Размер шрифта:

Цветовая схема:

28 қыркүйек, 202020

Отандық фильмдер жайындағы қызықты фактілер

Кино – бұл әлемдегі ең қызықты әрі сиқырлы индустриялардың бірі. Қарапайым көрермендер экраннан тек дайын өнімді ғана тамашалай алады, бірақ ең қызықтысы әрі тұшымдысы кадр сыртынан тыс қалып қойып жатады. Кино әлемінің мұндай сиқырлары тек біраздан соң ғана белгілі болады. Біз сіздерді қазақстандық фильмдерде сахна сыртында болған сондай сиқырлармен таныстырмақпыз.  

- «Брат или брак 2» комедиясында Құралай Анарбекова сомдаған бас кейіпкердің шынайылығын көрсету үшін жүктіліктің үш кезеңінде үш түрлі салынбалы «ішті» киюіне тура келді.

- Бұл фильмдегі ерлі-зайыптылардың ультрадыбыстық зерттеуге келетін кадрында шынайы жүкті әйел ойнайды, ал босану көріністерінде жаңа туған шақалақтың рөлінде туғанына небары алты ай ғана болған сәби түскен екен.   

- Режиссер Ақан Сатаевтың «Районы» картинасындағы Арсен есімді басты кейіпкерді сомдаған Эльтерес Нұржанов бұл рөлге аяқасты келді. Қосымша ақша табу үшін кастингке оны анасы жіберген екен. Нәтижесінде ол бас рөлге ие болды. Эльтерестің айтуынша, бұл «қосымша жұмысқа» ол үзілді-кесілді қарсы болған, алайда анасының талап етуі бойынша кастингке баруға мәжбүр болған екен.

- «Районы»-дағы Азамат есімді кейіпкердің рөліне ие болу үшін отандық актер Шәріп Серікке тура және жанама мағынада шамалы «терлеу» қажет болды. Мәселен, ол артық салмақтың салдарынан бозбалаға ұқсамағандықтан, режиссер Ақан Сатаев оған арықтау туралы ұсыныс жасады. Мұндай шарттар американдық киноиндустрия саласында жиі қойылып отырады. Мәселен, американдық актер Мэттью Макконахи «Далласский клуб покупателей» картинасына түсу үшін 21 келіге, ал Мэт Дэймон «Мужество в бою» атты фильмі үшін 18 килограмға арықтаған. Фильмдегі рөл үшін осындай құрбандыққа барған голливудтық жұлдыздар өте көп,  тек олар бұл нәтижеге бірнеше айдың ішінде қол жеткізсе, қазақстандық актер 17 килограммды небары бір айда тастаған екен. Ол үшін Шәріп қатаң диета ұстанып, тұрақты түрде жаттығып отырған.

Ал фильмде көрініс табатын көркем Алматының келбетін 90-шы жылдардағы кейіпке ұқсас етіп көрсету үшін саябақтар мен алаңдардағы көпшілік сахналар күншығыс уақытында түсірілген екен.

- «Анаға апарар жол» фильмінің идеясы картина режиссері Ақан Сатаевтың ата-анасынан естіген хикаядан негіз алады. Олардың әңгімесі соғысқа кеткен ұлдарын 20 жыл бойы күтіп жүрген әйел жайында болатын. Күн сайын ана ауыл шетіне шығып, талдың түбінде қысы-жазы баласын күткен екен. 

- Актер Асқар Ілиясовты Ақан Сатаевпен таныстырған Аружан Жазылбекова екен. Осыған дейін Асқар қазақстандық киногерлерді аса танымайтын. Ал Аружан режиссердің «Анаға апарар жол» атты фильмінде бас рөлді сомдады.

Асқар Ілиясов пен «Бизнесмены» картинасында өнер көрсеткен ресейлік актер Константин Крюков түсірілім барысында ұрсысып қалды, арадағы кикілжің төбелеске дейін жете жаздапты. Сөйтсе олар осылайша режиссермен қалжындаспақ болған екен, себебі ол да өз кезегінде актерлермен жиі қалжындасатын.  

- Айтпақшы, «Бизнесмены» фильмі - Асқар Ілиясовтың бас рөлді сомдаған тұңғыш қазақстандық картина.

- «Бизнес по-казахски» фильмі  режиссер Жеңісхан Момышевтың толықметражды картиналардағы дебюттық жұмысы. Картина сонымен қатар «Казахи» және «Астана.kz» КВН командаларының бұрыңғы капитаны Нұрлан Қоянбаевтың да актерлік дебюты саналады.

- Қазақстандық-ресейлік режиссер Сергей Дворцевойдың «Тюльпан» атты картинасындағы қойдың туатын сахналарын түсіру үшін оператор Иоланта Дылевска үш апта бойы малдың артынан жүрген екен. Фильмде жануарлардың қатысуымен түсірілген көріністер өте көп, оның ішінде жарақат алған ботаны емдеуге өзінің мотоциклімен әкетіп бара жатқан мал дәрігерінің артынан түйенің аңдитын көрінісі де бар.   

- «Тюльпан» картинасының түсірілімдеріне Созақ ауданының Бетпақдала тұрғындары да қатысты.
- Бұл фильм толықтай дерлік қазақ тілінде түсірілген.
- «Тюльпан» фильмінің түсірілімдері төрт жылға жуық уақыт бойы жүргізілді, себебі режиссер картинаның шынайылығына ерекше мән берген.

Автор:  Зарина Смагулова

Фото:  Интернет желісінен алынған

Поделиться
Для корректного отображения страницы пожалуйста отключите блокировщик рекламы