Размер шрифта:

Цветовая схема:

03 қыркүйек, 202117

Рашид Нұғыманов - жаңа тәжірибеден жасқанбайтын жасампаз режиссер

Ол – әйгілі қазақ киносының «жаңа толқынын» бастаған дарынды режиссер. Оның «Йа-хха!» фильмін киногерлер кеңестік андерграундтың портреті деп атаса,  «Инесін» қайта құрылған нео-романтизмінің бейнесі дейді. Ал «Жабайы Шығыс» – Шығыс пен Батыстың стилі біліктірілген феномен фильм. Бүгін өзінен гөрі өнер туындылары танымал режиссер Рашид Нұғымановтың шығармашылығы туралы сөз етеміз.

Рашид Мұсаұлы Нұғыманов 1954 жылы 19 наурызда Алматыда дүниеге келген. Ол 1977 жылы Ленин атындағы Қазақ политехникалық институтын сәулетші мамандығы бойынша бітірді. Ал 1984 жылы Сергей Соловьев шеберханасына ВГИК режиссерлік бөліміне оқуға түсті. 1986 жылы Соловьевтің курсы  режиссердің  «Чужая белая и рябой» фильмінде тәжірибеден өтті. Рашид Нұғыманов бұл картинада тағылымдамадан бөлек, эпизодтық рөлді сомдады. Одан біраз бұрын ол кино саласында кәсіби білім алмай-ақ,  «Снежная банда» (1971), «Згга» (1977) секілді қысқаметражды картиналарды түсірді. Мұнда ол тек режиссер ғана емес, сценарист, қоюшы-суретші әрі продюсер ретінде еңбек етті. Сондай-ақ осы фильмдерге актер ретінде де қатысты.

1989 жылы сәуірде Нұғыманов Қазақстан Кинематографистер одағының бірінші хатшысы болып сайланып, 1992 жылға дейін қызмет атқарды. Ал 1989 жылы шілдеде Мәскеу кинофестиваліне ол Талғат Теменовпен бірге  негізінен Соловьев шеберханасының студенттері түсірген жаңа қазақ фильмдерінің бағдарламасын әкелген еді. Бірақ фестивальдің бағдарламасында қазақ киносын көрсету жоспарланбаған-ды. Сондықтан жас киногерлерге қонақтардың назарын аударатын атау ойлап табу керек болды. Бір сұхбатында Нұғыманов сол кезді былайша еске алады:  «Не ойлап табу керек? Тек «Қазақстандық бағдарлама» деп жазу керек пе? Біртүрлі күңгірт естіледі. Сол кездері бізді – Соловьевтің шеберханасының жігіттерін «Қазақфильмде» әзілдеп «Соловьев бандасы» деп атайтын еді. Соны еске түсірдім де, соны жаздым: «Соловьевтің бандасы жаңа фильмдерін ұсынады». Бұл атау тартымды болып көрінгенімен, бір жағынан, тым дөрекі естіледі, екінші жағынан, біздің фильмдердің эстетикасын жеткізе алмайды. Мен тақырыптан осы картиналарды көргенде не күтуге болатыны көрініп тұрғанын қаладым. Сөйтіп, көпшілігімізге француздардың «жаңа толқыны» әсер еткендіктен, неге өзімізді «қазақтың жаңа толқыны» деп атамасқа деген ой келді». Осылайша аты аңызға айналған алтылықтың атауы «қазақ киносының жаңа толқыны» ретінде қалыптасты.

Нұғыманов 1988-1989 жылдары «Қазақфильм» киностудиясының «Әлем» шығармашылық-өндірістік бірлестігінің көркемдік жетекшісі болып еңбек етті. 2016 жылы Қазақстанның Ұлттық киноакадемиясының президенті болып сайланды. Ол сондай-ақ «Тұлпар» кинематография саласындағы Ұлттық сыйлықты ұсыну сценарийі мен регламентінің авторы.  2015-2017 жылдары Нұғыманов «Еуразия» халықаралық кинофестивалінің бас директоры болып қызмет атқарды. Ол режиссерлікпен қоса, фильм продюсері ретінде де бірнеше картинаны жасауға үлес қосқан. Киногер 2008 жылы «Экран шебері» деген мәртебелі атақпен марапатталды.

