Размер шрифта:

Цветовая схема:

02 желтоқсан, 2021434

Қазақстан ұлттық арнасы түсірген 6 телесериалдың таныстырылымы өтті

Нұр-Сұлтан қаласы «Қазмедиа» орталығында Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арнайы түсірілген алты ұлт перзенттеріне арналған сериалдың таныстырылымы өтті. ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен ұлттық арна «Жәңгір хан. Сарай сыры», «Ахмет. Ұлт ұстазы», «Домалақ ана», «Тәшенев. Тайталас», «Қаныш. Қазына», «Мұқағали. Бұл ғасырдан емеспін» тарихи телехикаяларын таныстырды.

Аталған іс-шараға ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, кино және журналистика саласының өкілдері қатысты.

«Біздің Ақпарат министрлігі керемет жұмыс жасады деп ойлаймын. Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығының алдында осындай құнды дүниелерді халықтың алдына шығарып, елімізге көрсете алсақ, халықтың жүрегіне жете алсақ, үлкен жеңіс қой деп ойлаймын. Сол жолда үлкен қадам жасалды. Әр түрлі ойлар, пікірлер болуы мүмкін. Дегенмен халықтың ойы бір жерден шығатынына сенемін. Неге десеңіздер, нақты тарихи сәттерімізді шамамыз келгенше елге жеткізуге міндеттіміз. Солай болатынына менің ешқандай күмәнім жоқ. Көрермендер де өз бағасын бере жатар», - деді Ералы Тоғжанов.

Сонымен қатар, таныстырылым кешіне арнайы келген ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева жоба жетекшісі Ләззат Танысбай мен түсірілім тобына ризашылығын білдірді.

«Мемлекетіміз қандай қиын жағдай болса да кино өндірісіне көңіл бөліп келеді. Біз өстік, тәжірибе жинадық, сапаны көтердік. Бұл саладағы жұмыс жылдан жылға қарқын алып келеді. Соңғы 5 жылдың ішінде 3500-ден астам сериадан тұратын 250-ге жуық сериал түсірілді. Оның 50-ден астамы Ресей, Түркия, Өзбекстан, Қырғызтан мемлекеттерінде сатылды. Осыдан 10 жыл бұрын, сериал дайындайтын продакшн компанияларды саусақпен санайтын болсақ, бүгінгі үнде бұл саладағы бәсеке өте жоғары. Жалпы кино түсіру, соның ішінде тарихи медиада өнімдер шығару бір сәттік қызықты дүние жасау емес. Бұл жоғары сапаны, терең мазмұнды қажет ететін күрделі сала. Бүгінде тарихи жобалар мемлекеттік телеарна өнімдерінің 30 пайызын құрайды. Бұл жыл аяғына дейін тарихи бағытта 11 сериал көрермен назарына ұсынылады. Осы сериалдар арқылы өскелең ұрпаққа тарихи тұлғалар мен олардың өнегелі өмірін таныстырамыз», - деді Ақпарат және қоғамдық даму министрі.

Айта кетсек, Qazaqstan ұлттық арнада  Ахмет Байтұрсынов, Жұмабек Тәшенев, Қаныш Сәтбаев, Мұқағали Мақатаев, Жәңгір хан және Домалақ ана сияқты белгілі тарихи тұлғаларға арналған телевизиялық телехикаялар еліміздің Тәуелсіздік мерейтойына арналған мерекелік күндерде шығады. Сондай-ақ Khabar арнасында «Бұлбұл әнші – Роза Бағланова», 31 арнада «Жамбыл Жабаев», Almaty арнасында «Тұрар Рысқұлов» сынды ұлт мақтаныштарына арналған фильмдер тізбегі көгілдір экраннан тамашалай аласыздар.

Сериалдарды таныстыру кезінде «Қазақстан» РТРК басқарма төрағасы Л.Танысбай корпорацияның 2022 жылға арналған көп сериялы телевизиялық фильмдерді шығару жөніндегі шығармашылық жоспарларымен бөлісті:  «Ендігі 2022 жылы Қазақстан РТРК Әлихан Бөкейханов, Әлкей Марғұлан, Дина Нұрпейісова, Мағжан Жұмабаевқа арналған тарихи жобаларды шығару жоспарда бар. Сондай-ақ, біз Ғабит Мүсіреповтің «Ұлпан» романын үлкен экранға алып келіп, белгілі композиторлар А.Затаевич пен Е. Брусиловскийдің шығармашылығы туралы сериал түсіру ойда бар. Осы жылы түркі әлеміне кеңінен танымал жырау әрі қобызшы аңыз Қорқыт ата тұлғасына арналған сериал бойынша шығармашылық жұмыс басталды. Бұл серияның түсірілімі алдағы үш жылға жоспарланған және түрік мамандарымен бірге жүзеге асады», - деді.

 

Поделиться
Для корректного отображения страницы пожалуйста отключите блокировщик рекламы