Размер шрифта:

Цветовая схема:

02 қазан, 2020378

Отандық картиналардағы Абай образын кім бейнелеген?

Биыл қазақтың ұлы тұлғасы Абай Құнанбайұлына 175 жыл толып отыр. Осының қарсаңында түсірілген отандық картиналар мен сомдалған рөлдер аз емес. Сол көркем туындылардағы Абай бейнесі мен образы қалай бейнеленген?

Ақын, ағартушы және философ Абай Құнанбаевтың 175 жылдығына орай түсірілген картиналар реті еліміздің киноиндустрия саласындағы  отандық картиналар қоржынын толықтыруда. Дәл осы маңызды датаға орай ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығында Абайдың 175 жылдық мерейтойына байланысты орайластырылған кинофильмдер байқауы жарияланған болатын. Абай қара сөздерін көркем туындыға айналдыруды мақсат тұтқан көптеген жоба авторлары өз ойларын ортаға салып, ұлы тұлғаның дана сөздері негізінде картина түсіруге ниеттенді. Авторлар екі нұсқа бойынша ұсыныстарын білдірген болатын. Біріншісі - қазақтың ұлы ақыны және ойшылы Абай Құнанбаевтың өмірі мен шығармашылығына арналған толық метражды картина. Ал екіншісі – «Абай» деректі фильмі секциясы аясында ұсынылды. Абайдың шығармашылығы мен өмірге деген ұстанымдары, оның қазыналы сөздері мен рухани тұжырымдамалары, шығармашылығы мен өнері көптеген әдеби, бейнелеу өнері, сәулет, музыка мен театрлық шығармаларына бастау болғаны сөзссіз. Абай жайында әдеби шығармалар жазылды, үлкен сахналарда опера мен қойылымдар қойылды, көркем туындылар мен кинофильмдер түсірілді.  

kino-teatr.ru

Өткен ғасырдың қырықыншы жылдары қазақ халқы үшін ауыр кезеңдердің бірі болғаны анық. Ұлы Отан соғысы кезіндегі тауқімет жылдары күнкөрістің  қиындап, ел жағдайының құлдыраған уақыты болатын. Алайда, осыған қарамай, Алматы көркем және хроникалы фильмдер Киностудиясы 1945 жылы «Абай әндері» фильмін түсірді. Дарынды киногерлер Ефим Арон мен Григорий Рошаль режиссерлігімен түсірілген картинада тек таланттардан құралған жұлдызды құрам: Шәкен Айманов, Қапан Бадыров, Шара Жандарбекова, Серке Қожамқұлов, Елубай Өмірзақов, Камал Қармысов және Қалибек Қуанышпаевтер өнер көрсетті. Бұл өз кезегінде картинаның үлкен жетістіктерге жетуіне үлкен ықпалын тигізген еді. Көп көрерменнің жадында Абай кейпі дәл осы актерлік құрам - елдің көрнекті мәдениет қайраткерлері сомдаған рөлімен, салған даусыменен, ереше харизмасымен мәңгі есте қалары сөзсіз. Картина 1946 жылдың қаңтар айында Мәскеу төрінде өткен осы классикалық фильмнің премьерасы кезінде көрерменнің ыстық ықыласы мен үлкен қошеметіне бөленді.

kazakh-tv.kz

Ақын-ойшылының шығармашылық бейнесі хронологиялық ретпен Темірлан Арганчеев пен Сергей Әзімовтың деректі фильмдері көпшілік назарына ұсынылды.

1983 жылы Темірлан Арганчеевтің режиссерлігімен «Абай. Жизнь и творчество» фильмі түсірілген болатын. Бұл мектептер үшін оқу материалы ретінде қолданылды. Ұзақтығы шамамен 20 минут, ақ-қара түсті формат ретінде түсірілген фильм Абай Құнанбаев дәуірінің қыр-сыры мен өмірінің нақты фактілеріне негізделе отырып жүзеге асқан. Құрмет тек қана фильм режиссеріне ғана емес, сондай-ақ, картинаның сценарий авторы Бақытжан Қанапияновтың дарындылығына да көрсетілу керек. Себебі, сценарист ең алдымен, идеологиялық күшке көп берілмей, Абайды ең алдымен ақын және ойшыл ретінде көрсете білді.

Араға он бес жыл салып Сергей Әзімовтың «Я называю Абая отцом» деп аталған кинолентасы жарық көрді. Киногер өз кезегінде Абай өмірі мен шығармашылығын өзінше бейнелеп, кино арқылы  жеткізгісі келгендей. Картина өзіндік жанрымен, фильмде орын алатын сахналардың кәсіби түрде қойылғандығымен ерекшеленеді. Мәселен, ғұлама, ойшылдың немересі Мәкен апаның айтқан әсерлі сөздері мен сомдалған сахнасы көптің жүрегін елжіреткені сөзсіз. Талантты екі режиссердің де Абай туралы шығармалары кәсіби сыншылардың да, көрерменнің де жоғары бағасына ие болды. Қазіргі таңда Абай хикаясы көптеп суреттелуде. Бірақ оның бейнесін ертеректе қалыптастырып қойған бұрынғының режиссерлері қашанда мәнді сценариімен, мазмұнды ойымен қашанда есте қалары анық. Нағыз Абайдың бейнесін көрем десеңіз, осы бір шығармаларға назар салып қойғаныңыз абзал.

Поделиться
Для корректного отображения страницы пожалуйста отключите блокировщик рекламы