Размер шрифта:

Цветовая схема:

30 қазан, 2020413

Қазақстандық кәсіби дубляждың қыр-сыры

Қазақстанда әлемдік прокаттағы фильмдердің қазақ тілді нұсқасы отандық көрермендер арасында үлкен сұранысқа ие болуда. Бүгінде шығыс ертегісінің кейіпкері Алладин де, атақты Малефисента да, супер күшке ие Кекалушылар мен Қара киімділер де қазақ тілінде сөйледі. Барлығы 34 шетелдік картина кәсіби түрде қазақ тіліне аударылып дыбысталды. Бұл осыдан тоғыз жыл бұрын жұмысын бастаған «Болашақ» корпоративтік қорының «Өзіңнен баста» жобасының арқасында мүмкін болды. Осы уақыт ішінде талай жұмыс атқарылды: дубляж саласы мамандары тәжірибеден өтіп, Голливуд жұлдыздарының қазақ тіліндегі ресми дауыстары да анықталды, т.т.. Қазақстандық дубляж жұмысында тағы нендей қиындықтар мен қызықтардың болатыны жайында Қордың жобалар үйлестірушісі Айымгүл Орынбаева айтып берді.  

- Кино туралы қалам тербеп жүрген біздерді дубляж саласы өте қызықтырады. Сондықтан осы іспен тікелей айналысатын Сіздермен сұхбат жүргізуді жөн көрдік. Мәселен, бүкіл әлемді қызықтыратын голливудтық фильмдер біздің елде де үлкен танымалдылыққа ие. Бүгінде қазақ тілінде сөйлеген Disney кейіпкерлері қазақстандық көрермендер арасында үлкен сұранысқа ие болуда. Бұл жобаның идеясы кімге тиесілі?

-  Біріншіден, жобаға осындай қызығушылық білдіріп арнайы сұхбат ұйымдастырып отырғандарыңызға үлкен рахмет. Ал енді жоба жайлы айтсақ, біз бұған жәй жұмыс деп қарамаймыз. Жобаға қатысы бар әрбір адам жан-тәнімен іске берілген. Әрине, бұл жобаның басында тұрған - Бауыржан ағамыз. Өзі жобаны қалай сүйсе, жобаға атсалыса қатысқан әр азаматқа сол сүйіспеншілігін жеткізіп отыр. Жоба 2011 жылы бастау алған. Алғаш болып Бауыржан Қыдырғалиұлы Байбектің идеясымен қолға алынды. 2011 жылы ТМД-дағы Disney студиясының президенті Марина Жигалова-Озканмен кездесіп, фильмдерді қазақ тіліне дубляждау мәселесін талқылаған болатын. Бастапқыда бұл жобаға өзі жетекшілік етті. Дубляж барысы іске асырылатын студиялардың лицензия алуына себепкер болды, мәтіндерін үйлестіру секілді жұмыстарға өзі басшылық еткен болатын. Disney сияқты әлем алыптарымен жұмыс құру, оның дұрыс бұрысын анықтау, жан-жақты келістіру, шығармашылық топты жинау сияқты жұмыстырдың мән-жайын түсініп, бізге әлемдік кинокеңістікке жол салды. Өсе келе, басқа да әлемдік киностудиялармен жұмыстар жүргізіле бастады.

- «Өзіңнен баста» жобасы осымен тоғыз жыл жұмыс істеп келеді. Білуімізше, 34 голливудтық картина үлкен экрандарға шықты. Дубляж саласы, әрине, оңай жұмыс емес. Сондықтан осы іспен айналысатын Сіздерге қойылатын талап қатаң шығар?

- Әрине, көптеген түрлі талаптар қойылады, әр басқан қадамымызды жүз рет жан-жақты қарастырамыз. Бұл талаптар тек студиядағы жұмыстарға емес, интернет желісіне шығатын суреттерге, мәтіндерге, әдетте көрсетілімдерде болатын аниматорлар, тікелей киностудияның өніміне қатысы бар барлық іс-әрекетімізге таралады. Мысалы, біз инстаграм парақшаларына ойымызға келген анимацияны сала алмаймыз, тек арнайы жасалып жіберілген материалдарды қолдануымыз керек. Онда да үстіне логотип қою немесе жазба жазудың өзі бұзушылық болып табылады. ITunes, YouTube парақшаларына біреу сырттан саундтректі немесе фильмнің өзін салып жіберсе, 15-20 минуттың ішінде олардың парақшаларын, тікелей торды бұғаттап тастайды.

