Размер шрифта:

Цветовая схема:

30 қараша, 2021184

«Ойпырмай» фильміне шолу: «Той дегенде қу бас домалайды»

Жанна Исабаеваның «Ойпырмай» немесе «Дорогие мои дети» фильмі – 2009 жылы түсірілген, әлеуметтік тақырыптарды көтеретін музыкалық комедия. Он екі жыл бұрын – самса мен судың бағасы 100 теңге болған заманда жарық көрсе де, кинофильм өзінің тақырыптық өзектілігін әлі жоғалта қойған жоқ. Бүгін осы бір фильмді толық талқылап, кем-кетігі мен артықшылықтарын атап, шолу ретінде жазылған материалымызды назарларыңызға ұсынамыз. Картинаны көрмеген болсаңыз, әуелі режиссердің Youtube арнасынан туындыны тамашалап алғаныңыз жөн, өйткені рецензия спойлерге толы болмақ.

Дертті қоғамның диагнозын дөп басқан кинотуынды деген мақтауыма лайық болса да, қазақ режиссерлері сирек қолға алатын мюзикл жанрында түсірілген картинаның кемшіліктері жоқ емес. Фильмді бастан-аяқ көріп шыққан соң, ең алдымен көкейге оралатыны – өн бойы қазақылыққа тұнып тұрған картинаның өз атауы, бөлім атаулары, титрдағы жазулары неге орысша болды екен деген сұрақ. Қазір трендке айналып кеткен шалақазақша емес, фильмнің таза ана тілімізде түсірілгені көңілге қуаныш сыйлағанымен, қаңқасының неліктен орысша жазылғаны біз үшін жұмбақ күйінде қала бермек.

Тоқсан жеті минутқа созылатын кинотуынды алты тараудан тұрады. Алдыңғы төрт бөлім бір жанұядан шыққан төрт бауырдың өз беттерімен қалай өмір сүріп жатқандығын бейнелейді.  Сол арқылы қоғамдағы тұрмыстық мәселелер мен оған қазақы көзқарасты көрсетіп, қазақтың «ұят болады» деген «ұлы» ұстанымын келемеждейді.

Комедиялық мюзиклдің алғашқы кадрлары көрерменге асыға-үсіге екі баласымен бірге үй жинап жүрген қалалық жұпты таныстырады. Аядай бөлмедегі абыр-сабыр кешке келетін «аса мәртебелі» қонақтарды күтуге дайындықтың әлқиссасы еді. «Қанат» деп аталатын алғашқы тарау кинофильмге арқау болып отырған отбасының тұла бойы тұңғыш ұлы, қалада екі баласымен, әйелімен пәтер жалдап тұратын Қанаттың тұрмыс-тіршілігінен хабар береді.

Ірі планда алынған қазы, астың пісірілу процесі және бешмармақтың дастарханға қойылу кадрының төбеден түсірілуі келген қонақтардың жай біреулер емес екенін бірден ескертеді. Үстел басында айтылып жатқан әңгімелерден, «Қасекеңе» қарата айтылған қолпаштаулардан жағымпаздық пен жалпақшешейліктің исі аңқиды. Дастархан үстіндегі «Қазақтың сіздей марғасқа жігіттері көбейе берсін, Қасеке!» «Дұрыс айттыңыз, Қасеке!» «Біз сізбен мақтанамыз!», «Көңілденіп отырыңыз, Қасеке!», «Қадірменді Қасеке!» сипатындағы сөздерді естіп, құдды өзің біреудің алдында құрдай жорғалап тұрғандай ұялып кетесің. Тым таныс жағдай болғандықтан, өзіміздің бейнемізді айнадан тамашалап отырғандай әсер қалдырады. Қанат пен оның әріптестерінің бастығына қалай жалпақтағанын имене көріп отыра берер ма едік, әйтеуір сегізінші минутта үй йесінің ауылдан анасы мен інісі келіп картина мазмұнына жаңа леп әкеледі. Олардың суыт жүрісі отырыстың шырқын бұзатынын Рәзия келіннің шақырылмаған қонақ келгенде-ақ шытынған қабағынан аңғаруға болады.

