Размер шрифта:

Цветовая схема:

28 мамыр, 2020118

Отандық киноиндустрияның онжылдығы

Соңғы онжылдықта отандық киноиндустрия қандай өзгерістерге тап болды? 2010-2020 жылдар аралығында орын алған қазақстандық фильмдердің эволюциясы қандай нәтижелер әкелді? Бірге көз жүгіртіп өтелік.  

2010 жыл

2000 жылдың алғашқы онжылдығы қазақстандық кинематографияның  жаңа белес алған және ерекше дамыған кезеңі бола алды. Дәл осы жылы түсірілген картиналарда өзгеше кейіпкерлер мен жаңа оқиғалар негізге алына отырып түсірілген болатын. 2010 жылы отандық кино әлемі «Нежданная любовь», «Возвращение в А», «Ирония любви», «Земля обетованная», «Кто вы, господин Ка?», «Рывок», «Сказ о розовом зайце», «Ғашық жүрек» және «Трубадур» сияқты  картиналармен толықты. 2010 жыл кинематографистер үшін олжалы жылдардың бірі болғаны рас. Оған қазақстандық режиссер Ермек Тұрсынов түсірген «Келін» кинотуындысының «Оскар» номинациясындағы шорт-листіне енгендігі дәлел бола алады. «Келін» кинофильмі әлемдік ең үздік тоғыз картинаның тізімдер қатарынан көрінген болатын. Бұл елдегі кино саласы үшін үлкен мәртебе болды. Дәл осы жылдан бастап өзіміздің телехикаяларымыз түсіріліп, отандық телеарналардан көрсетіле бастады. Бір ғана емес, бірнеше телесериалдар көптің назарына ұсынылып үлгерілді. Олардың қатарында «Астана- махаббатым менің», «Жаным», «Асель, друзья и подруги»  сериалдары бар. Олар қазіргі таңға дейін көптің сүйікті телехикаяларының бірі болып қалды. Сонымен қоса, патриоттық «Жас ұлан» телесериалының түсірілімдері де осы жылы біткен еді. Ал кинокритиктер мен көрерменнің жоғары бағасына айналып, «Жылдың үздік фильмі» атағын алған «Сказ о розовом зайце» картинасы. Сценарий авторы Фархат Шариповтың режиссерлігімен түсірілген фильмнің кассалық бюджеті қомақты қаражат жинай алды.
Сюжет желісі бойынша алматылық оқу орындарының бірінде 3 курста оқитын Ерлан есімді жігіт үлкен шаһарға көп табысқа кенеліп,  өз мақсаттарына жету үшін келеді. Алматыдағы элиталық орта қатарына қосылуды қалайтын Ерланға бұл біраз қиындық туғызады. Ол өзінің өмірлік принциптері мен ережелеріне, өзіндік көз-қарастары мен ұстанымдарына адал болуға тырысқанымен, біршама нәрседен бас тартып, көп дүниені құрбан етуге тура келеді. Локо деген лақап атымен танымал жолдасы оған ұтымды бір ұсыныс жасайды. Бұл ұсынысты орындау барысында Ерлан көптеген қызық жағдайларға тап болады.
2010 жылы Швейцария мемлекетінің Локарно қаласында ұйымдастырылған «Ашық есіктер» жобасы Орта Азиялық кинофильмдерге назарын салды. Қазақстан атынан Әмір Байғазин, Нариман Төребаев және Әділхан Ержановтар іріктеліп алынды. Дәл осы уақытта кино әлеміне жаңа есімдер келіп, Қазақстанның болашақ кинематографиясының даму тағдыры мен алдағы 10 жылдықтың нәтижесі дәл осы жастарға байланысты болатындығы айдан анық еді.
Қазақ кинематографиясының негізін қалаушылар - Ш. Айманов, С. Ходжиков, А. Қарсақбаев деп санайтын болсақ, 2010 жылдың жаңа буыны алтыншы ұрпақ болып саналады. Ол кездегі үздік фильмдерді түсіріп, отандық кино әлеміне ерекше әрі жаңа леп әкелген киногер Фархат Шарипов 2010 жылдың жаңа буыны бола алды. 

