Размер шрифта:

Цветовая схема:

31 наурыз, 2020140

 “Отан отбасынан басталады” Отандық отбасылық сериалдар

Қазіргі қоғамдық өмірде отбасылық құндылықтардың мәні кетіп, маңыздылығы қалып қойып жатқандай. Бірақ, отандық киногерлер еліміздегі халықты өміріміздегі басты бағалы дүниеміз- отбасымыздың қадірін білуге шақырғандай. Себебі, елдегі кино саласында дәл осы тақырыпқа тым көп сериалдар мен жобалар жасалады екен. Сонымен, көбіне комедия жанрында түсірілген отбасылық фильмдер көрерменге не бере алады? Бірге саралап шығайық.

"Пәленшеевтер" сериалы

Отбасылық сериал комедиялық жанрда түсірілген. Алайда, отбасылық құндылықтардың әрқашан маңызды екенін әрі оны естен шығармау керектігін әзіл арқылы жеткізетін бұл отандық туындының  көрерменге айтар ойы мен жеткізер мақсаты бір. Скетчкомның басты кейіпкерлері қарапайым қазақ отбасы. Олар қонақ күтіп, қонаққа барғанды, көршілерімен шәй басында әңгіме айтқанды ұнатады. Пәленшеевтер отбасының әрбір мүшесінің өзіне тән белгілі бір мақсаттары, рөлдері мен ерекшеліктері де жоқ емес.
Идея авторы елге белгілі шоумен, тележүргізуші Марат Оралғазиндікі. Сериал Төребек Бейсебаевтің режиссерлігімен түсірілген. Продюсері бірнеше танымал отандық сериалдардың авторы болған Ақылбек Досжанов. Басты рөлдерде: Лидия Каден, Бақытжан Әлпейісов, Жанар Айжанова, Жасұлан Базарбаев, Марат Достаев, Еділ Анарбай, Жазира Еркін сынды талантты әрі танымал актерлер бой көрсетеді. Айта кеткен жөн, аталмыш сериалдың екі бірдей маусымы бар. Оған себеп халықтың қызығушылығында. Сериалға деген көрермен ықыласы ерекше екенін фильм авторлары жасырмайды. Міне, сол себепті сериалдың жалғасын түсіруді жөн санаған киногерлер екінші маусымның Пәленшеевтері бірінші бөлімге қарағанда тағы да сапалы әрі қызықты болатынын айтқан еді. Шын мәнінде, жаңа кейіпкерлер қосылып, қызықты әрі мағынасы терең диалогтар пайда болды, сонымен қоса ерекше әзілдер де ұмыт қалмаған. Отбасыңызбен бірге тамашалайтын, көтеріңкі көңіл сыйлай білетін бірден бір сериалдардың бірі екені рас.

"Жаңа қоныс" сериалы

Отандық сериалдың аты айтып тұрғандай, жаңа қонысын аңсайтын қазақи қарапайым отбасының бастан кешірген қызықты оқиғалары жайында. Телехикая желісі бойынша, ауылдан қалаға көшіп келген отбасы пәтер жалдап тұрады. Бұл қазіргі қоғамдағы әрбір отбасына жақын әрі өте таныс жағдай екені мәлім. Басты кейіпкерлер Мырзахановтар отбасы. Олардың жаңа қонысқа  жетудегі өткерген қызықты оқиғалары және жалпы қарапайым отбасының өмірі жайында болмақ.
Сериалдың басты кейіпкерлері: Қуандық Шәкіржанов, Бақыт Әліпбаева, Жұлдыз Маxанова, Нұрсұлтан Жақсыгенов, Дастан Қалдыбаев, Саягүл Оразғалиева, Нұрлан Ақынбаев. Медет Илгедаев режиссерлік еткен сериалдың бас продюсері Дастан Қалдыбаев. Телехикаяның бірнеше маусымы түсіріліп үлгерген. Сценарий авторлары: Дастан Қалдыбаев, Рысқұл Қонақбаев.

"Үйлену оңай" -  "Q елі"

«Q елі» жобасы халыққа ерекше танымал отандық сериалдардың бірі. Ал оның ішіндегі «Үйлену оңай» ситкомы көрермен көзайымына айналғаны рас. Оны біз сериалдың қаралымдары мен айтылған жылы пікірлерге қарап аңғарсақ болады. Сюжет желісінде жас жұбайлардың отбасылық өмірдегі қызықты оқиғалары баяндалады. Сонымен қоса, олардың бір - біріне айтқан әзілдері де ерекше күлкілі. Отбасылық өмірдің қиындықтары мен ауыртпашылықтарын әзілмен жеткізе білген телехикаяның басты рөлдерін танымал жайдарманшы және әзілкеш Ақболат Утебаев пен жас актриса Мадина Оспан сомдайды.

