Размер шрифта:

Цветовая схема:

14 тамыз, 202044

“Қазақфильм” киностудиясында өрт шықты

Бүгін 14 тамызда кешкі сағат 21.33-те төтенше жағдай қызметіне “Қазақфильм” ғимаратында орын алған өрт туралы ақпарат түскен. Құтқару қызметкерлері хабарлағандай, қызыл жауын киностудияға тиесілі бірден екі аумақты шарпыған. 

Олардың бірі- алаңы 500 шаршы метрді құрайтын кино түсірілімдеріне қажет декорациялар мен техника орналасқан  цех өртке оранған. Өрт “Қазақфильм” киностудиясының қарамағындағы ауданы 200 шаршы метр болған екі қабаттық әкімшілік нысанды да қамтыған. Зардап шеккендер жоқ. Өртті ауыздықтау мен алдын алу үшін құтқару қызметкерлері мен ТЖД 53 қызметкері және  16 техника жұмылдырылған. Қазіргі уақытта өрт толығымен сөндіріліп, кеткен шығындар есептелінуде. Куәгерлердің айтуынша, киностудия орналасқан ауданда жол кептелісі пайда болған. 

Шәкен Айманов атындағы Қазақфильм киностудиясы— Қазақстанның негізгі киномекені. 1934 жылы «Алматы кинохроника студиясы» атауымен негізі қаланған болатын.  1984 жылы еліміздің белді киногері Шәкен Аймановтың құрметіне аталған болатын. 2000 жылдан бастап Шәкен Айманов атындағы “Қазақфильм” Қазақ ұлттық кинокомпаниясы деген атау берілді. Киностудияның ең алғашқы туындысы Мұхтар Әуезовтың сценарийіне түсірілген “Абай әні” кинофильмі болды. Жақында ғана “Қазақфильм” киностудиясының басшылық қызметіне елге белгілі режиссер, актер, “Томирис”, “Жаужүрек мың бала”, “Районы”, “Бизнесмены” және “Ағайынды” сынды танымал кинофильмдерді түсірген Ақан Сатаев келген болатын. 

 

Автор:  Уйсунбай Жаннура

Фото:  Интернет желісінен алынған

Поделиться
Для корректного отображения страницы пожалуйста отключите блокировщик рекламы