Размер шрифта:

Цветовая схема:

21 қыркүйек, 2021308

Қазақ киноиндустриясындағы соңғы жаңалықтар

Жаңа маусым басталып, отандық кинода халық назарына ұсынылып жатқан фильмдердің саны артты.  Қазақ кинематографиясына шым-шытырманға толы телехикая мен деректі, тарихи фильмдердің қатары біршама көбейді. Отандық фильмдердің әлем аренасынан жүзден жүйрік атанып, жүлделі орындарға ие болып жатыр. Ал сіз соңғы уақытта орын алған жайттардан хабарыңыз бар ма? Олай болса, біз түзген ақпараттар легіне көз жүгіртіңіз.

 «Ахтастағы Ахико» түсірілімі қайтадан жаңартылды

Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясының ұйымдастырлуымен «Ақтастағы Ахико» фильмнің түсірілімін қайта жаңартты. Туындыға арқау болған Жапонияда туып, Ақтаста жерленген жас жігіттің қасіретті тағдыры. Шынайы оқиғаға негізделген фильм Алматы облысындағы Долан ауылында түсіріліп жатыр. Киножоба Қазақстанның Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысымен жүзеге асырылуда. Алайда, кинотуындыны Қазақстан мен Жапония бірлесіп түсіруде. Режиссер Нью Йорк фильм академиясының түлегі – Елдар Қапаров. «Он бес жасар өрімдей баланың тағдыр тәлкегіне түскені жаныма қатты батты» - дейді продюсер Әлия Уәлжанова. Қарағандыға жол жүріп, Ахиконың өзімен тілдескен Әлия, оқиғаны экран бетіне шығару идеясы 14 жыл бұрын келгенін айтады. Араға уақыт салып, «Қазақфильм»-нің қолдауымен 2019 жылдың басында туындының алғашқы кадрлары түсіріледі. Бірақ, пандемияға байланысты түсірілім жұмыстары тоқтатылған. Деректі фильм сюжеті өз елінде әскери бағытта оқуда жүріп, кенеттен Кеңес әскерінің қолына түсіп, атын да затын да танымаған Қазақстан лагерлерінің біріне абақтыға жабылған жеткіншектің азапты өмірі жайлы. Ахиконың он жыл мылқаудың күйін кешіп, жегілген жұмысты орындаумен күні өткен. Десе де, Сталиндік режим құлағаннан соң,  бостандықтың таңы атып, мыңдаған жер аударылған жапондар еліне қайтарылған. Ал, бұл тізімде Ахико Тэцуроның есімі табылмады. Ата жұртына оралу бақыты бұйырмай, мәңгілікке қазақ елінде қалуға мәжбүр болады. Осында шаңырақ көтеріп, отанын алаш жұрты деп есептейді. Жапон баласының қатарынан он жыл көрген зардабтары туралы кітаптар жазылып, спектакльдер қойылған.

Қазақ кинотуындысы Татарстанда бас жүлдеге ие болды

«18 килогерц» толықметражды көркем фильмі ХVII Қазан Халықаралық мұсылман кинофестивалінде үздік деп танылып, гран приді жеңіп алды. «Сказ о розовом зайце», «Тренинг личностного роста...», «Инопланетяне ни при чём», кинокартиналарымен танылған  киногер Фархат Шәріповтың бұл туындысы да көпті бей-жай қалдырмады. Еске салсақ, былтыр «18 килогерц» фильмінің жаһандық тұсаукесері Варшавадағы Халықаралық кинофестивальде көрсетіліп, онда тарихта алғаш рет картина бас жүлдені ұтты. Кейіннен киножоба, Германияда өткен ХХХ Халықаралық кинофестивалінде үздік атанған. Ал фильмнің оқиға желісі, 90 - жылдардың басындағы жасөспірімдердің өмірі жайында суреттелген. Киножобадағы көтерілген тақырыптар  қазіргі таңға дейін өзектілігін жоғалтпаған. Атап айтқанда, тәрбие, достық, ата-ана мен баланың қарым-қатынасы, есірткі тақырыптары ашық көрсетілген. Туындының тизері бірден назарды аудартады. Фильмдегі басты рөлдерді дебютант актерлер Мұсахан Жұмахан, Әлібек Әдікен, Камила Фун-Со сомдады. Сондай-ақ «Ұлттық киноны қолдау мемле­кет­тік орталығы» КеАҚ тапсырысы бойынша режиссер осы киножобаның концептуалды жалғасын түсіруде. Онда «жасөспірімдер психологиясын  жан-жақтама ашамыз, нашақорлық дертінде қозғаймыз» -дейді сценарий авторы Фархат Шарипов.