"Тақиясыз періште" сериалы

Қазақ кинематографиясы қазір қарқынды даму үстінде. Тағы бір отандық отбасылық сериал көрерменге жол тартты. Бұл жолы бәрімізге белгілі “Тақиялы періштенің” заманауи үлгісі. “Тақиясыз періште”- бұл көп сериялы отбасылық ситком. Сюжет желісі бойынша басты кейіпкер отау құрады. Ал келін мен ене арасындағы көпір бірден құрыла кетпейтіні рас. Жаңа түскен келіннің жаңа отбасына сіңісіп кетуі, жас жұбайлар мен ата- ене арасындағы қарым – қатынастары көрсетілген бұл телехикая қазір халық арасында аса танымал. 
Бас продюсері Мақсат Мамраимов, қоюшы режиссері Асар Абулхаир. Сериалдың бас кейіпкерлері: Жанар Айжанова, Қуандық Шакиржанов, Ақбота-Нұр Сейтмағамбет, Қыран Төкеш, Айым Бақытжанқызы, Альфия Пахратдин және тағы басқалар.

"Отбасы" сериалы

«Отбасы» сериалында ене мен келіннің қарым-қатынасы баяндалады. Оны әзіл арқылы көрсете білген киногерлер қоғамда орын алатын проблемаларды қозғаған. Қазір өмірге деген көзқарасы басқа, құндылықтары мен тәлім- тәрбиесі бөлек ене мен келіндер көбейіп келе жатыр. Жоба авторлары осыны көрсету арқылы көрерменге ой салады. Жанар Айжанова, Жанель Серғазина, Бейімбет Бақытқадыров сынды актерлер басты рөлде бой көрсетеді.

"Өз үйім" сериалы

«Өз үйім» телехикаясы – отандық шоу бизнес өкілдерінің ішіндегі отбасылық жұптардың қатысуымен түсірілген сериал. Комедиялық жанрда таспаланған туындының сюжет желісі бойынша, Құдайбергеновтар әулетіндегі қызықты жайттар мен әзілге толы оқиғалары туралы. Сонымен қатар, отбасылық өмірде кездесетін қиын кезеңдер мен одан өтудегі отбасындағы ауызбіршілік те баяндалады. Оқиға жанұядағы үш ұл мен келіндер арасында өрбиді. Ұлдарының бір шаңырақтың астында тұруын қалайтын отағасы Қанат Құдайбергенов әскери тәртіптің адамы.
Сценарий авторлары елге белгілі әзілкеш Еркебұлан Мырзабек пен Медет Аманбаев. Продюсері Ақылбек Досжанов. Басты рөлдерде өнерде де, өмірде де жұп, халыққа белгілі әртістер:  Қанат Құдайбергенов- Айтгүл Биғалиева, Бүркі пен Аиша, Жанболат Ербатыров- Жазира Байырбек, Арман Қоңыр – Аша Матай.

"Ата-ана. Бала-шаға" сериалы

Су жаңа сериал бала мен ата-ана арасындағы қарым- қатынас жайында. Комедиялық телехикаяда орын алатын оқиғалар желісі өте қызықты. Ана мен бала арасындағы байланыс ерекше көрсетілген. Сериалда сомдайтын әртістер, оның ішінде кішкентай жас актерлер берілген өз рөлдерін тамаша сомдап шықты. Басты рөлде танымал актриса, соңғы жылдары ең үздік актрисалар қатарында болған Дариға Бадыкова, Махамбет Мырза, Амина Ауталиф, Жанібек Игіліков, Ерболат Әлқожаев, Ноғайбаев Айдын сомдайды.

"Базарбаевтар" сериалы

Қазақстандық отбасылық сериалдардың ішіндегі алғашқыларының бірі. Нұрлан Қоянбаевтің қолдауымен түсірілген бұл сериал көптің көңілінен шықты. Ситкомның оқиға желісі бойынша, қарапайым отбасы Алматы қаласының тұрғындары. Үйдің үлкендері Саламат пен Айғаным және олардың балалары: Шерәлі, Арсен және әкесінің сүйікті әрі ерке қызы, бірінші курс студенті Гүлнар және Шерәлінің жұбайы жас келін Назым да бар. Жанұяда орын алатын болмашы қиындықтарға қарамастан, отбасы мүшелері әрқашан көтеріңкі көңіл күйде жүреді. Олар осы арқылы отбасылық құндылықты сақтап қалуды әрі бағалауды үйрететіні сөзсіз. Бекжан Тұрыс, Райхан Халиолдина, Нұрдәулет Шертім, Аида Жантілеуова, Гүлнар Сильбаева, Салтанат Қалиева, Дастан Қалдыбаев, Нұрлан Қоянбаев, Нұржан Тұтов, Күнсұлу Тұрғынбекқызы, Әлихан Байсұлтанов және Бақыт Әліпбаева сынды талантты актерлер бас қосқан сериалды міндетті түрде тамашалу қажет.

