Размер шрифта:

Цветовая схема:

29 тамыз, 202034

Қазақстан солдаттарының ерлігі фильмдерде көрініс табады

Ұлы Жеңістің 75 жылдығында отандық кинематографистер қазақстандық жауынгерлердің ерліктерін көрсетіп, бірқатар тарихи туынды түсірімек. Мемлекеттің қолдауымен биыл осындай үш картина дүниеге келеді.  Бұл туралы Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік  орталығы хабарлады. 

 

312-ші атқыштар дивизиясының ерлігін білетіндер кемде-кем. Бұл олқылықтың орнын толтырып, Отан үшін отқа түсіп, жандарын қиған солдаттардың ерлігін паш етіп, тиісті бағасын беру үшін режиссер Николай Раисов «Горящий октябрь 1941» фильмін түсірмек. Деректі фильм Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының екінші питчингінде жеңіп, мемлекеттік қаржыландыруға ие болған. Картина авторларының ойынша, Ұлы Отан соғысы жылдары отандастарымыз жасаған ерліктер тиісті деңгейде зерттелмеген, бұл әсіресе, қазақстандық солдаттардан құралған 312-ші атқыштар дивизиясына қатысты. Мәселен, жоба сценарисі және режиссері Николай Раисов архив материалдарын зерттей келе, шығармашылық топ қазақстандықтардың ерлігі мен батылдығы болмаса, сонау 1941 жылдың қазанында Мәскеуді жау шабуылынан қорғау мүмкін болмас екендігін айтады. Айтуынша:

«Біз 316-шы Панфиловшылар дивизиясы жайында көп білеміз. Иә, олардың еңбектері орасан. Алайда Мәскеуге тікелей жол салатын орталық қорғаныс желісі - Варшава тас жолында 312-ші атқыштар дивизиясы күресті. Ұлы Отан соғысы зерттеулерінде онда Подольск курсанттары шайқасқаны айтылады, ал оны біздің қазақстандықтардың да қорғағаны туралы бір де бір сөз айтылмаған. Бұл тарихтағы ақтаңдақ және біз ол жайында айтуымыз керек. Онда Подольск курсаттарының саны барлығы 1128 адам еді. Біздің дивизия болса, 11437 адамнан тұрды. Немістердің шабуылынан курсанттар орманға қарай шегінді, ал біздің жерлестер қоршауда қалып шайқасуға мәжбүр болды».

kazakhcinema.kz

Кино арқылы әділдікті орнатып, ерлікпен қаза тапқан қазақстандық солдаттарға құрмет көрсетуде отандық киногерлерге Ресей Федерациясының Қорғаныс министрлігі жанындағы мемлекеттік архив қызметкерлері көмектесетін болады. Александр Наумовтың басшылығымен соғысқан дивизия жайында сақталған материалдарды зерттеу бойынша қазір бірнеше адамнан құралған топ жұмыс істеп жатыр. Дивизия жауапты болған қорғаныс желісінде орналасқан ауданның жергілікті тұрғындары да өз үлестерін қосуда. Сценарий бойынша Қазақстан солдаттарының ерліктеріне куә болған - сол кездегі жас бала, бүгінде 80-нің сеңгірінен асқан ақсақалдар өз естеліктерімен бөліседі. Қазіргі таңда түсірім тобы жұмысқа сақадай сай. Түсірілімдер Мәскеу, Ақтөбе, Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларында өтетін болады.

