Размер шрифта:

Цветовая схема:

30 қазан, 202141

Қазақ киносы: қазан айындағы жаңалықтар

Қазақ киноиндустриясы үшін ағымдағы ай олжалы келді. Шет елдерде қазақ киносының күндері өтіп, еліміздің ұлы перзенттеріне арналған туындылардың түсірілімдері аяқталып, көрермен тарапына жол тартуда. Отандық веб-сериалдар мен өмір шындығын бейнелейтін әдемі картиналардың қатары көбеюде. Ал сіз ұлттық кино әлеміндегі соңғы жаңалықтан хабарыңыз бар ма? Олай болса, біз түзген ақпараттық топтамаға көз жүгіртіңіз.

Ташкентте халықаралық кинофестиваль өтті

Өзбекстанда 28 қыркүйек пен 3 қазан уақыт аралығында «Жібек жолының інжу-маржаны» кинофестивалі өтті. Еске салсақ, Азия, Африка және Латын Америка елдерінің халықаралық кинофестивалі деп те аталатын бұл шара Ташкент қаласында 1968-1997 жылдары өткен. Ал, осы жылы Өзбекстан Республикасы президенті Шавкат Мирзиёевтің бастамасымен қайта жаңғырды. Аталған кинофестивалдің ашылу салтанатына 37 елден 400-ге жуық шетелдік киногерлер, 55 танымал кино жұлдыздары және «Бес күндік кино» бағдарламасының аясында бақ сынауға шақыртылған жас режиссерларда қатысты. Өзбекстан кинематография агенттігінің ұйымдастыруымен өтетін осы шараға Қазақстан, Қырғызстан, Әзірбайжан, Тәжікстан, Беларусь, Египет, Израиль, АҚШ, Үндістан, Италия, Иран, Польша, Ресей мен Түркиядан кино өкілдері қатысты. Халықаралық кинофестивальге Люк Бессон, Жерар Депардье, Стивен Сигал, Митхун Чакраборти, Никита Михалков, Олег Тактаров, Франко Неро, Тимур Бекмамбетов сынды белді кино майталмандары келген.
«Жібек жолының інжу-маржаны» фестиваліне отандық режиссерлар өз туындыларын ұсынды. Қазақстандық делегациядан Ақан Сатаев, Айдархан Әділбаев, Берік Айтжанов, Азамат Сатыбалды, Сатыбалды Текеев, Аружан Жазылбекова, Ділшат Рахматуллин, Самал Еслямова, Алмаз Малдыбаев, Адай Әбілдинов, Айбике Рақымжанова, Диана Тұрсын секілді режиссерлар мен актерлар барған. Сонымен қатар, фестивальде қазақстандық киногерлердің фильмдері көрсетілді. Атап айтсақ, «Анаға апарар жол», «Әмре», «Мұзбалақ», «Күлтегін», «Бір сен үшін», «Аманат» кинокартиналары Ташкенттің төрінде көрініс тапқан. Ал, «Әлемдік кино күндерінде» орай әр елдің туындылары тек Өзбекстан астанасында емес, басқа қалаларында көрсетілімі жалғасты. Қазанның бірінде біздің елден Ерлан Нұрмұхамбетовтың «Жылқы ұрылары» фильмі Әндіжан облысында, екінші қазанда Сәбит Құрманбековтің «Оралман» фильмі Ферғана қаласында өтті.
Қыркүйектің 29-нда Ташкентте өткен «Жібек жолының інжу-маржаны» XIII халықаралық кинофестивалі аясында келіссөздер жүргізілді. Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы және «Өзбеккино» кинематография агенттігі өкілдерінің кездесуі өткен. Нәтижесінде, ҰКҚМО-ның бас продюсері Адай Әбелдинов пен «Өзбеккино»-ның бас директоры Фирдавс Абдухаликов киноиндустрия саласындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