Рашид Мұсаұлының кино саласында атқарған қызметтерінен бөлек, өзінің алғашқы мамандығы архитектураға байланысты жұмыстарын тілге тиек етпеу мүмкін емес. Ол – Алматы қаласы мен облысындағы бірқатар құрылымдардың жобаларының авторы; мәдени ескерткіштерді қорғау қоғамының Алматы облыстық кеңесінің бұрынғы жауапты хатшысы, Қазақ КСР мәдени ескерткіштерді қорғау қоғамының орталық кеңесінің консультанты. Сондай-ақ 1981-1984 жылдары  еліміздегі 500-ден астам ескерткіштердің сипаттамасын жазып шыққан.

«Йя -хха!» (1986)

Рашид Нұғыманов бала кезінен Алматының «Брод» деп аталатын орталық көшесінен рок-н-ролл тыңдап өскен. Дәл сол жерде ол Ленинград рок-н-роллына ғашық болады,  ал 1983 жылы Виктор Цойдың «45» және «Начальника Камчатки» альбомдарын алғаш тыңдады. Сол жылдары ол өзінің «Брод» туралы кітабына материал жинап жүрген болатын. Кейін ол 1984 жылы ВГИК-ке түскенде, сол жиған-тергенін өзінің алғашқы «Брод патшасы» сценарийіне негіз етіп алды. 1985 жылы Нұғыманов Ленинградта  Виктор Цоймен кездесіп, оған «Брод королі» фильміндегі басты рөлді және рок-н-ролл туралы тағы бір шағын фильм «Йя -хха!» қысқаметражына түсуді ұсынады. «Йя-Хха» сөзі – 80-жылдардың ортасында Ленинградта өтетін кездесулердің бірінің атауы.

«Йя-хха!» қысқаметражы фильмі 1986 жылы ВГИК студенттерінің тәжірбиелік жұмысы ретінде түсірілген: Рашид Нугманов – режиссер, Тельман Мамедов пен Алексей Михайлов – операторлар. Нұғыманов негізінен толықметражды картина түсіргісі келді. Фильмге жиналған материалдар өте көп болды. Бірақ Алексей Михайловтың курстық жұмысына ВГИК бөлген қаражат он минуттық қысқаметражды фильмге ғана жететін еді. Әрі жобаны жасауға студенттерге тек екі апта ғана уақыт берілген. «Фильмді қандай жылдам қарқынмен дыбыстап, монтаждап, жинағанымызды елестету қиын... Біз қандай да бір жолмен әйтеуір дедлайнға үлгердік, бірақ фильм аяқталмай қалды. Сондықтан көптеген сюжеттер мен байланыстар жоғалып кетті ... » – режиссер Ращид Нұғыманов.

Соңғы монтаждан кейін Виктор Цой және басқа да музыканттар қатысқан  көптеген эпизодтар фильмнен алынып тасталды. Атап айтқанда, Цой мен Каспарянның көше арқылы өтіп, пәтерге көтеріле жүріп беретін концерті қиылып қалған. Фильмге арналған «Дальше действовать будем мы» әні 35 мм қара-ақ таспаға түсірілген. Дегенмен,  картинаның соңғы нұсқасына стокерде түсірілген сол ән кірді. Фильмнің жұмыс материалдарына Грибоедов каналының жағасында Виктор Цойдың орындауындағы «Мама Анархия» әнінің акустикалық нұсқасы және ВГИК павильонындағы Цойдың түсірілімі енгізілді.

