Размер шрифта:

Цветовая схема:

28 тамыз, 202063

Қазақ тілінде дыбысталған голливудтық картиналар

Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен жүзеге асқан «Болашақ» халықаралық білім беру степендиясының арқасында мыңдаған қазақстандық жастар әлемнің үздік оқу орындарында сапалы білім алды. 2011 жылы мемлекеттік бағдарлама түлектері балаларға арнап қайырымдылық және білім беру жобаларынан бөлек, мемлекеттік тілді алға жылжытуды мақсат етіп, арнайы қор құрған болатын. Болашақтықтардың сол қоры бүгінде қазақ тілін дамыту жолында Голлувудтың 34 фильмін мемлекеттік тілге аударып дубляждады. Қазір сол фильмдерге тоқталып, сүйікті кейіпкерлерді қазақ тілінде сөйлеткен кімдер екендігін айтатын боламыз. 

«Көліктер - 2»/«Тачки - 2» 

2011 жылы дәл осы «Тачки 2» фильмін қазақ тіліне аударудан голливудтық блокбастерлердің қазақ тіліндегі дубляж тарихы басталған еді. Бүгінде  Disney фильмдерінің кейіпкерлері туған тілде сөйлеп, кішкентай қазақстандық көрермендердің сүйіспеншілігіне ие болып отыр. «Тачки - 2» анимациялық толықметражды картинасы 2006 жылы шыққан «Тачки» диснейлік мультфильмнің сиквелі. Фильм Найзағай МакКуин жарыс машинасы туралы хикая. Оны қазақ тілінде сөйлеткен қазақстандық актер Нышанбек Жұбанаев болды, ал оның Мэтр есімді досына актер Азамат Қанапияев өз дауысын сыйлады. Айта кетейік, Азамат Қанапияның дауысын Disney компаниясы Мэтрді дубляждаған әлемдік дауыстардың ішіндегі ең үздігі деп таныды. Жалпы «Көліктер - 2» фильмінің дубляжын жүзеге асыруда барлығы 30 қазақстандық актер қатысты. Олардың дауыстары мультфильмді жасаушылардың кастингтерінен өтіп мақұлданған. Алғашқы дубляждалған фильмнің режиссері Айжан Жамшитова болды. 

«Қара киімділер - 3»/«Люди в черном - 3»

«Люди в черном - 3» - бұл қазақ тілінде дубляждалған екінші жоба. Оны мемлекеттік тілге дубляждау жұмысымен алматылық «Синема Тон Продакшн» студиясы айналысты. «Қара киімділер - 3» картинасын дубляждау жұмыстарына барлығы 10 күн кеткен екен. Оған режиссерлік еткен Әйгерім Оңалбек болды. Ал фильм дубляжымен 10-ға жуық актер айналысты. Уилл Смит сомдаған агенттің дауысын қазақ тілінде дубляж ісінің майталманы Азамат Қанапия салды. Кей есімді жас агентті - актер Шалқар Үркімбаев, ересек Кейді - Балтабай Сейітмамытов, Зед шефті – актер Бақытжан Әлпейісов, жас агент Оуды - актриса Сәуле Тұрдахунова, ересек Ойды – Бағдагүл Қойшыбаева, Борис есімді зұлымды – актер Ержан Түсіпов, Лиллиді – Рита Күмісқалиева, Гриффинді - «Көліктер - 2»  мультфильмінде бас кейіпкер - Найзағай МакКуинді дубляждаған актер Нышанбек Жұбанаев дыбыстады.  

«Батыл жүрек»/«Храбрая сердцем»

Қазақ тілінде дыбысталған үшінші голливудтық картинаның қазақша нұсқасының авторлары фильмдегі диалогтарды ғана аударған жоқ, сонымен қатар оған арнайы екі өлең жазды. Оларды қазақстандық танымал әнші Мақпал Исабекова орындады. Бұл оның фильмдерде бірінші рет ән орындауы болды.  «Батыл жүрек» жобасының дубляжымен режиссер Айжан Шамшитова айналысты. Ол сондай-ақ, өзге актерлермен бірге фильмдегі кейіпкерлердің бірін дыбыстады. Жалпы мультфильмнің ағылшын тілінен қазақ тіліне толық дубляждау үшін 15 дауыс қажет болды. «Батыл жүрек» мультфильмінің кейіпкерлеріне дауыс бергендердің арасында Мерида ханшайымның дауысын салған дубляж және кино актрисасы Іңқәр Әбдіраш, дубляж актері Азамат Қанапия, Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткері Болат Әбділманов, Әуезов театрының актрисасы Айжан Дәулетбекова, Король Фергустың дауысын салған ҚР Еңбек сіңірген әртісі Төлеубек Аралбай, Мүсірепов атындағы Қазақ жас көрермен театрының актрисасы Гүлжамал Қазақпаева және басқалары бар. 

