Размер шрифта:

Цветовая схема:

04 тамыз, 2021188

Үздік режиссер Эля Гильманның кинотуындыларына шолу

Эльмира Гильман өзінің 2019 жылы түсірген «Күнбағыс» толықметражды картинасымен әлем киногерлері мен көрермендерінің назарын жаулады. Ол осы фильмі үшін былтырғы Venice Film Awards-те «Үздік режиссер», биыл болып өткен Istanbul Film Awards-те «Ең үздік әйел режиссер»  номинацияларын жеңіп алған. Бұл шығарылымда біз киносүйер қауымға Эля Гильман атымен жақсырақ таныс режиссердің шығармашылығына шолу жасамақпыз.

Эля Гильман 1975 жылы маусым айының 14 жұлдызында Алматы қаласында дүниеге келген. Ол – қазақстандық режиссер, сценарист әрі актриса.

Ол бала кезінен режиссер болуды армандаса да, ата-анасының кеңесімен алғашқы жоғары оқу орнын аудитор мамандығы бойынша бітірді. Студент кезінде КВН-де ойнау, сценарий жазу секілді шығармашылық жұмыстармен айналысқан. 27 жасқа келгенде ол балалық арманын орындау үшін Т. Жүргенов атындағы Өнер академиясына магистратураға түсуге бақ сынайды. Осылайша әйгілі режиссер Сатыбалды Нарымбетовтың шеберханасына қабылданады. Үш айдан кейін ол Санкт-Петербургте Гран-приді жеңіп алған алғашқы қысқаметражды фильмін түсіреді. Ал академияны «Көркемфильм режиссері» мамандығы бойынша тәмамдаған соң, оған «Қазақфильм» дебют жасауына мүмкіндік беріп, «Ангелочек» деп аталатын көркемхикаяны түсіруді сеніп тапсырды. Жас киногерге 13 эпизодтық  толық хикаяны түсіру оңайға соққан жоқ. Алайда Эля осы жобаның арқасында беделді оператор Федор Аранышевпен және режиссер Рымбек Әлпиевпен бірге жұмыс істеп, мол тәжірибе жинады.

Кейін 2007 жылы Ресейге барып, С.А. Герасимов атындағы Бүкілресейлік мемлекеттік кинематография институына (ВГИК) оқуға түседі. В.И. Хотиненконың шеберханасында тәлім алып, режиссура факультетін бітіреді.

Эля Гильман актер ретінде «Мұстафа Шоқай» (2008) фильмінде басты кейіпкердің құрбысының образын және «Танцуй...» (2006) картинасында эпизодтық рөлді сомдады. Ал продюсер ретінде ол өзі режиссерлік еткен «Однокласники» телехикаясында еңбек етті.

«Періште» (2007)

«Періште» («Ангелочек») хикаясы – Гильманның алғашқы әрі ауқымды жобасы. Ол бұл телехикаяны Рымбек Әлпиевпен бірге Ш. Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясында түсірді. Киногерлер бас кейіпкерді сомдайтын актерді мыңдаған балалардың арасынан іздеді. Ақырында жобаға жеті жасар Темірлан Жанботаев Шыңғыстың образын аша алады деген сеніммен таңдалып алынған. Бұдан бөлек картинада Ерлан Көкеев, Владимир Толоконников, Алексей Шемес, Нина Жмеренецкая секілді актерлер кездеседі. Фильм сценарийін жазғандар – Нұрлан Санжар, Зәуреш Ерғалиева, Рымбек Әлпиев. Жиырма бес минуттан тұратын 13 бөлімді картинаның әуенін жазған әйгілі кинокомпзитор – Қуат Шілдебаев.

Телетуындының сюжеті «Менің атым – Қожа» фильмінде басты рөлде ойнап, есте қалған актер, жазушы Нұрлан Санжардың аттас әңгімесінің желісімен түсірілген. Хикаяның сюжеті балалар үйінен қашып, бірде пойызбен, бірде кездейсоқ көлікті тоқтатып астанаға жетуге тырысқан бала туралы бейнелейді. Оның басты мақсаты – анасын іздеп табу.

