Размер шрифта:

Цветовая схема:

29 мамыр, 2020290

Отандық кинооператорлар кімдер?

Әрқашан кадр сыртында еңбек етіп, ұтымды ракурс іздеп жүретін телеоператорлар жөнінде не білесіз? Камераның тілін түсінуден бөлек, оны дұрыс кәдеңе жарата білу, әдемі картина мен кадрды таба алудың өзі үлкен өнер.

Қазақстанда операторлық сала кеңес кинематографиясының алтын дәуірі кезінде жиырмасыншы ғасырдың 30-шы жылдарында пайда болды. Содан бері көптеген үздік картиналар түсіріліп, елдегі операторлық мамандық өзіндік сипатқа ие бола бастады. Қазіргі таңда үлкен экрандарда көрсетілетін кинотуындылардың табысты болуы тікелей операторлық жұмысқа байланысты екенін айтпаса да түсінікті екені рас. Біздің елдегі ерекше дарынды кинооператорлар туралы бірі білсе, бірі білмес. Сол себепті, оқырманға камераның ұстасы саналған операторлар туралы ақпарат бере кеткенді жөн санадық. Ендеше, Қазақстандық табысты кинооператорлар туралы жинаған топтаманы назарыңызға ұсынамыз.

 

Файзолла Абслямов

Файзолла Абслямов – ең алғашқы қазақ кинооператорларының бірі. 1911 жылы 23 қараша күні Ақтөбе облысында дүниеге келген. Отандық Кинематографистер одағының мүшесі әрі еңбек сіңірген қайраткері. Ол жеті жылдық мектепті бітірген соң, Қызылордаға оқыға түсіп, әріқарай Ташкент шаһарында білімін жалғастырады. С. А. Герасимов атындағы Бүкілресейлік мемлекеттік кинематография институтына оқуға түскен дарынды болашақ студенттердің қатарынан көрінеді. Ұлы Отан соғысы кезінде үйіне қайта оралуына тура келеді. 1941 жылы Алматыдағы көркем фильмдері орталығында шығармашылық қызметін жалғастырады. «Антоша Рыбкин» мен «Песни Абая» көркем фильмдерінде оператор болып қызмет етті. Соғыстан кейін кинематография институтында тәлім алуды жалғастырып, оқу орнын 1948 жылы аяқтайды. Оператор Абслямов қазақстандық деректі фильмдер кинохроникасының дамуына зор үлесін тигізген болатын. «Кеңестік Қазақстан» деп аталатын киножурналы үшін арнайы 600 –ден астам жоба бойынша еңбек етіп, көптеген шығармалардың жарыққа шығуына өз септігін тигізді.

 

Вячеслав Белялов

Вячеслав Белялов – кеңестік және қазақстандық кинооператор. Алпысқа жуық картиналарға оператор болып, біршама деректі, ғылыми-танымдық жобалар бойынша еңбек етті. Ол 1936 жылы қаңтардың 22 күні Алматыда дүниеге келеді. Оператор көбіне қазақтың көркем жерлері мен табиғатының әсем көріністерін, сирек кездесетін жануарлар мен өсімдіктерін халыққа көрсету үшін жұмыс істеген. Кино әлеміне ол мектеп қабырғасынан бастап қызыға бастайды. Белялов шығармашылық еңбек жолын отандық кинематографиямыздың қара шаңырағына айналған  «Қазақфильмнен» бастаған еді. Оператордың ассистенті қызметінен бастаған ол болашағынан үлкен үміт күттіретін талантты киногер атанатыны сол кезден- ақ белгілі болады. 1960 жылы Бүкілресейлік мемлекеттік кинематография институтына түсіп, оны 1966 жылы аяқтайды. Студент шағында «Қазақтелефильм» студиясында тәжірибе жинап, біраз уақыт өткеннен кейін «Қазақфильмге» режиссер-оператор қызметіне шақыртылады. Белялов карьерасындағы айтулы жаңалық ретінде BBC үшін түсірілген «Царство русского медведя» кинофильмін айтуға болады. Бұл жоба ол үшін ең сәтті шыққан әрі оған мол табыс әкелген картина болғаны сөзсіз.  Ол операторлық еткен жобалар мыналар еді: «Люди и горы», «Художесвенная самодеятельность Казахстана», «Джунгарский тритон», «Встречи дружбы», «Каспия зимний мотив», «На земле Байконура», «Мой дом – пустыня», «Тенгизская пастроль» және тағы басқалары.