 «Жаңа Өрмекші-адам»/«Новый человек паук»

«Жаңа Өрмекші-адам» голливудтық фильмі қазақ тіліне «Синема Тон Продакшн» алматылық студияда дубляждалған. Материалдың қорытынды жинақтау жұмыстары Лондондағы Shepperton студиясында жасалды. АҚШ, Ұлыбритания, Ресей мен Қазақстанның мамандарының қатысуымен жүзеге асқан бұл халықаралық жоба Қазақстандағы щетелдік фильмдер дубляжының дамуындағы қомақты үлес болмақ. «Жаңа Өрмекші-адам» фильмінің кейіпкерлері Мерей Әджібековтың (Питер Паркер), Әлима Қайырбекованың (Гвен Стейси), Балтабай Сейтмамытовтың (Бен Паркер), Тынышгүл Сұлтанбердиеваның (Мэй Паркер), Ержан Жарылқасыновтың (Доктор Курт Коннорс), Азамат Қанапияның (Капитан Джордж Стейси), Бауыржан Қаңтарбаевтың (Доктор Ратха), Тимур Пиязовтың (Флэш Томпсон), Бейбіт Қамарановтың (Ники) дауыстарымен сөйлейді. Аудармашысы – Диана Сабазова. Редакторлары мен мәтінді фильмге салушы - Тұрысбек Сәукетаев пен Салтанат Дүгенбаевалар. 

«Монстрлар университеті»/ «Университет монстров»

2013 жылдың 20 маусымында Қазақстан кинотеатрларының экрандарына Disney/Pixar киностудияларының «Университет монстров» мульфильмі қазақ тіліне дыбысталып, «Монстрлар университеті» атауына ие болды.  «Университет монстров» туындысының қазақ тілді дубляжында кәсіби актерлермен бірге Алматы облысының балалар үйінің тәрбиеленушілері қатысты. Жобада барлығы 40 актер жұмыс істеді. Лос-Анжелесте мульфильм кейіпкерлерінің нағыз үздік дауыстары бекітілді. Бас кейіпкер сүйкімді әрі көңілді Майк Вазовски танымал қазақстандық актер Дулыға Ақмолданың дауысымен сөйледі. Майктың адал досы әрі серіктесі Джеймс Салливанды Руслан Сенкебаев дыбыстады. Майк пен Саллидің мәңгілік қарсылары – Рэнди Боггс «Қара киімділер-3» фильмінде Уилл Смиттің дауысын салған дубляж актері Азамат Қанапияның дауысымен сөйледі. Ал Қазақстанның Еңбек сіңірген әртісі Лидия Кәден көңілсіз монстр, декан Хардскпабблдің дауысын салды. Осылайша дубляж режиссері Айжан Жамшитоваға, редакторлары әрі мәтінді салушылар Тұрысбек Сәукетаев пен Салтанат Дүгенбаевалар ағылшын тілді кейіпкерлерді қазақ тілінде синхронды түрде сөйлете білді. Фильмнің аудармасы жеңіл әрі балалардың түсінігіне жеңіл етіп жасалған. Мультфильм сәтті де орынды қалжындарға толы. Ал актерлердің кадрдан тыс ойындары арқылы кейіпкерлердің көңіл-күйлері жақсы жеткізілді. Фильм Қазақстанда түсірілгендей әсер қалдырады.    

«Жалғыз рейнджер»/«Одинокий рейнджер»   

Атақты голливудтық актер Джонни Депп те қазақша сөйледі. Оған 2013 жылы қазақстандық кинотеатрларда шыққан «Жалғыз рейнджер» картинасы дәлел болады. Блокбастерде Депп мырза Жабайы Батыста бас кейіпкермен бірге қылмыскерлермен күресетін Тонто үндісті сомдады. Ал оны қазақша сөйлеткен кино және театр актері Берік Айтжанов болды. Оның дауысын Джонни Депптің өзі бекітті. Енді бір кейіпкер Арми Хаммер Ғ.Мүсірепов атындағы Жас көрермен театрының актері Бейбіт Қамарановтың дауысымен сөйледі. Жалпы блокбастерді қазақ тіліне дубляждауда 28 отандық актер жұмыс істеді.  Олардың қатарында сонымен қатар М.Әуезов атындағы драма театрының актері, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері Төлебек Аралбаев, Ғ.Мүсірепов атындағы Жас көрермен театрының актері, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Балтабай Сейітмамытовтар бар. Дубляж «Cinema Tone Production» студиясында жргізілді. Дубляжға жауапты болған режиссер Айжан Жамшитова болды.  

«Жаңа Өрмекші-адам:Кернеген қуат»/«Новый человек-паук: высокое напряжение»

Қазақ тілі «Жаңа Өрмекші-адам:Кернеген қуат»/ «Новый Человек-паук:Высокое напряжение» кейіпкерлері сөйлеген әлемдегі жетінші тіл, ал лентаның өзі қазақ тіліне аударылып дыбысталған Sony Pictures студиясының үшінші фильмі.  Жоба авторлары кейіпкер дауыстарын жақсы таңдаған. Жиырмаға жуық қазақстандық актер кейіпкерлердің эмоциялары мен мінездерін жақсы жеткізген. Бас кейіпкерлерді фильмнің бірінші бөлімінің дубляжына қатысқан Мерей Әджібеков, Әлима Қайырбекова, Азамат Қанапия, Дархан Сүлейменов, Жәнібек Жақыпов және басқа да актерлер дыбыстады. Актерлердің дауыс сынағы Алматыда өтті. Ол үшін Қазақстанға Sony Pictures компаниясының дубляж жөніндегі мамандары арнайы келді. Барлық жазылған материал дәстүрлі түрде Лондондағы Shepperton студиясында жинақталды. Қазақша дубляждың режиссері осыған дейін «Возвращение в А», «Жүрегім менің – Астана» және «Люди в черном – 3» («Қара киімділер – 3») картиналарында еңбек еткен Әйгерім Оңалбек болды.  