Картинаның нақты бір сюжеті жоқ, ол көркем фильмнен қарағанда деректі фильмге көбірек ұқсайды. Ол – Камчатка қазандығы, Ленинград рок-клубы секілді сол кездің ең күшті орындарының еркін бейнесі. Фильм ресейлік роктың белді өкілдері ойнағандықтан да зор танымалдыққа ие болды. Олардың кейбіреулері (мысалы, Виктор Цой мен Майк Науменко) үшін бұл камео рөлдер экрандағы дебют болды. Сонымен қатар картинадан И.Мосин, Т.Егорова, В.Песков, В.Горин, А.Павлова, В.Лоога, К.Кинчев, Б.Гребенщиков, «Алиса», «Зоопарк», «Кино» топтары секілді өнер өкілдері бой көрсетеді.

Фильм өндіріс барысында осындай келеңсіздіктерге тап болғанымен, жарыққа шыққан соң әртүрлі фестивальдерде көптеген марапаттарға ие болды. Соның ішінде 1987 жылы халықаралық кинофестивальдің «Жас кеңестік кино» бағдарламасында Андрей Тарковский атындағы ФИПРЕССИ сыйлығын жеңіп алуы – оның басты жетістіктерінің бірі.

«Искусство быть смирным» (1987)

1987 жылы жарық көрген қысқаметраж картинаның атауын режиссер Борис Гребенщиковтің әнінен алған. Оны пайдалануға Нұғымановқа әншінің өзі рұқсатын берген және ол осы фильмге әуен жазған. Фильм ВГИК-тегі Соловьевтің шәкірттері бірлесіп жасаған жоба «И любовь мы сохраним» деген жинақтың новеллаларының бірі ретінде түсірілген. Шағын ғана кинотуындының сюжеті өзін-өзі өлтіру туралы баяндайды. Режиссер кинокартинаны 1986 жылдың күзінде Алматыдағы өзінің саяжайында 4 актермен түсірген. Актерлер қатарында Лариса Кадырова мен Александр Спорыхиннен бөлек, Рашид Нұғымановтың өзі болды. 20 минуттан тұратын кинотаспаны түсіруге режиссердің ағасы Мұрат Нұғыманов тартылған. Сценарийді режиссердің өзі жазса, қоюшы суретші ретінде Борис Якуб қызмет етті. Келесі жылы Нұғыманов «Инені», Серік Апрымов «Қиянды» түсіре бастады, басқа студенттер де өздері кино түсіре бастады. Солайша жоспарланған жеті картитнаның тек төртеуі ғана түсірілді, фильм аяқталмай қалды, ал новеллалардың өзі аяқталған оқиғаны білдірмейді.

«Ине» (1988)

Үшінші курс студенті ретінде оған «Қазақфильмнен» жас авторлар Бақыт Қилыбаев пен Александр Баранов жазған «Ине» фильміне режиссерлік ету туралы ұсыныс түсті. Студия басшылығы ақшаның бір бөлігін жұмсап қойған бұрынғы режиссерді орнынан алып тастады, бірақ картинаны  уақытында аяқтау керек болды, ал жаңа режиссердің түсірілімге дайындалуға уақыты болған жоқ. Нұғыманов бұл мүмкіндік тағдырдың сыйы екенін түсінді Өзі жап-жас студент болғанына қарамастан, ол  өзінің талаптарын жоғары басшыларға қоя алды. Екі-үш жыл бұрын құрылып қойған команданы қайта жасақтау ойға сыймаған болар еді, бірақ Нұғымановқа бәрін жасауға рұқсат берілді: импровизация, сценарийге өзгерістер енгізу, сол кезде үшінші курста оқитын ағасы Мұрад Нұғымановты бас операторлыққа алу, және, ең бастысы, картианаға кәсіби емес актерлерді – рок-музыканттар Виктор Цой, Петр Мамонов және олардың достарын шақыруға рұқсат етілді.

