Размер шрифта:

Цветовая схема:

18 қаңтар, 2021248

«Қасым хан» туралы тарихи жобаға онлайн-кастинг жүріп жатыр

«Қазақфильмнің» жаңа тарихи блокбастерінде еңбек ететін шығармашылық ұжымы анықталды. Жобаның егжей-тегжейін түсіндіріп, толық тізімді әлеуметтік желідегі ресми парақшаға киностудияның өзі жариялады.

Осылайша, Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы басшысы Ақан Сатаев режиссерлік етіп жатқан тарихи толықметражды фильмінің сценарийін Бекболат Шекеров пен Ақан Сатаевтер жазған екен. Картинаның қоюшы-суретшісі болып Қуат Тлеубаев, қоюшы-операторы Хасан Қыдыралиевтер таңдалып алынған. Грим бойынша суретші Лидия Ордынская мен Ботагөз Әбдібаева, костюмдер бойынша суретші болып Дина Буксиковалар еңбек етеді.

Картинаға шығармашылық ұжымнан бөлек, арнайы кеңесші мамандар да тартылған. Олардың қатарында тарих ғылымдарының докторы, профессор Берекет Кәрібаев, философия және сәулет өнері докторы Алмас Ордабаев, суретші, тарих ғылымдарының кандидаты, этнограф-қару-жарақ сарапшысы Қалиолла Ахметжан және тағы басқа тарихшылар бар.

Ал бірер күн бұрын фильмнің жұмысына қатысты «Қазақфильм» киностудиясында бейне іріктеу өткен.

«Қасым хан» фильмінің кастинг директоры Майра Әбдиеваның айтуынша, қазіргі таңда киностудияның әлеуметтік желідегі ресми парақшасында актерлерге онлайн-кастинг өтіп жатыр. Осы уақытқа дейін 6472 үміткер қатысқан екен. Бұдан бөлек, «Томирис» фильмі актерлері базасы мен 2019 жылы «Қасым хан» жобасына қызығушылық білдіріп, кастингке келген қатысушылар арасынан да лайықтылар іздестіріліп жатыр. Айта кетейік, онлайн-іріктеу биылғы жылдың 15-ші ақпанына дейін жалғасады. 

Естеріңізге сала кетейік, өткен жылдың қазан айында киностудия Қасым хан туралы толықметражды фильм жобасын жүзеге асыруға кірісетінін хабарлаған еді. Тарихи картина 1511-1521 жылдары Қазақ хандығын басқарған, аты аңызға айналған ұлы хандардың бірі – Қасым ханның тарихи бейнесін ашуға бағытталған. Киностудияның жазуынша, фильм жұмысын 2021 жылдың желтоқсанына дейін аяқтау жоспарланған.

Поделиться
Для корректного отображения страницы пожалуйста отключите блокировщик рекламы