Размер шрифта:

Цветовая схема:

01 қараша, 2021419

Қазақ балалар фильмінің атасы – Абдолла Қарсақбаев

Алғаш рет қазақ фильмімен Каннға қатысып, арнайы сыйлық алған, қазақ киносын әлемдік көрерменге алғаш таныстырған режиссер Абдолла Қарсақбаев – кеңестік және қазақстандық кино тарихында аты алтын әріппен жазылып қалған ардақты тұлға. Балалар фильмінің атасы түсірген «Менің атым – Қожа», «Алты жасар Алпамыс мектепте барады» сынды картиналарды көрмей өскен қазақ кемде-кем шығар. Ендеше туғанына биыл 95 жыл толып отырған елге елеулі режиссердің еңбек жолына тағы бір көз жүгіртіп, түсірген фильмдеріне шолу жасап өтейік.

Абдолла Қарсақбаев – 1926 жыл қазан айының 10 жұлдызында Алматы облысы, қазіргі Жамбыл ауданы, Қарақастек ауылында дүниеге келген кеңестік қазақ кинорежиссері.

Ол отбасында он алты баланың ең кенжесі болып, анасы алпыс жасқа таяғанда дүниеге келген. Алайда болашақ киногердің балалық шағы аштықпен тұспа-тұс келіп, жастайынан өмірдің бар ауыртпашылығын көріп өседі. Қарсақбаевтар отбасындағы Абдолладан басқа перзенттің біразы сол аштықтың салдарынан көз жұмса, ол зұлматтан аман қалғандары сұрапыл соғыстан оралмаған. Он жасқа келгенде болашақ режиссер өзінің аяулы анасынан да айрылып қалады. Қарт науқас әкесін асырау үшін жасөспірім жалданып мал бағады, қандай ауыр жұмыс болса да қолынан келгенін жасайды. Бір күні Қарсақбаевтар туған ауылдары Қарақастектен көшіп, Қазақстанның сол кездегі астанасы Алматыға қоныс аудару туралы шешім қабылдайды.

Қарсақбаевтар әулеті қалаға келген жылдар соғыстың уақыты еді. Олар мұнда Орталық біріккен киностудия – ЦОКС-тың маңайына қоныстанады. Жастайынан жаңаға құмар Абдолланың қызығушылығы оны киностудияға жетелейді. Сәтін салып, сол кезде кино түсіріп жүрген режиссерлерге де көпшілік сахналарға қатысатын адамдар керек болады. Әсіресе, ЦОКС-тің ең ірі жобасы – Сергей Эйзенштейннің «Иван Грозный» фильмінде жалпыхалықтық көріністер көп қойылды, ол фильм кейін әлемдік кино шедевріне айналды.

Қосымша эпизодтарға түсу жас жеткіншекке табыс табудың да тәсіліне айналады. Ол тапқан ақшасының бәрін әкесіне әкеліп береді. Алайда режиссер сұхбаттарында сол кезде ол ақша тапқанына емес, бәрінен бұрын кино атты сиқырлы әлемге түскеніне қатты қуанғанын айтады. Көпшілік сахналарға бірге түскен құрдастары сияқты Абдолланың да жолы болып, оған кино өнерінің ұлы шеберлерінің жұмысын тамашалау мүмкіндігі бұйырады.

Өзі көріп өскен кино саласына қатты қызыққан Абдолла 1951 жылы Бүкілодақтық мемлекеттік кинематография институтына режиссер мамандығына оқуға түседі. Оны 1956 жылы кеңестік киношеберлер Михаил Чиаурели мен Иван Пырьевтың шеберханасынан тәмамдап шығады. Оқудан соң елге келіп, «Қазақфильм» киностудиясында өмірінің соңына дейін қазақ киносы үшін қызмет етеді. Өзінің жеке толықметражды көркем фильмін түсірмес бұрын жас киногер «Ана мен бала» (1955), «Егер әрқайсымыз...» (1961 ж., режиссер С. Қ. Қожықовпен бірге), «Қанатты сыйлық» (1956, А. Слободник және Е.И.Файк), «Ботагөз» (1957, Е.Е. Аронмен бірге) фильмдерінің түсірілімдеріне қатысып, тәжірибесін шыңдайды.