Фильм оқиғасы 90-шы жылдары орын алады. Тоғыз жасар бала өзінің туған анасын білмегендіктен, ойдан шығарылған анасын іздеп балалар үйінен қашып шығады. Сарыөзектегі оқу полигонындағы балалар үйінің мектебінен ол Астанаға барады, бірақ жол бойында ол әртүрлі оқиғаларға тап болады. Ақырында, ол «анасын» табады. Оның жаңа анасы – мейірімді, әдемі халық әртісі кішкентай баланы ертіп, оны асырап алу құжаттарын рәсімдеу үшін балалар үйіне келеді. Бірақ мұнда баланың туған анасы да осы жерде екені белгілі болады. Ол әрқашан баласының жанында болған, алайда оны өзі де білмей тәрбиеші болып жұмыс істеген. Шыңғыс балалар үйінде дәл сол тәрбиешінің айтқанын тыңдамай, бар тентектігін көрсететін, оған әртүрлі лақап аттар қойып келеке ететін. Анасы да тентек Шыңғысты құлағынан сүйреп, басқа балаларға қарағанда көп ұрсатын. Хикаяның соңғы жағында баланың туған әкесі де табылады. «Үйленем» деп алдап кеткен одан Шыңғыстың анасы қашып жүріп, бір кездері тастап кеткен баласы тұратын облыстық балалар үйіне жұмысқа орналасады.

«Ангелочек» – «періште» атауы Шыңғыстың адамдарды өзгерту қабілетіне орай таңдалған. Оған кездескен кез келген жан сәл де болса жақсы адамға айналады.

«Періште» картинасы киногерлерге екі бірдей жоғары марапат әкелген алғашқы ұлттық телехикая  болды. Телетуынды 2008 жылғы Ялта телевизиялық фестивалінің Арнайы сыйлығы мен сол жылы өткен Мәскеу телефорумында «Балаларға арналған фильм тақырыбындағы үздік сценарий» марапатын жеңіп алды.

«Икар» (2008)

Режиссер бұл қысқаметражы көркем фильмді ВГИК-те екінші курс оқып жүргенінде түсірген. «Икар» картинасы павильонда бес күн ішінде диалогсыз фильм түсіруді талап ететін курстық жұмыс болған. Эля бір сұхбатында бұл картинасы туралы: «Икардың»  жұлдызы жанды.  Ол – менің үлкен қызым туралы фильм. Өзім түсірген жобалардың ішінде маған жалғыз ұнайтыны – осы» деген болатын. Қысқаметражды туынды балалық шақ туралы баяндайды. Сценарийді режиссердің өзі жазған.  Ал басты рөлдерді Ирина Агейкина мен Данила Сторокожев сомдады.

«Трубадур» (2010)

Режиссер Эля Гильман бұл қырық минуттық фильмді 2010 жылы «Қазақфильм» киностудиясының қаржылық қолдауымен Gilman продакшнде түсірді. Бұл – оның ВГИК-тағы дипломдық жұмысы болды. Сценарийін де режиссердің өзі жазған картинаға Александр Гильман мен Ермек Аманшаев продюсерлік еткен. Кинотуындының сахналары Алматы мен Мәскеуде түсірілген. «Жанры комедия болғанына қарамастан, фильмде көптеген салмақты тақырыптар көтеріледі. Олардың ең маңыздысы – Алматы апортының жаңғыруы мен сақталуы, себебі ағаш та адам сияқты ұзақ жылдар бойы өседі ғой. Бұл – менің әрекетке шақыруым, шын жүректен шыққан жан-айқайым», – дейді картина авторы.

Қысқаметражды фильм адам қай әлеуметтік топқа жатса да, оны бағалау керек екенін айтады. Бұл картинаның басты кейіпкері – Төлеш есімді өте көңілді жігіт. Ол – тым аңғал әрі романтик. Төлеш музыканы, табиғатты және өмірді өте жақсы көреді. Бірақ айналасындағылардың бәрі оны мүлде түсінбейді. Сондықтан ол Трубадур атты өзінің сүйікті диджейімен кездесу үшін Мәскеуге баруды шешеді. Оның жолы ұзақ әрі қиын болды. Соған қарамастан ол діттеген жеріне жетеді. Бірақ қаладан өз кумирін таба алмайды. Іздеу кезінде ол әртүрлі – жақсы жандармен де, жаман адамдармен де кездеседі. Ақыры ол өз кумирі қатысатын кеш өтетін ғимараттың мекен-жайын табады. Бірақ мұнда бөгде адамдардың кіруіне тыйым салынған. Төлеш көп ұзамай бұл мәселенің де шешімін тауып, ішке кіреді. Өзінің кумирін жақынырақ көреді. Мерекеден кейін Төлеш көшеде Трубадурмен кездесіп, оның қолтаңбасын сұрайды. Бірақ оны қалағанын ала алмай Алматыға қайтады. Өз қаласына келіп, музыкамен айналысып һзін тапқандай болдаы. Бірақ Трубадурдың өмірі Толешпен кездескеннен кейін мүлде басқа бағытта өрбиді.