Қырғызстандағы Қазақстанның мәдени күндері

Қырғыз елінің төрінде қазақ әндері шырқалып, отандық фильмдер көрсетіліп, өнер қайраткерлеріміз марапатталып қайтты. Қазақстанның Бішкекте өткен мәдениет күндерінің ішінде қазақ киносы күндері де арнайы аталды. Айтулы шараға Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова мен Қырғыз Республикасының Мәдениет, ақпарат, спорт және жастар саясаты министрі Қайрат Иманалиев пен қос мемлекеттің киногерлері қатысты. Айыр қалпақты бауырлас елге 400-ге жуық өнер иелері: күйші, әнші, домбырашы, опера және балет театры, орақ тілді журналистер барды.
Қырғыстан Республикасының «Манас» кинотеатрында қазақ фильмдерінің күні 2 тәулікті құрады. Халық назарына белгілі режиссер Ақан Сатаевтың «Томирис», «Жау жүрек мың бала», «Анаға апарар жол», Рүстем Әбдірашевтің «Қазақ хандығы. Алмас қылыш», сондай-ақ «Мұзбалақ» мультфильмі жол тартты.
Айта кетсек, осы ұйымдастырылған үлкен іс-шара қарсаңында екі мемлекеттің белді әртістері арнайы марапаттарға ие болды. Бүгін Бішкектегі А.Малдыбаев атындағы Қырғыз Ұлттық академиялық опера және балет театрында ҚР Спорт және мәдениет министрі Ақтоты Райымқұлова мәдени ынтымақтастыққа атсалысқан қырғыздық өнер майталмандарына «Құрмет» грамотасын табыстады. Сондай-ақ екі елдің достастығын арттырып, серіктестіктің дамуына үлес қосқаны үшін  мәдениет саласының азаматтарына «Алғыс хатпен» ізгі лебізін білдірді.  Өз кезегінде Қырғыз Республикасының Мәдениет министрі Қайрат Иманалиев Қазақстаннан ат терлетіп барған театр және кино актерлеріне, қазақ өнер саласының бетке ұстар азаматтарына шапан кигізіп, марапаттады. Атап айтсақ, Қазақстанның Еңбек Ері Асанәлі Әшімовке, «Парасат», «Отан» орденінің иегері Әлібек Дінішевке Шыңғыс Айтматов атындағы Халықаралық сыйлықты табыстады. Сонымен қатар, Қазақстанның еңбек сіңірген артисі, композитор Секен Тұрысбеков, Нұр-Сұлтан қаласы «Жастар» театрының директоры, актер Әділ Ахметов «Құрмет» грамотасын берді. 

Ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың мерейтойына орай тағы көркем туынды жарық көрді

Мұзбалақ ақынның 90 жылдық мерейтойына орай режиссер Жандос Еспенбетовтың «Қарасаз көшелері» атты әдеби-танымдық деректі фильмі ел назарына ұсынылды. Туындының продюсері әрі авторы – Сержан Молдасанұлы, қаржылық жағынан қол­дау көрсеткен – кәсіпкер Тоқтар Мұқамеди.
Қарасаз ауылының тұрғындарын кейіпкер етіп, таныстырылымы Қазақ­стан Жазушылар одағында өткен. Фильмнің басы жолдан басталады. Бала ақынның көкі­регіндегі өлеңге деген отты үр­леп, туған жерінің тамыл­жыған табиғатына тамсанып, осы ауылдың тағы бір дарынды тумасы, актер Еркебұлан Дайыров пен белгілі сықақшы Ол­жас Сыдықбек бірге сапарлап келе­ді. Алдымен, оларға жолай Қасқасуда шомылып жүрген балалар жолықты. Арада талай уақыт өтсе де өткен ғасырда өмір сүрген атақты ақынның өлеңін 21 ға­сырдың балалары жаңа жазылған жыр секілді жарыса оқиды. Мұқа­ғалидың қиын тағдырының мұңлы өлеңдері балалардың асығып-ап­тығып оқыған балғын дауысында бақытты реңк алады. Фильм сюжеті шөп шауып жүрген шаруа адамдарына жолығып жалғасады. Ен далада еңбек етіп жүргендерден Еркебұлан өлең сұрады, шөп орап жүрген тракторшыда айырын тастай сала, қара өлеңді оқи жөнеледі. Бұл фильм жайында қала әкімінің кеңесшісі Мамай Ахетов: «Кез келген өнердің түрінде гармония, үйлесім деген түсінік бар. Біз кейінгі кезде сериал түсірсек те, фильм ұсынсақ та, осы бір үйлесімнен айырылып қалғандаймыз. Жүзі опа-далаппен жасырылған, оның бергі жағында сөз бойына сіңбеген, айтып тұрған сөзін өзі түсінбей тұрғаны білініп тұратын фильмдерге бойымыз әбден үйреніп, етіміз де өле бастаған еді. Көрерменді «бізге осы да болады» деген бір көнбістік билеп алған-ды. «Қарасаз көшелерін» көріп отырып, фильмді түсірген топтың адам мен табиғат, қарапайымдылық пен шынайылықтың үйлесімін экранға алып шыққанына қуандық. Фильмнің үлкен жетістігі осы үйлесімінде деп ой­лаймын. Бізге бүгін осы нәрсе же­тіспей жүр. Қазақтың іші­нен шыққан, жанынан шыққан және қазақты білетін адамдарды әспеттейтін, іштен шыққан таланттарды бағалайтын уақыт әлдеқашан жетті. Бұл фильм осы ойымыздың жарқын дәлелі болды», - деп пікірін білдірді.
Еске сала кетсек, елінің ұлы перзенті Мұқағали Мақатаевтың 90 жылдығына арналған Болат Қалымбетовтың «Мұқағали» көркем фильмі прокатқа шықты. Сонымен қатар, Қазақстан ұлттық телеарнасының арнайы тапсырымен түсірілген 4 сериалды «Мұқағали» телехикаясын жуырда көгілдір экраннан көретін боламыз. 