- Естуімізше, елімізде шетелдік фильмдерді сапалы аударып, дубляж жасайтын екі студия бар. Олардың ерекшелігі неде?

- Осы жерде аздап тоқталып анықтама бергім келіп отыр. Біз студия, студия деп айтып жатамыз, сондықтан бізді, яғни «Болашақ» Корпоративтік қорын кейде дубляж студиясы деп шатастырып жатады. Сондықтан айтып өтуді жөн көріп отырмын, тікелей дубляжбен әрине, біздің Қор айналысады. Оның ішінде өнімді таңдау, келісім шартқа отыру, дубляж жұмыстарын іске асыру, оны кинотеатрларға шығару, халыққа жеткізу деген сияқты бірнеше кезең бар. Әрине, бұл жұмысты біз серіктестеріміз «Меломан» компаниясымен бірлестікте жүзеге асырамыз. Енді дауыстарды жазатын, толықтай фильмің дубляжын жасайтын кеңістік болу керек қой. Осы кезде біздің студиямен жұмыстарымыз басталады. Студия мәселесіне тоқталсақ, қандай да бір студия бұл жұмыспен айналысу үшін арнайы лицензиядан өту керек. Лицензия талаптары қандай дейсіз ғой, мысалы бізге өткен кезде Англиядағы Sheppertоn (Шеппертон) студиясынан маман келіп, техниканың, компютерлік бағдарламалардың, микрофондардың, толығымен біздің студиямыздың сипаттамаларының Disney студиясының сұраныстарына сай келу-келмеуін қарап, студиямызда жұмыс істейтін мамандарға сауалнама өткізіп, нұсқаулар беріп кеткен болатын. Осылай біздің Қазақстандық екі студия Disney компаниясының лицензиясын алып, біздің қарамағымызда жүріп үлкен жұмыстар атқарды. Олар Алматы қаласындағы «Cinema Ton» киностудиясы және ел астанасындағы «Aray Media Group» студиясы. Әрине, әр лицензияның шектеулері көп, мәселен, бізге жазылым барысын көрсетуге тыйым салынады, студиядан бірде-бір материал сыртқа шығарылмайды, дубляждалған туындының әлемдік премьераға дейін ешбір әңгімесін сыртқа шығара алмаймыз. Айта берсең шектеулерге шек жоқ.

- Ал, қазақ тіліне аударылатын фильмдерді қандай талаптар бойынша таңдайсыздар? 

- Қаражаттың тығыз болуына байланысты біз сырттан кіріп жатқан барлық туындыларды қамти алмаймыз. Сондықтан көбінесе балаларға арналған немесе отбасылық көрсетілімге арналған туындыларды таңдаймыз. Оның ішіде де бәрін ала алмаймыз, бірақ сұранысқа ие, көрсетілімге сұранысы көп кинотуындыларды бірінші орында қарастырамыз. Өздеріңіз білесіздер, біз коммерциялық емес ұйымбыз, және «Өзіңнен баста» жобасы әлеуметтік болып келеді. Бұл, біріншіден, қазақ тілді аудиторияның құқығын қорғау, яғни кинотеатрларда фильмдер орыс тілде ғана емес, қазақ тілінде де болу керектігі, әрбір кинокөрермен өзіне ыңғайлы тілді таңдауына мүмкіншілік жасалу керектігін меңзейміз. Қазір біз әр фильмге жекелеп демеуші іздейміз, әзірге мемлекет тарапынан қаражат бөлінбей жатыр. Сондықтан барлығы демеуші табу-таппауымызға байланысты. Болашақта сырттан кіретін барлық фильмдер қамтылса деген арманымыз бар.

- Осы уақытқа дейін қазақ тілінде дубляждалған фильмдердің барлығы дерлік балаларға арналған. Білуімізше, олардың көбі Disney компаниясының өнімдері. Өзге голливудтық киностудиялармен келісім орнату жоспарда бар ма?  

