Размер шрифта:

Цветовая схема:

20 желтоқсан, 2021415

Отандық кино: 2021 жылы қандай картиналар жарыққа шықты?

Осы жыл қазақ киноиндустриясы үшін жаңа таланттарды ашу жылы болды. Отандық веб-сериалдардың қатары көбейіп, тарихи тұлғалар бейнесі экранизацияланды. Сондай-ақ, ел сүйсініп көретін комедия жанрлардағы фильмдердің жалғасы түсірілді. Ал біздің редакция 2021 жылы шыққан ең сәтті, есте қалған фильмдер мен сериалдардың тізімін құрастырды. 

Алдымен еліміздің ең танымал режиссері Ақан Сатаев кезекті шедеврын халық назарына ұсынды. «Боксшы» фильмінде Серік Сәпиевтің олимп шыңын бағындыру жолындағы қажырлы еңбегін, бастан өткерген қиындықтарын көрсеткен. 1 желтоқсаннан бастап еліміздің барлық кинотеатрларында көрсетіліп жатыр. 

Ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтің 150 жылдық мерейтойына орай Болат Қалымбетовтың «Мұқағали» көркем фильмі жарыққа шықты. Оған қоса, Жандос Еспенбетовтың «Қарасаз көшелері» атты ақынға арналған туындысы мерейтойға сый ретінде ұсынылған.

Бұл жылы Ирина Кайратовна тобы жанкүйерлерін бейнебаяндарымен қоса, фильмдерімен де қуантты. Өйткені, топ Youtube әлеуметтік желісінде «Шоқан», «Закладка» және Тәуелсіздік қарсаңында «Отыздан асып барамын» фильмдерін ұсынды. Жоба жетекшісі әрі режиссері – Қуаныш Бейсекев. Режиссердің толықметражды дебюттік туындысы 1 тәулік ішінде 1,5 млн қаралымға жеткен.

Алишер Утев көрермендерді таңқалдыруда. Оның «5:32» веб-сериалы әлеуметтік желіде миллиондаған қаралым жинап, аз уақыттың ішінде  халықтың асыға күтетін хикаялардың біріне айналған. Сонымен қатар, Құралай Анарбекованың продюсерлік етуімен режиссердің «ТойХана» комедиясы шықты. Естеріңізге салсақ, Алишер Утев «Сержан братан» веб-сериалына, «Ва-Банк», «Брат или Брак-1,2» фильмдеріне жетекшілік еткен.

Отандық киноиндустрияда боевик жанрындағы Фархат Серкебаевтың «Аға» дебюттік туындысы шықты. Оған қоса, басты рөлді сомдаған актер Мұрат Бисенбин Берік Ошақбаевтың осы жылы жарыққа шыққан «Тендер» кинокартинасында басты рөлді ойнады.  

2021 жыл комедиялық туындыларға әдеттегідей толы болды. «Портье. Мальчик на побегушках» (реж. Олжас Ибраев),  «Достучаться до мужчин» (реж. Самал Смағұл), «Маша и Дударай» (реж. Данияр Күмісбаев), «Моя большая казахская семья», «Без крыши» (реж. Ален Ниязбеков) және т.б. фильмдерімен толықты. Ал көптен күткен «Бизнес по казахски в Турции» кинокомедияның премьерасы желтоқсан айының соңғы күндеріне жоспарланған. Айта кетсек, көрерменнің көңілінен шыққан санаулы комедиялық картиналарының қатарына «Бизнес по казахски», «Бизнес по казахски в Америке», «Бизнес по казахски в Африке», «Бизнес по казахски в Корее» сынды фильмдер кіреді. Продюсері – Нұрлан Қоянбаев.

Ағымдағы жылда сериалдардың саны едәуір артып, сапалы жұмыстар атқарылған. Әлеуметтік мәселелер көтеріліп, әзіл-сықақпен астарлы ақиқатты жеткізе білген кинокартиналар көп. Атап айтсақ, «Sheker-2» веб-сериалы көптің сұрауымен екінші маусымы түсіріліп, 3 маусымға созылды. Веб-картинада  қазіргі заман жастарының бейнесін ашық көрсетіліп, есірткі адамның түбіне жететінін анық жеткізген. Режиссері – Айтөре Жолдасқали. Ал, «Sake-2» хикаясында жадқа жатталған әкімнің образы толық бейнеленген. Режиссері – Олжас Нұрбай. Еске салсақ, сериал әлеуметтік желіде 20 млн қаралым жинаған. Бұл қазақ тілді аудитория үшін үздік көрсеткіш. Сол себепті картинаның хронометражы 20 минуттан 40 минутқа созылған. Халық сұрауымен сериалдың 2-ші маусымы шығып, киносүйер қауымды қуантты. Salemsocial медиа компаниясы осы жылы «Мыстан», «Omir», «Салем, мен Нұрлан Қоянбаев», «Эскорт», «Алғашқы махаббат», «Қарапайым Қайрат», «Зомбеты», «Сержан братан», «5:32» және т.б. өнімдерін шығарды.  

Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында Ақпараттық және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен Қазақстан ұлттық арнасы «Жәңгір хан. Сарай сыры», «Ахмет. Ұлт ұстазы», «Домалақ ана», «Тәшенев. Тайталас», «Қаныш. Қазына», «Мұқағали. Бұл ғасырдан емеспін» тарихи телехикаяларын ұсынды. Ал Хабар арнасында «Келінжан» телехикаясының 3-ші маусымы жарыққа шықты. Телехикая Қылышбек пен Айсараның отбасындағы өзгерістен басталады. Сонымен қатар, Хабар арнасында көпшіліктің көзайымына айналған «Рауза» телехикаясының 2-ші маусымы түсіріліп, қазіргі таңда көрсетіліп жатыр.

Қорытындылай келе, бұл жыл шығармашылық еркіндіктің дамығаны сезіледі. Сондай-ақ қазақ тілді аудитория үшін сапалы әрі қызықты контенттің салыстырмалы түрде саны артқан. Ал, отандық киноөнімдердің бағындырар белестері алда деген үміттеміз.  

Автор:  Ализа Абай

Фото:  Интернет желісінен алынған

Поделиться
Для корректного отображения страницы пожалуйста отключите блокировщик рекламы