«Малефисента»

Уилл Смит пен Джонни Депптің артынан атақты голливуд жұлдызы әрі БҰҰ ерікті елшісі Анджелина Джоли де «Малефисента» мистикалық блокбастерінде қазақша сөйледі. Тылсымға толы картина 2014 жылы екінші және жалпы есеп бойынша қазақ тіліне аударылып дыбысталған сегізінші голливудтық фильм болды. Фильм дубляжы 10 күнде жасалды. Оған «Көліктер - 2» және «Монстрлар Университеті» фильмдерін дубляждау ісімен айналысқан Айжан Жамшитова режиссерлік етті. «Малефисента»-ның дубляжында барлығы 20-ға жуық актер жұмыс істеді. Голливудтық ару әрі жоғары деңгейдегі актриса Анджелина Джолиді актриса Гүлназ Әуесбаева дыбыстады.  Актриса үшін  «Малефисента» дубляж ісіндегі екінші голливудтық жоба болды. Осыған дейін  қазақстандық көрермендер оны «Жалғыз рейнджер» фильмінде естіген болатын. Фильмдегі бас ер адам рөлі – Стефан патшаны Азамат Қанапия дыбыстады. Оның дауысы Қазақстанда аударылған барлық голливудтық картиналардан естуге болады. 

«Галактика сақшылары»/«Стражи Галактики»

Marvel компаниясының «Стражи Галактики» комедиялық блокбастері 2017 жылы қазақ тіліне аударылған үшінші голливудтық фильм. Дубляж режиссері бұл жолы Тимур Балымбетов болды. Ол үшін «Галактика сақшылары» - әлемдік блокбастермен жұмыс істеудегі алғашқы тәжірибесі. Дубляж жұмысына барлығы жиырмадан аса актер қатысты. Режиссердің өзі бөліскендей, ол үшін актерлердің дауыстарының сәйкестігі ғана емес, сырттай ұқсастықтары маңызды болды. Осы орайда ол Гамораның дауысын салған актриса Гүлназ Әуесбаеваны келтірген еді. Айтуынша, Гүлназ мінезі бойынша Гамораға өте ұқсайды. Барлық дубльдер бірден жасалып отырды, ал кейбір эпизодтар тіпті түпнұсқасынан әлдеқайда жақсырақ болды. Осыған дейін Гүлназ Әуесбаева Disney-дің «Малефисента» блокбастерінде фильм атауымен аттас кейіпкерді сомдауда еңбек етті. «Галактика сақшылары» кейіпкерлері сонымен қатар қазақстандық актерлер Тимур Пиязовтың (Питер Квилл), Ержан Жарылқасыновтың (Ракета), Руслан Сенкебаевтың (Дракс), Бейбіт Қамарановтың (Ронан) және Бауыржан Қаптағайдың (Грут) дауыстарымен сөйледі.  

«Күлбике»/«Золушка»

Ертегі фильмінің бас кейіпкері қазақ тілінде сөйлеген Disney-дің үшінші ханшайымы. Біріншісі «Батыл жүрек» фильмінде белгілі қазақстандық орындаушы Мақпал Исабекованың дауысымен ән салған ержүрек Мерида болса, екіншісі Гүлназ Әуесбаеваның дауысымен сөйлеген «Малефисента» блокбастеріндегі ұйқышы ару болды. Ал 2015 жылы Күлбике де қазақ тілінде сөйледі. Оған өзінің дауысын сыйлаған - Шахназа  Қызыханова. «Күлбике» фильмінің дубляжында сондай-ақ өгей ананы дыбыстауда Күнсұлу Шаяхметова, ханзаданы Тимур Пиязов, Кіндік анасын Сәуле Тұрдаханова, капитанды дыбыстауда Азамат Қанапия еңбек етті. Дубляж режиссері Айжан Жамшитова болды. «Күлбике» қазақ тілінде дыбысталған 10-шы, ал 2015 жылы мемлекеттік тілде жарық көрген бірінші голливудтық картина болды. 

«Кек алушылар:Альтрон дәуірі»/ «Мстители: Эра Альтрона 

«Кек алушылар: Альтрон дәуірі» қазақ тіліне дыбысталған он бірінші голливуд өнімі. Дубляж режиссері үшін бұл американдық комикс - екінші режиссерлік еңбек. Осыған дейін ол 2014 жылы шыққан «Галактика сақшылары» фильмінде жұмыс істеді. Картинада тұңғыш рет дубляж актрисасы ретінде Скарлет Йохансонның кейіпкерін дыбыстаған қазақстандық әнші Мақпал Исабекова еңбек етті. Оның дауысымен осыған дейін «Батыл жүрек» мультфильмінің бас кейіпкері ән айтқан еді. Одан басқа фильмдегі кейіпкерлер - Альтронды қазақстандық актер Жасұлан Байсалбеков, Торды - Бейбіт Қамаранов, Темір адамды - Ержан Жарылқасынов, Капитан Американы - Ерғали Түлебаев, Сұңқар көзді - Бақытжан Жармұхамбетов және Халкты Самат Қордабаев дыбыстады. Дубляж жұмысына сонымен қатар жобаның тұрақты мүшелері Алматы облысының балалар үйінің тәрбиеленушілері қатысты. 