- Disney компаниясы бұл салада біздің ең алғашқы әрі үлкен серіктестеріміз болып келеді. Бірақ біз олардан басқа Sony, Marvel, Pixar, Lucasfilm Ltd., Bazelevs сияқты студиялармен тығыз жұмыс істейміз. Алдағы уақытта тағы да басқа студиялармен жұмыс істеуді жоспарлап отырмыз. Қазіргі уақытта олармен келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Алайда әлемді дүрліктірген пандемияның салдарынан келіссөздеріміз ұзаққа созылып кетті.

- Дубляж жасауға қанша уақыт жұмсалады?

- Бұл жерде тек таңдалған фильмнің дубляж жасау уақытын алсақ, шамамен 3-4 айда жұмыс тәмамдалады. Ал енді әу бастан алсақ, онда фильмнің таңдалуы, оларды бекіту, демеуші іздеу, келісімшартқа отыру, дубляждау, кинотеатрға шығару, халыққа жеткізу, одан кейін онлайн-кинотеатрларға шығару 8-9 айға дейін созылады.

- Бұл үрдіс неден басталады? Қалай жүзеге асады?

- 3-4 айда жүргізілетін жұмысқа фильмнің трейлерін дубляждау, дубляж актерлеріне кастинг өткізу, мәтіндермен жұмыстар, тағы басқа кіреді. Басты кейіпкерлердің дауысын Disney, Sony, Pixar тағы басқа біз жұмыс істейтін студиялар өздері таңдап тағайындайды. Біз кастинг ұйымдастырып режиссердің «осы дауыс келеді-ау» деген дауыстарын жазып тікелей үлкен студияға жіберіп, олардан жауап күтеміз. Актерлердің дауыстары голливудтық киностудиялармен келісудің күрделі кезеңдерінен өтеді. Барлық дауыстар тағайындалғаннан кейін бізге студиядан мамандар келеді. Келген маман дубляж барысына біздің творчествалық топқа жетекшілік етеді. Бұл, көбінесе, Disney, Pixar фильмдерінде өте қатал қаралады. Бірақ жылдар бойы жиналған тәжірибеміздің арқасында біз оларға қазір өзіміздің кәсіби деңгейімізді көрсетіп, үлкен сенімге ие болдық, бұл да үлкен жетістік.

- Дубляж қызықты сала болғандықтан, бұл жайында көп оқып, танысып жатырмыз.  Сондағы білгеніміз – бұл голливудтық фильм орыс тілінен емес, тікелей ағылшын тілінен аударылатыны. Осы орайда, аудармашылар қандай қиындықтармен кездеседі? Аударманы қысқа ғана емес, қазақ тіліне орайластырып, түсінікті әрі мағыналы етіп аударуға да ерекше мән беріледі ғой. Бұл үрдіс те оңай емес қой?

-  Ия, біз фильмдерді түпнұсқада аламыз. Сол себепті ағылшын тілінен тікелей аударамыз. Бұл – басты ерекшелік деп айта аламын. Аудару барысында көп дүние қамтылады. Біріншіден, тілдің таза әрі барша көрерменге түсінікті болуы, одан липсинг мәселесі бар, арада қалжыңды дұрыс жеткізу, яғни локализация мәселесі туындайды. Негізі көңіл аударатын тұстары көп. Кейде мәтінді тікелей аудармай, аздап бұрмалауға мәжбүр боламыз. Мысалға, «Алға» фильмінде ЛГБТ көрініс тапқан сәттер кездесті. Біздің көрермен қауым мұны қабылдай алмайды. Бұл біздің психологиямызға жат. Оны балаларға арналған контентте тіптен көрсете алмаймыз. Сол себепті қарапайым түрде «құрбым» деген сөзбен алмастырып өтіп кеттік. Бұдан бөлек, «Ральф интернетке қарсы» мультфильмінде Ерке Есмахан, Роза Рымбаева деген аттар айтылды. «Мұзды өлке 2» фильмінде Абайдың балалар білетін нақыл сөздеріне де жүгіндік. Басты мақсатымыз – фильмдерді көрерменге барынша жақындату. Біз липсинг тәртібінің сақталғанына қатты мән береміз. Яғни, ағылшынша «I am» деп айтса, ауыз ашылып айтылады. Ал оның қазақша тікелей аудармасы «мен» сөзінде керісінше, ауыз жабылып айтылады. Бұл липсингке келмейді. Сол себепті біз оны аздап бұрмалап, «Ал мен» деп айтуымызға тура келеді. Міне, осыған ұқсас түрлі қиындықтары бар. Мұның бәрі біраз уақытты алады. Көп фильмдерде Американың әзіл-қалжыңдары жиі кездесіп жатады. Оны тікелей мағынада берер болсақ, біздің көрермен бірден түсіне алмайды. Сол үшін фразеологизм, диалект сөздерді пайдаланамыз. «Айтшиш», «барсайшы», «жоға» сынды диалектерді қолданған кездеріміз болды. Әрине, бәрін өз орнымен пайдаланамыз. Егер әрбір сөзін, әзілін көркем сөзбен көмкеріп, әдеби тілде жеткізер болсақ, балалар бірден түсіне алмайды. Содан барып қазақ тіліндегі фильмдерді түсіну қиын, орыс тіліндегі нұсқасы ыңғайлырақ деген түсінік қалыптасады. Әрине, Disney, Sony, Pixar  тағы басқа сынды Бас студиялардың басшылығы аударылған фильмді премьераның алдында «үтір-нүктесіне» дейін тексеріп шығады. Сол кезде енгізілген өзгерістерден хабардар етіп, себебін түсіндіреміз. Әдетте, олар мұндай өзгерістерге түсіністік танытып, қарсылық білдірмейді.

