Размер шрифта:

Цветовая схема:

09 қыркүйек, 202032

Отандық аниматорлар Netflix-ке мультфильм дайындап жатыр

Қазақстанның анимациялық кино қауымдастығының президенті, қоюшы-суретші Ғали Мырзашев пен «Ырысы Ақ Қазақстан» компаниясы мультипликациялық сериал дайындап, оны фильмдер мен сериалдар, сондай-ақ анимациялық туындылар жасаумен айналысатын Netflix ірі американдық өндіруші компанияға ұсынбақ. Бұл туралы Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы хабарлайды.

«Караван историй» мультипликациялық фильмі Ұлы Жібек жолында керуенмен саяхаттайтын үш қыз бен айдаһар-ата жайында фэнтэзи жанрындағы хикая. Бұл әлемде қызықтар көп болмақ. Заманауи технология мен сиқыр, ғаламтор мен ұлттық дәстүрлер сабақтасады. Мультфильм арқылы авторлар кішкентай көрермендерге Жер-ананы қадірлеп, ол үшін барлығының жауапты екендігін көрсетіп, табиғатты аялауға шақырмақ. Жобаны дайындауда фильмді жасаушыларға Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы да атсалысады.

«Бұл мультфильмді Netflix компаниясына сатуға тырысып, олардың ресурстарында жарияланатын Қазақстанның бірінші анимациялық сериалы атану - біздің өршіл жоспарымыздың бірі. Сондықтан біз қазір басқа жобалардың стилистикасымен егжей-тегжейлі танысып, қалыптасқан пішіндері мен көркемдік концепциялары бар Disney мен Pixar компанияларымен «вижуал» жағынан бәсекелесуге дайындалып жатырмыз», - деген еді жобаның желілік продюсері Мәди Қасымбала.

Айта кетейік, «Ырысы Ақ Қазақстан» компаниясы отандық анимация нарығында 2008 жылдан бастап еңбек етіп келеді. Олардың қоржынында «Balapan» мен 7 арналардың тапсырысы бойынша дайындалған бірқатар мультипликациялық сериалдары бар. Бұдан бөлек компания аниматорлары түрік және швейцариялық әріптестерімен бірлесіп еңбек етуде үлкен тәжірибеге ие.

Автор:  Зарина Смагулова

Фото:  kazakhcinema.kz

Поделиться
Для корректного отображения страницы пожалуйста отключите блокировщик рекламы