Размер шрифта:

Цветовая схема:

09 желтоқсан, 2021271

«Қазақфильм» Мәскеудегі кино нарыққа қатысып жатыр

Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ Мәскеу халықаралық «Ресей кинобизнесі» кино нарығы және форумының негізгі іскерлік бағдарламасына  қатысуда. Киностудияның өндіріс жөніндегі вице-президенті Айдар Баталов Орталық Азия елдерінің жобаларын таныстыру шеңберінде көпшілікке еліміздің басты кино алаңы – «Қазақфильмді» таныстырып, оның қызметі мен жаңа жобалары туралы толығырақ баяндап берді.

Айдар Баталов өзінің алғы сөзінде Мәскеудегі кино нарықтың ұйымдастырушыларына шақырғандары үшін алғысын айтып, бүгінгі күні Covid-19 пандемия салдарынан зардап шеккен кино өндірісі үшін осындай іс-шараларды өткізудің маңыздылығын атап өтті.  
Сонымен қатар киностудияның вице-президенті Қазақстан мен Ресейдің бірлесіп фильмдер шығару туралы (ко-продукция), сондай-ақ Ресей Федерациясы аумағында қазақстандық фильмдердің дистрибуциясы туралы сөз қозғады.

«Қазақфильмнің» тарихы туралы баяндаған Айдар Баталов, Тәуелсіздік жылдары ішінде киностудияда 200-ден астам көркем, 300 деректі, 100 қысқаметражды және 70 анимациялық фильм түсірілгені туралы айтты. Одан бөлек, А.Баталов соңғы жылдары экранға шыққан «Қазақфильмнің» жаңа туындылары туралы сөз қозғап, киностудияның алдағы жылдарға жоспарланған тұсаукесерлері туралы айтып берді. Презентацияның соңында Айдар Баталов жиналғандарға өндірістегі фильмдердің үзінділерін көрсетіп, режиссер Данияр Қамшыбаевтың «Зере» фильмін тамашалауға шақырды.
         – Жоғары деңгейде түсірілген түрлі жанрдағы фильмдерді көрдік. Ресейде, әсіресе қазақ комедияларын ұнатады. Пандемия кезінде үйде отырғанда бәріміз тамашаладық. Әрине, қазақстандық кино ауқымды тарихи қойылымдарымен де әйгілі. Мәселен, бәріміз «Томирис» фильмінің Ресейде шығуын күтіп,  картинаны интернет платформаларда көрдік, – деді «Ресей кинобизнесі» форумының бас директоры Екатерина Бордачёва.
Айта кетсек, Мәскеу халықаралық «Ресей кинобизнесі» кино нарығы және форумы Мәскеу қаласының кәсіпкерлік және инновациялық даму департаменті, сондай-ақ Мәскеу қаласының мәдениет департаменті қолдауымен алғаш рет өткізіліп отыр. Жалпы кинонарық шеңберінде 200-ден астам киножобалар ұсынылып, 10 фильмнің жабық көрсетілімі өтеді.
Желтоқсанның 9-на дейін жалғасатын Мәскеудегі форумға қатысып жатқан «Қазақфильм» киностудиясының, «Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы» КЕАҚ өкілдері, тәуелсіз продюсерлер мен режиссерлердің қатысуы Корея Республикасы Үкіметінің қолдауымен ұйымдастырылған «Орталық Азиядағы киноиндустрияны нығайту» жобасы шеңберінде Алматы қаласындағы Біріккен Ұлттар Ұйымының Білім, ғылым және мәдениет мәселелері жөніндегі Кластерлік Бюросының (ЮНЕСКО) қолдауының арқасында мүмкін болып отыр.

Превью: kazakhfilmstudios.kz

Автор:  Мұқанова Нұржауған

Фото:  http://kazakhfilmstudios.kz

Поделиться
Для корректного отображения страницы пожалуйста отключите блокировщик рекламы