«007 Спектр»/ «Агент 007: Спектр»

Фильмдерді қазақ тіліне дубляждау тарихында тұңғыш рет «007 Спектр» фильмі рекордты мерзімде – жеті күнде дыбысталды. Бұл картина отандық мамандардың мемлекеттік тілге аударған 12-ші фильмі. Дубляж режиссері Айжан Жамшитова атап өткендей, картинаны дыбыстауда жиырмаға жуық актер қатысты. Дэниел Крейгтің орындауындағы Агент Джейм Бондты актер Ержан Жарылқасынов дыбыстады. Оның дауысы сонымен қатар «Кек алушылар: Альтрон дәуірі» блокбастерінің қазақ тіліндегі нұсқасындағы Тони Старқка тиесілі. Атақты Моника Беллуччиді қазақ тілінде дыбысталған барлық 12 картинада еңбек еткен М.Әуезов атындағы Қазақ академиялық драма театрының актрисасы Күнсұлу Шаяхметова дыбыстады. 

«Жұлдызды соғыстар: Күштің оянуы»/ «Звездные войны: Пробуждение силы»

««Жұлдызды соғыстар: Күштің оянуы» жетінші дастаны қазақ тіліне дыбысталған 13 голливудтық фильм. Картина дубляжына жауапты болған режиссер Тимур Балымбетов болды. Ол үшін «Жұлдызды соғыстар»-дың жалғасы «Галактика сақшылары» мен «Кек алушылар»-дан кейінгі үшінші жоба. Дубляждау жұмысына барлығы 25 актер атсалысты. Олардың арасында Хан Солоны дыбыстаған Бекболат Құрманғожаев, Финнің дауысын салған Шахмурат Ордабаев, Сәуле Тұрдахунова (Рэй), Жасұлан Байсалбеков (кайло Рэн), Гүлназ Әуесбаева (Маз) және Самат Қордабаев (По) бар.   

«Джунгли кітабы»/«Книга джунглей»

2016 жылы ондаған ұрпақтың сүйікті кейіпкері - Маугли бірінші рет қазақ тілінде сөйледі. Фильм дубляжы Aray Мedia Group отандық кәсіби дыбыс жазу және дубляж студиясында жүзеге асырылды. Жоба ұйымдастырушыларының айтуынша, дубляжбен режиссер Айжан Жамшитова айналысты. Кейіпкерлерді қазақ тілінде дыбыстау үшін он беске жуық актер тартылды. Олардың қатарында Багранының дауысын салған Бекболат Құрманғожаев, Кааны дыбыстаған Айнұр Бепмағанбетова, Шер-Ханды дыбыстаған Ислам Зейноллаев пен Мауглиге өз дауысын берген Ақарыс Өтеуілов бар. 

«Алиса айнаның арғы бетінде»/ «Алиса в зазеркалье» 

«Алиса айнаның арғы бетінде» фильмі 2016 жылы қазақ тілінде жарық көрген екінші голливудтық фильм. Мұнда да дубляждау ісінде талай жылдық тәжірибесі бар режиссер Айжан Жамшитова еңбек етті. Фильм дубляжына барлығы 20-дан астам отандық актер қатысты. Олар - Назерке Серікболова, Нартай Сауданбекұлы, Дәурен Серғазин, Айнұр Бермухамбетова, Санди Қаршалова, Майра Омар, Данияр Сванқұлов, Бекболат Құрманғожаев, Бейбіт Құсанбаев, Қымбат Тілеуова, Сағидолла Үсібәлі, Шах-мурат Ордабаевтер.  

«Моана»

«Моана» мультфильмінің кейіпкерлеріне кәсіби дубляж актерлерімен бірге отандық эстрада жұлдыздары да өз дауыстарын сыйлады. Фильмде барлығы 11 жеке өлең орындалады. Сондықтан актерлер құрамы да ұзақ таңдалған екен. Осылайша Моананың анасын әнші Мақпал Исабекова, ал бас кейіпкер Мауи көсемін әнші Беркут дыбыстады. Әншінің айтуынша, Мауиді дыбыстауға үш күн кетті. Алғашқы күн толықтай әндерді жазуға жұмсалды. Ал соңғы күні ол 12 сағатқа жуық уақыт микрофон алдында тұрған екен. Ол күні оған кейіпкердің айқайлап, шулайтын дыбыстарын салу керек болған екен. Дубляжда  барлығы 35 әнші жұмылдырылған. Олардың арасында Лидия Каден, Назерке Серікболова, Жәнібек Мусаев, Сырым Қашқабаев,  сондай-ақ басқа да актерлер мен Қазақстанның эстрада орындаушылары бар. «Моана» 2016 жылы қазақ тілінде дубляждалған үшінші картина. Атап өтейік, қазақ дубляжының режиссері Рита Әбішева болды. Жобаның музыкалық жетекшісі – Күнімгүл Борамбаева.  