2011 жыл

2011 жылы Қазақстанда жиырма екіге жуық толық метражды кинофильмдер түсірілді. Оның жартыдан астам бөлігі «Қазақфильм» киностудиясында түсірілген. Қалғаны жеке коммерциялық студияларға тиесілі. Кинокритиктердің ойынша, 2011 жылы үздіктер қатарынан көрінген картиналар ішінде Қазақстан және Жапония мемлекеттері түсірген «Перед грозой» фильмі бар. Режиссерлері Ерлан Нұрымбетов пен Сано Синдзю. Оқиға желісі бойынша, Дергель есімді бақсы әйел 10 жылдан астам уақыт бойы паналап келген жанұя құрамдарын жинап, өзінің ертеңгі күні көз жұматынын хабарлайды. Аталған картина «Еуразия» кинофестивалінің Гран-приі жүлдесімен марапатталған болатын.
Jado – production ұсынған Гульсина Мирғалиеваның режиссерлігімен түсірілген «Кәусар» туындысы да көрермен көзайымына айналып үлгерген еді. Сценарий бойынша, қалалық перзентаханадағы жүкті әйелдер Маңғыстау өлкесінің үскірік ауа-райына төзуіне тура келеді. Картина Оңтүстік Корея елінің Пусан қаласында көрермен назарына ұсынылған болатын. 2011 жылды қазақстандық фильмдер арасындағы өңірлік деңгейде түсірілген картиналардың халықаралық аренаға шыға бастаған кезеңі деп айтуға әбден болады.
Әділхан Ержан, Ғазиз Насыров, Нариман Төребаев сынды режиссерлер түсірген «Қазақфильм» киностудиясына тиесілі «Риэлтор», «Гәкку» және «Күн күндері» сияқты фильмдер де 2011 жылдың таңдаулы картиналарына айналды.
Елдегі коммерциялық киноның мол табысқа кенеліп, үлкен жетістіктерге жететінін дәлелдеген продюсер Баян Алагөзова болды. Ол продюсерлік еткен «Коктейль для звезды» немесе «Ғашық жүрек» деп аталатын картинасының 1 және 2 бөлімдерінің кассалық бюджеті рекордтық нәтижелерге жеткендігі дәлел бола алады.
2011 жылы «Шучу», «Атажұрт», «Супербаха», «Менің күнәлі періштем», «Алдар көсенің хикаялары», «Аңшы бала», «Ғашықтар», «Аққыз», «Город А», «Ликвидатор», «Балалық шағымның аспаны» және «Много ли земли человеку нужно» сынды киножобалар түсіріліп, көрермен назарына ұсынылды. 