"Домашние войны"

Орыс тілінде түсірілген отбасылық ситком. Сюжет желісі бойынша, Айжан- алматылық музыканттардың зиялы отбасында тәрбиеленген. Әкесі танымал дирижер музыкант, анасы опера примасы. Айжан қалалық базар директорының жалғыз баласы Нұрланға ғашық болып, тұрмысқа шығуға келісім береді. Бірақ, алайда бәрі де осындай сәтті бола бермейді екен. Жаңа қазақи отбасына келін болып келген Айжан мүлде бөлек ортаға, басқа мәдениет пен менталитетке сіңісуі қажет. Оны енді құндылықтар мен дәстүрге үйрететін Нұрланның анасы, яғни Айжанның енесі бар күшін салып атсалысады. Дегенмен, келін мен ене арасындағы түсіністік бірден пайда бола қоймайды.

60 сериядан тұратын картинаның режиссері Алексей Кирющенко, Кирилл Бин, Асқар Наймантаев. Басты рөлдерде Айсұлу Азимбаева, Ақжол Абилов, Данагүл Темірсұлтанова, Асқар Наймантаев, Нұржан Тұтов және Шынар Асқарова.

"Жаным" 

Оқиға желісі ауқатты Абеновтар отбасындағы қиындықтар мен ауыртпашылықтар жайында жалғасын табады. Махаббат, сатқындық, опасыздық сияқты өмірде орын алатын жағдайларды бейнелеген картина Абеновтар отбасындағы өгей орыс ұлтының қызының әңгімесімен басталады. Ол өзінің кітабын жазу барысында, өз отбасының құпиялары мен жанұя мүшелерінің жасаған қателіктерін есіне түсіреді.
2010 жылы жарыққа шыққан картинаға Бақтияр Сейтқазиев режиссерлік етті. Сценарий авторлары: Лейла Ахинжанова, Михаил Беляков. Рөлдерде: Маржан Қазыбаева, Ғани Құлжанов, Меруерт Утекешова, Дмитрий Скирта, Сырым Қашқабаев, Оразхан Кенебаев, Іңкар Абдраш, Бағлан Сембаев, Султанна Каримова, Айжан Байзақова.

"Қыз жолы" телесериалы

Сериал үш әпкелі- сіңлілі қыздардың тағдыры турасында. Бірі момын, ақкөңіл, мейірімді қыз. Ол педагогика саласында адал қызмет етеді. Балаларды қатты жақсы көргендіктен осы саланы таңдайды. Мамандығына деген махаббаты оны талай жетістікке жетелеп, өз саласының үздігі болуына себеп болады. Келесі кейіпкер, Гүлшат. Ол ақ халатты абзал жан. Акушер- гинеколог болып жұмыс істейтін оның мінезі бір беткей, ойын әрдайым ашық жеткізетін, темір мінезді қыз. Тағы бір әпкелі-сіңлінің біреуі Майра. Отбасылы, балаларының аяулы анасы, жұбайының сүйікті жары. Сериал жанұядағы байланыс бәрінен құнды екенін, отбасы мүшелерінің қолдауы бәрінен маңызды екенін көрсеткісі келгендей.

"Көршілер" телесериалы

Сериал мемлекеттік тапсырыспен тұрғызылған көп қабатты үй тұрғындарының өмірі жайында түсірілген. Жаңа қоныс иелері жаңа көршілерімен қалай жарасып кететіні жайлы, олардың өткерген қызықты уақиғалары айтылады. Тұрғын үйде Өнерпазовтар, Ғалымовтар, Қызметовтер, Тентекбаветар сынды отбасылар тұрады. Осындай жанұялардың арасында орын алатын түрлі оқиғалары дәл осы сериалда көрсетіледі.

"Күлпаштың хикаялары"

Телесериал қарапайым ауыл келінінің бастан кешірген күлкілі оқиғалардан тұрады. Театр сахнасында пайда болған кейіпкер халықтың көңілінен шыққаны соншалық, әп-сәтте комедия кейіпкеріне айнала кетті. Картина ауылдағы өмір жайында,  отбасыда болатын әртүрлі сәтсіздіктер жайында түсірілген әзілге толы сериал сіздің де көңіліңізден шығатынына сенімдіміз.

"Әр үйдің сыры басқа"

Сериал өмірде орын алатын әртүрлі отбасылық оқиғалар негізінде түсірілген. Сериал кейіпкерлері бізге таныстай көрінуі мүмкін. Себебі, ата-ананың баланың алдындағы жауапкершілігі, үйдегі баланың тәрбиесі, туысқандардың арасындағы бақталастық сияқты өмірлік проблемалар мен мәселелер қозғалған. Бойжеткен қыздардың ата-аналарымен түсінісуі қиындап, үнемі кикілжің туады. Шын мәнінде, киногерлер әр үйде болатын жағдайлардан шығу жолдарын сериал арқылы көрсеткісі келгендей.

Поделиться
Для корректного отображения страницы пожалуйста отключите блокировщик рекламы