Размер шрифта:

Цветовая схема:

10 қаңтар, 2022600

Қазақ киносының жұлдыздар аллеясы жаңа есімдермен толықты

Халықаралық кино күніне орай жаңа құрмет тақталарының ашылу салтанаты өтті. «Қазақфильм» киностудиясынының аумағында орналасқан жұлдыздар аллеясы он үш мемориалдық ескерткішпен толықты. Оның басым бөлігі отандық кино саласының дамуына үлес қосқан талантты тұлғалардың есімі. Салтанатты шараны кино ардагері Асанәлі Әшімов пен Қазақстанның Еңбек Ері Олжас Сүлейменов ашты.

«Өкінішке қарай, қазақ киносының негізін қалаушылардың біразы ба­қи­лық болды. Біз олардың есі­­мін құрметтеп, болашақ ұрпаққа дәріп­теуіміз керек. Олардың есімдері жұл­­дыз иеленіп жатқанына шын жү­рек­тен қуаныштымын, баршаңызға зор денсаулық тілеймін», – деді КСРО халық әртісі Асанәлі Әшімов. Іс-шараға киногерлердің туған-туысы мен жақындары да қатысты.

Ескерткіш жұлдыздар өмірден өткен әртістер мен еңбек сіңірген қайраткерлерді еске алу үшін жасалды. Олардың арасында:

режиссер Сатыбалды Нарымбетов (08.03.1946 - 08.07.2021);

режиссер Игорь Вовнянко (14.07.1942 - 10.10.2021);

актер Құман Тастанбеков (10.03.1945 - 17.12.2017);

актер Меңтай Өтепбергенов (07.08.1946 - 05.01.2016);

актер Фархат Әбдірайымов (21.01.1966 - 21.05.2021);

актер Жамбыл Құдайбергенов (17.05.1949 - 06.10.1990);

студияның бас инженері Юрий Бреус (05.07.1911 - 18.11.1998);

алғашқы қазақ кинооператоры Ескендір Тынышпаев (09.05.1909 - 01.04.1995);

оператор, режиссер Марк Беркович (30.01.1914 - 12.03.1986);

оператор, режиссер Вячеслав Белялов (22.01.1936 - 04.10.2004).

Сондай-ақ жұлдыздар тақталар қатарына Олжас Сүлейменов, Қадыр Қосай, Меруерт Өтекешева секілді кино майталмандарының есімдері қосылды.

«Қазақфильм» киностудиясының президенті Ақан Сатаев Сатыбалды Нарымбетовтың ұлдарына Франциядағы кинофестиваль аясында берілген «Отандық кинематографияның дамуына үлес қосқаны үшін» сыйлығын табыстады.

Естеріңізге салсақ, Жұлдыздар аллеясы 2011 жылы YII Халықаралық «Еуразия» кинофестивалі аясында ашылған болатын. Бүгінде бұл аллея­да барлығы 46 киногердің есімі бар жұлдыздар орнатылған.

Поделиться
Для корректного отображения страницы пожалуйста отключите блокировщик рекламы