Размер шрифта:

Цветовая схема:

01 маусым, 2020501

Қазақстанда Абайдың қара сөздері жайында деректі туынды түсіріліп жатыр

Қазақстанда Һәкім Абайдың 175 жылдығына орай деректі бейнероликтер түсірілімі жүргізіліп жатыр. Жоба Қазақстан Республикасы Президенті Телерадиокешенінің қолдауымен жүзеге асырылуда.

«Абайдың қара сөздері» атауымен түсіріліп жатқан телетуынды барлық республикалық телеарналарда көрсетілетін болады. Жоба идеясының авторы Қазақстан Республикасы Президенті Телерадиокешенінің бас директоры Раушан Қажыбаеваға тиесілі. Сюжет идеясының авторлары - туындының қоюшы операторы Олжас Ибраев пен жобаға режиссерлік ететін телерадиокешеннің бас режиссері Берік Әбішевтер.  

Бірнеше бөлімнен тұратын тележоба бас ақынның 10 қара сөзін қамтиды. 3-5 минуттық бейнероликте қара сөздердің мағынасы қалдырылып, бүгінгі заманға сай етіп интерпретация жасалған. Оны түсіру барысында түрлі қызықты сәттер де болған екен.

«Мысалы, түсірілім барысында үлкен алақандай өрмекшімен жұмыс істеу керек болды. Оны қолға алуға барлығы қорқып, жүрексінген еді. Бұл қадамға тек жоба продюсерінің ғана батылы жетті», - деп күлді Олжас Ибраев.

Сюжет идеясы авторының айтуынша, бейнероликтер тәрбиеге толы болмақ. Одан бала ғана емес, ересек адам да мағыналы, мәнді нәтиже шығарып, пайдалы ой қорыта біледі. Түсірілімге дайындық барысында қара сөздерді тағы бір шолып шыққан Олжас Ибраев, бұл жолғы оқылымнан басқа да қажетті ақпарат алғанын айтады.  

«Мен Абайдың қара сөздерін оқып, оны жаңадан түсіндім. Ішкі жан дүнием түзелді. Барлығы бекер емес дейді ғой. 10 жылдан астап уақыт бойы жасаған жаман қылықтарымның барлығын тыйдым. Оған, әрине, Абайдың қара сөздері себеп болды. Бұл - жобаның маған берген өзіндік пайдасы дер едім», - деп бөлісті ол.

Айта кетейік, тележобада басты рөлдерді Бақыт Қайырбеков, Болат Әбділманов, Жайдарбек Күнғожинов, Жан Байжанбаев, Сабина Саяқова, Елубай Смағұл, Жандос Айбасов және Бауыржан Қампағайлар сомдайды.

Түсірілім жұмыстары мамыр айының ортасында басталған еді. Қашан аяқталатыны әзірге белгісіз, алайда биылғы жылы Ұлы ақынның 175 жылдығына орай барлық телеарналардың эфирінде көрсетіледі деп жоспарланып отыр.   

Автор:  Зарина Смагулова

Фото:  Олжас Ибраевтың жеке мұрағатынан

Поделиться
Для корректного отображения страницы пожалуйста отключите блокировщик рекламы