Жас режиссер киностудияда жүрген алғашқы жылдары оған толықметражды фильм түсіру мүмкіндігін бірден бере қойған жоқ. Ол сонда да мойымай, кез келген жұмысты қолға алып деректі фильмдер түсіруге кіріседі. Оның дебюттық «Қазақ халқының қолөнері» деректі фильмі сыншылар тарапынан жақсы бағаланып, фестивальдерде аталып, соның нәтижесінде КСРО-да ғана емес, шетелде де кеңінен тарайды. Одан бөлек, Қарсақбаев «Торғай шегі» (1963), «Черкасск Қорғаны» (1970), «Ақтөбе» (1972), т.б. деректі фильмдерін жарыққа шығарған.

«Қазақ кинематографиясының атасы» атанған режиссер бір сұхбатында: «Біріншіден, мен тек балалар туралы фильм түсіргем жоқ, үлкендерге де арналған бірнеше картина түсіргенмін. Дегенмен, жұмыстарымның басым көпшілігі балаларға арналған. Сол себепті де мені балалар өздеріне толық еншілеп алса керек. Оған мен қуанбасам, ренжімеймін. Өйткені, мен балалық шағымды сағынамын. Бүгінгі ұрпақпен жұмыс істеуге соншалықты құштармын», – деген екен. Ол кино өнеріне Қожа – Нұрлан Санжар, Бектас –Болат Қалымбетов, Хамит – Досхан Жолжақсынов, Алпамыс – Ермек Төлепбаев сияқты есімдерді алып келді. Дебюттық рөлдерін осы киногердің картинасында ойнаған актерлердің бәрі оны өздерінің өнердегі әкесі санайды. Бүгінде елге белгілі актер, Халық әртісі Нұржұман Ықтымбаев: «Абдолла менің рухани әкем еді. Жаны даладай таза, мінезі ашық, кісі сыртынан ғайбат айтпайтын, шындыққа тура қарайтын кісі болатын. Өз-өзіне сенімді, ешқашан тартынбайтын, шығармашылық еркіндікті ұнататын. Актерлер де ол кісімен жұмыс істегенді жақсы көретін еді», – деп еске алады.

Қазақтың біртуар перзенті көзі тірісінде батыл мінезінің кесірінен билік тарапынан көп құқай көріп, фильмдері цензураға жиі ұшырады. Әйтсе де киногердің еңбегі еленіп, оған 1978 жылы казақ КСР-нің еңбек сіңірген өнер қайраткері атағы берілді.

«Менің атым – Қожа» (1963)

Қазақ киносының классикасына айналып, қазақ балалар киносының беташар туындысы атанған фильм Абдолла Қарсақбаевтың режиссерлігімен 1963 жылы түсірілді. Фильмнің сюжеті Бердібек Соқпақбаевтың әйгілі повесі «Менің атым – Қожа» әдеби шығармасының желісінен алынған. Режиссердің кино жасау үшін дәл осы шығарманы таңдауына сюжеттің шынайылығы мен юморы, сондай-ақ оқиғалардың оптимизмі әсер еткен. Көркем жазба туындыны фильмге лайықтап сценарийін жазған Ниссон Зелеранский болды. Картинаны камера көзіне түсірген оператор Михаил Аранышев болса, фильмге арнайы композициялар жазған әйгілі композитор Нұрғиса Тілендиев еді. Сексен алты минутқа созылатын көркем фильмді соғыстан кейінгі атмосфераға енгізіп, ауыл өмірін тамаша көрсете білген қоюшы-суретші Құлахмет Қожықов болды. Картина Үшқоңыр, Талғар, Түрген және Үлкен Алматы көлінің маңында түсірілген.