Оператор Вячеслав Беляловтың жеткен жетістіктері де аз емес. «Ақсу-Жабағылы» фильмін түсіргені үшін қола медалімен марапатталады. Бакуде өткен Бүкілодақтық кинофильмдер фестивалінің VIII сыйлығы табысталып, Воронежде ұйымдастырылған табиғат туралы Бүкілодақтық фильмдер фестивалінде I дәрежелі сыйлығына ие болды.

 

Асхат Ашрапов

Қазақ кинематографиясында ерекше із қалдырған Асхат Ашрапов 1931 жылы 15 сәуірде дүниеге келген. Сол кездегі басқа да дарынды киногерлер сияқты Ашрапов С. А. Герасимов атындағы Бүкілресейлік мемлекеттік кинематография институтында білім алып, 1955 жылдан бастап «Қазақфильм» киностудиясында қоюшы-оператор қызметінде жұмыс істейді. 17 көркем фильмдер мен 15 деректі картиналарды түсірген. Олардың қатарында: «Мать и сын», «За нами Москва», «Конец Атамана», «Там,где горы белые», «Встречи на Медео» сияқты киножобалары бар. Асхат Ашрапов операторлық еткен «Қыз-Жібек», «Қан мен тер», «Конец Атамана», «Түрксіб» және «Гауһар тас» сынды қазақ кино әлемінің таңдаулы фильмдері бар. Еңбек Қызыл Ту Орденімен марапатталған Қазақ КСР еңбек сіңірген өнер қайраткері.

 

Александр Рубанов

Еліміздегі тағы бір талантты операторлар қатарына енетін дарынды қоюшы-оператор Александр Рубанов. 1993 жылы  С. А. Герасимов атындағы Бүкілресейлік мемлекеттік кинематография институтында (ВГИК) тездетілген курстарды бітіріп, «Қазақфильм» киностудиясында киногерлік карьерасын бастаған. «Сон во сне» фильмінде, «Прощай, Гульсара!», «Кто вы, господин Ка?», «Бауыр», «Мальчик с пальчик» және «Балалық шағымның аспаны» кинофильмдерінде еңбек еткен кинооператор. Соңғы түсірген жобасы ретінде «Бала ғашық» картинасын айтуға болады.

 

Еркінбек Птыралиев

kinopoisk.ru

Отандық киноиндустриямызды шетелдік ареналарда танытып келе жатқан тағы бір дарынды  оператор - Еркінбек Птыралиев. Еркінбек өңірлік жобалардан бөлек, әлемдік киностудиялар мен режиссерлердің де сүйікті операторы. Ол өзінің алғашқы лентасын небәрі 23-24 жасында түсірген. Картина Канн кинофестиваліндегі кинокритиктердің жоғары бағасына ие болған еді.  Еркінбек талантты қоюшы-оператор ғана емес, сонымен қатар Қазақ Ұлттық өнер академиясында болашақ кино саласының мамандары үшін білім береді. Ол түсірген алғашқы фильмдердің бірі 2014 жылы көрермен назарына ұсынылған «Үкілі Камшат» картинасы болды. Келесі жылы «Таңдау» фильміне операторлық етсе, 2016 жылы «Однажды в детском доме» киножобасын түсірген болатын.