«Күрескер-бір: жұлдызды соғыстар хикаясы»/ «Изгой-один: Звездные войны. История»


2016 жылдың 15 желтоқсанында қазақ тілінде дыбысталған төртінші фильм - жыл блокбастері «Күрескер-бір: жұлдызды соғыстар хикаясы» жарық көрді. Бұл фильм кейіпкерлері Олжас Жақыпбек, Шехназа Қызыханова, Даурен Серғазин, Әли Марат, Сырым Қашқабаев, Мирас Жақыпов, Сағаділдә Үсіпбәлі, Асылбек Қапаев, Шах-мұрат Ордабаев, Ләйля Сұлтанқызы, Нүркен Өтеуілов, Ислам Зейноллаев және басқа да қазақстандық актерлердің дауысымен сөйлейді. Картинаның қазақ тіліндегі нұсқасына Тимур Балымбетов режиссерлік етті. 

«Алғашқылар дәуірі»/ «Время первых»

2017 жылы қазақстандық көрермендер жерлесіміз режиссер Тимур Бекмамбетовтың «Время первых» деп аталатын картинаның қазақша нұсқасын - «Алғашқылардың дәуірі» фильмін тамашалады. Бұл картинада Бекмамбетов режиссер емес, продюсер ретінде жұмыс істеді. Фильм тұсаукесерінде сөйлеген сөзінде продюсер фильмнің туған тілінде шыққанына өте қуанышты екендігін айтқан. «Бұл фильмді бірден екі тілде – қазақ және орыс тілінде жасауға мүмкіндік барын естігенде, мен үшін маңызды болды. Себебі мен өзім Қазақстанда туып, 17 жасыма дейін сонда тұрдым», - деген еді Тимур Бекмамбетов. Ондағы басты рөлдерді ресейлік актерлер Константин Хабенский мен Евгений Мироновтар сомдайды. Олардың дауыстарын қазақ тілінде Азамат Қанапиев пен Ғани Құлжанов, сонымен қатар Бақытжан Нүрпейісовтер дыбыстады. Дубляж режиссері Айжан Жамшитованың айтуынша, «Время первых» картинасын қазақ тіліне аударуда небары екі адам: аудармашы мен редактор еңбек етті.  

«Галактика сақшылары – 2»/ «Стражи галактики - 2»

«Галактика сақшылары – 2» - 2017 жылы қазақ тілінде дыбысталған екінші фильм. Картина дубляжында театр және телевидение актері Шах-мурат Ордабаев режиссерлік еңбек етті. Бұл фильм оның мансабындағы алғашқы режиссерлік тәжірибесі, ал негізі Шах-мурат Ордабаев үшін «Галактика сақшылары - 2» блокбастері жобадағы алтыншы фильм: осыған дейін ол өзін дубляж актері және режиссердің көмекшісі ретінде сынап көрген. Картина дубляжына жалпы отыз бестен аса актер қатысты. Алғашқы бөлімдерінде жұмыс істеген Тимур Пиязов, Гүлназ Әуесбаева, Руслан Сенкебаев, Бауыржан Қаптағай, Ержан Жарылқасыновтармен бірге жаңадан қосылған кейіпкерлер Йондоны - Бақытжан Жармұхамбетов, Небуланы - Сәуле Тұрдахунова, Стакарды - Боранбай Молдабаев,  Аишаны - Айнұр Бермұхамбетова, Талликті - Азамат Қанапия және Мередит Квилді Шехназа Қызыхановалар дыбыстады.

«Көліктер - 3» /«Тачки - 3»

2017 жылы қазақстандықтарға қазақ тіліне сапалы дубляждалған 20-шы голливудтық кинокартина ұсынылды. «Көліктер – 3» фильмінің қазақ тіліндегі дубляждаушы режиссері әрі мәтінді салушы ретінде Айжан Жамшитова жұмыс істеді. Бас кейіпкерлерді бұл жол да алдыңғы бөлімдегі кейіпкерлерді дыбыстаған отандық актерлер Нышанбек Жұбанаев, Азамат Қанапия, сондай-ақ Сая Тоқманғалиева, Сырым Қашқабаев, Нартай Сауданбекұлы және де қазақстандық әнші Маржан Арапбаева мен «Бәйтерек» тобының солисі Нүркен Өтеуіловтер дыбыстады.    

«Өрмекші-адам: Қайта оралу»/ «Человек-паук: Возвращение»