Сонымен не керек, ауылдан кенже ұлымен келген аңғал апаның кей қылықтары қалалық қонақтарға жат көрінеді. Бірақ басты мейманды шай дастарханға қарамай кетуге мәжбүр еткен қарт кісінің тым қонақжайлығы емес, ұзақ уақытқа жуынатын бөлмені босатпауы еді. Күйеуінің туыстарының жоспарлы кештің көркін кетіргені жақпаған Рәзия мен Қанаттың арасында түсініспеушілік орнайды. Екеуінің өзара диалогінен кейіпкерлердің қазіргі халі айқын ашылады. Қызметте көтеріле алмай, баспана алуға несие ала алмай жүрген Қанатқа жұбайының сөздері ауыр тиеді. Өздері осындай әуре-сарсаңмен жүрген отбасыға анасының «інің Елдос үйленеді,  қаржылай көмектес» деп қолқа салғаны қосымша жүк болады. Мейірімді болса да қолы қысқа Қанат алдымен анасына ақша жоқта, аста-төк той жасап қажет емес екенін жаймен айтып түсіндіргісі келеді. Алайда анасы: «Тойсыз болмайды! Масқарамыз шығады ғой» – деп жағдайды түсінгісі келмейді. Кейінірек тіпті: «Сендерді туасың. Асырап, сақтайсың. Бағасың. Содан кейін бір жаның қысылған кезде көмектесуге – бір тиын беруге жарамайсыңдар!» – деп әдеттегі аналардың баласына кінә арта сөйлейтін манипуляциялық сөзін айтады.

Иә, мұндай аналар қоғамда жалғыз біреу емес, олар тым көп. Фильм авторлары көрпеге қарай көсілудің орнына, «елден ұят» деп қарыз алып болса да, өз балаларының аузынан жырып алып, 300-400 адамға той жасайтын даңғой отбасыларды сынға алады. Бірақ картинаны көріп отырып, апаны да айыптап, жерден алып, жерге салуға қимайсың. Себебі, ол да біздің халықта қалыптасқан ойлау формасының құрбаны. Себебі ондай ана жалғыз емес: барлығымыздың болмаса да, көпшілігіміздің ата-анамыз дәл осы ойды ұстанған. Бұл қанға сіңіп кеткен «ел-жұрт үшін өмір сүру синдромымен» күресудің тиімді тәсілін ұсынбаса да, фильмді тамашалаған адам өзін сырттан көріп, бір сәт ойланатыны анық.  

Апамыздың жағдайы түсінікті, ал үйленгелі жүрген азамат Елдостың жүріс-тұрысы сізге таныс па? Үйдің сүт кенжесі, қолда қалатын баланы әдетте қазақ дәл біздің басты кейіпкер секілді тым еркелетіп өсіретіні жасырын емес. Өзге бауырларындай емес, еркін, шолжаң өскен Елдос шаңырақ көтергелі отырса да жұмыссыз жүр. Оның қарт анасы мен өз күндерін өздері әрең көріп отырған бауырларына еркелеп, еңбекке араласпай жүргенін қалай ақтап алуға болады? Ерболат Төлегенов сомдаған кейіпкер арқылы режиссер қоғамдағы ерте үйлену, болашағыңды бағамдамай жатып, бір басыңды екеу қылуға асығу адам сүйсінерлік іс емес екенін көрсеткісі келетін секілді.

Кинокартинаның екінші тарауы көрерменді өмірден көп таяқ жегені сөйлеу мәнерінен, шаршаңқы түрінен танылып тұрған Майрамен таныстырады. Ол – күйеуі тастап кеткен жалғызбасты ана, қала жатақханаларының бірінде екі баласымен қуықтай бөлмені жалдап тұрады. Күн көру үшін ауыр жұмыс істеп, балаларын аш қалдырмас үшін сырт киімінің астына жасырып шұжық ұрлап әкелуге мәжбүр. Фильмде жатақхана өмірінің тыныс-тіршілігі өте шынайы әрі шебер суреттелген. Тек Майраның емес, басқа да адамдардың ауыр өмірі астыртын бейнеленеді.