2012 жыл

Бұл жыл Қазақстан кинематографиясы үшін табысты кезең бола алды. Осы жылы түсірілген  таңдаулы әрі бір-бірінен ерекшеленетін картиналар көптеген байқаулар мен кинофестивальдерде айтулы марапаттарға ие болды. Олардың қатарында «Шал» кинокартинасы бар. Отандық дарынды режиссерлер қатарынан көрінген Ермек Тұрсыновтың бұл картинасын елдегі кино әлемінің жаңалығы деп атауға да әбден болады. Эрнест Хемингуэйдің «Шал және теңіз» повесінің желісі бойынша түсірілген фильмнің премьерасы 2012 жылдың 11 қазанында орын алды. Оқиға желісі бойынша, бас кейіпкер қойларды жайылымға айдап жатқанда өз жолынан адасып кетеді. Ақсақал қайтар жолды таппай, бірнеше рет бір топ қасқырлар табына тап болады. Ал оның немересі көршілермен бірге атасын іздеуге кіріседі. Іздеу жұмыстарына құтқару қызметкерлері де атсалысады. Келесі жылдың қыркүйек айында Қазақстан атынан «Шал» фильмі  «Шет тіліндегі үздік фильм» номинациясы бойынша «Оскар» сыйлығына үміткер ретінде ұсынылады.
Елдегі киносаланың тағы бір жауһарына айналған туынды деп «Жаужүрек мың бала» картинасын айтуға болады. «Қазақфильмнің» ауқымды қаражаты жұмсалған фильмнің үлкен жоба болғаны кім-кімге де аян болса керек. Талантты киногер Ақан Сатаевтың режиссерлігімен түсірілген картина  Қазақ-жоңғар соғысы кезіндегі тарихы негізінде түсірілген. Оқиға желісі XVIII ғасырдың бірінші жартысында орын алады. Жоңғарлармен қанды соғыста қазақ халқының бірлігі мен батырлығы бостандық алу жолында шешуші күшке айналғандығы суреттеледі. Қанды майданға ержүрек Сартай есімді жас жігіт бастаған мың бала қатысады. Фильмдегі шешуші соғыс  «Аңықарай шайқасы» болады. Аталған картина үшін 12 миллион АҚШ доллар көлеміндегі қаражат жұмсалған. Бірақ прокаттан жиналған қаржы бар-жоғы 7 млн долларды құраған. Бірақ мұны елдегі халық санының аз болуымен байланыстырады. Дегенмен, картина халықаралық аренада бой көрсетіп, біршама кинофестивальдерге қатысып үлгерген. Фильм Қазақстан атынан «Оскар» жүлдесіне үміткер ретінде бақ сынаған. Сценарий авторы ретінде Тимур Жақсылықов, Жайық Сыздықов және Мухамед Мамырбаев жұмыс істеген. Басты рөлдерді Асылхан Төлепов, Берік Айтжанов, Алия Телебарисова, Аян Өтепбергенов, Құралай Анарбекова және Дәурен Серғазиндер сомдаған.
Дәл осы жылы кино түсірудің тағы бір жаңа қыры белгілі болды. Техникалық жаңалық жасаған режиссер Ахат Ибраев балаларға арналған туындысын анимациялық графиканың негізінде жүзеге асырды. Фэнтези жанрында түсірілген картина «Книга легенд: таинственный лес» деп аталады. Аққу, өзге ғаламшарлықтар мен аюлар және тағыда басқа да кейіпкерлер арнайы компьютерлік графикамен жасалған.
Ф. М. Достоевскийдің «Қылмыс пен Жаза» романы бойынша қойылған Дарежан Өмірбаевтың түсірген «Студент» фильмі 2012 жылдың халықаралық кинофестивалдерде сұранысқа көп ие болған қазақстандық картина атанды. Туынды Канн кинофестивалінің ресми бағдарламасында бой көрсетіп, кейіннен Торонто, Пусан, Токио және т. б. қалаларда назарға ілігіп, әлем бойынша трумфаторлық шеруді бастаған еді.

2013 жыл

Бұл жылы қазақстандық прокатқа 14 толықметражды картина көрерменге жол тартса, оның тек жетеуі ғана әлемдік байқауларға қатысты. Жылдың басты сәтті картинасы ретінде Берлинде «Күміс аю» марапатына ие болған Эмир Байғазиннің «Уроки гармонии» кинофильмі болды. Туынды кейіннен жарты жүзге жуық кинобайқауларға қатысып, біршамасында басты жүлдені жеңіп алды. Картинаға деген айтулы жаһандық қызығушылық фильм сюжетінің қызықты болуына байланысты болды. Оқиға желісі мектеп қабырғасындағы оқушылардан басталады. Қазіргі әлеумет пен оның проблемалары толық көрсетіледі. Фильмнің 29 жастағы режиссері Эмир жаңа заманның ұрпағы, оның көз-қарасы жаңа ұрпақтың ойымен сай келетіні анық. Сол себептен режиссер түсірген картина отандық кино әлеміне жаңа леп әкеле алды.
Ерекше танымалдылыққа кенелген тағы бір картина Әділхан Ержановтың «Стриотели» кинотуындысы болды. Бұл жоба да әлемдік аренаға шығып, таңдаулы картиналар қатарынан көрінген еді. Атап айтсақ Шотландия, көрші Ресей, Оңтүстік Корея, Италия, Германия және Филлипин сияқты елдерінде ұйымдастырылған кинофестивалдерге қатысқан.
2013 жылы жарыққа шыққан таңдамалы картиналар деп «Бауыр», «Нағима», «Книга», «Уроки гармонии» сынды кинофильмдерді айтуға болады. Бұл жыл коммерциялық фильмдер үшін өте табысты болғанын байқалады. Kino.kz сайтының мәліметтері бойынша түсірілген отандық 353 фильмнің ішінен 14 картина ғана прокатқа шығып үлгерген. Бұл біздің кинодағы үлесіміз 3,9% дегенді білдіреді.
Романтикалық оқиғаны баяндайтын «Он и она» мелодрамасы да 2013 жылы түсірілген керемет туындалардың біріне жатады. Сәкен Жолдас режиссерлігімен жарыққа шыққан фильмдегі махаббат хикаясы әдемі баяндалған. Басты рөлдегі ғашықтар рөлін Жандос Айбасов пен Динара Бақтыбаева сомдайды. Динара үшін бұл жұмыс дебюттік рөл болды. Жалпы фильмге 300 мың АҚШ доллары шамасында қаражат жұмсалған.