Фильмдегі басты рөлдерді Бибігүл Сүйіншалина, Төлепберген Байсақалов, Алексей Кортнев, Нонна Гришаева, Камил Ларин, Александр Демидов (III), Владимир Толоконников, Нұрлан Қоянбаев секілді өз ісінің шеберлері сомдаған.

 «Астана – менің жүрегім» (2012)

«Астана – менің жүрегім» («Сердце мое – Астана») – қазақстандық кинорежиссерлермен бірлесіп түсірген ресей киногерлері Егор Михалков-Кончаловский мен Алексей Голубевтің жобасы. Он шағын көркем туындыдан тұратын әртүрлі оқиғалар арқылы авторлар ел астанасының өткені мен болашағын көрсетуге тырысады. Ертегідегідей балалық шақ, өршіл жастық пен бақытты қарттық жас астананың аспаны астындағы кейіпкерлердің тағдырымен астасып жатыр. Барлық оқиғаның қаармандарын біріктіретін ең маңызды нәрсе – қалаға және онда тұратын адамдарға деген сүйіспеншілік. Кейіпкерлер тап болатын күлкілі, кейде қайғылы, драмалық әрі қызықты оқиғалар шаттана отырып қарайтын қызықты киноальманахқа айналады.

Осы он шағын оқиғаның бірінің сценарийін Эля Гильман жазып, «Тосынсый» («Сюрприз») атты бесминуттық картинаны түсіреді. Бұл жобаға қатысу үшін Эля алдымен сценарий жазып, байқауға өтініш береді. Кейін  «Қазақфильм» оны басқа 50 үміткердің ішінен таңдап алады. Қысқа ғана картина болған соң, жоба авторлары режиссерлерге бар болғаны бес сағат берген. Уақыттың тығыздығына қарамастан Гильман өз фильмінде қызықты сюжет көрсете алған.

Эляның картинасының сюжеті балалары мен жұбайы Алматыда, өзі жұмыс бабымен елордада тұратын Талғат атты шенеуніктің оқиғасын баяндайды.  Жаңа Жыл қарсаңында барлық жан мерекелік көңіл күйде. Мемлекеттік қызметкер Талғат та мереке алдында отбасына сыйлықтар сатып алып, Алматыға баруға бекінеді. Бірақ Жаңа жылға дейін Алматыға жету мүмкін  еместей, себебі, барлық билеттер сатылып кеткен. Осы кезде Талғатқа барлығы Танкист деп атаа кеткен такси жүргізушісі көмектесуге келіседі...

Таксист рөлін сомдау үшін  грузин актер Баадур Цуладзе Тбилисиден ұшып келді, ал Нұрлан Өтешев шенеуніктің рөлінде ойнады. Картинаны түсірген оператор Ярослав Пелунский болды.

Киноальманахтың басқа да эпизодтарын түсіруге Гильманмен бірге Джулия Ғани, Рүстем Әбдірашев, Сергей Дебижев, Фархат Шәріпов, Жасұлан Пошанов, Айдар Баталов, Рашид Сүлейменов секілді режиссерлер де қатысты.

«Сыныптастар» (2012)

Бұл ерекше телехикаяны Эля Гильман Игорь Пискунов және Елена Лисасина секілді режиссерлермен бірге түсірген. Сценарий авторы – Хакимжан Булибеков. Хикая жиырма бөлімнен тұрады, әрқайсысы 25 минутқа созылады. Тележобаның жанры – драмалық және эксцентриктік новеллалар. Ал жаңа туындының басты ерекшелігі – оның жанрлық әртүрлілігі. Әр фильмнің өзінің толық сюжеті бар және әртүрлі жанрда түсірілген.

