Размер шрифта:

Цветовая схема:

26 тамыз, 2020233

«Преодолевая барьеры» картинасы тағы бір кинофестивальде топ жарды

Қазақстандық режиссер Бану Рамазанованың «Преодолевая барьеры» деректі фильмі Греция елінде өткен кинофестивальде ерекше құрметке ие болды.

Отандық режиссердің деректі лентасы тағы да топ жарды. «Преодолевая барьеры» картинасы тамыздың 1-і мен 7-сі аралығында өткен 7-ші Иераптера Халықаралық деректі фильмдер фестивалінде (Греция) «Көрермендер көзайымы» атанып, Халықаралық Docs without borders деректі кино және деректі драмалар интернет-кинофестиваліндегі айрықша еңбегі үшін сыйлыққа ие болды.

Естеріңізге сала кетейік, Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясымен түсірілген деректі лентаға Кеңес Одағы кезінде ат жарысының аңызы атанған Абсент атты асылтұқымды ақалтеке арқау болды. 1952 жылы Жамбыл маңындағы Луговое ат зауытында туған жылқы жайындағы фильм сонымен қатар Қазақстанның ат жарысындағы қазіргі әлеуетін де көрсетеді.

Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, «Преодолевая барьеры» деректі лентасы ХVІ Қазан Халықаралық мұсылман киносы фестивалінің байқау бағдарламасына кірді. Байқау жеңімпаздары қыркүйек айының басында фестивальдің ресми сайтында жарияланатын болады. Айта кетейік, отандық картина қатысатын фестивальдің «Деректі толықметражды фильм» байқауында үздік атағы үшін барлығы он картина бақ сынамақ. Олар Үндістан, Германия, Ресей, Швейцария, Тәжікстан және тағы басқа елдердің туындылары. Ал алдағы уақытта отандық режиссердің «Преодолевая барьеры» картинасы АҚШ, Италия және Франция елдерінде өтетін Халықаралық кинофестивальдерге қатыспақ. Жалпы деректі фильмнің фестивальдік тарихы Түркиядан бастау алады. Картина биылғы жылдың мамыр айында Anatolia International Film Festival Халықаралық кинофестивалінің негізгі байқауында бақ сынаған болатын.

Автор:  Зарина Смагулова

Фото:  @kazakhfilm_official

Поделиться
Для корректного отображения страницы пожалуйста отключите блокировщик рекламы