Размер шрифта:

Цветовая схема:

26 тамыз, 202039

Қоршаған ортаны қорғау туралы деректі фильмдер

Қоршаған ортаны қорғау ең маңызды әрі көңіл бөлуді талап ететін тақырыптардың бірі. Ол жайында шынайы түрде де, үлкен фантазиямен де әңгімелеуге болады. Киноөнер планетаға адам қолымен жасалатын зиян жайындағы мәселеге бір емес, бірнеше рет көңіл аудартқан еді. Экология тақырыбын қамтитын деректі фильмдер Қазақстанда баршылық, тек желіде оларды табу қиынға соғады. Біз қазір солардың бір парасын тізбектемекпіз.

Ең алдымен суы тартылып жатқан Арал теңізі жайында түсірілген фильмнен бастасақ. Бұл тақырыпқа 1989 жылы режиссер Сергей Азимов «Жоқтау» атты картинасын түсірді. Жеті бөлімнен тұратын толықметражды деректі фильм қазақстандықтардың жан қайғысына айналған Арал теңізінің трагедиясынан сыр шертеді. Картинаға теңіз бен теңіз аумағында тұрып жатқан халық тағдыры арқау болады. Мұнда жер мен ел мұңы ортақ сарынға айналып, Арал апаты жергілікті тұрғындар өмірімен көркемдік тұрғыдан шебер ұштастырылған. Табиғи апат жайындағы бұл фильм ешкімді бей-жай қалдырмасы анық. Дегенмен режиссер Арал теңізі жайындағы деректі фильмді жасау кезінде қорқынышты фактілерді көрсетуге емес, көрерменге үміт сыйлауға ұмтылғаны байқалады. Фильм сценарийінің авторлары С.Әзімов пен Ю.Резников болды. Картинаны таспалаған операторлар - Б.Әлімбаев пен В.Парфенов. Лентада сондай-ақ режиссер О.Әбішевтің Арал теңізі жайында түсірген фильмінің кадрлары қолданылған. Айта кетейік, «Жоқтау» деректі картинасы 1991 жылы «Қазақстандық кино келбеті» байқауының бас жүлдесіне ие болған.

Бұл тақырыпқа режиссер 20 жылдан соң қайта оралып, «Жоқтау. 20 лет спустя» фильмін түсірді. Екі бөлімнен тұратын кинолента 1989 жылы түсірілген «Жоқтау» деректі фильмінің жалғасы болып табылады. Картина осы уақыт аралығында Арал теңізінің қаншалықты өзгергені жайында баяндайды. Фильмде режиссер халықтың туған жеріне деген махаббатын көрсетеді. Мәселен Арал маңындағы тұрғындар экологиялық апатқа қарамастан, теңіз маңынан алшақтап кетпеді. Картинада балықшылардың жиырма жыл бұрынғы және одан кейінгі өмірі суреттеледі. Елбасы Аралды жандандыру туралы ауқымды жобаларын жүзеге асыруға тікелей атсалысты. Сондықтан фильмде теңіз бен Аралмаңы тұрғындарының трагедияларына түсіністікпен қараған Қазақстанның Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың рөлі атап көрсетіледі. Картина «Tanaris Production» компаниясымен түсірілген.

Арал апаты жайында 2018 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің Телерадиокешені де деректі фильм түсірген болатын. Фильмде экологиялық проблема мен Арал теңізін құтқару жөніндегі шаралар айтылады. «Аральская катастрофа: пути решения» деп аталатын деректі лента сонымен қатар Аралды құтқарудың Халықаралық қоры негізін қалаушылардың Түркменістанда өткен 12-ші Саммит кезіндегі коммюникеде бекітілген ұсыныстар жайында егжей-тегжейлі баяндайды.

Отандық деректі фильмдерде өркениеттен алшақ жерде тұрып, адамдардың өмір сүру үшін күрес тақырыбы да жиі қозғалады. Арал теңізіне жақын маңда Қаратерең атты ауыл бар. Бұл елді-мекен аумағын шөл басқан екен. Табиғатты бағындырып, аталған жердің өмір сүру жағдайын жақсартуға тырысудан гөрі, ол жерден көшіп кеткен әлдеқайда оңайырақ сияқты. Алайда жергілікті тұрғын Мырзаш Исаев шөлейтті жерді бағындырып, туған ауылдың көркейтуге тырысады. Бұл жайында режиссер Нұрдолла Балмановтың «В течение жизни» деректі фильмінде айтылады.

Режиссерлер өздерінің картиналарында экологияның түйткілді мәселелерін ғана емес, туған жердің кереметтілігін де арқау етеді. Мәселен, казақстандық ғылыми-көпшілік киноның классиктері - кинорежиссерлер Вячеслав Белялов пен Лариса Мухамедгалиеваның жұмыстары экология жайындағы киноның үздіктері саналады. Олардың 1997 жылы түсірген «Алтын Эмель» және «Весенние плесы» фильмдері Қазақстан тұрғындарына жануарлар әлемінің өркениет алдында қорғансыз екендігін жеткізіп, қазақстандық табиғаттың түрлілігін жасаушы миллиондаған өсімдіктер мен жануарлардың өмір сүру ортасына адамның қол сұғуы қандай салдарға әкелетінін көрсетеді.

Қазақстанның тылсым табиғатын паш ететін ендігі фильмдердің бірі Вячеслав Беляловтың «Алтын Эмель» картинасымен аттас келетін 2017 жылы Олег Белялов түсірген деректі лента. Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысымен Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы түсірген «Алтын Эмель» фильмі «Алтын-Эмель» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің бай флора мен фаунасы жайында баяндайды. Белгілі фотограф-натуралистің табиғи парктің жануарлар мен өсімдіктер әлемі туралы сыр шертетін картинасындағы көзтартарлық бейнелер заманауи техниканың көмегімен түсірілген. Айта кету керек, деректі фильм режиссер Олег Беляловтың дебюттық жұмысы. Ол сонымен қатар фильм сценарийінің авторы әрі қоюшы-операторы. Атап өтейік, отандық картина 2018 жылы Қытайдың Тайчжоу қаласында өткен кино мен туризм саласындағы азиялық өнер апталығында «Үздік шетелдік деректі фильм» аталымын жеңіп алды. Бұдан бөлек, «Алтын Эмель» деректі фильмі 2018 жылы Алматыда өткен «Құлагер» Ұлттық кинематография сыйлығының «Үздік режиссер-документалист» атағына ие болған.

Қоршаған орта мен экологияға қазірден бастап көңіл бөлмесек, кейінгі ұрпаққа қалдырарымыз шамалы болмақ. Экология тақырыбында фильм жасайтын киногерлердің туындыларындағы негізгі айтар ой да осы болса керек.

Автор:  Зарина Смагулова

Фото:  kazakhfilmstudios.kz

Поделиться
Для корректного отображения страницы пожалуйста отключите блокировщик рекламы