«Біздің телехикамыз жанрлардың алуан түрін ұсынады: комедия, мелодрама, вестерн, роуд-муви, комикс, балет, мультфильм, ситком және т.б.  Материалдың мұндай әмбебаптығы, көрермендердің жасына, кәсібіне, әлеуметтік жағдайына қарамастан, олардың назарын аударуға мүмкіндік береді», – дейді фильмнің режиссері әрі продюсері Эля Гильман.

Сюжетті тәуелсіздік алған жылы мектеп бітірген 20 адамның тағдыры біріктіреді. Хикаяда қазіргі кинода кездесе бермейтін жанрдағы фильмдер қойылады. Мысалы, біреуі – музыкалық фильм, ол басты рөлдегі Парвиз Назаровпен үнді фильмдеріне пародия іспетті түсірілген. Оның сюжеті қазақ қызына ғашық болған және ол үшін қазақ тілін үйренуге дайын үнді студенті туралы баяндайды.

Ал телехикаядағы келесі фильмдердің бірі – «Қызыл Жизельдің» желісі  бойынша әйгілі Сәуле Рахметованың қатысуымен түсірілген балеттік фильм. Тағы бір эпизод жартылай деректі форматта түсірілген. Мұнда атақты тележурналист Владимир Рерих басты рөлде ойнайды және тәуелсіздіктің 20 жылдығының маңызы туралы өзінің ерекше пікірін айтады. Сондай -ақ, спорттық тақырып «Олимпионик» деп аталатын эпизодта көтерілетін болады, онда рөлдердің бірін Олимпиада чемпионы Ольга Шишигина сомдайды.

Бұлардан бөлек, телехикаядан Азамат Сатыбалды, Парвиз Назаров, Линда Нигматулина, Айжан Байзақова, Калампыр Айсангалиева, Жәнібек Ақылбеков, Роман Хикалов, Игорь Цай, Дәулет Әбдіғапаров, Азат Сейтметов, Ольга Коржева, Виктор Ашанин, Ольга Шишигина, Олжас Сүлейменов, Дулыға Ақмолда, Евгений Жұманов секілді әйгілі тұлғаларды кездестіруге болады.

 

«25-ші километр» (2012–2013)

Бұл телехикаяны Эля Гильман «MediaZavod» киностудиясында «Хабар» телеарнасының тапсырысы бойынша Игорь Пискуновпен бірге түсірген. 24 бөлімді телетуындының сценарийін жазған Расул Шыбынтай.

«25 -ші километр» – ерекше үйге қоныс аударған отбасы туралы қызықты оқиға. Бұл үй үлкен қала мен ауылдың дәл ортасында 25-ші километрде орналасқан. Онда хикаяның басты кейіпкерлері – жас жұбайлар Бека мен Лана тұрады. Жас жұп үйленгендеріне өте бақытты. Екеуі одан әрі де алаңсыз бақытты өмір сүретін сияқты. Жастар арасындағы қарым-қатынас тез және күтпеген жерден орнады. Отбасы атанғандарына алты ай болған жастар өздеріне лайықты мекен таба алмай    біраз әуреленеді. Олар қаланың бір жерінде Лананың ата-анасының пәтерінде тұра алар еді. Алайда, Бектің адамы көп ортада тұруға ықыласы жоқ. Ал екінші жағынан, жігіттің ауылдағы туыстарына көшіп баруды Лана құп көрмейді. Басты кейіпкерлер мұндай келіспеушіліктерді байыппен шешуге тырысады, себебі өздері  олардың арасында шынайы махаббат бар екеніне сенімді. Шыныда, оларды нақты не біріктіретіні белгісіз. Бек боксты жақсы көреді, ал Лана шопинг жасағанды ұнатады. Бек дәмді тамақтанғанды ​​жақсы көреді, бірақ Лана тамақ жасап білмейді. Ғашықтардың өздерінен басқалар олардың одағы туралы жақсы ойда емес. Бектің ата-анасы Қарлығаш пен Балтабай ұлдарына «боялған қуыршақ» емес, қарапайым әйел керек деп санайды. Ал Лананың ата-анасы – Аида мен Сәкен қызын олигархқа тұрмысқа беруді армандаған еді, алайда қыздары қайдағы бір «зоотехникті» тауып алды.

Шытырман оқиғалы комедияның басты кейіпкерлерін сомдауған режиссерлер Жанна Қуанышева, Ерден Телемисов, Владимир Толоконников, Саят Мерекенов, Айнұр Ниязова, Ғазиза Әбдинабиева, Сәкен Рақышев секілді әртістерді шақырған.