Енді елімізде фильмдерді қазақ тілінде дубляждау міндеттеледі

Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігі «Кинематография туралы» заңына түзетулер енгізбек. Онда өзгертуге заң жобасына міндетті мемлекеттік тілде дубляж немесе фильмнің қазақ тіліндегі түпнұсқасын талап етуге бағытталған. Сонымен қатар, сөздердің орфографиялық нормалары мен тәртібінің сақталуын, олардың дұрыс құрастырылуы мен айтылуын қамтамасыз ету үшін тиісті нормалар қабылданған.
Аталған заң жобасы Үкімет биыл қазан айында қаралады деп отыр. Кейін, желтоқсанда Парламент Мәжілісінің қаралуына жіберіледі. Заңды қабылдау  жол картасына сәйкес 2022 жылы жоспарланған.

Портреттік деректі фильм

Дарынды режиссер Қанат Бейсекеев тағы да көрерменді қуантты. Бұл жолы ол ауылдың тұрмыс-тіршілігін көрсетіп, «TikTok» әлеуметтік желісінде танылған қазақ қызының өмір салты жайлы түсірген. «Аул – шанс на хорошую жизнь/Тик Ток в ауле»  қысқаметражды деректі фильмі бір жетіде 100 мыңға жуық қаралымға жетті. Жылқы бағып желі жұлдызына айналған Асылым Ахметова «керей қызы» атымен әйгілі. Солтүстіктің тумасы аттың құлағында ойнап, қаймағы бұзылмаған ауылдың тынысымен ғаламторда бөліседі. Қоса кетсек, «Жусан» деректі фильмі Интерньюс халықаралық ұйымның өткізген  MediaCamp фестивалінде «Ең үздік деректі фильм» атағымен марапатталды.

Отандық каскадерларды әлем мойындады

«Nomad Stunts» каскадерлық командасы қазақ және әлемдік киноиндустриясында ойып тұрып орын алады. Өз жұмысының үздігі атанған топтың, қызметіне тек отандық емес, шетел режиссерлары жиі қолқа салады.  Олар киноөндіріс саласында Голливудпен ғана емес, Ресей, Үндістан, Түркия сынды алып мемлекеттермен серіктестік орнатқан. Ең мықты экшн, боевик,  тарихи жанрындағы фильмдер тізбегіне номадтықтардың қосқан үлесі көп. Дүниежүзіне өнерлерін паш еткен кәсіби мамандардың көшін бастаған Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері - Жайдарбек Күнғожинов. Оның айтуынша, қазіргі таңда елімізде номадтықтарға тең келер каскадерлік жасақ жоқ. Еске сала кетсек, «Nomad Stunts» командасы 2020 жылы «Томирис» тарихи фильміндегі көрсеткен трюктары үшін Әлемдік каскадерлар Академиясының «Таурус» жүлдесін алды. Сонымен олар  дүниежүзінде №1 топ атанған. Ал бұл өз кезегінде, актерларға берілетін «Оскар» жүлдесімен тең, сондықтан  командаға сұраныс өте жоғары. Кейіннен «Мулан» жобасынан соң Голливуд актерлары қауымдастығының «Ең үздік каскадерлық» топ атағын иемденген. Ал трюк қоюшы команда «Киллердің кодексі» (The Protеgе) фильмінде түскен болатын. 2019 жылдың соңына қарай түсірілімге шақырту алып, 2020 жылы түсірілім алаңына, яғни, Румынияға жол тартқан. Топтан режиссер 10 каскадерді іріктеп алған. Олар тек трюктарды орындап қана қоймай, екінші пландағы актерлар рөлінде сомдады. Сонымен қатар, жобада әлемге әйгілі американдық актерлар  Сэмюэль Л. Джексон, Мегги Кью, Майкл Китен басты рөлдерде ойнаған. Фильмнің режиссері Мартин Кэмпбеллдың түсірген туындылары «Иностранец», «Маска Зорро», «Казино Рояль»  жаһандық кинематографияда үздік фильмдер қатарына енген. 

