Размер шрифта:

Цветовая схема:

30 сәуір, 2020115

Қазақстандық продюсер: қоғамдағы әйелдің рөлін көрсеткім келеді

Қазақстандық комедия жанрының майталманы, актриса әрі продюсер Әсел Садуақасова ұзақ демалыстан соң кино саласына қайта оралып, жаңа идеяларды жүзеге асыруға бел буып отыр. Актриса биылғы жылдың басында-ақ режиссер Әділхан Ержановтың жаңа картинасында басты рөлді сомдап, ары қарай өзі де кино түсіруді көздеп отыр. Бұл ақпаратпен ол Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығымен көрермендерге арнап өткізген онлайн әңгіме барысында бөлісті.

Өзінің еңбек жолын он жеті жасында бастаған актрисаның өткен жылы еңбек етіп жүргеніне 17 жыл толыпты. Осы уақыт аралығында ол еш демалыс алып көрген емес. Алайда, былтыр төрт бірдей жобаны қолға алып, айтуынша әлін сынамаған. Содан эмоционалды әрі кәсіби жағынан күйреп, бір жылға демалыс алуды жөн көрді. Осылайша, ел көріп, жер көріп, шабыт алған ол сүйікті ісіне күш жинап қайтты. Енді көрермендердің махаббатын әперген комедия жанрындағы фильмдерін қайта түсіруді жалғастырмақ.

«Мен комедияларды түсіремін. Осы ісімді сағындым. Қазір өзімді сынап жүрмін. Айтарлықтай ақыл тоқтатқан жастамын. 35-ке келдім. Өткен жылы режиссер Әділхан Ержановпен жұмыс істеп көрсем бе деп шештім. Өзімді драмалық актриса ретіндегі қабілетімді тексергім келді. Әрі бұл жанр мен авторлық кино қызықты көрінді және, несіне жасырайын, фестивальге қатысқым келді. Алайда, пайданы коммерциялық кинодан көретінімді атап өту керек. Оның ішінде комедиялардан. Маған адамдардың көңілін көтеріп, комедиялар арқылы жақсы естеліктер қалдырған ұнайды. Бұл керемет деп ойлаймын. Негізі кім не десе де, жақсы комедия түсіру өте қиын. Сондықтан біреулер «міне, мынау сапалы фильм» деп бөліп жарғандары мені ренжітеді. Авторлық кино - сапалы да, комедиялар - сапасыз. Олай болмайды. Жақсы кино немесе жақсы емес кино ғана болады».

Комедиялық жанрға басымдық беретін Әсел келешекте басқа да жанрларды қолға алғысы келеді. Мысалы, атыс-шабыс жанрын көрсем бе дейді.

«Маған «Кино по понятиям» фильмін түсіргендегі қойлымдар ұнады. Бұл өте қызықты. Адамдардың көңілін баурайтынын білемін. Әрине, авторлық бағытта да жұмыс істеймін. Оның ішінде Әділханмен және басқа да режиссерлермен жұмыс істеп көргім келеді».

Өткен жылы әлемдік премьерасы өтіп, биыл Қазақстанда да таныстырылады деп күтілетін режиссер Әділхан Ержановтың «Бой Атбая» фильмінде Әсел Садуақасова әйел рөлдерінің бірін сомдады. Картинадағы кейіпкерінде өзінің образына ұқсас тұстардың барын айтады.

«Әділханның шынымен де, бір ішкі түйсігі бар. Біз неғұрлым жиі кездескен сайын, ол соғұрлым сценарийде менің образымды өзгертіп отырды. Кейін мен оны оқығанда кейіпкерде менен алынған көп нәрсенің барын түсіндім. Тек бір ерекшелігі оның образы суық, мүлдем күлмейді. Фильмде ең қиыны да осы болды. Себебі мен үнемі күліп жүремін, сондықтан бір сөйлемді күлмей айту қиын еді. Филмде менің мүлдем күлмеу керектігім Әділханның талабы болатын. Ал, негізі өте қызықты образ. Эмоциясыз, артық қимылсыз ойнау біртүрлі екен. Себебі комедияларда ылғи да солай істейтінмін. (күледі) Санжармен де, Даниярмен де жұмыс істеген ұнады. Мен олармен басқа да жобаларда істедім, бірақ мұнда мүлдем басқа едік. Әрине, өте керемет тәжірибе. Алайда, әзірге өзіме өзім біртүрлі көрінемін».

Биылғы қыста актриса режиссермен тағы бір жаңа картинада жұмыс істеді. «Ұлболсын» атты жұмыс атауын иеленген фильмде де Әсел эмоциясын білдірмейтін кейіпкердің образында болды. Режиссер мені солай көреді дейді ол. Әрі фильм бүгінгі қоғамдағы әйелдің рөлі туралы тақырыпты қозғайды екен. Әселдің авторлық фильмге бет бұруының бір себебі де содан.

