Размер шрифта:

Цветовая схема:

28 шілде, 202083

Отандық «Желтая кошка» картинасы Венеция кинофестиваліне қатысады

Қазақстандық режиссер Әділхан Ержановтың жаңа туындысы кезекті халықаралық кинофестивальдің қатысушысы атанды.

«Желтая кошка» картинасы 77-ші Венециялық халықаралық кинофестивалінің «Көкжиектер» бағдарламасының байқауында бақ сынайды. Бұл жағымды жаңалықпен картина режиссері өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында бөлісті.

«Керемет жаңалықты хабарлауға қуаныштымын – біздің «Желтая кошка» фильміміз 77-ші Венециялық халықаралық кинофестивалінің «Көкжиектер» бағдарламасына қатысады», -деп жазды режиссер.

«Бұл туралы бүгін Венеция қаласында өткен баспасөз конференциясында фестиваль директоры Альберто Барбера хабарлады. Венеция – бұл әлемнің ірі әрі беделді фестивальдердің бірі және бұл үлкен қуаныш әрі абырой», - деп қосты Әділхан Ержанов.

Пандемияға қарамастан, аталған халықаралық шара биыл қалыпты форматта қыркүйек айының 2-нен 12-сі аралығында өтпек, ал «Көкжиектер» бағдарламасының қазылар алқасына француздық кинорежиссер әрі сценарийші Клэр Дэни басшылық етеді.

«Қазақфильм» киностудиясы, казақстандық «Short Brothers» пен француздық «Arizona Productions» компанияларының қатысуымен «Zerde films» компаниясы түсірген картина қазақстандық «Бонни және Клайд»-тың хикаясынан сыр шертеді. Кермек есімді бозбала түрмеден босап шыққаннан кейін туған қаласына келеді. Туып өскен мекеніне оралған соң мұнда өзінің қатал заңдарын орнатқан криминалды топтың басшылық орнатқанын көреді. Оның Ева есімді сүйіктісі осы қылмыскерлердің қысымында қалып, жаман жолға түседі. Кермек болса, енді қылмысқа белшеден батады. Алайда жас жігіт сүйіктісімен қылмыскерлер тобынан құтылып, өзінің жеке кинотеатрын салуды армандайды. Сөйтіп қалай болғанда да, бұл мақсатына қол жеткізуге тырысады.

Кермектің рөлін Алексей Мизгиревтің «Конвой» және Андрей Шальоптың «28 панфиловцев» картиналарында өнер көрсеткен ресейлік актер Азамат Нигманов сомдайды. Оның сүйіктісі Еваның рөлін қазақстандық жас актриса Камила Нұғманова орындайды. Бұдан бұрын актриса Нариман Төребаевтың «Грязь большого города» және Әлішер Сүлейменовтың «Облако на крыше» фильмдерінде бой көрсеткен еді. Картинада сонымен қатар криминалды топтың басшысын танымал қазақстандық актер Санжар Мәди сомдайды. Киногер режиссермен осыған дейін «Бой Атбая» және «Ұлболсын» картиналарында жұмыс істеді. Бұлардан бөлек, «Желтая кошка»-да Еркен Гумашев пен Ержан Жаманқұловтар өнер көрсетеді.

Жаңа картинаның сценарийін Әділхан Ержанов пен Инна Смаилова жазды. Продюсерлер ретінде режиссердің бұрынғы әріптестері Серік Әбішев пен Ольга Хлащевалар қызмет етті. Француз тарапынан Гийом де Сиель продюсерлік жасады. Ал, фильмді таспалаған оператор режиссермен «Хозяева» және «Бой Атбая» картиналарында еңбек еткен Еркінбек Птыралиев болды. Фильмнің бас продюсерлері - Әсел Садуақасова, Қанат Битеміров және Ербол Тойбаевтер.

Айта кетейік, «Желтая кошка» картинасы режиссер Әділхан Ержановтың тоғызыншы толықметражды көркем туындысы. Фильм түсірілімдері өткен жылы Алматы облысында жүргізілген еді.

Автор:  Зарина Смагулова

Фото:  @adilkhan_yerzhanov

Поделиться
Для корректного отображения страницы пожалуйста отключите блокировщик рекламы