Размер шрифта:

Цветовая схема:

14 қаңтар, 2021229

Қазақстандық кино туралы Заңына бірқатар өзгертулер мен толықтырулар ұсынылды

Жуырда Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрі А.Райымқұлованың төрағалығымен отандық киноиндустрия саласының бірқатар өкілі бас қосты. Жұмыс тобының бірінші отырысы  «Кинематография туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасын әзірлеуге арналды.  

Мәдениет министрлігінің басшысы, Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы президенті А.Сатаев, Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы төрағасы Е.Қосубаев, сонымен қатар Рашид Нұғманов, Бауыржан Шүкенов және басқа да кинематографшылар zoom-платформасында бірқатар маңызды мәселелерді талқылады. Атап айтқанда, отырыста кинокомиссия құру, шетелдік заңды тұлғаға бөлінетін субсидия мөлшерін азайту, фильмдерді қазақ тіліне дубляждау сияқты ұсыныстар айтылды.       

Осылайша, Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігінің мәдениет және өнер ісі жөніндегі департамент директорының орынбасары Ғани Мұратов түсірілім жүргізу барысында кинокомиссияның жергілікті билікпен бірігіп, сәтті жұмыс жүргізуі мүмкін болатын бірқатар ұсынысты атап өтті.  

Өз кезегінде кинотеатрлар желісінің директоры Бауыржан Шүкенов кез келген кинокомиссияны құрудың маңызы оның ерекше мәдени тесттен тұратындығы және преференцияларды ұсынған жағдайда шетелдік әріптестермен келісімшарт жасасқан кезде бірқатар жеке маңызды тетіктер белгіленуі тиіс деген пікірде. Нақтырақ айтқанда, түсірілген жерді фильмде атап өту керектігін айтты.   

Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы төрағасы Есетжан Қосыбаев болса, қаржы-экономикалық аспектілермен танысу үшін шағын комиссия құруды ұсынды. Онда жобалар саны, көлемі мен жергілікті билік деңгейінде бөлінетін субсидиялар мөлшері есептелетін болмақ. Бұдан бөлек, Есетжан Қосыбаев киносериалдарды шығару сияқты қызметті қосып, кино орталығының қазіргі мүмкіндіктер аясын заңды түрде кеңейтуге ұсыныс білдірді.   

Онлайн басқосуда өзге де маңызды ұсыныстар аз болмады. Мәселен,  режиссер Рашид Нұғманов резиденттерді қоса отырып, субсидияларды төлеу ережесін толықтыруды ұсынды. Сонымен қатар кинематограф заңда «Қазақфильм» киностудиясы мәртебесі туралы бапты қарастырған жөн екендігін атап өтті.  «Қазақфильм» киностудиясының басшысы Ақан Сатаев өз кезегінде рибейттер мәселесінде Канада елінің тәжірибесін пайдаланған жөн дегенді алға тартты. Сол арқылы шалғай жатқан аймақтар анағұрлым жоғары пайыздық рибейтке үміттене алады, сонымен қатар Қазақстанның ішкі туризмін дамытуға да оң әсерін тигізеді деген пікірде.

Киноиндустрия саласының мамандары бас қосқан отырыста бұдан бөлек, мемлекеттік бюджеттен бөлінетін қаражаттың шеңберінде өндірушілердің фильмдерді субтитр және тифлокомментарийлермен қамтамасыз ету бойынша міндеттемелері сөз болды.    

Айта кетейік, Қазақстан Республикасының «Кинематография туралы» Заңы 2019 жылдың қаңтарында қабылданған болатын. Заң жобасы аталған саладағы қоғамдық қатынастарды реттейді және оның құқықтық, экономикалық және ұйымдастырушылық негіздерін айқындайды.

Поделиться
Для корректного отображения страницы пожалуйста отключите блокировщик рекламы