Аталған картина мемлекеттік тілде дыбысталған үшінші және Өрмекші-адам супер қаһарманының шытырман оқиғасы туралы қазақ тілінде дубляждалған үшінші фильм. Ел кинотеатрларына картина 2017 жылы Елорда күнінде жол тартты. Қазақ тіліндегі дубляж режиссері Шах-мурат Ордабаев болды. Бұл оның «Галактика сақшылары – 2» картинасынан кейінгі екінші режиссерлік жұмысы. Ұйымдастырушылардың айтуынша, фильмдегі бас кейіпкерді сомдаушыны дыбыстау кастингіне жеті актер қатысты, себебі қазақтандық актерлер арасында жіңішке тенорлық дауысты табу қиынға соқты. «Супер қаһарманның қазақша дауысын» салған актер Заңғар Әбеновтың бұл бас кейіпкерді дубляждаудағы алғашқы тәжірибесі. Оның айтуынша, «Өрмекші-адамды» дыбыстау кезінде бірнеше рет дауысын қарлықтырып алған, оны қалпына келтіру үшін күніне бірнеше сағат демалуына тура келген. Ал Өрмекші-адамның бас қарсыласын актер Асылбек Қапаев дыбыстады. Дубляжға барлығы 30-дан аса актер қатысты. Олардың қатарында Тони Старкті дыбыстаған Нүркен Өтеуілов, Өрмекші-адам костюмының дауысын салған Сая Тоқманғалиева, Айнұр Бермухамбетова, Шах-мурат Ордабаев, Назерке Серікболова, Әли Марат және басқалары бар.  Мәтінді фильге салған Гүлжан Сауртаева, ал аударған Диана Сабазова болды.   

«Валериан және мың ғаламшар шаһары»/ «Валериан и город тысячи планет»

Атақты француз режиссері Люк Бессонның кейіпкерлері де қазақ тілінде сөйледі. «Валериан және мың ғаламшар шаһары» картинасы режиссердің қазақ тілінде дыбысталған бірінші, ал жалпы есеп бойынша мемлекеттік тілде дубляждалған 22-ші шетелдік фильм. Картина шыққан жылы «Валериан және мың ғаламшар шаһары» фильмі мемлекеттік тілде дубляждалып, дыбысы толықтай Қазақстанда салынып, сәйкестіндірілген екінші фильм болды. 

«Коконың құпиясы»/«Тайна Коко»

 
2017 жылы қазақ тілінде талай шетелдік картина дыбысталды. «Коконың құпиясы» мультфильмі – солардың бірі. «Pixar» компаниясының өнімі мемлекеттік тілге аударылған 23-ші картина болды. Дубляж режиссері – Шах-мурат Ордабаев. Бұл оның үшінші толыққанды режиссерлік жұмысы.  Фильмді дыбыстауда барлығы 35 актер қатысты. Кейіпкерлерге өздерінің дауыстарын Ақарыс Әшімхан, Олжас Жақыпбек, Сайлау Камиев және Нүркен Өтеуіловтер сыйлады. Мәтінді фильмге салушы – Гүлжан Сауртаева, тексті аударған Әсел Мамырова болды. Жоба жетекшілерінің айтуынша, ең қиыны  актерлерді іріктеу кезінде бас кейіпкер – Мигель есімді баланың дауысын салып қана қоймай, ән айта алатын адамды табу болды. Ақарыс Әшімхан 12 жастағы Мигелге өзінің дауысын сыйлаған дубляж актері. Бұған дейін ол «Джунгли кітабы» картинасында Мауглиді дыбыстаған болатын. Аталған рөлді дыбыстауға үмітті болған 25 адам арасынан Ақарыс таңдалып алынды. Жас дубляж актерімен небары 5 күн ғана жұмыс жүргізілді.  

«Суперотбасы - 2»/ «Суперсемейка - 2»

2018 жылы қазақ тілінде дыбысталған 24-ші картина жарық көрді. «Суперотбасы – 2» мультфильмінің дубляж режиссері Шах-мурат Ордабаев үшін бұл төртінші картина болды, ал дубляж актерлері – Айкөркем Әділгереева мен Дидар Құралбаев үшін бұл дебюттық жұмыс еді. Дубляждау үрдісіне театр актерлері ғана емес, кино актерлері де қатысты. Оларды ауқымды кастинг арқылы іздестірді. Бас кейіпкер Виолеттаның дауысы ұзақ уақыт табылмаған екен. Іздестіру жұмыстары бүкіл Қазақстан бойынша жүргізіліпті. Ақыры дубляж командасы театрдың жас актрисасы Айкөркем Әділгерееваға тап болды. Фильмдегі бас кейіпкердің бірі Шастикті жас актер Дидар Құралбаев дыбыстады. Ол кезде актер небары 11 жаста еді. Режиссердің өзі фильмдегі әйел кейіпкердің дауысын келтірген екен. Ал жалпы дубляжда 60-қа жуық актер жұмыс істеген.  

«Монстрлар демалысы – 3. Теңізге саяхат»/«Монстры на каникулах. Море зовет»

Бұл жолы «Монстрлар демалысы – 3» мультфильмінің кейіпкерлері қазақ тілінде сөйледі. Сюжет желісі бойынша сүйікті кейіпкерлер – Дракула, Мэвис пен Джонни теңізге саяхатқа аттанады. Мұнда оларды жаңа шытырман оқиғалар мен ескі таныстармен кездесулер күтеді. Бас кейіпкер Дракуланы қазақ тілінде сөйлететін актер Нүркен Өтеуілов, оны түпнұсқада Адам Сендлер дыбыстайды. Селена Гоместің дыбыстауындағы Мэфисті – Назерке Серікболова, ал Джонниді қазақ тілінде Дәурен Серғазин дубляждайды. Фильмге режиссерлік еткен  тәжірибелі маман - Айжан Жамшитова.