kazakhcinema.kz

Режиссер Константин Харалампидис те кеңес әскерінің офицері, Қазақстанның Халық Батыры Рахымжан Қошқарбаев пен қатардағы барлаушы Григорий Булатовтың ерлігін көрсетіп, әділдікті орнатуға бел буып отыр. «Батыры Великой Отечественной: Рахимжан Кошкарбаев, Григорий Булатов» деректі фильмі берлиндік Рейхстагтың маңында 1945 жылдың 30 сәуірінде болған оқиғаны егжей-тегжейлі қалпына келтіріп қана қоймай, бүгінгі ұрпақ өкілдерінің батыл жауынгерлерімізге лайықты кұрмет көрсетуге және қайтыс болғаннан кейін Рақымжан Қошқарбаевқа Ресей Федерациясының батыры, ал Григорий Булатовқа – Халық қаһарманы атағын беруге шақыратын туынды болуы керек. Киножобаның бұл жоғары миссиясын бағалаған Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы жанындағы Сарапшылар кеңесі фильмге мемлекеттік қолдау білдірді. Картина режиссері Константин Харалампидис бұл жұмысқа Рахымжан Қошқарбаевтың немересі – Дәуренді тартпақ. Айтуынша, анасы, атасының достарынан атасының батыр болғанын білетін Дәурен фильмде оның батыр болғанын айтып қана қоймай, сол тарихты сезу үшін бүкіл зерттеу жолын бірге өтуін қалайды. Бұл өскелең ұрпақ үшін өте маңызды екендігін айтады. Картинада аталған тұлғалар сұхбат беретін болады. Бұдан бөлек, туындының негізгі ерекшелігі - Ресейдің халық әртісі, «Бессмертный полк России» қозғалысының тең төрағасы Василий Лоновойдың қатысуы. Ресей әртісі Рахымжан Қошқарбаев пен Григорий Булатовтардың ерліктері жайында әңгімелейтін болады.

kazakhcinema.kz
Отандық көрермен жаңаша хикаялар мен жаңа кейіпкерлер арқылы Ұлы Отан соғысы жылдарындағы тыл еңбеккерлерінің де ерліктері мен батырлықтары жайында фильм көретін болады. «FreshMind» компаниясы «Последний рубеж» деректі картинасын дайындап жатыр. Лента әсіресе Батыс Қазақстан облысында болған оқиғаларға көбірек тоқталады. Бұл жоба да маңыздылығына қарай Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы тарапынан қолдау тапты. Фильм режиссері Елена Ковардакованың айтуынша, негізгі мақсат – соғыс кезінде қазақстандықтардың басына түскен ауыр сынақтар мен қиындықты көрсету. Республика аумағы ол жылдары нағыз тыл еді. Бірақ Батыс Қазақстан облысындағы Жәнібек, Сайхин және Шұңғай сияқты стансалар бомбалауға жиі ұшырағанын білетіндер шамалы. Мұнда тұтас ауылдар өртеніп, адамдар қаза тапқан болатын. Дәл осы жерге және Гурьев облысына соғыс тұсында бірнеше диверсиялық-барлау топтары жіберілген. Жобаның бірінші бөлімі осы оқиғаларға арналмақ. Екіншісі соғыс жылдары зауыттар мен фабрикаларда еңбек еткен тыл қызметкері мен жарақат алғандарды жанкештілікпен емдеген медицина мамандары жайында болмақ. Режиссердің айтуынша, Қазақстанда «Әскер даңқ қаласы» немесе «Еңбек ерлігі қаласы» мәртебесіндегі қалалар жоқ. Сондықтан тарихи әділдік орнауы тиіс деп санайды. БҚО-ға жіберілген диверсанттар жергілікті тұрғындар олардың көтеріліске шақыртуларын қолдайды дегенге сенген, алайда оңбай қателескен. Фильмде сол жергілікті тұрғындардың ерлігі көрсетіліп, есімдері аталатын болады. Атап айтқанда, диверсанттардың келгенін чекистерге бірінші болып хабар берген Киров атындағы колхоз бригадирі Байжан Атағазиев. Лента сонымен қатар тыл ардагерлері мен тарихшылардың сұхбаты мен тарихи хроникаға негізделеді. Түсірілімдерге Жәнібек кенті тұрғындары да өз үлестерін қоспақ. Айтпақшы, түсірілім жұмыстары да 40-шы жылдары шайқастар болған дәл осы ауылда өтеді. Деректі фильм көрермендер назарына отандық арналар арқылы ұсынылып, мектептегі «Ерлік сабақтары» шеңберінде оқушыларға көрсетілетін болады. «Последний рубеж» картинасы сонымен қатар түрлі фестивальдерге де жол тартуы жоспарланған.

Автор:  Зарина Смагулова

Фото:  Интернет желісінен алынған

Поделиться
Для корректного отображения страницы пожалуйста отключите блокировщик рекламы