіреповтің «Ақан сері - Ақтоқты», Ш.Мұртазаның «Сталинге хат», «Бесеудің хаты», О.Сүлейменов пен Б.Мұқайдың «Заманақыр», т.б. ел есінде қалды.

Заман ағымына қарай медиа мен өнер бағыты да өзгереді. Мәселен, 80-90 жылдары халықтың рухани тәрбиесімен театр айналысса, кейіннен бұл мідеттің жүгін кино арқалады. Бүгінгі таңда өнер саласы заманға сай түрленіп, оның жаңа бағыттары пайда болды. Соның бірі – блогерлік. Сәйкесінше, осы бағытты игерген блогер Айым Сейтметова – ата жолын жалғастырған актриса. Ол 1997 жылы Алматы қаласында дүниеге келген. Ол: «Менің өнер жолын таңдауыма анам мен әкем әсер етті» дейді. Сол саланы меңгеру үшін Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясына түседі. Оқуын бітірген соң, ең алғаш рет 2015 жылы «Жібек» атты сериалда басты рөлді сомдады. Сериалдың екі маусымы түсірілген. Кейіннен актриса  Еңлік («Іңкәр жүрек-3» т/с), Гаухар («Мезгілсіз махаббат»), Сабина («Ана жүрегі»), Камилла («Сүйе білсең-2»), Камилла («Мажоры), Аяулым («Инстаграмщица»), т.б. секілді рөлдерді сәтті алып шықты. Сонымен қатар, 2018 жылы әлеуметтік желіде аса танымал «Yuframe» жобасына қатысты.  Қазір  Айым  -  Insta-блогер. 

Рүстем Жаныаманов   қазақ театр және кино актеры, режиссер. Ол 1987 жылы 6 маусымда Алматы облысы, Ашысай ауылында дүниеге келген. Рүстем алдымен Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы жанындағы  колледжге түседі. Кейін сол оқу орнының «режиссура» факультетіне оқуға түсіп, оны 2012 жылы бітіріп шықты.  Рүстемнің кинодағы дебюті де осы кезде басталды. «Ана жүрегі» фильмінде басты рөлді сомдады. Араға бір жыл салып, әскери комедия жанрындағы «Көк тарландары» телехикаясына түскен. Сериалда әуе десанттарының бастан өткен қиыншылықтары туралы көрсетілген.  Бұл - әскери өмір жайында түсірілген алғашқы сериалдардың бірі. 2014 жылы «Хранители солнца», 2015 жылы «Жаңғақ тал» фильмдерінде басты рөлді ойнап шықты. Осы орайда, «Жаңғақ тал» фильмі 2015 жылы қазан айында Оңтүстік Кореяда өткен 20-шы Пусан халықаралық кинофестивалінде «Жаңа бағыт» секциясының бас жүлдесіне ие болғанын айта кеткен жөн. Бұған қоса Францияның Везуль қаласында өткен 22-ші Азия киносы халықаралық кинофестивалінің негізгі байқауына қатысып, бірден екі жүлдені - халықаралық әділқазылардың арнайы жүлдесін («Күрделі экономикалық және саяси ахуалға қарамастан күлдіре білгендігі үшін») және киносыншылардың арнайы жүлдесін («Ауыл өмірінің шынайы және батыл бейнесі үшін») жеңіп алған. Танымалдылығы артқан актер «Сыныптастар», «Ғазиз жүрек», «Жаным, ты не поверишь», «Где мое кольцо?», «Сержан братан» және «Келінжан-1,2,3» және т.б. кинотуындыларында сан қырынан ашыла түсті. Әсіресе, «Келінжан» телехикаясындағы Қылыш қайынаға рөлімен көпті тәнті етті.

Актердың жұбайы - актриса Жанаргүл Жаныаманова. Жанаргүл жастайынан өнерде өз орнын тапқан жандарға тамсана қарап, актриса болуды армандаған.  Т. Жүргенов атындағы Қазақ өнер академиясына оқуға тапсырып, студент шағынан шығармашылық жолға түскен. Ең алғашқы рөлі «Коктейль для звезды/Ғашық жүрек» фильмі еді. Кейінгі жылдары «Ана жүрегі» «Хранители солнца», «16 қыз», «Наурыз.kz», «Любовь. Надежда. Астана», «Отвергнутые», «Судьба», «Диназаур 3», «Противостояние» отандық туындыларында басты және екінші пландағы рөлдерді сомдады.. Соңғы «Противостояние» телехикаясы арнайы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің тапсырысымен түсірілген. Туынды терроризммен қарсы күрескерлер жайында.  Түрлі ағымға еріп, адасқандардың бастан кешкен оқиғаларын боямасыз көрсеткен. Телехикая «Хабар» арнасынан көрсетілді.