«Ральф интернетке қарсы»/ «Ральф против интернета»

Шетелдік мульфильмдерді қазақ тіліне аударудың арқасында Голливудтың  танымал туындыларын тамашалауды жақсы көретін балалар да қазақ тілінде сөйлеуге ұмтылады. Олардың мемлекеттік тілге деген қызығушылығын оятатын осындай мультфильмдердің бірі - қазақ тіліне аударылып дыбысталған «Ральф интернетке қарсы» анимациялық толықметражды картинасы. Бас кейіпкер Ванилопа Фон Кексті дыбыстау үшін сегіз актриса, Шэнкті - бес, Иессті – үш, Ральфті – алты және Спамлиді дыбыстау үшін 10 актер қажет болды. Жалпы жиында «Ральф интернетке қарсы» фильмін дубляждауға Нұр-Сұлтан, Алматы, Орал, Қарағанды қалаларынан 50 актер қатысты. Сонымен қатар Қазақ Ұлттық өнер академиясының студенттері мен «Балапан» телеарнасының жас актерлері де қатысты.  

«Шақылдақ және төрт патшалық»/ «Шелкунчик и четыре королевства» 

Бұл фильм дубляжымен Disney және Sony студиялары аккредиттеген Қазақстандағы жалғыз студия - «Aray Media Group» айналысты. Фильмнің аудармасымен барлығы 35 маман жұмыс айналысты. Екінші деңгейлі және эпизодтық рөлдер жеке шақыртылған актерлермен дыбысталды. Картинаның қазақ тілді дубляжына театр, телевидение және дубляж режиссері Шах-мурат Ордабаев жетекшілік етті. Мультфильмнің бас кейіпкері Қантты феяны Санди Қарашалова дыбыстады. Бұл іске актриса екі күн жұмсаған. Дубляждау саласында Санди бірнеше жыл бойы еңбек етеді. Оның дыбыстаған атақты рөлдерінің ішінде «Галактика сақшылары-2» фильміндегі Мантисті атауға болады.  

«Дамбо»

Режиссер Тим Бертонның фэнтэзи жанрындағы «Дамбо» отбасылық фильмі қазақ тіліне аударылған жиырма сегізінші шетелдік картина. Театр және киноның атақты қазақстандық актері Бақытжан Әлпейісов фильмде кезбе цирктің иесі Макс Медичиді дыбыстайды. Дубляж жұмысына сонымен қатар 30-дан аса кәсіби актер қатысты. Картинада ата-аналар мен балалар, өзін-өзі жетілдіру, достық пен сенім тақырыптары көтеріледі. «Дамбо есімді» кішкентай піл туралы толықметражды картина 2019 жылы мемлекеттік тілге аударылып, жарық көрген бірінші фильм.   

«Аладдин»

2019 жылы қазақ тіліне аударылған екінші шетелдік картина Walt Disney студиясы ұсынған шығыс ертегісінің ремейкі - «Алладин» фильмі. Фильм дубляжының кастингінде Нұр-Сұлтан мен Алматы қалалырынан барлығы 50-ден аса актер қатысты. Қорытындысында бас кейіпкерлерді дыбыстауға Айсұлтан Жалиев (Аладдин), Шехназа Қызыханова (Жасмин), Дәурен Серғазин (Джинн), Нұрлан Әлімжанов (Джаффар) және басқалары таңдалды. 

«Ойыншықтар хикаясы – 4»/ «История игрушек – 4»

Отандық көрермендер назарына қазақ тіліне дыбысталған отызыншы голивудттық фильм «Ойыншықтар хикаясы – 4» мультфильмі болды. Дубляж кастингіне Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларынан елуден аса актер қатысты. Фильмдегі үш басты саундтректі белгілі қазақстандық әнші Данияр Өтеген орындады. «Оларды орындау қиынға соқты. Себебі «Ойыншықтар хикаясы - 4» мультфильміндегі өлеңдер кантри стилінде орындалған. Біздің топтың және жеке өзімнің репертуарымда ондай стильдегі әндер жоқ. Сондықтан қиын әрі қызықты болды. Мен осы жобаның бір бөлшегі болғаныма қуаныштымын», - деген болатын әнші. Жалпы мультфильмде Том Хэнкс, Энни Поттс, Тим Аллен, Киану Ривз, Кристина Хэндрикс сияқты атақты голливудтық актерлер қазақ тілінде сөйледі. 

«Арыстан патша»/ «Король лев»

Өткен жылдың жазында отандық көрермендер Disney компаниясының көптен күткен «Король лев» анимациялық фильмінің қазақша нұсқасын тамашалады. Фильм кастингінде Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларына елуден аса актер қатысты. Дубляж актері Бекболат Құрманғожаев Симбаның әкесі Мусафудың дауысын дыбыстады. Бұл рөлге үш адам үміткер болды. Ақыры Бекболат Құрманғожаевтың дауысы лайықты деп танылып, дубляждауға шықырылды. Атап өту керек, фильмдегі саундректі қазақ тілінде отандық әнші Маржан Арапбаева орындады, ал Нала арыстанның «Алға» өлеңін «X-Factor» тележобасының жеңімпазы Дария Ғабдулл орындап берді. Қазақ дубляжының режиссері Шах-мурат Ордабаев болды.  