1964 жылы 19 мамырда Мәскеу қаласында тұсауы кесілген фильм он екі жасар қазақ баласы Қожаның бастан кешкен түрлі оқиғаларын баяндайды. Ол балалық қызығушылықпен көп нәрсені білгісі, көргісі келеді. Көп қиялдайды. Бірақ ол өзінің шыншылдығы мен турашылдығының, қиялилығының кесірінен де көптеген күлкілі әрі ыңғайсыз жағдайларға тап болады. Әйтсе де ол тентек болғанымен, ақымақ бала емес. Сондықтан ол анасы мен әжесінің көңілін қалдырмас үшін, бұзықтығынан өзгелерге зиян келмес үшін өзгеруге шешім қабылдайды. Қожа сынып жетекшісі Сәбира Майқановаға сенбесе де, Рахманов ұстазы оны қандай жағдай болмасын қолдайтынына сенеді.

Режиссер үшін жазылып, бекітіліп қойған сценарийді түсірудегі ең үлкен қиындық басты рөлді сомдайтын баланы іздеп табу болған. Картинаға қатысатын актерлердің көбі іріктеліп қойса да, басты кейіпкер – Қожаберген Қадыровтың рөлін сомдауға арналған сынақтан ешкім өте алмады. Кастингке келген жеткіншектердің ешқайсысы режиссердің көңілінен шықпады.  Ақыры кино түсіруге қолдау танытып жатқан шенеуніктер түсірілімнің кешеуілдеп жатқанына ашулана бастайды, тіпті жобаның жүеге аспай қалу қаупі туындайды. Абдолла Қарсақбаевтың да алаңы күшейіп, ол көмекшілерімен бірге қаланың барлық мектептерінен, төңіректегі ауылдардан кейіпкер іздеуді бастап кетеді. Бір күні киногерлердің жолы болып, өздеріне керек адамды кездейсоқ кезіктіреді. Режиссер әріптестерімен түскі ас ішуге бара жатқанда, Комсомольская мен 8 наурыз көшелерінің қиылысында, 33-мектепте құрдастарымен төбелесіп жатқан жыртық көйлек киген бала көзге түседі. Қарсақбаев басты рөлді сомдайтын жеткіншек дәл осы Нұрлан Сегізбаев (кейін Нұрлан Санжар) екенін бірден түсінеді.

Көркем картинада Нұрланннан бөлек, Марат Көкенов, Гүлнар Құрабаева, Е.Құрмашев, Бикен Римова, Кененбай Қожабеков, Раиса Мұхамедьярова, Зағи Құрманбаева, Мәкіл Құланбаев, Байдалда Қалтаев, Ахат Толубаев, Қалкен Әділшінов секілді актерлер қосымша кейіпкерлердің образдарын сомдап шықты. Көпшілік қатысатын эпизодтарға Қаскелең қаласының Абай атындағы мектебінің оқушылары түскен.

Балалар комедиясы жарыққа шыққан сәтінен бастап-ақ жас бүлдіршіндердің де, ересктердің де назарын жаулап алды. КСРО көлемінде кең көрсетілімге шығып, қазақ киносы әлемдік кеңістікке де жол тартады. Ол 1967 жылы француздың Канн қаласында өткен жастар мен балаларға арналған кинофильмдердің халықаралық фестивалінде ынталандыру сыйлығына ие болған.

«Менің атым – Қожа» кинокартинасы 2019 жылы тарихта алғаш рет Орталық Азиядан шыққан фильм ретінде Лондондағы Ромфорд кинофестивалінде көрсетілу үшін толығымен ағылшын тілінде дыбысталды. Дубляжға американдық мектептердің драма үйірмелерінің балалары шақырылған.

«Қилы кезең» («Тревожное утро») (1966)

«Қилы кезең» картинасы – Қарсақбаевтың кеңестік шындықты боямасыз бейнелеген соны туындысы. Ол өзінің екінші толықметражды картинасын Зейін Шашкин жазған сценарийдің негізінде оператор Әбілтай Қастеевпен бірге түсірген. Композитор ретінде өзінің досы, дебюттік фильмде де бірге жұмыс істеген Нұрғиса Тілендиевты шақырады. Ал фильмнің суретшісі болып Юрий Вайншток пен Е.Феллер қызмет атқарған.