Әбунасыр Серіков - әзілкеш, актер, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері. Ол 1965 жылы Түркістан облысы, Төреарық ауылында дүниеге келген. 1993 жылы Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясын бітірген. Әбунасыр Серіков шығармашылық жолын «Бауыржан шоу» әзіл-сықақ театрынан бастады. Уақыт өт өз тобын құрып, «Нысана» театрын ашты. Ал оның фильмографиясына тоқталсақ, актер 2010 жылы «Ғашық жүрек», 2014 жылы «Сүрбойдақ», 2016 жылы «Бизнес по казахский», 2017-2019 жылдары «Брат или Брак – 1,2», «Аташка на хайпе», «Кино по понятиям», «Япырай»,  «Семьянин»,  «Семейные страсти» секілді фильмдерде ойнаған. Оның сомдаған образдарының көбі комедия жанрындағы фильмдерде көрініс тапқан.

Әбунасыр да жарымен өнер айдынында бірге жүзіп келеді. Әбунасырдың зайыбы – Лиза Серікова. Ол 1971 жылы Қарақалпақстанда дүниеге келген. Арман қуған ару мен жас жігіттің тағдырлары Алматы қаласында тоғысады. Кейін Лиза Т. Жүргенов атындағы театр институтының театр бөлімін тәмамдады. Бүгінде олҒ. Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының актрисасы. Оның өнер жолы тікелей театр сахнасымен байланысып жатыр. Ол ойнаған рөлдер: Д.Саламат, «Ғайыптағы мәңгілік махаббат сазы» – Гүлім, В.Шекспир, «Махаббат айдыны» – Джульетта, М.Хасенов, «Пай-пай, жас жұбайлар-ай!» – Бану, Ғ.Мүсірепов «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» – Таңсық, Ш.Айтматов «Ыстықкөл трагедиясы» – Бала, Ғ.Мүсірепов «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» – Күнікей, Э.Хушвақтов «Сүйе білсең…» – Рушана, С.Ахмад «Келіндер көтерілісі» – Луфти, Т.Теменов «Шығыс сазы» – Иірімші қыз, Д.Исабеков «Құстар фестивалі» – Тауыс. Дегенмен актриса қазақ әйел образдарын тамаша сомдаған.

Қазіргі таңда Серіковтар 3 қыз 2 ұл тәрбиелеп отыр. Соңынан ерген балалары әке ізін жалғады. Тұңғыш ұлы Әбілмансұр Серіков 10 жасынан бастап Ғ. Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық жасөспірімдер және балалар театрының сахнасына шыққан.  Алғашқы рөлі - драматург М. Қабанбайдың «Жиһангез Тити» ертегісіндегі бас кейіпкер  Тити. Кино саласыме алтыншы сынып оқып жүргеннен бастап кіріскен. 2009-2013 жылдары Алматы қаласындағы Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында оқуға түсіп, «Театр және кино артисі» мамандығы бойынша тәлім алған. Ол жастығына қарамастан  театр мен кино саласында едәуір жетістікке жетті.  Атап айтқанда, 2015 жылы Мәскеуде өткен «Золотой Витязь - 2015» халықаралық театр форумында «Тыраулап ұшқан тырналар» спектакліндегі Пернебек рөлі үшін «Алтын диплом» иегері атанды.  Содан соң «Сахнагер-2017» тұңғыш ұлттық театр байқауында «Үміт» аталымымен марапатталды. 2020 жылы Дарын мемлекеттік жастар сыйлығына ие болды.  Сондай-ақ ол бірнеше кинофильмде: 2009 жылы «Біржан сал»,  2011 жылы «Балалық шағымның аспаны», «Жаужүрек мың бала», 2014 жылы «Вопреки всему», «Одноклассники: Комок», «Сұрбойдақ», «Жедел жәрдем 2», «Ұлжан», 2015 жылы «Несломленный», «Кеңесшілер» ,  «Махаббат көктемі», «Жібек», «Таңдау», 2016 жылы «Сүйе білсең», «Ва-Банк» секілді киножобаларда шебер ойнаған. «Балалық шағымның аспаны» фильмінде Сұлтан рөлі арқылы дүйім жұртқа таныла басталды. Биографиялық фильмде елбасының рөлін жоғары деңгейде сомдап, ел ықыласына бөленді. Дәл сол жылы Ақан Сатаевтың үздік туындыларының бірі «Жаужүрек мың бала» фильміне түсті. Ал артынан ерген екі қарындасы да өнер бағытын таңдаған. Қазіргі таңда Ханшайым мен Аида өнер ордасында білім алып жатыр. 

Талант, шеберлікке құштарлық пен жанкешті еңбек өрге жүзер өнердің басты қағидасы десек, отбасының рөлін де ескермеске болмайды.  Өйткені жанұя тұлғаның қалыптасуына тікелей әсер етеді.  Сайып келгенде, бұның бәрі ата жолын жалғаудан басталады.

Автор:  Ализа Абай

Фото:  Актердің жеке мұрағатынан

Поделиться
Для корректного отображения страницы пожалуйста отключите блокировщик рекламы