2014 жыл

Бұл жылы қазақстандық кинематография 26- ға жуық толықметрлі туындылармен толықты. Осы жолы коммерциялық киноның үлесі басым. Дәлірек айтсақ, елдегі жеке студияларға 18 фильм тиесілі болса, «Қазақфильм» 7 картина түсірген. Бұл нәтиже отандық кинотуындылардың 70% -ы коммерциялық жобалар екенін көрсетеді. Дәл осы кезеңде киногерлер жеке студиялық жобаларды көбейтіп, одан табыс көзін жасау мүмкін екендігіне көз жеткізе бастады. 2014 жылы комедия жанры өркендеп, дәл осы бағытта көптеген картиналар түсірілді. Солардың үздігі деп Нұртас Адамбайдың «Келинка Сабина» комедиясын айтуға болады.
Әділхан Ержановтың режиссерлігімен түсірілген «Үкілі Кәмшат» картинасы жылдың таңдаулы фильмі атанды. Фильм желісі баспанасынан айырылған бауырлар мен олардың қарындасы тағдырын суреттейді. Аталған картина Оңтүстік Корея елінің Пусан қаласын мен Канада елінің Торонто шаһарындағы көрермен назарына ұсынылып, «Азиялық Оскар» номинациясының ең үздік бес фильм қатарына енген болатын.
«Голос степей» фильмі де дәл осы жылы үлкен экрандарда көрсетілген еді. Режиссер Ермек Шинарбаев еңбек еткен картина халықаралық дәрежеде түсірілген болатын. Себебі, басты рөлдердің бірінде танымал голивудтық актер Жерар Депардье сомдаған еді. Онымен бірге қазақстандық актер Берік Айтжанов та басты кейіпкерлердің бірін сомдады. Фильмнің сюжеті көптің көңілінен шығып, аса жоғары бағаға ие болған еді.

2015 жыл

Отандық кино нақты бірнеше бағытты қамти отырып түсіріле бастады. Олар мемлекеттік тапсырыстар, коммерциялық және жеке бағыт бойынша. Мемлекеттік бағыттар сәйкесінше көбіне тарихи және мемлекеттік бағдарламаларды қолдау және тарату бойынша түсірілетін кинофильмдер. Ал коммерциялық картиналар тек табыс табу мақсатында түсірілетіні аян. Кинофестивальдер мен халықаралық байқауларға қатысу мүддесімен жарыққа шығатын картиналарға жеке фильмдер жатады.
2015 жылы үлкен экранға шыққан мемлекеттік кинофильмдер үлесі аз болғанымен, байқаулар үшін түсірілген жобалар көрермен назарына көптеп ұсынылған еді. Бұл жылы бар-жоғы жиырмаға жуық картина түсірілген болатын. Оның бесеуі «Қазақфильм» киностудиясына тиесілі болса, төртеуі өңірлік студияларының еңбегі. «Регион 13», «Расплата», «Өмір-ай», «Ритм города» сынды картиналарға қарап Шымкент шаһарындағы кино саласының белгілі деңгейде дамығанын байқауға болады. Бұдан бөлек жеке студияларда Жасұлан Пошановтың «Шлагбаум», Данияр Саламаттың режиссерлігімен түсірілген «Первая жена Сагынтая», Ермек Тұрсыновтың «Жат» және «Кенже» атты бірден екі картинасы жарық көрді. Коммерциялық киножобаларға «Свадьба на троих», «Адель», «Побег из аула», «Рэкетир-2» сияқты фильмдерді жатқызуға болады.
Жылдың үздік фильмі ретінде Жасұлан Пошанов түсірген «Шлагбаум» картинасы таңдалып алынды. Мәскеулік кинобайқауда фильмнің басты кейіпкері Еркебұлан Дайыровтың сомдаған рөлі үздік атанып, арнайы номинациямен марапатталған еді. Фильмде бай мен кедей арасындағы шекара ашық түрде жеткізіледі.
Дәл осы 2015 жылы ең таңдамалы болған жыл киноларын анықтау үшін Қазақстан кинокритиктер Ассоциациясының негізі қаланып, «Сыншылар таңдауы» номинациясы табыстала бастаған еді. 