1968 жылғы 25 наурызда Мәскеу қаласында алғаш рет көпшілікке көрсетілген картинаның басты кейіпкерлерін Ыдырыс Ноғайбаев, Евгений Попов (III), Әнуарбек Молдабеков, Асанәлі Әшімов, Ахмед Шамиев, Әлімғазы Райымбеков, Байдалда Қалтаев, Нұржұман Ықтымбаев, Мәкіл Құланбаев, Құрманбек Жандарбеков, Кененбай Қожабеков, Матан Мұратаев секілді актерлер сомдады.

Тарихи драманың оқиғасы патшалық Ресей құлап, кеңес билігінің әлі де өз күшіне толықтай енбеген сәтін суреттейді. Сюжет Қазақстанның Қытаймен шекарасындағы шекара заставасының өмірінен сыр шертеді. Ержүрек комиссар Бәйтенов басқарған шағын чекистер отряды күтпеген сәтте комиссардың шағын тобын құрыққа түсірмекші болған арамза жаулардың шабуылын тежеуге мәжбүр болады. Бәйтеновтың өзі де бұл кезде қызмет жолындағы ең сәтсіз күндерді бастан кешіріп жатқан еді. Оны көре алмайтындар оның үстінен бірінен соң бірі өтірік арыз бен жала жауып жатыр. Мұндай арыздардың көптігі оның тікелей басшысы Щеринның комиссарға деген сенімсіздігін тудырады. Шекара заставасының командирі кезекті контрабанда тобын тұтқындауға алып келгенде, өзі де олармен бірге камераға қамалуға мәжбүр болады. Көп ұзамай тұтқындар қашып кетіп, түрмеде комиссардың өзі ғана қалады. Оған енді бостандыққа қол жеткізіп қана қоймай, өзінің адал атын күншіл адамдардың жаласынан тазартуға тура келеді.

Картина түсірілген кез қазақ киносы үшін де «қилы кезең» болған еді. Өйткені өткен ғасырдың алпысыншы-жетпісінші жылдары кеңестік цензураның күшіне мініп тұрған сәті болды. Сондықтан фильм көпшілік назарына бірден ұсынылған жоқ. Бұл туралы киногермен бірге жұмыс істеген актер Нұржұман Ықтымбаев сұхбаттарында былай дейді: «Абдолла Қарсақбаев Кеңестік цензураға қарамастан батыл қадамдарға барған режиссер. Мысалы, «Қилы кезең» – қазақ кино өнеріндегі классикалық туынды. Бірақ, халық бұл фильм туралы кеңінен біле бермейді. Себебі, фильм шыққан соң жалпы халыққа көрсетуге тыйым салынған. «Қилы кезеңде» Қытай асып көшіп бара жатқан халықты көрсетеді. Көрген адам сол сәтте-ақ: «Бұлар неге шекара асты?» деген сауалды сөзсіз қойып, оның жауабын да іштей берер еді. Оның үстіне бұл фильмде тұңғыш рет халық әні «Елім-ай» шырқалды. Сол жылдардағы қазақтың халін бір әнмен жеткізеді. Фильмде Жүніс ақсақалдың қызыл әскер офицерінің алдында дәрет алып, діни ишара жасап отырған көрінісін беру деген сұмдық еді. Атеистік қоғамда фильмге мұндай көріністі жымдастырып жіберу үлкен ерлік». Сондай-ақ актер өз естеліктерінде дәл осы картинаның жетістігі ретінде мәскеулік режиссерлердің Қарсақбаевтың осы фильміндегі кей кадрларды студенттерге көрнекілік ретінде көрсететінін атап өтеді.

Сексен бір минутқа жалғасатын кинофильм «Қазақфильм» киностудиясында түсірілген. Ол 1983 жылы қайта монтаждалып, үлкен экрандарға екінші рет жол тартты.