«Жамбыл. Жаңа дәуір» фильмінің түсірілімі басталды

Абыз ақын Жамбыл Жабаевтың 175 жылдық мерейтойына арналған көркем фильмнің түсірілімі Алматы қаласында басталды. Кинотуынды ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының қолдауымен шығарылады. Режиссері – Жандос Құсайынов. Оның басшылық еткен «Әли», «Шабдалы» көркем фильмдері және «Жақсы адам», «Көке» сериалдары бар.
Фильмнің сценарийі бойынша аңыз ақын Кеңестік Үкімет билігінің идеологиясына қарсы шығады. Сондай-ақ картинада Жамбыл Жабаевтың өміріндегі айтулы оқиғалар тізбегі көрініс тапқан.
Ұлы жыраудың рөлін сомдау бақыты Қазақстанның Халық әртісі, театр және кино актеры Досжан Жанботаевқа бұйырған. Оған қоса, кинотуындыда елімізге белгілі өнер қайраткерлері де бой көрсетеді. Оның ішінде: Қазақстан Республикасының Халық әртісі Досхан Жолжақсынов, ҚР еңбек сіңірген әртісі Ерік Жолжақсынов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұркен Өтеулов сынды белді тұлғалар түскен. Кинокартина тек ұлтымызды ғана емес, шетелдік азаматтардың да қызығушылығын оятады деп күтілуде.

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев жайында кезекті кинокартина

Тұңғыш Президент туралы «Штрихи к портрету. Лидер» атты жаңа деректі фильм топтамасы шықты. 21 қазан күні сағат 21:30-да «Хабар» телеарнасының эфирінде берілді. «Шын мәнінде маған өте қызықты фактілертілер айтылды, бұрын соңды ешкімге, бірде - бір БАҚ-та қозғамаған», - деп мәлімдеді журналист Айгүл Әділова.
Бес сериялы деректі жобаны журналист Айгүл Әділова мен Елбасының баспасөз қызметі бірлесе жасаған. Сондай-ақ, Нұрсұлтан Назарбаев қорының қолдауымен жүзеге асты.
«Ашылу» атты жаңа серияда Н.Ә.Назарбаевтың аузынан бірде-бір рет жарияланбаған оқиғалар көрініс тапқан. Кейіннен «Бастау», «Тәуелсіздік», «Көшбасшы», «Жеке»  осылайша жобаның әр сериясы жеке атау алды. Фильмнің негізі үш үлкен эксклюзивті сұхбаттан тұрады. Автор Тұңғыш Президенттің тұлғасын ашуға тырысқан.