«Неліктен мен авторлық киномен айналыса бастадым? Себебі менің біздің қоғамдағы әйелдің рөлін көрсеткім келеді. Оның нендей жағдайлармен кездесетінін дегендей... Мен таныстардан, басқа да адамдардан талай оқиғаларды естідім. Расымен де, қиын, өте. Ештеңе де ойдан шығарылған жоқ. Барлығы өмірден алынған. Сондықтан мен Әділханға осы проблеманы көрсететінімді айттым. Себебі, өзім де әйел болғандықтан, осылай жасауға міндеттімін деп есептеймін» - дейді актриса.

Продюсердің қай фильмін алып қарасақ та, Әсел рөлдері арқылы шынымен де әйелдің қиын тағдырын, басына түскен ісін дөп басып көрсетеді. Комедияда болсын, режиссер Әділхан Ержановпен түсірген соңғы екі фильмінде болсын, актриса осы тақырыптарды көтереді.

«Кино («Ұлболсын») екі апалы-сіңлілер туралы. Бірін тұрмысқа шығу үшін алып қашады. Үлкені, яғни менің кейіпкерім – Ұлболсын заманауи адам, ескі шеңбермен өмір сүргісі келмейді. Сөйтіп, жалғыз сіңлісімен не болғанын анықтағысы келеді. Осы мақсатпен барлық есіктерді қағады. Алайда, түгел жерде тұтас бір жүйе қалыптасқан. Сондықтан алып қашқан адамды ешкім ұстап бергісі келмейді. Әрі бұл жүйеде ылғи жігіттер еді. Фильмде әйелдер де көп емес, негізі. Сөйтіп, бүкіл кино бойы сіңлісін құтқармақ болып, достарынан, бұрынғы жігіттерінен, таныстарынан көмек сұрайды. Ақыры барлығы көмектесуге талпынғанмен, ештеңе істей алмайды», - деп бөлісті актриса.

Фильм соңы түсінгеніміздей тұтас хэппи-эндпен болмаса да, жақсылыққа үміт артумен аяқталатын көрінеді. Қалай болғанда да, картина жарыққа шыққанда білетін боламыз. Ал, жалпы, актриса, болашақта түрлі қиындықтарға тап болған нәзік жандылар үшін көмек қолын созатын ұйым ашсам дейді.

«Жалпы, болашақта үлкен адам болғанда, ауыр, қиын жағдайларға дұшар болған әйелдерді қолдайтын өзімнің қайырымдылық қорымды ашқым келеді. Онда психолог мамандарының және басқа да көмекті тегін көрсететіндей».

Болашақта өзге де режиссерлермен жұмыс істеуді жоспарлайтын актриса, жастармен де бір жобада істеп көруге қарсы емес.

«Егер сценарий ұнап, келісті жұмыс істей алатынымызды түсінсем, әрине, жастармен жұмыс жасауға әзірмін. Мен жалпы, жастарды қолдаймын. Олармен жұмыс жасау үшін сол ұрпақ өсіп, мардымды дүниені қолға алатын сәтті күтіп жүрмін. Алайда, әзірге ештеңе көріп тұрған жоқпын. Болса, қуана-қуана жастарды қолдаймын».

Бес жыл бұрын продюсерлікке де бет бұрған актриса осы уақытқа дейін «Келинка тоже человек», «Замуж в 30», «Жена не стена» және тағы басқа ауқымды картиналарды шығарды. Продюсер бір кездері дистрибьютерлікпен де айналысқан екен.

«Дистрибьюторлық - қызықты іс. Өте ауыр жүйе, бірақ маған жақсы табыс әкелді. Алайда, бір кемшілігі - онда ешқандай шығармашылыққа жол жоқ. Шығармашылық жоқ жерде, мұнымен айналысатын ешбір күшің де болмайды. Жарты жыл істеп, өте қатты шаршайтынымды түсіндім. Өзімнің негізгі ісіме аз уақыт бөле бастадым. Сөйтіп, бұл істі тоқтаттым. Негізі жарты жылдың ішінде сол кезеңде шыққан кинолардың барлығы біз арқылы өтті. Мүмкін болашақта командамыз кеңейіп жатса, бұл істі қайта қолға алармыз», - деді продюсер.

Короновирусты жеңіп, карантиннен аман-есен шыққан соң, актриса немен айналысатынын белгілеп қойды.

«Мен жеткілікті мөлшерде - бір жылдан аса уақыт демалып, күш жинадым. Көзқарасым өзгеріп, ой-өрісім кеңейе түсті. Бір жылға есейдім де. Енді ары қарай түрлі бағыттарда, оның ішінде авторлық жобаларда жұмыс істегім келеді. Және де комедиялар түсіру ойымда бар», - деді Әсел Садуақасова.

Автор:  Зарина Смагулова

Фото:  today. kz

Поделиться
Для корректного отображения страницы пожалуйста отключите блокировщик рекламы