«Балалық шаққа саяхат» (1968)

Қарсақбаев әйгілі балалар жазушысы Бердібек Соқпақбаевтың тағы бір туындысын фильмге айналдырып, жазушы шығармашылығының кең таралуына елеулі үлес қосты. «Балалық шаққа саяхат» деп әдеби шығарманың атауы өзгертілмей жарыққа шыққан фильм 1968 жылы түсірілді. Оның оқиға желісін көркем картинаға бейімдеп, сценарий жазған Леонард Толстой болды. Түсірілім жұмыстарына оператор ретінде Михаил Аранышев, суретші ретінде Ыдырыс Қарсақбаев қатысты. Фильмді әуезді әуенмен әрлеген омпозитор композитор Нұрғиса Тілендиев болды.  Сексен жеті минут бойы көрерменнің назарын аулайтын картинаның басты кейіпкерлерін сомдауға Болат Қалымбетов, Мұхтар Бақтыгереев, Қасым Жәкібаев, Құрманбек Жандарбеков, Нұржұман Ықтымбаев, Ыдырыс Қарсақбаев, Кәукен Кенжетаев, Тамара Қосубаева, Мәкіл Құланбаев, Матан Мұраталиев, Раиса Мұхамедьярова, Қанабек Байсейітов секлді актерлер тартылған.

Кеңестер одағының астанасында 1970 жылы 8 ақпанда тұсауы кесілген фильм Қазақстандағы колхоздық құрылыстың жеңісі жолындағы күрес пен ұжымдастыру жылдарындағы тап жауымен кескілескен шайқастар туралы баяндайды. Фильмнің сюжеттік желісі бойынша, туған ауылына келген жазушы Бектас балалық шағын: ерте қайтыс болған анасын, Күлімбала сұлуға үйленген бейқам әкесін, Сағатбай ұстазды еске алады. Оның балалық шағы ұжымдастыру кезеңінде өткен едң. Бай мен оның көмекшілері қарапайым халықты азғырып, колхозшыларды көршілерінің малын ұрлауға, яғни барымта жасауға үгіттейді. Ақыр соңында өздері қылмысқа итермелеген барлық кінәлілерді жазалауды ұсынады. Алайда олар ауыл тұрғындарының басым бөлігін құрайды. Ұстаз халықты қараңғылығы үшін жазаламау керектігін, керісінше арандатушыларды табу керектігін айтады. Сөйтіп, өздерінің сауатсыздығын, бай қарақшыларының қарсылығын жеңіп, колхозшылар бірте-бірте тұрмыстарын жақсарта түседі.

Кинотуынды «Қазақфильм» киностудиясында түсіріліп, қазақ, орыс тілдерінде көрермен назарына ұсынылған.

«Біздің Ғани» (1971)

Осыған дейін балаларға арналған және тарихи фильмдерді түсірген Қарсақбаев 1971 жылы биографиялық жанрда өз шеберлігін сынап көруге бел байлайды. Cөйтіп сценарист Леонард Толстойдың шығармасына негіздеп «Біздің Ғани» деп аталатын Қазақ КСР комсомолының негізін салушы Ғани Мұратбаевтың өмірі туралы баяндайтын фильм түсіреді. Онымен бірге бұл жобада оператор Әбілтай Қастеев, композитор Нұрғиса Тілендиев және қоюшы-суретші Ыдырыс Қарсақбаевтар жұмыс істейді.

1921 жылы 18 жасар Ғани Қазақстандағы алғашқы комсомол отрядын құрады, ол Еділ бойындағы аштыққа ұшырағандарға көмектесу үшін ауылдарға азық-түлік жинауға жіберіледі. Достарымен бірге халық арасында үгіт-насихат жұмыстарын жүргізеді, байлардың Кеңес өкіметін қолдаушы жастарға қарсы шабуылдарына қарамастан, комсомол мүшелерінің қатары көбейе береді. Бай Қожамқұлдың баласы да, Ғанидың тұңғышәрі жалғыз махаббаты болған молданың қызы Раушан да осы жастардың отрядына қосылады. Ғани екі жылдан кейін Коммунистік Жастар Интернационалының  Шығыс бөлімінің бастығы болып кеңес жастары үшін халықаралық байланыстар орнатты. Ол жиырма екі жасында ауыр сырқатьан қаза болды.