Орталық Азияның ірі мәдени іс-шарасы биыл үшінші рет өтеді

2021 жылдың 29-30 қазан күндері «ÁMEN Animation Film Festival» өнер додасы Түркістан қаласында өтеді.  Оған Түркия, Әзірбайжан, Түрікменстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Татарстан және Башқұртстан республикаларынан отандық және шетелдік мультипликаторлар қатысты. Басты мақсат – қазақ анимациясының дамуына серпін беріп, ықпал ету және жас дарындарды қолдау.
Еліміздің және шетелдік анимацияның қайраткерлері қазылық етеді. Олар  байқауға ұсынылған жобаларды бағалап, жеңімпаздар бірнеше номинация бойынша марапаттады.
Сонымен қатар, фестиваль қарамағында шеберлік сыныптар мен тренингтер жоспарланған. Қатысушылар әлемге әйгілі төрт маманның дәрістерін тыңдап, өздерінің кәсіби шеберліктерін шыңдауға мүмкіндік алады. Бағдарламаға сәйкес, іс-шараның екінші күні түркі елдеріндегі кино өнерінің даму бағыттарына, бүгіні мен ертеңіне арналған дөңгелек үстел өткен. Оған қоса, кеш қонақтарына Қазақстанның үздік анимациялық киностудияларының көрмесі ұйымдастырылған. Олар анимациялық жобаларды әзірлеу процесін көрсету және жас мамандар үшін тәжірибе алмасу алаңына айналдырды. Осы екі күнде қала тұрғындары Қазақстан мен түркі елдерінің үздік анимациялық фильмдерін қаланың кинозалдарында тегін көре алады.
Дәстүрлі фестивальді «OzgeEpic» заманауи өнер кеңістігі мен Қазақстан анимациялық киностудиялар қауымдастығы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен жүзеге асты.

«Salem social media» медиа компаниясы киноөнімдерінің саны артуда

«Sake-2» веб-сериалының екінші маусымы көрерменге назарына ұсынылды. Жалғасында әкім Саят Саматұлының өмір мен қызмет жолындағы болған оқиғалар бейнеленген. Авторлар алдағы маусымда кейбір құпиялардың бетін ашты. Бұл сериал «Salem social media» видео-студия жобаларының арасындағы ауқымды кинокартинасы ретінде танылып келеді. Себебі, бүгінгі күнде серия саны әдеттегідей 16 емес, 20-ға жетті. Естеріңізге сала кетейік, бірінші маусымда ойдан шығарылған Алматыдағы Чапаев ауданының әкімі үлгілі мемлекеттік қызметкер болуға мәжбүр болды. Өйткені оның заңсыз істері туралы заң органдары біліп қояды деп қорыққан. Алайда, кейіпкер көптеген тоқпақтан өтіп, түзеліп жатыр. Оқиға барысында басты рөлдегі актерді ғана емес, оның көмекшісі Азамат өзгеретін жайттар көп кездеседі деп күтуде. 
Ынтыға күткен көрермен екінші маусымды үлкен ықыласпен қабылдап, сюжеттің қалай өрбитініне қызығушылық тудыруда. Оған дәлел шыққан трейлерлердің қаралым саны. Айта кетсек, бір күнде 100 мыңға жетсе, жалпы алғанда 2 күнде 200 мыңнан астам адам қараған. «Sakе-2» сериалының халыққа тез тарағаны туралы медиа компанияның бас директоры Рустам Юсупов: «Бұл қарапайым адамдардың өмірінде көп кездесетін өзекті проблемаларды ашып көрсететін халықтыққа жақын жоба. Ойдан шығарылған әкімнің тағдыры берілу тәсілі юморға толы, бұл дегеніміз көрерменнің көңілінен шықпауы мүмкін емес. Нәтижесінде, бірінші маусым статистикасында қаралым 30 000 000-нан астам көрсеткішті құрайды», - деді.  
Сериалдың режиссері: Олжас Нұрбай, ал рөлдерде отандық белгілі актерлар: Рүстем Омаров, Асан Мажит, Ерболат Әлқожа, Дулыға Ақмолда, Бахытжан Әлпейісов, Карина Күдекова және т.б. түскен. Серияның ұзақтығы: 45 минут.

«Аппақ келін» жобасының түсірілімі аяқталды. Жоба авторы: Сержан Серікбаев. Режиссер: Дархан Саркенов. Сериалдың премьерасы 2022 жылдың көктем айына жоспарланып отыр. Басты рөлдерде: Жанар Айжанова, ерлі-зайыпты актерлар Азат Сейтметов пен Данагүл Темірсұлтанова және Абай Асылханұлы, Фатима Кулибали сынды жұлдыздар түскен.

«Өмір» сериалының түсірілімі аяқталып, трейлері «Youtube» әлеуметтік желісінде шықты. Жуырда шығатын картинада жетім баланың басынан өткен қиыншылыққа толы өмірі көрініс табады. Тағдыр тәлкегіне ұшырап, балдай тәтті балалық шағында батпандай ауыр мұң арқалаған 11 жасар баланың шынайы өміріне негізделген. Жоба авторы: Омаров Рүстем, ал продюсері: Ақылбек Досжанов.

 

Поделиться
Для корректного отображения страницы пожалуйста отключите блокировщик рекламы