Размер шрифта:

Цветовая схема:

28 сәуір, 2020338

Қара комедия продюсері: Біздің көрермендерге көрсетеріміз көп

Қазақстандық прокатта небары бір апта болған «Жаным, ты не поверишь» фильмін жасаушылар картинаға толықтырулар енгізетін көрінеді. Бұл туралы қара комедия продюсері Жандос Айбасовтың Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік ортағымен жүргізген онлайн форматтағы әңгімелерінен белгілі болды. Мәдениет министрі жуырда ғана елдегі төтенше жағдайға байланысты кино майталмандарының көрермендерге арнап онлайн-сұхбаттар беріп жатқандығын айтқан болатын. Міне, бұл - соның айшықты көрінісі.

Жандос Айбасовтың айтуынша, «Жаным, ты не поверишь» картинасының авторлары фильмді одан әрі алға жылжытуға дайын. Қазір олар туындыны прокатта қайта жаңарту үшін жаңа маркетингтік әдіс әзірлеуде.

«Бізде фильмге енбей қалған сахналарымыз бар. Егер бастапқы кезді еске алатын болсақ, фильмді енді монтаждай бастағанымызда, оның ұзақтығы екі сағат болатын. Ал, бізде қорда қосымша тағы 40 минут бар. Бұл дегеніміз, көрермендерімізге көрсетеріміз де, таңқалдырар дүниеміз де көп», - деді Жандос Айбасов.

Негізі фильм биылғы наурыз айының бесі күні прокатқа шыққан еді. Кинотеатрлар жабылады деп хабарлағанда, картинаның жүріп жатқанына небары бір апта ғана еді. Дегенмен, барлық шығындарды есептегенде, картинаны жасаушылар біраз ғана шығындалған екен. Ал, жалпы жақсы нәтижелерге қол жеткізген көрінеді.

«Біз картинадан түскен табысты босқа шашу үшін емес, отандық киноны дамытуға жұмсау үшін еңбек еттік. «Жаным, ты не поверишь» сияқты басқа да жобаларды өз күшімізбен жүзеге асырғымыз келеді. Сөйтіп, сапалы өнім шығарсақ па дейміз», - дейді продюсер.

Жандос Айбасов кинотеатрлар тарапынан қолдау тауып, карантиннен кейін картина прокаттағы жұмысын жалғастыратынына сенімді.

«Жаным, ты не поверишь» - бұл біздің экспериментіміз. Бұл бүкіл командамыздың жұмысы. Бұл – Ернардың да (реж. Ернар Нұрғалиев), Азаматтың да (опер.Азамат Дулатов), Тимурдың да (прод. Тимур Рахманов), қоюшы-суретшілеріміз бен түсірілім тобымыздың арқасы. Жоспарлағанымыздың барлығын жүзеге асыра алдық», - деп ағынан жарылды картина продюсері.

Фильм авторлары алғашында жеңіл комедия түсіре салмақ болған екен. Бірақ  тың туынды жасауға басымдық беріпті.

«Шынтуайтында, біз ойластырып жатқан жобаларымыздың барлығы жаңашылдыққа толы. Олар шетелдерде бұрыннан бар, алайда біздің нарық үшін тың бастамалар. «Жаным, ты не поверишь» те сондай. Жігіттермен сценарий жазып, халыққа картинамыз туралы айтқанда көбі біздің бастамаға сенімсіздік білдірген еді. Кейін түсілім кезінде және оны монтаждау барысында картинаны толықтай көрген соң ғана басымызда нендей идеялар болғанын түсінді. Әркез  бір ой келсе, барлығымыз жиналып, оларды талқылап отыратынбыз», - деді Жандос Айбасов.

Картинаны көріп үлгергендер болса, музыкалық композициялар жақсы таңдалғанын байқады. Бұл бағыттағы жұмыс та команда мүшелерінің шешімі болса керек. Мамандардың да үлесі жоқ емес.