Өзінің алғашқы толықметражды көркем фильміне Нұғыманов аса үлкен шабытпен кірісті. «Қазақфильмнің» жанындағы «Әлем» шығармашылық бірлестігімен түсірілген фильмнің композиторы басты рөлді сомдаған әйгілі музыкант Виктор Цой болды. Фильмнің премьерасы 1988 жылы 16 қыркүйекте Алматыда және 1989 жылы ақпанда Мәскеуде өтті. Кинокартина 1989 жылғы кеңестік шығарылымның көшбасшысы болды, ал Виктор Цой, «Советский экран» журналының мәліметі бойынша, сол жылдың үздік актері деп танылды. Орыс киносыншысы Александр Павлов бұл фильмді «культ» деп санап, оны әлемдік киноның 120 культті фильмнің тізіміне қосады.

Фильмде КСРО-да тұңғыш рет Арал теңізінің экологиялық апаты тақырыбы қозғалды.

Сюжет бойынша, Моро (Виктор Цой) Спартак (Александр Баширов) есімді танысынан қарыз ақшасын қайтару үшін Алматыға келеді. Ол өзінің ескі досы Динаның (Марина Смирнова) үйінде тұрақтайды. Маро қыздың біртүрлі таныстарын көріп, оның нашақорға айналғанын түсінеді, ал пәтері есірткі сатылатын жерге айналған. Моро Динаны Арал теңізіне апарады, ол жерде қыз қалпына келе бастайды, бірақ қалаға оралғаннан кейін бәрі бұрынғы қалпына түседі. Содан кейін Моро наша жеткізушілермен күресуді шешеді. Алайда, жеткізушілердің бірі, хирург Артурдың (Петр Мамонов) артында Мородан құтылуға тырысатын ықпалды адамдар тұр. Олар жігіттің тұзаққа түсіру үшін әртүрлі әдістерді қолданады, бірақ Маро оңайлықпен қолға түспейді. Ақырында олар оны өлтіруге жендет (Ернар Әбілев) жібереді. Бір күні қыстың кешінде Мородан темекі тұтатуға рұқсат сұраған біреу оған екі рет пышақ сұғып алады. Жараланған Моро орнынан тұрып, қараңғылыққа сіңіп кетеді. Бірақ оның одан әрі тағдыры көрерменге белгісіз күйінде қалады.

Фильмді «Последний герой» немесе «Полёт чёрного солдата» деп атау ұсынылған. Бірақ режиссер «Игла» деген атау ықшам болған соң, осылай қалдыруды жөн деп тапқан.  Моро мен Дина Арал аумағынан тапқан кеме – «Гидролог» зерттеу кемесі. Рашид Нұғманов «Жабық көрсетілім» бағдарламасында Мороның аман қалғанын, өйткені Моро туралы фильмдер сериясын түсіру жоспарланғанын айтқан болатын.

Фильмнің басында (түсірілім Мәскеуде Козихинский жолағының жанында жүргізілді), «Звезда по имени Солнце» әнінің фонындағы: «Күндізгі сағат 12 -де, ол көшеге шығып, вокзалға қарай бет алды. Оның қайда бара жатқанын ешкім білмеді. Оның өзі де», – деген кадрдан тыс сөйлемді актер Всеволод Ларионов оқыған. Жоғарыда аталған әнді Виктор Цой фильмнің түсірілімі кезінде жазған.

Картинаға арналған әндер мен аспаптық шығармаларды 1988 жылы «Кино» тобы «Мосфильм» студиясында жазған (әндердің аранжировкасы мен дыбысы альбом шығарылымдарынан біршама ерекшеленеді). Сонымен бірге, «Мосфильм» киностудиясында фильмде айтылатын әндерден басқа, фильмнің саудтректерінеің қатарына енбеген «Невеселая песня» және  «Следи за собой» әндерін жазды. Фильмге «Кино» тобы жазған әндер мен аспаптық шығармалар 2002 жылы Moroz Records CD -де шығарылған «Кино в кино» жинағына енгізілді.