- Енді актерлерге ауыссақ. Фильмдегі кейіпкерлерді дыбыстайтын актерлер қандай критерийлер бойынша іріктеледі? Ол үшін не қажет? Актер емес адам кастингке қатыса ала ма?

- Актер емес адам деген қызық естіледі екен (жымияды). Актерлік мамандығына ие емес жандар да қарастырылып жатады, әрине, бірақ сирек жағдайларда. Негізі актерлік мектепті өтуі абзал, өйткені дубляж актері болу бұл экранда немесе сахнада ойнаудан әлдеқайда қиын. Дауыстың дұрыс қойылғандығы, актерлік шеберліктің жоғары болуы, актердің икемділігі маңызды мәселе. Актердің бұл сапаға ие болмауы ертең дубляж режиссеріне үлкен ауыртпашылық тудыруы мүмкін, ал бұл дегеніміз жұмыстың аздап тоқтап қалуы. Одан кейін дауыс тембрінің ойнаған актердің немесе кейіпкердің тембріне келуі қажет. Жас аралығы да үлкен рөл атқарады. Кастинг кезінде бізге әр кейіпкердің белгілі бір жасы беріледі, оған да мән береміз. Және әрдайым айтып өтем, біз кішкентай студиялық бөлмеде айғайлап сөз айтып, оған қоса ентігіп, атта шауып келе жатқан кейіпкерді ол шынайы түрде қазақ тілінде сөйлеп, атта шауып келе жатқандай көрсетуіміз керек. Кішкентай бөлмеде бір Сахарадай кеңістікте жүргендей болу оңай дүние емес. Актер Нұрлан Әлімжанов «Дубляж – барлық актерлік өнерден қиын» деп пікір білдірген. Өзіңіз елестетіп көріңіз, кішкентай ғана бөлмеде кейіпкердің сөйлеген сөзін, демалысын, эмоциясын айна-қатесіз салу керек. Мұның бәрі тәжірибесі жоқ актердің қолынан бірден келмейді.

- Ал актер мамандығын игермеген адам кастингте таңдалған жағдайлар болды ма? Болса, олар кімдер? Қандай кейіпкерді дыбыстады?

- Әрине, болды. Топты жарып шыққандар аз емес. Қазір еліміздің әншілері де өзінің актерлік шеберліктерін сынап жетістіктерге жетіп жатыр. Мысалы, Динара Сұлтан, бірінші жобаға «Аладдин» фильмінде саундтрек орындаушысы ретінде келген болса, кейінгі жобамыз «Мұзды өлке 2» фильмінде басты рөлдердің бірі Идуна патшайымды қазақша сөйлетті. Керемет шықты. Айгерім Есенәлі де жобамыздың бірінде болған. Қазір бәрі бірден есіме түсе қоймайды.

- Біздің елде дубляж мамандары дайындалмайтындықтан, дыбыстау  жұмысы екі, тіпті, үш есе қиын өтетін шығар...

