Кіру/ Тіркелу
Отандық картина Варшавалық байқауда топ жарды
Қазақстандық кинорежиссер Фархат Шәріпов түсірген «18 килогерц» картинасы Варшавалық кинофестивальде бас жүлде иегері атанды. 36-шы Варшава халықаралық кинофестивалінде қазақстандық кинофильмнің әлемдік премьерасы өткен болатын.
Халықаралық байқаудың қазылар алқасы отындық өнімнің басқа елдің картиналарына қарағанда, үздік болғандығын айтады.
oqu.news
«Бұл кинофильм барлық марапатқа лайық. Картинаның мән-мағынасы терең әрі өте әсерлі. Қазылар алқасы сынға түскен 16 фильмнің ішіндегі ең таңдаулысы осы туынды екендігіне күмән келтірген жоқ. Байқау төрешілерінің әр мүшесі өзіне ұнайтын үш фильмнің тізімін жасаған болатын. Жинақталған тізімді қарау кезінде барлығымыз бір ауыздан шешім қабылдадық, өйткені бәріміз үшін бірінші орында қазақстандық «18 килогерц» картинасы болды», - деді қазылар алқасының мүшесі.
Өз кезегінде картина режиссері Фархат Шәріпов бұл марапат ол үшін күтпеген жағдай болғанын жеткізді.
Фархат Шәріпов, кинорежиссер:
«Кинофестивальге көп рахмет. Осындай қиын сәттерде киноны қолдағаны үшін алғысым шексіз. Біздің жас актерларымызды, фильм продюсері мен барлық түсірілім командасын құттықтағым келеді»,- деп өз қуанышымен бөлісті.
Картина 90-жылдардың соңғы кезеңдеріндегі жасөспірімдердің өмірі туралы баяндайды. Өз фильмінде режиссер сол кездегі жастар арасында жиі кездесетін проблемалар мен сынақтарды жеткізгісі келген.
Фархат Шәріпов, кинорежиссер:
«18 килогерц» - бұл ересектер есіте алмайтын дыбыс секілді. Картинада жасөспірімдер өмірінде көп орын алатын мәселер, түсінішпеушілік пен сатқындық туралы айтылады. Ересектер үшін жастарды түсіну және проблеманың шешімін табу жыл өткен сайын қиынға соқтыруда. Кейде бұл тығырықтан шығудың дұрыс жолын табу да жеңіл бола бермейді. Бұл фильммен осының бәрін еске салғым келді»,- деді режиссер.
Картинаның түсірілімі Алматы қаласында өтті. Фильмдегі басты рөлдерді үлкен кинода алғаш рет дебют алған жас актерлер сомдады, олардың қатарында: Мұсахан Жұмахан, Әлібек Әдікен, Камила Фун-Со бар. Фильмді әсем әуенмен өңдеген композитор Илья Одегов.
Айта кету керек, әлемдегі ең беделді киножобалардың бірі болған - Варшава халықаралық кинофестивалі 1985 жылдан бері әлемдік үздік кинокартиналарды сараптап келеді. 2009 жылы Халықаралық кинопродюсерлер қауымдастығы Федерациясы бұл байқауға кино саласындағы «А» санатын берген еді.
Биылғы жылы әлем бойынша орын алған індетке және басқа да ауыр жағдайларға қарамастан, кинофестиваль 9 және 18 қазан аралығында дәстүрлі форматта өтті. Байқауға қатысқан картиналар қаланың үлкен экрандарында көрермен назарына ұсынылған болатын.
Фото: tengrinews.kz