2016 жыл

2016 жыл киноиндустрия тағы бір жаңа сатыға қадам басқан кезең болды. Елде отандық фильмдерді сараптау мақсатында жаңа байқаулар мен киносайыстар ұйымдастырылып, үздік болған киногерлерге әртүрлі арнайы номинациялар табыстала басталды. Сондай-ақ, жас кинорежиссерлер өз туындыларын шетелдік ареналарға ұсынып, фестивальдерде ерекше белсенділік танытты. Бұл жылы киногерлер барлығы 26- ға жуық фильм түсірді. Оның 13-і коммерциялық картиналар. Олар: «Гламур для дур», «Тоқал», «Келинка Сабина 2», «Три лимона», «Замуж в 30», «Районы» және «Тараз» фильмдері еді. Дәл осы жылы Елбасы Н.Ә.Назарбаев туралы түсірілген «Жұлдыздар тоғысқанда» фильмінің түсірілімдері аяқталып, үлкен экранға жол тартқан болатын.
Қыркүйек айында кино сүйер қауымның жүрегінен ерекше орын алған дарынды режиссер Ақан Сатаевтың «Анаға апарар жол» картинасы үлкен қошеметке кенелген еді. Расымен де, киножоба қазақ тарихында орын алған маңызды оқиғаларды қамти отырып, ұлттық мүддені ерекше көрсете алған драмалық көркем туынды бола алды. 1930 жылдары халық басынан өткерген қиын-қыстау кезеңдерді, дағдарыс пен ашаршылықты суреттейді. Ана мен баланың арасындағы өзгеше байланыс пен махаббаттың күшін көрсетеді. Түсірілімдер Қазақстаннан бөлек Белорусь жерінде және Әзірбайжан елдерінде жүргізілген. Тимур Жақсылықовтың сценарийі бойынша түсірілген картина 3 сағат бойы жалғасады. Ерекше мәні бар киножобаның басты кейіпкерлері ретінде Әділ Ахметов, Аружан Джазильбекова, Берік Айтжанов, Болат Әбділманов, Еркебұлан Дайыров пен Алтынай Нөгербек сынды талантты актер мен актрисалар таңдалып алынған. «Анаға апарар жол» картинасы премьерадан кейін Хорватия елінде өткен «Марко Поло» Халықаралық кинофествалінде басты жүлдені иеленіп, одан басқа тағы да «Үздік сценарий» номинациясын қанжығаға байлаған болатын.
2015 жылы құрылған Қазақстан кинокритиктер Ассоциациясы ұсынған «Үздік қысқаметражды фильм» номинациясына 120- ға жуық картина ұсынылды. Жылдың үздік фильмі ретінде Эмир Байғазиннің «Менің күнәлі періштем» кинотуындысы таңдалды. Фильм 1990 жылдары өмір сүрген төрт жігіттің тағдыры жайында болмақ. Төртеуі төрт түрлі жас жігіттердің өмір жолы ерекше жалғасын табады. 

