Размер шрифта:

Цветовая схема:

16 сәуір, 2020479

Қазақстанда тұңғыш рет мобильді кино фестивалі өткізіледі

Елімізде қысқаметрлі фильмдердің алғашқы фестиваль-байқауы басталды. «Mobile Blockbuster film festival» деп аталатын шараға Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы қоры қолдау білдіріп отыр.

Шараның ерекшелігі – байқауға ұсынылатын фильмдер смартфондар мен планшеттерге түсірілуі тиіс.

Фестивальді MBff продюсерлік тобы ұйымдастырып отыр. Ал, оған сценарист әрі режиссер Дмитрий Байназаров жетекшілік етеді. Елдің кино саласының дамуына елеулі қадам болар шараны ұйымдастырушылар осылайша, карантин уақытында шығармашылық адамдарға дарындары мен шабыттарын, энергиялары мен идеяларын тиімді бағытқа жұмсауға көмектесіп, қолдау көрсетуді жөн көрді.

Отандық кино саласындағы жаңа бағытқа серпіліс әкелер бастаманы Тұңғыш Президент қоры демеуге әзір екендіктерін айтады.

«Мобильді киноның кино индустрияға жаңа формат ретінде енгеніне 10 жылдан астам уақыт болды. Алайда, біздің елде және бүкіл ТМД елдерінде өнердің бұл түріне қызығушылық енді ғана артып келе жатыр. Заманауи гаджеттердің қосымша жабдықтарсыз және шығынсыз жоғары сапалы фото немесе видео жасайтын мүмкіндігі бар. Мұндай технологиялар талантты режиссерлер мен операторларға өз идеяларын жүзеге асыруға, эксперимент жүргізуге, жаңа визуалды шешімдерді іздеуге, сол арқылы сандық технологиялармен бір бағытта қозғалуға мүмкіндік береді. Осы орайда, адам потенциялын дамытуды мақсат тұтатын Тұңғыш Президент Қоры мобильді кино форматындағы отандық кино өндірісіндегі жаңа есімдерді қолдауға дайын»,- деді Елбасы Қорының Алматыдағы өкілдігінің директоры Сергей Тохтаров.

Елдегі алғашқы Мобильді блокбастерлерлік фильмдер фестивалі «маскалар» тақырыбына арналған. Бұл – медициналық, әлеуметтік, театрлық және басқа да маскалар болуы мүмкін.

Шарт бойынша байқауға қатысушылар кәмелеттік жаста болуы тиіс.
Байқауға ұсынылатын фильмнің түсірілімінде смартфон немесе планшеттен бөлек, қатысушы еркіне қарай петличкалар, шамдар, крандар мен арбаларды және тағы басқа қажетті өндірістік құралдарды пайдалана алады. Сонымен қатар, дрондар мен экшн-камераларға да рұқсат етілген, алайда, олардың фильмдегі үлесі туындының жалпы ұзақтығының 10%-ын ғана құрауы тиіс.

Байқауға ұсынылатын фильмдердің ұзақтығы санаттарға байланысты: ең қысқасы 1 минут болса, максималды ұзақтығы - 12 минут. Мысалы, L  санатындағы фильмдер 3-тен 12 минутқа дейін, S санатындағы фильмдер 1 мен 3 минут аралығында, ал XS санаттағы фильмдердің ұзақтығы 1 минутқа дейін болуы тиіс. Бұлардан бөлек, фестиваль аясында Musical Clip (музыкалық бейне) және People’s Choice (көрермен көзайымы сыйлығы) аталымдары да қарастырылған.

Мобильді кино фестиваліне қатысатын фильмдерді  қазылар алқасы - режиссер әрі қазылар алқасының төрағасы Рашид Сүлейменов, актер әрі каскадер Ерден Телемісов, кинотеатрлар желісінің директоры Дмитрий Кириенко және ресейлік режиссер Артур Михеевтер бағалайтын болады.

Айта кетейік, қатысушыларды тіркеу мен жұмыстарын қабылдау үрдісі сәуірдің  12-нде басталып, мамырдың 15-не дейін жалғасады. Ал, «Mobile Blockbuster film festival» жеңімпаздары 17 мамыр күні онлайн форматта белгілі болады.

Байқау шарттарының толық нұсқасымен Тұңғыш Президент қоры мен фестивальді ұйымдастырушылардың сайттарынан оқып таныса аласыздар.

Поделиться
Для корректного отображения страницы пожалуйста отключите блокировщик рекламы