«Малефисента: Түнек әміршісі»/ «Малефисента: Владычица тьмы»

Бұл фильм қазақ тілінде дыбысталған отыз екінші голливудтық картина. Атап өту керек, фильмдегі бас кейіпкерді сомдаған Анджелина Джоли өзінің кейіпкерін дыбыстайтын қазақстандық актрисаны өзі таңдады. Ол театр және кино актрисасы – Гүлназ Әуесбаева.  

«Мұзды өлке – 2»/ «Холодное сердце - 2»

Бұл фильмнің дубляждау командасының айтуынша, бас кейіпкердің рөліне өткізген кастинг қиын әрі жоба тарихындағы ұзақ үрдіс болды. Оған Қазақстанның түрлі қалаларынан барлығы 40-тан аса актер қатысты. Нәтижесінде бас кейіпкер Анна Назерке Серікболқызы, ал Эльза Бегімнұр Халилдің дауысымен сөйледі. Жобаға қатысуға сонымен қатар Данияр Өтеген, Динара Сұлтан, Адам, Инди Еділбаева және басқа да қазақстандық орындаушылар тартылды.     

«Алға»/ «Вперед»

Disney/Pixar студиясының «Алға» мультфильмі биылғы жылы мемлекеттік тілде отандық прокатқа шыққан бірінші картина. Фильмде дубляж тарихында тұңғыш рет мәтіндік жазулар қазақ тілінде көрсетілді. Кастингке барлығы 40-тан аса актер қатысты. Фильмдегі Том Холландтың дауысымен сөйлейтін ағайындылардың бірінің дауысын дыбыстайтын Заңғар Әбенов осыған дейін «Өрмекші адам: Қайта оралу» фильмінде актердің дауфсын салған болатын.  Дубляж актері «kaztube.kz» бейне-порталына берген сұхбатында былай деген: «Бұл менің Том Холландпен екінші жобам. Кастинг адал болды. 6-7 адам кастингтен өтеді, одан кейін оны Диснейдің өзі қабылдайды. Оларға жібергенде бұрында Заңғар Том Холландты дыбыстаған демейді. Ондай нәрселер айтылмайды. Олар дауыс ырғағыма байланысты өздері таңдап алады. Яғни бұл жерде режиссерлер де, ешкім де шешпейді. Диснейдің өзі шешеді». Мемлекеттік тілді кино арқылы дамытқысы келетін театр актері Бәзіл Сұлтанғазы болса, «Алға» мультипликациялық фильмінде Барли есімді бас кейіпкерді дыбыстаған. Бұл оның дубляж саласындағы тырнақалды еңбегі екен. «Бұл менің дубляж саласындағы ең алғашқы жұмысым. Қиындықтар міндетті түрде болды. Бірақ өз ісінің шебері режиссер Шах-Мұрат Ордабаевтың арқасында білмегенімді үйреніп, білгенімді жетілдіріп, солай қиындықтарды жеңген едім. Образды аша білу үшін ең алғаш кейіпкердің көзімен менің дауысым сәйкес келу үшін реквизиттер пайдаланған кездер болды. Содан кейін ол мынандай екен: Дубляжда посыл керек екен, сахнада сөйлеген сияқты посылмен сөйлеу керек және энергетикасы сәйкес болу керек», - деген болатын жас актер «kaztube.kz» бейне-порталына берген сұхбатында. Фильм дубляжында сонымен қатар, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ҚР мемлекеттік сыйлығының лауреаты Алтынай Нөгербек, актер, сатирик әрі режиссер Сағаділдә Үсібәлі, Шехназа Қызыханова, Сая Тоқманғалиева және басқалар қатысты. Ал фильм дубляжына Шах-Мұрат Ордабаев режиссерлік етті. Айта кету керек, бұл фильмнен бөлек, 2020 жылы қазақ тілінде тағы 6 голливудтық фильмді  дыбыстап, көрермен назарына ұсынылу жоспарланған. 

Голливудтық картиналарды дубляждауда жұмыс істеген мамандардың айтуынша, бұл оңай үрдіс емес. Мәтінді қазақ тіліне аударғанда оның экрандағы актерлердің ерін қимылына барынша сәйкес болуы керек. Сонымен қатар авторлар идеясын дәл жеткізу үшін фильмдегі мәтін қазақ тіліне тікелей ағылшын тілінен аударылады. Аударма кезінде мамандар қазақ әдебиеті классиктерінің туындыларынан цитаталар қолданады. Тоғыз жыл бойы «Болашақ» бірегей бағдарламасының түлектері қазақ тілді балаларға арналған сапалы және бәсекеге қабілетті контент құруға бағытталған «Өзіңнен баста» жобасын сәтті жүзеге асырып келеді. Жоғарыда аталған мемлекеттік тілге аударылып, дыбысталған 34 голливудтық фильм - сол жобаның жемісі. «Өзіңнен баста» жобасының арқасында 100-ден аса отандық актер Walt Disney Pictures компаниясының дауыс базасында тіркелген. Қазақ тілі Walt Disneу тарихында 39-шы және түрік тілінен кейін түркі тілдері арасында екінші тіл болды. 

Автор:  Зарина Смагулова

Фото:  Интернет желісінен алынған

Поделиться
Для корректного отображения страницы пожалуйста отключите блокировщик рекламы