Елдостың үлкен әпкесі – үлкен ағасындай емес, тікмінезді, бірбеткей адам. Қанат секілді анасының көңіліне қарап, көкейдегі сөзін айтуға қысылатын жан Майра емес. Ол дастархан басында ұсақ-түйек әңгімеге айналып отырған туыстарынан неге келгендерін тікелей сұрайды. Елдостың үйленгелі жатқанын естігенде, анасының ақша сұрайын деп отырғанын бірден түсініп, айғайға басады. Бұл көкбет әйелдің құр айғайы емес, қиын тұрмыстан запы болып, балаларын қалай асырауды білмей жүрген ананың жан-айғайы еді. «Той жасамасақ, ел-жұрттан ұят болады» деп әуелгі әуеніне басқан анасына, сол адамдар бұның балаларын асырып-бағып бермейтінін айтады. Күн өткен сайын семіріп бара жатқан інісін алдымен жұмысқа салып, сосын ақшасын жинап, кейін өз қаржысына той жасауы керек екенін айтады.  «300 адамды ақша жоқта неге шақырдыңдар?», «Кет ауылға! Мені естімеймсің ғой сен, апа?! Екі балам сол ел-жұртқа керек емес. Олар маған ғана керек! Сен де бір аяғың көрде, бір аяғың жерде отырып, осы балаларды баға аламын дейсің бе?!»... Майраның айтқанының бәрі шындық, барлық сөзі құлақ асуға тұрарлық тұщымды кеңестер. Бірақ оны тыңдап, түсінетін ана мен бауыр бар ма? Жоқ, олар әлі тойдың қамын ойлап әуре, қанша айқай естісе де, қызына «ақша беруге, көмектесуге тиіссің» деп міндет артуда...

Үшінші бөлім жаны жайсаң, жуас жігіт Жәнібек туралы. Бұл тарау алматылық базардың қайнаған өмірінен хабар береді. Ығы-жығы адамдар, бір-бірімен салғыласқан ерлі-зайыпты саудагерлер, самса сатып тұрған сұлу қыз, автобусқа асыққан жолаушылар, өз қызметтерін баршаға жар салып жүрген жүк тасушылар... Жәнібек дәл осы кәсіп түрімен өзінің нәпақасын тауып жүр. Оның образын сомдаған Ержан Жарылқасынұлы жігіттің болмысын толық аша алған. Осы ретте режиссер Исабаеваның актер таңдаудағы шеберлігін де айта кеткім келіп отыр. Актер Ержан мен кейіпкер Жәнібектің табиғатының ұқсастығы ма, актердің асқан шеберлігі ме, дәл момын да мейірімді жігіттің рөлін Жарылқасынұлынан артық сомдайтын әртіс жоқтай көрінеді. Рөлді сезініп, бір үйдің үшінші баласы, базарда жүк тасып күн көріп жүрген, жақында ғана ауырып аяққа тұрған, көрші қызға көңілі бар балаң жігіт екеніне құлай сендіреді. Тек Ержан ғана емес, басқа актерлер де өз кейіпкерлерін толықтай аша білген. Ерке де енжар баланың рөлі Ерболат Төлегеновті дәл тапса, әйелінің де, анасының да көңілін қалдыруға қимайтын жігіттің образын Айқын Қалықов шебер сомдай алды. Олардан бөлек, басты рөлдердегі Әлихан Ыдырышева, Рая Адығанова, Динара Әбікеева, Еділ Рамазанов, Әсем Көпбаева, Алмахан Кенжебекова, Сафуан Шаймерденов секілді әртістердің өнерлері де атап өтуге тұрарлық. Сондай-ақ көрермен шағын эпизодтардан бүгінде елге белгілі беделді актерлер Төлепберген Байсақалов пен Еркебұлан Дайыровтың нанымды ойынын тамашалай алады.

Фильмнің толық картинасын көре отырып, оның бүге-шүгесіне дейін ойластырылған, әрбір деталі мағыналық және көркемдік мазмұнға толы шебер режиссерлік жұмыс екенін байқаймыз. Кейіпкердің барлығы дерлік толықтай көрерменге танылады. Егер біреу «Жәнібек қандай?» сұраса, кез келген көрермен ойланбастан жауап бере алады. Себебі, онымен болған әрбір диалог пен қарапайым эпизодтар арқылы оның тұлғасы ашылады. Мәселен, бір эпизодта ол өзі ұнатқан қыздан барып самса мен су сатып алады. Енді ішейін деп жатқанда қасындағы жолдасы сұрап алады, Жәнібек оған ләм-мим деместен, өзі ішіп үлгерместен суын ұсынады. Бұл шағын ғана көрініске картинада арнайы акцент түсірілмеген, ол басқа оқиғаның фонында болып өтеді. Тағы бірде басқа жүк тасушылар оған анасы іздеп жүргенін айтуға келгенде енді суды ішейін деп жатқан Жәнібектің суын тағы да таныс жігіт алып кетеді. Мұндай арнайы назар аударта бермейтін детальдарды Исабаева орнымен қолданып, кейіпкердің болмысын ашуда әдемі қолдана білген. Ұсақ-түйек демекші, фильмнің қоюшы-суретшісі Бөпеш Жандаев та әрбір көрініске мән беріп, тамаша жұмыс атқарғаны аңғарылады.