2017 жыл

2017 жылы түсірілген картиналардың жылдық үлесі бірден 10 фильмге көбейді. Бұл жолы отандық 36 кинотуынды үлкен экрандардан көрсетілді. Он жетінші жыл коммерциялық фильмдердің мол табысқа кенелген ерекше кезеңі бола алды. Нұрлан Қоянбаевтың алғашқы жұмысы прокаттық кинолардың арасында алға шығып, бюджеттік қаржы жағынан ең табысты коммерциялық кино атанды. Оған мынадай нәтижелер негіз бола алады:  “Бизнес по-казахски” – 264 млн.теңге қаржымен алғашқы орынан көрінсе, Құралай Анарбекованың “Брат или брак” кинотуындысы – 189 млн. теңгемен екінші қатарға жайғасты. Ал үздік үштікті Әсел Сәдуақасова продюсерлік еткен “Келинка тоже человек” – 131 млн.теңгемен қорытындылаған болатын. Ал “Қазақ хандығы. Алмас қылыш” тарихи кинофильмі – 81 млн.теңге жинап төртінші орынды қанағат тұтты.
Шетелдік кинобайқаулардан айтарлықтай нәтиже көрсетіп, бас жүлделерді қанжығаға байлаған Сәбит Құрманбеков түсірген “Оралман” фильмі болды. Тегерандық байқауда режиссерлік жұмыс үшін марапатталып, “Еуразия” кинофестивалінде бас жүлделі болды. Қазан қаласында “Ерлер арасындағы үздік рөл” атағын алса, Италия мемлекетінде бірден екі номинация бойынша таңдаулы картина атанды.
2017 жылы кино сүйер қауым біршама сапалы отандық фильмдерді тамашалай алды. Танымал әншілер де кино салаға қызығушылық танытып, отандық кинематография  үшін өз өнімдерін ұсына бастады. Оның қатарында эстрада жұлдызы танымал әнші Қайрат Нұртас та бар. Ол продюсерлік етіп, басты рөлінде бой көрсеткен “Арман. Когда ангелы спят” кинофильмі көрермендер үшін айтарлықтай жаңалық болғаны рас. Туындыға Рашид Сүлейменов режиссерлік еткен болатын.
Жылдың үздік фильмі –  Сабит Құрманбеков режиссерлік еткен “Оралман” кинотуындысы болды. Оқиға желісі қазақ отбасының өз еліне қайта оралуы жайында баяндайды. Бұл фильм шетелдік байқауларда ең көп марапат алған картина болды. 

2018 жыл

Қазақ киносы үшін табысты жылдардың бірі болғаны анық. 2018 жылы үлкен экрандардан халық біршама үздік картиналарды тамашалап, сапалы киноны көре алды. Бұл кино саласының тағы бір жоғары деңгейге қадам басқанын көрсетеді. Олай деудің өзіндік себептері де жоқ емес. Осы жылы режиссерлер көптеген таңдаулы картиналарды түсіріп, өзіндік имидждерін қалыптастыра алды. Оған дәлел бола алатын бірнеше картиналарға тоқтала кетсек. 
“Айка” деп аталатын драмалық фильм тек отандық көрерменді емес, сондай-ақ әлемдік кино сүйер қауымның көңілінен шыққан таңдаулы туынды болды. Халықаралық атауы “Мой маленький” ағылш.тілінде “My Little One”. Режиссер Сергей Дворцев жұмыс істеген картина Канн халықаралық кинофестивалінің 71-ші негізгі конкурстық бағдарламасына қатысты. Filmex Токиолық кинофестивалінде “Айка” бас жүлдені жеңіп алды. Басты рөлінде сомдаған отандық дарынды актрисамыз Самал Еслямоваға сомдаған рөлі үшін “Азиялық Оскар” жүлдесі табысталды. Сондай-ақ, картина “Оскар” премиясының “Шет тіліндегі үздік фильм” номинациясы бойынша шорт-лист тізіміне енген болатын. 
“Тренинг личностного роста” туындысы Қазақстан кино саласындағы тағы бір ерекше кинокартина екені мәлім. Фархат Шарипов сценарий авторы болып қана қоймай, бұл жобаға өзі режиссерлік еткен болатын. Кинокритиктердің ойынша, картинаны таңдаулы кинофильмдер қатарына қосуға әбден болады. Тек көрермен емес, еліміздегі үздік басқа да режиссерлер фильмнің шын мәнінде сапалы кинокартина екенін мойындайды. ММКФ-да жеңіп шыққан "Кирпичи" романының желісі бойынша түсірілген киножоба саналады.
Жылдың үздік фильмдері ретінде - Әділхан Ержанов түсірген “Ласковое безразличие мира” картинасы мен Эмир Байғазиннің  “Река”  кинофильмдері таңдалып алынды. Аталған жобалардың бірі Канн кинофестивалінің “Ерекше көз-қарас” бағдарламасында көрсетілсе, екінші туынды Венецияда ұйымдастырылған байқаудан режиссура үшін арнайы жүлдені қанжығаға байлаған болатын. 
2018 жылдың қорытындысы бойынша елде барлығы 47 кинофильм түсірілген. Отандық коммерциялық картиналардың көшін бастаған киногерлер қатарында Нұрлан Қоянбаев, Нұртас Адамбаев, Құралай Анарбекова мен Асқар Узабаевтар бар. 