Қазақтың асыл перзенті тарихи тұлға Ғани Мұратбаевтың образын фильмдғ Құман Тастанбеков сомдады. Одан бөлек, Анна Лисянская, Алексей Золотницкий, Евгений Красавцев, Гурам Гогава, Ирина Куберская, Кененбай Қожабеков, Мәкіл Құланбаев, Әшір Чокубаев, Анвар Кенжаев, Меруерт Өтекешева, З.Меңдібаев, О.Арыстанов, Т.Үкімов, Болат Қалымбетов, Нұржұман Ықтымбаев секілді актерлер тарихи кейіпкерлердің кейпіне енді.

Биографиялық тарихи фильм Орталық киноактер студиясында («Мосфильм») орыс тіліне  дыбысталған, дубляж режиссері Е.Алексеев болды.

«Жүйрік болсаң, озып көр» («Эй, вы ковбои») (1974)

Қарсақбаев кезекті кинотуындысын эстондық кеңес жазушысы Арнольд Неггоның сценарийі негізінде түсірді. «Жүйрік болсаң, озып көр» деп аталатын фильмді камерға түсірген оператор Игорь Вовнянко болды, ал композиторы режиссердің сенімді серігі Нұрғиса Тілендиев. Виктор Тихоненко картинаға қоюшы-суретші ретінде атсалысса, Шынара Берсүгірова, Қанабек Байсейітов, Алдаберген Нұрбеков, Мәкіл Құланбаев, Бақыт Шарденов, Еркін Кенжебаев, Арыстан Шарденов, Марат Ботабаев, Алдан Байсейітов, Асқар Сейітқазин секілді әртістер басты кейіпкерлердің образдарын сомдап шықты.

1975 жылы 12 мамырда көрерменге алғаш ұсынылған балалар фильмі колхозаралық спартакиадада бір-біріне жеңеміз деп ант берген бір ауыл мектебінің оқушылары туралы баяндайды. Басты кейіпкер Гули мектеп өмірі туралы өз атынан баяндап отырады. Алыстаға тау бөктерінде орналасқан ауыл балалары көрші ауылдар арасында болатын спорт жарысына үздіксіз дайындалады. Жүйрік қыздар Бибі мен Гулидің арасындағы бәсеке, басты кейіпкердің жеңіске жетуімен аяқталады. Фильмде құрбылардың жарасымджы қалжыңдары да орынды көрсетілген.

Мелодрамалық кинотуынды «Қазақфильм» киностудиясында орыс тілінде түсірілген.

«Алпамыс мектепке барады» (1976)

Қазақ киносының алтын қоржынына олжа болып түскен әйгілі «Алпамыс мектепке барады» балалар фильмінің жарыққа шыққанына биыл қырық бес жыл толып отыр. Мәскеулік кинодраматург Роза Хұснұтдинованың «Алпамыс идет в школу» деген атпен «Қазақфильм» киностудиясына келіп түскен сценарийін Абдолла Қарсақбаев бірден ұнатып, түсірілім жұмыстарына дайындықты бастап кетеді. Түсірілім тобын жедел жинап оператор ретінде Әбілтай Қастеевті, фильмді әуенмен әрлеуге сазгер Нұрғиса Тілендиевті, қоюшы-суретші ретінде Александр Деригановты шақырады.

Актер таңдауға да режиссер бар ынты-шынтысымен кіріседі. Бала кейіпкерді таңдауға аса талғампаздықпен қарайтын киногер Ермек Төлепбаевты аға режиссер Тұраш Ыбраевтың «Ақ автомобиль» деп аталатын қысқаметраж картинасынан байқаған екен. Алты жасар бала туралы картинаны түсіруге атсалысқан сол кездегі жас режиссер Серік Жармұхамедовтың айтуынша, Қарсақбаев Ермектің көзін қатты ұнатыпты. «Көзі таза екен. Таңертеңгі шық тәрізді. Ермектің бойында балалық нәзіктік бар, ашылып келе жатқан гүл сияқты» деп, оны Алпамыс рөліне бекіткен. Ал Қалиханның образын Алматы-2 вокзалының батыс жағындағы жер үйлердің ауласында ойнап жүрген көп балалардың ішінен  таңдап алады. Қырық минуттай Ұлан деген жеткіншектің ерегіспе мінезін бақылап отырып, фильмде ойнауға шақырады.