Енді кинотуындының сюжетіне қайта оралайық. Алдыңғы екі баласының жауабына көңілі бітпесе де, қалған екеуден үмітін үзбей апа кіші баласымен бірге Жәнібекті базардан іздеп табады. Үшінші перзенттің тұрмысы алдыңғыларынан асып тұрған жоқ. Қаланың шет жағындағы сарайды жалға алып тұрып жатыр. Дегенмен ол өте еңбекқор және болашаққа құрған нақты мақсаты бар: жүк тасудан тапқан ақшасын жинап саудамен айналыспақшы. Алайда бұл мінсіз жоспардың іске асуына інісінің үйлену тойы кедергі болғалы тұр. Анасының бір ауыз сөзін жерге тастмайтын жігіт Елдостың тойына да ақша тауып беретінін айтып қуантады.

Жақындарының қуанышын жеке мүддесінен биік қойған жігіттің жағдаяты арқылы фильм авторлары кейде осы «елден ұят болады» деген әңгіменің өмірлік мақсатқа жетуге кедергі болатынын, тіпті өзіңнің ғана емес, жақындарыңның да жолына бөгет болатынын жеткізігі келеді.

Кинофильмнің «Нұрия» бөлімінде қаржылық мәселеден гөрі,бүгінгі таңда өте өзекті  тұрмыстағы әйел, ене мен келін тақырыптарына мән беріледі. Қызын ауқатты отбасыға ұзатқан апаның құдағиының алдында кібіртіктеп қалуы әлеуметтік жағдайдың адамның өз-өзін ұстауына қалай әсер ететінін көрсетеді. Кенже қыз Нұрия – адуынды Майра секілді емес, өте жұмсақ мінезді көнбіс келіншек. Осы мінезін қайыненесі де, күйеуі де асыра пайдаланып, оған тыныштық бермейді. Бұл туралы айтып шағымданған қызына анасы не ақыл айтатынын фильмді көрмей-ақ көп көрермен жатқа айтып бере алады. Себебі, бұл жағдай да күнделікті өмірде кездесіп жүрген көрініс. Нұрияға айтылған «Шыда», «Әйел сорлының маңдайына жазғаны сол ғой, қайтесің», «Одан да сорақыларымен тұрып жатыр ғой жұрттар», «Қазір арақты кім ішпейді дейсің, екінің бірі ішеді. Сондай маскүнем емес қой» деген секілді жұбатулар мен қорлыққа көнуге шақыратын кеңестерді қазақ қоғамындағы көп әйел естіп келе жатыр. Егер тұрмыстағы, қоғамдағы әйелге деген қарым-қатынас дәл осы деңгейде қала берсе, Нұрия көрген теперішпен әрбір қазақ қызының бетпе-бет келуіне тура келеді деген қорқыныш бар.

Картинаның негізгі ойын, көтерген мәселесін паш ететін төрт бөлімнен кейінгі «Той» және «Эпилог» бөлімдері фильм басты кейіпкерлерінің бірігіп, ақыры той жасағанын көрсетеді. Парадокс. Басында қанша проблемасы болса да бауырлар ақыры Елдостың тойына ақша тауып береді. Мүмкін, қай-қайсысы да қарызға батқан шығар, ақшаны бір жерден ұрлап алған шығар, несиеге көміліп қалған шығар – армандаған тойын жасап көңілі көктеп отырған ананы алаңдатпайды. Ең бастысы, ел-жұрттың алдында, туған-туыстың алдында, дос-дұшпанның алдында барлығы керемет көрінеді емес пе?

Фильм өзінің шыншылдығымен құнды. Сценарий авторы Жанна Исабаеваның әрбір диалогі өмірден алынғаны, ойдан құралған бір ауыз сөз жоқ екені таңғалдырады. Қазақы ортада өскен адамға фильмдегі әр эпизод, әр кейіпкер, тіпті әр кадр таныс, боямасыз. Ал картинаның ерекшелігі – қалаға саяхатқа шыққан екеудің бөлімдер арасында берілетін билері. Бұл комедияға ерекше екпін береді. Әр баланың ауыр жағдайын көріп көңілі түскен көрерменге күлкі сыйлайды. «Той» бөліміндегі жаппай би яғни қонақтардың флешмобы да бұрын-соңды қазақ киносынан көрінбеген өзгеше дүние.

Қорыта айтқанда, комедия жанрының негізгі міндеті көрерменін күлдіре отырып, ойландыру болса, «Ойпырмай» фильмі осы үддеден толық шыға алған туынды.

Поделиться
Для корректного отображения страницы пожалуйста отключите блокировщик рекламы