- Бізде бұл сала енді-енді қалыптасып келеді. Бір жылдары Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында дубляж-режиссері мамандығы болып, оны бір толқын ғана оқып бітірген. Алғашқы легі оқып шыққан соң, кафедраны жауып тастады. Ал біздегі мамандар тәжірибенің арқасында, Disney секілді компаниялардан өткен тәжірибенің нәтижесінде белгілі бір деңгейге жетті. Ал оқу орнын бітіріп келген, сертификатталған мамандар жоқтың қасы. Бізде қазір дубляж-режиссері саласын бітірген бір ғана қызметкеріміз бар. Қалғаны -тәжірибенің жемісі. Осы 9 жыл ішінде бізде 100-ден астам маман үйреніп шықты.

- Сіздерде осы мамандықтарға оқытатын қандайда бір курстар бар ма?

- Қазір әзірше жоқ, бірақ болашақта дубляж мектебін қалыптастыруды жоспарлап отырмыз. Бәріміз қазір уақытқа тәуелдіміз.

- Шетелдік актердің дауысын дыбыстайтын белгілі бір қазақстандық дауыстар бекітілетін жағдайлар болды ма? Мысалы осындай-осындай актердің Қазақстандағы ресми дауысы дейтіндей тұлға елімізде бар ма? 

- Ия, ондайды да бастан өткердік. Disney студиясымен келісімшарты бойынша «Малефисента» фильмінде Анджелина Джоли өзі ойнаған рөлді дыбыстайтын дубляж актерлерін өзі бекіткен болатын. Сондай күрделі кастингті өтіп, 2013 жылы өз дауысына Гүлназ Әуесбайды 7 жылға бекіткен болған. Осыған орай, 2019 жылы шыққан «Малефисента: түнек Әміршісі» туындысында кастингсіз Гүлназ ханым өзі дыбыстап шықты. Кезінде Уилл Смитпен де осындай қызықтар болған.

- Дубляждалған голливудтық фильмдер тек кинотеатрларда ғана көрсете ме? Әлде желіге де жүктеле ме? Мәселен, американдық фильмдерді сүйіп тамашалайтын қазақ тілді аудитория көбінесе ауыл-аймақтарда ғой. Ол жақта кинотеатрлар болмағасын, бұл мәселені шешудің бірден-бір жолы стримингтік платформалар немесе Youtube-арналар ғой...   

- Ия, Youtube мәселесі кішкене қиындау. Әлем алыптары өз туындыларын мұндай ашық кеңістікке шығармайды. Олар тек арнайы онлайн кинотеатрларға шығаруға рұқсат береді. Бұл тұрғыда онлайн кинотеатр иегерлері өздері жекелеп лицензия сатып алады. Қазір біз онлайн-кинотеатрлармен тығыз жұмыс істейміз. Біздің барлық туындыларымызды премьерадан кейін сол жерде көруге болады. Алайда бұның бірі - ресейлік, екіншісі - украйындық желілер. Осындай үлкен онлайн платформа Қазақстанда да ашылса, нұр үстіне нұр жауар еді.

- Осыған дейін 34 голливудтық картина қазақ тіліне дубляждалып, көрерменге жол тартты дедік. Олардың қайсысына халық айтарлықтай көбірек жиналды?

- Негізі біздің сауалнамаларымызға жүгінсек, біздің туындыларымыз үлкен сұранысқа ие. Әр туындымыздың өз жанкүйерлері бар. Үлкен де ұзақ жұмыстың арқасында былтыр шыққан «Мұзды өлке 2» туындысы жақсы көрсеткіштерге ие болды. Бұл мультфильмді кинотеатрдан 26 мың адам көрді. Ал ең өкініштісі, бұл біздегі орыс тіліндегі прокатқа жиналған көрерменнің 1 пайызын ғана құрайды. Бірақ алда көрсеткіштер деңгейі орыс тілінен арта түсеріне күмәнім жоқ.

- Қазақ тіліне фильмдер дубляждау арзан іс емес екені белгілі. Картина экранға шыққан соң, өзін-өзі ақтай ма?