Тұсаукесері 1978 жылы 25 тамызда Мәскеуде өткен картинаға актер ретінде Бәкен Қыдыкеева, Мәкіл Құланбаев, Қанабек Байсейітов, Жексен Қайырлиев, Татьяна Рулла, Мұхтар Өтебаев, Айтжан Айдарбеков, Дариға Тілендиев секілді өнер адамдары да қатысты.

Кинокартинаның сюжеті бойынша, жеті жасар Қалихан мектепке барғысы келмегендіктен, неше түрлі тентектіктер жасайды. Мысалы, мұғалім сынып бұрышына жануарлар әкелуді сұрағанда, Қалихан әдейі жылан алып келеді. Әйтсе де, мұғалімге – керісінше – мектепке жат жануар ұнап қалып, Қалиханға ұрысудың орнына оны мақтайды.

Қалиханның өзінен жас кіші досы Алпамыс, керісінше, мектепке барғысы келіп, әлі кішкентай екеніне налиды. Ол күнде мектепке барып, сабақты терезеден бақылап, бірдеңе білуге ​​тырысады. Ол кішкентай болғанына қарамастан, оқуды және санауды өте жақсы меңгерген. Алпамыстың ынтасы мен жетістіктерін көрген Қалихан досына көмектесуге бел буады да, ұстаздар күнінде сөз сөйлеп, оны сахнаға шығарады. Алпамыс жиналғандардың барлығына оқу мен санау қабілетін көрсетіп, бірінші сыныпқа қабылданады.

Мейірімді әрі қызықты кинотуында Ригада өткен балалар мен жасөспірімдердің Бүкілодақтық Х кинофестивалінде бас жүлдені  жеңіп алды. Көп көңілінен шыққан фильм бүгінде Білім күніне орай жыл сайын әртүрлі телеарналардан көрсетіліп тұрады.

«Бандыны қуған Хамит» (1979)

Екінші атауы «Даладғы қуған» деп аталатын кинокартинаны Қарсақбаев жазушы Сәкен Сейфуллиннің «Бандыны қуған Хамит» деп аталатын әдеби шығармасының негізінде түсірген. Экшн фильмнің операторлары Михаил Аранышев пен Федор Аранышев болса, екпінді композицияларымен картинаға қосымша әсер сыйлаған Нұрғиса Тілендиев болды. киногер қоюшы-суретші ретінде фильсге Сахи (Александр) Романовты шақырған.

Динамикалық, экшнге толы картинаның оқиғалары 20-жылдары орын алады. Фильм сюжетінде Қазақстан жеріндегі ақтар мен қызылдар арасындағы тарихи текетірес қызыл әскер қолбасшысы Хамит пен ақ атаман Құдіре арасындағы күрестен анық байқалады. Өз мұраттарына берілгендіктеріне қарамастан,  табанды әрі қайсар ер жігіт те бұйрық беруде қателіктер жібереді. Ал бірінші болып қарсыласының қақпанына түсіп қалған басты кейіпкер Хамит болды. Ол атаманның тұтқынына түскеніне қарамастан, кейін өз жауын жеңіп, бандының көзін жояды. Кинотуында бұрыннан белгілі тарихи оқиғаларды, жеңістер мен жеңілістерді ғана емес, екі армияның жауынгерлері соғыста өздерін қалай ұстағаны туралы да көрсетілген.  Авторлар мұндай соғыстың сұмдығын түгел ашуға тырысқан. Ал режиссер режиссер музыкалық сүйемелдеу арқылы динамика атмосферасын жасай отырып, атмосфераны мүмкіндігінше дәл береді.