«Сүт, қаймақ, сүзбе!» (2013)

«Сүт, қаймақ, сүзбе!» («Молоко, Сметана, Творог!») – режиссер Эля Гильманның кезекті толықметражды картинасы. Фильмнің продюсері Игорь Пискунов болды.

Картина сюжеті бойынша, тағдыр құдыреттің күшімен банк қызметкері Салтанат пен сүт саудагері Жібектің орын ауыстыртып жібереді. Біріншісі енді сиырдан сүт сауып, қаймақ жасауы керек, ал екіншісі – несие берумен айналыспақ... Салтанат тым өркөкіректігі үшін, ал Жібек ашық және негізсіз қызғанышы үшін, сондай-ақ сүт тасымалдайтын жүргізушіге жаман қарым-қатынас танытқаны үшін осылай жазаланды. Эля Гильман фильмге сценарийді де өзі жазған. Ол ойлап тапқан сюжет көрерменді қатты шатастырады, өйткені ол ауыстыруды  қзыдардың айналасындағылар қалай байқамағанын түсіндірмеген. Банк қызметкерлері Жібекті оңай көре алады, ауыл тұрғындары да Салтанатты ерекше реакциясыз қабылдайды. Ең бастысы, тіпті қыздардың ғашықтары да олардың басқа адам екенін байқамайды.

Алғаш рет комедиялық фильм 2012 жылы Еуразия кинофестивалінде көпшілік назарына ұсынылды. Картинаның басты рөлдерінен Линда Нигматулина, Гүлнара Сильбаева, Дәулет Әбдіғапаров, Дастан Шәкіров, Тұрахан Садықова, Сафуан Шаймерденов секілді әртістерді көруге болады.

«Күнбағыс» (2019)

«Күнбағыс» («Sunflower») картинасы – Эля Гильманның ең соңғы жарық көрген әрі ең сәтті толықметражды фильмі. Режиссер бұл фильмді 2019 жылы Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ және «Сталкер Cinema» ЖШС-мен түсірген. Сценарий авторлары – Расул Шыбынтай мен Гүлсина Мұстафина. Рөлдерде қазақстандықтардан Еркебұлан Дайыров пен Жандос Айбасов ойнайды. Шетелдіктер актерлерден эстон-ресей актері Кирилл Кяро пен серб актрисасы Слобода Михаловичті көруге болады. Ал басты рөлді өзінің дебюті болса да тамаша ойнап шыққан алматылық жасөспірім Рашид Мусин сомдады.

97 минуттық картинаның сюжеті 14 жастағы интернетке тәуелді жасөспірімнің оқиғасын баяндайды. Режиссер Эля Гильман өзінің осы туындысы туралы былай дейді: «Бұл оқиға – менің барлық ата-аналарға жолдауым, бүкіл әлемдегі мен сияқты бала тәрбиелеп отырған ата-ана мені естіп, түсінеді деп сенемін. Жасөспірім болу қиын, ережелердің қысымына қарсы тұру да қиын. Ал біз балаларымызға жақын болу үшін, оларды жақсы көру үшін бар күшімізді салуымыз керек».

2019 жылы түсірілген картина карантиндік шектеулерге байланысты отандық прокатқа шыққан жоқ. Дегенмен ол көптеген халықаралық кинобайқауларға қатысып, әлем көрерменінің назар аударды. Эля Гильман осы картинасы үшін Venice Film Awards байқауында «Үздік режиссер» номинациясын жеңіп алды. Сондай-ақ ол WRPN Women’s International Film Festival-де «Үздік шеберлігі үшін» марапатына ие болды. Осы фильмде басты рөлдердің бірін сомдаған Еркебұлан Дайыров Канн кинофестивалінде «Азияның үздік актері» номинациясын қанжығасына байлады.  Бұдан бөлек, фильм қоржынында Istanbul Film Awards фестивалінен «Үздік драма», «Әйелдер арасындағы үздік режиссер» (Эля Гилман), «Шетелдік үздік фильм», «Үздік оператор» (Алексей Кирюхин), «Үздік бала рөлі» (Рашид Мусин), «Үздік актер» (Еркебұлан Даиров), «Үздік актриса» (Слабода Михалович) секілді бірнеше номинациялары бар.

Поделиться
Для корректного отображения страницы пожалуйста отключите блокировщик рекламы