2019 жыл

2019 жылы Қазақстанда барлығы 44 толықметражды картина түсіріліп, оның 37-сі үлкен экранға жол тартқан еді. Коммерциялық фильмдердің ішіндегі үздіктері: Нуртас Адамбаевтың түсірген “Аким” кинофильмі, Нұрлан Қоянбаев продюсерлік еткен “Бизнес по-казахски в Африке, Ақан Сатаевтың “Томирис” туындысы, Руслан Акун түсірген “Каникулы off-line” мен Адамбаевтың тағы бір екінші туындысы “Құдалар” атты картинасы бар.
Жыл жаңалығы аталған “Мариям” фестивальдік кинотуындысы Toronto International Film Festival арнайы бағдарламасына енген болатын. Бұл Шарипа Оразбаеваның түсірген туындысы үшін үлкен жетістік екені анық. Толықметражды фильмнің әлемдік премьерасы Locarno Film Festival-де көрсетілген еді. 
Осы жылы кино әлемі үшін жақсы жаңалық ретінде "Кино туралы заңның" қабылдануын атауға болады. Сонымен қоса, ұлттық киноны қолдаудың мемлекеттік орталығының негізі қаланды. Қыркүйек айында жобалардың алғашқы Ашық питчингі өтіп, нәтижесінде 18 фильм қолдауға ие болған еді.
Қазақстандық режиссер Әділхан Ержанов Asian Pacific Screen Award премиясында "Азияның үздік режиссері" атағына ие болды. Осылайша 2019 жыл қазақстандық кино үшін табысты жыл бола алды. 

2020 жыл

Бұл жыл отандық киногерлер үшін ерекше есте қалар кезең болары анық. Себебі, әлемде орын алған жағдай барша салаға өз әсерін тигізбей қойған жоқ. Жер шарын қамтыған COVID – 19 пандемиясы кино өнеріне де айтарлықтай өзгерістер әкелгені рас. Вирустың алдын алу мақсатымен алғашқы шаралар ретінде ең алдымен кинотеатрлар есігі жабылып, жоспарланған кинопремьералар белігісіз мерзімге шегертілген болатын. Жүріп жатқан кино түсірілімдер кенеттен тоқтатылып, біршама киногерлер сүйікті жұмысымен  айналысуға мүмкіндіктері болмады. Жыл сайын ұйымдастырылатын “Сыншылар таңдауы” номинациясы 30 сәуір күні онлайн режимде өтуіне мәжбүр болды. Осылайша, киноиндустрияға біраз өзгешеліктер енгізілген еді. Дегенмен, 2020 жылдың үздектері анықталып, олар өздеріне тиісті марапаттарға ие болды.
2020 жылдың “Ең үздің жанрлық фильмі” ретінде – Руслан Акун режиссерлік еткен “Каникулы off-line” картинасы таңдалса, “Үздік драмалық фильм” атағы – “Черный, черный человек” кинотуындысына табысталды. Бұл картинаның басты кейіпкерлері Данияр Алшынов “Ерлер арасындағы үздік рөл” номинациясы бойынша, ал Динара Бақтыбаева сәйкесінше “Қыздар арасындағы үздік рөл” жүлдесімен марапатталған болатын.
Алдағы уақытта “Где мое кольцо”, “Базар жоқ, Мексика”, “ТойХана” сияқты картиналар үлкен экранға көрермен назарына шығуға дайын тұр. Тек әлемдегі жағдай тұрақталып, қоғам қалыпты тұрмыс-тіршілігіне оралса болғаны, отандық киногерлер өз көрермендерін сапалы туындыларымен қуантуға дайын екендігін жасырмайды.
Отандық кино әлемінің онжылдық тарихы осындай жаңалықтарға толы болды. Алдағы уақытта да елдегі киноиндустриямыз тек өркендеп, сапалы картиналар мен жобалардың көбейетіндігіне сенім білдіреміз! 

Автор:  Уйсунбай Жаннура

Фото:  интернеттен алынған

Поделиться
Для корректного отображения страницы пожалуйста отключите блокировщик рекламы