Оңтүстік Кореяда бәйгеге түскен туынды

Кино бағытында сирек кездесетін жанр «поэтикалық фильм». Киногер Шарипа Оразбаеваның «Қызыл анар» жаңа туындысы XXVI Пусан кинофестивалінің басты байқау бағдарламасына енді. Енді кезекте фильм «Жаңа ағымдар» номинациясында бақ сынайды.
«Қызыл анар» - бүгінгі таңда жан түршігер тақырыптың біріне айналған, зорлық-зомбылықтың құрдымынан аман қалып, әділдік іздеген әйелдің тағдырына құрылған фильм. Шарипа Оразбаеваның айтуынша, «бұл кезекті әлеуметтік драма емес, шынайы оқиғалармен өрілген поэтикалық кино». Түсірілім жұмыстары Алматы облысында өтіп, 12 күнде таспаланып біткен. Бұл фильм үшін рекордтық көрсеткіш. Фестивальде әлемнің түкпір-түкпірінен киножобалар бақ сынасады. Байқаудың ережесіне сәйкес, жеңімпаз 30 000 АҚШ долларына иемденеді. Айта кетейік, «Қызыл анар» Ша­рипа Оразбаеваның толықметражды екін­ші туындысы. Киногердің тырнақалды туындысы «Мә­риям» атты толықметражды филь­мі үшін Лондонда өткен 22-халық­ара­­лық Rainbow Film Festival кинофес­тива­лін­де «Үздік режиссер әйел» атағын алған.

Қысқаша шолу:

Көпшіліктің сұрауымен екінші маусымда жалғасын тапқан «Рауза» телехикаясы көрерменге жол тартты. Шым-шытырманға толы сериал 20 қыркүйектен бастап, «Хабар» арнасынан көрсетіледі.

Елімізде түрік халықтарына ортақ аңыз адам «Қорқыт ата» туралы  телехикаяның түсіріліміне дайындық басталып кетті. Ол туралы Қазақстан телерадио корпорациясының басқарма төрайымы Ләззат Таныспай Халықаралық Түркі академиясы ұйымдастырған «Түркі елдеріндегі БАҚ. Жаңа жағдайдағы ынтымақтастықтың дамуы» атты дөңгелек үстел барысында жариялады. Бұл күллі түрік әлеміне ортақ мүдде екенін айтып, өнімді бірлесіп атсалысуға шақырды. Түсірілім жұмыстарын да бауырлас елдердің аумақтарында жүргізілетінін мәлімдеді.

Президент радиокешені «Абайдың қара сөздері» кинотудының түсірілім жұмыстарын басталғанын хабарлады. 15 бөлімнен тұратын киножобаны «Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының» қолдауымен экранизацияланады. Түсірілім жұмыстары Алматы мен Алматы облысында (әртүрлі локация) 25 қазанға дейін жүргізу жоспарланып отыр. Әр сериясы толыққанды бір сюжетке негізделеді. Сондай-ақ басты рөлдерді елімізге әйгілі актерлар ойнайды. Атап айтсақ, Нұрлан Әлімжанов, Тұңғышбай Жаманқұлов, Аян Өтепбергенов, Жан Байжанбаев, Ерік Жолжақсынов, Берік Айтжанов сынды кәсібін жетік білетін мамандар сомдайды. «Дана Абайдың қара сөздерінің мән-мағынасын жаңа қырынан ашып көрсетеміз» -  дейді режиссер. Түсірілім тобы артылған жауапкершіліктің оңай еместігін жоққа шығармайды. Демек, ұлы ойшылдың мұраға қалдырған әрбір сөзі келесі ұрпаққа рухани азық екенін, күннен күнге өзектілігінің арта түсетінін жадымызда сақтаған жөн.

Танымал актер Санжар Мади буллинг тақырыбында 12 минуттық қысқаметражды фильм түсірді. «Youtube» әлеуметтік желісінде 15 мыңнан астам қаралым жинаған. Әлемдік індеттің қойған талаптарына тап келген мұғалімдер мен оқушылардың оқу барысында кездескен қиындықтары жайлы баяндалады. Оған қоса, сыныптастарының арасындағы буллинг, отбасындағы қарым-қатынасы анық айқындалған. Басты рөлдерде: Азат Сейтметов, Асель Сағатова, Абылай Қыдырбаев және химия пәнінің мұғалімі Ұлан Үсенов түскен. Идея авторы Ерулан Кусаинов.

Қазақтың ақиық ақыны, лирик Мұқағали Мақатаев туралы телехикая түсірілді. Бұл арнайы Қазақстан ұлттық арнасының тапсырысымен жүзеге асты. Сериалда рөлдерді: Азамат Сатыбалды, Рустем Жаныаманов, Қуаныш Бейсағалиев, Асан Мажит және т.б театр және кино актерлары сомдаған. Биылғы жылдың соңына дейін 6 тарихи сериал ұсынылуы тиіс. Мәселен, Домалақ ана, Жәңгір хан, Мұқағали Мақатаев, Жұмабек Ташенов, Ахмет Байтұрсынов, Қаныш Сәтбаев сынды алып тұлғалардың ғұмырынан сыр шертіледі.

 

Автор:  Ализа Абай

Фото:  Интернет желісінен алынған

Поделиться
Для корректного отображения страницы пожалуйста отключите блокировщик рекламы