 

Искандер Нарымбетов

time.kz

Көптің көңілінен шығып жүрген айтулы картиналардың сәтті болуы кадрлардың сапасы мен ракурстардың ұтымды шығуына тіккелей байланысты. Бұл жағдайда бірден өз кәсібінің маманы Искандер Нарымбетов еске түседі. Оның түсірген барлық туындылар кинокритиктер мен фильм сүйер қауымның үздік бағасына иеленіп келе жатыр. Оператор Искандер Нарымбетов түсірген фильмдер қатарында: «Аманат», «Бауыржан Момышұлы», «Қара шаңырақ», «Ликвидатор», «Мұстафа Шоқай» және «Рэкитер» жобалары бар. Ол 1972 жылы қаңтар айының 18- ші жұлдызында Қаратау өңірінде туған. Әкесі елге белгілі отандық кинорежиссер Сатыбалды Нарымбетов. Искандер Нарымбетов операторлық еткен «Аманат» картинасы 2017 жылғы «Оскар» номинациясына ұсынылған болатын.

 

Хасанбек Қыдыралиев

Отандық дарынды әрі белгілі кинооператор – Хасанбек Қыдыралиев. 1960 жылы 17 маусымда дүниеге келген. Бүкілресейлік мемлекеттік кинематография жоғары оқу орынында, кинооператорлық факультетте білім алған. Түркі халқының тарихын баяндайтын ауқымы кең «Көшпенділер» жобасы бойынша жұмыс істеген. Үш жүзден астам роликтер, бейнебаяндар мен арнайы жобаларды түсіріп үлгерген. Ол Қазақстаннан бөлек, Қырғызстан, Өзбекстан, Азербайджан сынды елдерде киножобаларды түсіреді. Оператор «Аномалия», «Бешкемпир», «Выстрел в степи», «Маймыл», «Гибель во имя рождения», «Охотник», «Рэкетир», «Ағайындылар», «Оралу», «Нежданная любовь», «Ликвидатор», «Степной экспресс» және тағы да басқа картиналарды түсіріп үлгерген.

Қырғызстан Респебликасының Халық әртісі, Жастар Одағы сыйлығының лауреаты. «Бешкемпір» фильмі үшін арнайы марапат тағайындалған болатын. Ақан Сатаев пен Ермек Тұрсынов сияқты отандық үздік режиссерлермен жұмыс істейтін дарынды оператор «Тұлпар» премиясында   «Анаға апарар жол» картинасындағы еңбегі үшін «Үздік операторлық жұмыс» номинациясын жеңіп алды.

 

Азамат Дулатов

inbusiness.kz

Қазақ кинематографиясындағы жас дарындардың ішінен Азамат Дулатовты айтуға болады. Жас оператор 1987 жылы 14 наурыз күні Алматы шаһарында дүниге келген. Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясында «кинооператор» мамандығы бойынша 2008 жылы тәмәмдайды. Елге белгілі режиссерлер Азаматпен серіктес болғысы келетіндігін жасырмайды. Дулатов «Қазақфильм» мен 567 Creative Laboratory шығармашылық киностудиясында жұмыс істеп, тәжірибе жинаған. Өзінің операторлық жұмысын «Сұр бойдақ», «Махаббатым жүрегімде», «Тракторшының махаббаты» сынды картиналардан бастаған. Алғашқы фильмін 21 жасында түсіреді. Ол «999» атты толық метражды картинасы болды. «Бизнес по-казахски в Америке», «Замуж в 30», «Тараз» сынды кинотуындыларында оператор болып еңбек етті. Сондай-ақ, Азамат жастар арасында танымал Скриптонит, Jah Khalib сияқты жұлдыздардың бейнебаяндарын таспалайды. Көрші Ресейлік Black Star музыкалық студиясымен серіктес. Қазіргі таңда  қазақстандық қоюшы - оператор Азамат Дулатов Америка Құрама Штатында, Францияда және Бельгия сияқты елдерде түсірілетін жобаларда еңбек етіп жүр. Ол жиырмаға жуық видеожобаларды түсіріп үлгерді. 2016 жылы ұйымдастырылған «Сыншылар таңдауы» номинациясында таңдаулы оператор атанған болатын. Лос- Анджелес қаласында ұйымдастырылған Халықаралық кинофестивалінде Дулатов түсірген «Тараз» кинокартинасы үлкен табысқа кенелген еді.

Поделиться
Для корректного отображения страницы пожалуйста отключите блокировщик рекламы