Қарсақбаев енді ғана оқуын бітірген Досхан Жолжақсыновтың тұлғасынан Хамиттің образын көріп, тәжірибесі жоқтығына қарамастан оны басты рөлге бекітеді. Ал сол кезде он екі жаста ғана болған Гүлнар Дусматова да дебютін осы фильмнен бастады. Актриса өзінің сұхбаттарында үнемі Абдолла Қарсақбаевтың ерекше адамгершілігі мен үлкен кәсібилігін атап өтеді: «Маған сол кезде Станиславскийдің теориясын түсіндіру мағынасыз болған болар еді. Сондықтан ол маған қалай ойнау керек екенін өзі көрсетті, сондай  сәттер өте жылы еді: оның бойында жеңілдік пен мейірімділік пайда болатын. Менің ойымша, ол дарынды режиссер ғана емес, ьалантты актер да болды».

Жоғарыда аталғандардан бөлек, көркем туындыда Улдис Лиелдиж, Әшір Шоқыбаев, Байтен Омаров, Владимир Еремин, Михаил Васильев, Мұхтар Бақтыгереев, Жамбыл Худайбергенов, Болат Қалымбетов секілді актерлер ойын көрсетті.

Тарихтан сыр шертетін әскери шытырман оқиғалы фильм 1980 жылы Тәжікстанның Душанбе қаласында өткен XIII Бүкілодақтық кинофестивальде Тәжікстан ЛКСМ Орталық Комитетінің сыйлығына ие болды.

«Балалық шақтың кермек дәмі» (1982)

Киногер Болат Мансұровтың сценарийі бойынша түсірілген «Балалық шақтың кермек дәмі» картинасы – Абдолла Қарсақбаевтың ең соңғы жарық көрген сегізінші толық метражды көркем фильмі. Балалық шақтары Екінші дүниежүзілік соғыспен тұспа-тұс келген үш жасөспірімнің оқиғасын бейнелейтін балалар фильмінің премьерасы 1983 жылы 16 мамырда Одақ астанасы Мәскеуде болып өтті.  Картинаны оператор Виктор Осенников камераға түсіріп, композитор Александр Луначарский жобаға лайықтап музыкалық шығармалар жазды. Ал Александр Дериганов болса фильмде қоюшы-суретші қызметін атқарды.

Кинофильмнің оқиғасы сұрапыл соғыс қызып тұрған 1943 жылы өтеді. Басты кейіпкерлер – Дариға, Мұхтар, Әміре атты жеткіншектер. Олар Сырдария өзенінің бойында қауіпті жүк тасымалдаумен айналысады. Оларды осындай еңбекке баулыған, жұмыссыз жүрген балаларддың күшін пайдаға жаратуды мақсат еткен Зейнолла ақсақал еді.  Олар еңбек етіп жүрген халыққа қажетті ұн, тұз және майданнан келген хаттарды таратады. Шалғайда жатқан ауылға кезекті рет хат апара жатқанда Зейнолла ақсақал тоққа түсіп, оны өзен ағызып әкетеді. Аяқ асты басшысыз қалған үш жасөспірім бар жауапкершілікті өз мойындарына алып, тағдыр салған қиындықтармен күресуге бел байлайды.

Драмалық фильмнің басты кейіпкерлерін сомдаған актерлер сапында Нұрмұхан Жантөрин, Бибігүл Тайкенова, Бекболат Османходжаев, Марат Тойхибеков, Сәбира Кумушалиевалар бар.

 

Абдолла Қарсақбаев 1983 жылдың күзінде өмірден өтті. Режиссер жас көрермен театрының жанында серуендегенді өте жақсы көрген. Сондай бір серуеннің кезінде ол сол кездегі Коммунистік даңғылы мен Мәметова көшесінің қиылысындағы Жастар театрына жақын жерде отырған орындықта жүрек талмасынан қайтыс болды. Елу жеті жылға жетеғабыл өмір сүрген кәнігі киногердің қазақ мәдениетіне қосқан үлесі халық жадынан ешқашан ұмытылмақ емес.

Поделиться
Для корректного отображения страницы пожалуйста отключите блокировщик рекламы