- Жоғарыда айтып өткендей, біз коммерциялық ұйым емеспіз, және коммерциялық мақсатты көздемейміз. Біздің Қорды алсақ, біз фильмнің прокатынан ешқандай қаражат таппаймыз. Прокат жағынан келген табыс «Меломан» компаниясына түседі. Себебі олар Қазақстан аумағында ресми түрде прокатпен айналыса алады. Алайда олардың статистикасын қарай отырып, олар бұдан өте аз табыс көретінін айта аламын. Себебі түскен қаражаттың белгілі бір пайызы фильмді шығарған студияның өзіне аударылады. Табыс мәселесі тікелей прокат сапасына байланысты. Біздің прайм-таймда аз болуымыз, оған қоса халықтың енді-енді үйреніп келе жатқанын алсақ, неліктен сондай төмен екенін түсінуге болады.

- Дубляж сапасына қандайда бір сын айтылды ма?

- Сын, әрине, айтылып жатады, оның болғаны өте дұрыс. Жүз пайыз жақсы пікірлер алып жатырмыз десем өтірік болар. Кейде тілдің бұрмаланғаны жайлы айтып жатады, бірақ бұған анық түсіндірмеміз бар. Жоғарыда айтап өтіп едім ғой, локализация мәселесі және халыққа түсінікті болуы біз үшін маңызды. Көбісі жазғандай, көркем-әдеби тілді алатындай біз дубляждап жатқан туындылар тарихи немесе деректі фильмдер емес қой. Бірақ барлығына мұны түсіндіре алмайсың.

- Биыл үлкен экрандарға «Алға» фильмі шыққан болатын. Бұл мультфильмде алғаш рет барлық жазулар қазақ тілінде болды. Жазбаларды орналастыру Сіздердің Қорларыңызбен жүзеге асты ма? Әлде бұл іспен Disney компаниясы өзі айналыса ма?

- Бұл біз үшін керемет жетістік болды. Сонымен қатар біздің алғаш тәжірибеміз. Бұл дүниенің барлығы, әрине, студияда жүзеге асырылды. Тіпті қолжазудың өзіне Disney/Pixar студиясында арнайы кастинг жүргізілді. Аударманың өзі көп уақыт алды. Қазақ сөздерінің көлемі ұзын ғой, оны бір жолға сыйдыру керек болды немесе басқа сөзбен алмастыру қажет болды. Біз үшін қызықты тәжірибе болды.

- Мультфильм биылғы жылғы наурыздың 5-і күні қазақстандық прокатқа жол тартқан еді. Кинотеатрлар ашылған соң, мультфильм прокатқа қайта орала ма?

- Өкінішке орай, жоқ. Бұл туындының прокаты қиын болды, алайда қазір оны онлайн-кинотеатрларда тамашалай аласыздар.

- «Өзіңнен баста» жобасын жүзеге асыруда кімдер қолдау көрсетеді?

- Жабық көрсетілім кезінде Нұр-Сұлтан қаласында «Nur Otan» партиясы, Алматы қаласының Әкімшілігі техникалық және ақпараттық қолдау  көрсетіп тұрады. Қазіргі таңда біз Мәдениет және спорт министрлігімен тығыз жұмыс орнатуға әрекет етіп отырмыз. «Кино турлы заң» бойынша жұмыстар жүргізілуде. Сол заңда біздің де ұсыныстарды қарастырар деген үміттеміз.

- Биылғы жылы барлығы жеті голливудтық картина қазақ тіліне дубляждалады деп айтылған. Ол қандай картиналар?

- Әлемдегі жағдайға байланысты өкінішке қарай, барлық жеті туынды жарыққа шықпады. Бірін голливудтық студиялар өздері шегіндіріп қойса, бірінен қаражаттың жоқтығынан бізге бас тартуға тура келді. Биыл «Алға» анимациялық фильмі шығып үлгерді, ендігі кезекте «Мулан» және «Жан» туындыларын тамашалай аласыздар.

- Қазір Сіздердің Қорларыңыз «Өзіңнен баста» жобасының аясында қандай жұмыс істеп жатыр?

- Соңғы жобамыз Disney/Pixar студияларының «Жан» анимациялық фильмі болды. Жақында ғана жұмысын толыққанды бітірген едік. Енді кинотеатрлардың барлығы тезірек ашылып, бәріміз үлкен экранда тамашаласақ екен.

-Сұхбатыңызға рахмет!

Поделиться
Для корректного отображения страницы пожалуйста отключите блокировщик рекламы