«Ернар монтаж жұмысымен өзі айналысады. Сол кезде музыканы да өзі салады. Бізде белгілі бір ой болатын. Соны ұстандық. Алайда, кейін оны шынайы музыкаға салу керек еді. Сол себепті осы мақсатпен композитор әрі музыкант Назарбек Оразбековке жүгіндік. Қазір ол өзінің командасымен үздіктердің қатарында жүргендердің бірі. Олар жарты жыл бойы біздің барлық идеяларымызды тыңдап, фильмімізге барлық музыкалық композицияны дайындап берді. Ал, «Дос-Мұқасан» тобының әндерін қосу – бұл Ернардың идеясы».

Бұл картинадан бөлек, Жандос өзі және алдағы жоспарлары жайында айтып берді. Жасырын емес, биыл прокатқа шығуы тиіс «Дисней» киностудиясының түсірген «Мулан» атты фильмінде Жандос еліміздегі «Номад» атты белгілі каскадерлер ұжымымен бірге еңбек етті. Оған продюсер каскадер ретінде қазақстандық және қырғыздық әріптестерімен бірге қатысты. Айта кетейік, диснейлік фильмге араласқан бұл алғашқы отандастарымыз.

Киномайталманы актерлікпен талайдан бері айналыспағанын да тілге тиек етті.  Бір жылдай уақыт каскадерлікке бет бұрып, кино мен сериалдарға түсу туралы ұсыныстардан бас тартып отырған екен. Алайда, ол ісін тастамақ емес. Жақсы рөлдер түсіп жатса, оларды қабылдайтындығын айтты. Мысалы, актер өткен жылы режиссер Жеңіс Туматаевтың «Большая маленькая жизнь» атты фильміне түсіпті.

«Бұл картинаны біз өткен жылдың қысында түсірдік. Жеңіс телевидениеде көбірек жұмыс істейді. Бұл оның толық метрдегі дебюттық еңбегі. Мен ол фильмде хирург-дәрігері болып ойнаймын. Фильмдегі хикая жүрек ауруларымен ауыратын балалар жайынан сыр шертеді. Иә, әлеуметтік тақырыпты қамтиды. Мен онда басты рөлді сомдамаймын. Ол рөл – Әсел Қалиеваға тиесілі. Бізде бірінші планда әйелдер ойнайтын фильмдер аз ғой. Сондықтан бұл жоба қызықты болады деп ойлаймын. Өзім әлі көрген жоқпын. Алайда, фильмді түсірген кезде және сценарийін оқығанда жаным елжіреді. Себебі, мен үшін балалар – бұл ең пәк, ең мейірімді әрі ең адал жандар. Сондықтан бұл жобаға сенемін. Әрі оны биыл көре аласыздар деп ойлаймын», - деп бөлісті Жандос.

Айта кетейік, «Жаным, ты не поверишь» фильмін қоюшылар өзін-өзі оқшаулау кезеңінде де бос жатқан жоқ. Жақын болашаққа жоспарлары зор. Онымен карантиннен кейін танысып жатармыз. Ал, әзірге...

«Әзірге карантинде отырған кезімізде Ернар сценарист Әуез Әуезовпен жаңа жобамен айналысып жатыр. Қысқаша айтатын болсам, бұл махаббат туралы хикая. Саябақта серуендеп жүретін, көз үйренген махаббат туралы емес, әлдеқайда күрделі әрі батыл және әдеттегідей жаңа дүние болмақ. Таяу күндері менің де хабардар болуым үшін Ернар сценарийді жіберуі керек. Жақында барлығын көріп, біле жатарсыздар. Әрі мен білетін Ернар болса, бұл кезекті еңбек тың туынды болайын деп тұр», - деді Жандос Айбасов.

Автор:  Зарина Смагулова

Фото:  @zhandos_aibassov

Поделиться
Для корректного отображения страницы пожалуйста отключите блокировщик рекламы