«Ине» бірнеше кинофестивальдерге қатысты. Соның ішінде, 1988 жылы Одессада өткен «Алтын Дюк» кинофестиваліндегі «Ерекше көзқарас» байқауында киноклубтардың жүлдесі  жеңіп алды. Нұғыманов пен Цой мұндай оқиғаларға үйренбегендіктен, болып жатқанның барлығына ирониямен қарады. Цой тіпті «Алтын Дюктің» қазылары «Инеге» «Ең нашар фильм» деген сыйлық бергенін армандағанын айтқан. Кинокартина сондай-ақ 1990 жылы Нюрнбергтегі халықаралық фильм фестивалінің бас жүлдесіне ие болды. Одан бөлек, «Ине» Америкаға, Парк-Ситиге, Роберт Редфорд басқарған американдық тәуелсіз кинофестиваліне қатысты, онда ол «Special Event» бөлімінде көрерменге ұсынылды. Ал билеттердің барлығы дерлік  премьерадан бір апта бұрын сатылып кеткен.

«Жабайы Шығыс» (1993)

Виктор Цой мен Рашид Нұғымановтың тандемі тамаша үйлесім тауып, «Ине» фильмі біраз халықты мойындатқан соң, екі шығармашылық адамы алға біраз жоспарлар құрады. Нұғыманов атышулы картинаны ұнатқан әйгілі американдық продюсер Эд Прессменмен бірге Виктор Цойға арналған жаңа жобаны қолға алады.  Ал сценарийді атақты американдық жазушы, «киберпанктың әкесі» Уильям Гибсон мен Джек Вомакпен бірге жазды. Сонымен қоса көптен бері киногердің ойында жүрген  «Брод патшасы» жобасы бойынша жұмыс жүргізілді. Одан бөлек, Сергей Соловьевтің «Шеңбер» студиясы үлкен қызығушылық танытқан «Дети Солнца» фильмінің сценарийі арнайы «Кино» тобының мүшелеріне арналып дайындалды. Бірақ барлық жоспар Виктор Цойдың қайғылы өліміне байланысты өзгеріске ұшырады. «Дети Солнца» ирониялық «Дикий Восток» деген атаумен «истерн» жанрында түсірілетін болды. Ал фильмде ойнауға «Киноның» орнына «Объект насмешек» (қазіргі «Текиладжаз») табының музыканттары бекітілді.

Кинотуындының сюжеттік желісіне сай, шөл далада өмір сүріп жатқан «Күн балалары» деп аталатын лилипуттар әулетіне жергілікті қарақшылар тобы үнемі шабуыл жасап, олардан алым-салық жинап отырады. Бір күні әлімжеттік жасауға келген қарақшыларға лилипуттардың тыныш өмір үшін төлейтін қаражаты болмайды.  Себебі олар бар ақшасын астық етіп себетін дән сатып алуға жұмсаған болатын. Бұлай жасамай, қаражатты қарақшыларға берер болса, олардың бәрі аштан өлетін еді. Алайда қандықол қатыгездер аз уақыттың ішінде салық төлеуді, яғни ақша таып беруді талап етеді. Ал оған мән-жайды түсіндірмекші болып, қарсы сөйлеген бір ергежейліні өлтіреді. «Күн балалары» мұндай қорлыққа төзуден қатты шаршап, зорлықшылардан біржола құтылудың жолын іздейді. Ергежейлілер қолында бар қалған ақшаны өздерін қанаушылардан қорғай алатын адамға төлеп, солардың панасында болуға шешім қабылдайды. Лилипуттардың екеуі осындай адамды іздеуге шығады және көп ұзамай өздеріне көмектесе алатын кезбе адамды жолықтырады. Бейтаныс оларға өте экзотикалық жалдамалы топты жинап береді, оның құрамына: Крёстный жезөкшелерінің қожайыны, алқаш Битник және ескі ЗиС машинасы бар жас қыз Мэрилин. Жолда ол сонымен қатар каскадер байкер мен қолында құсы бар қаңғыбас моңғол тобына алады. Осылайша лиллипуттардың жергілікті жауыздармен аясыз күресі басталады.

Фильмнің постапакалипсистік ерекше сипаты көптеген көрермен қауымның көңілінен шаққан. Сондай-ақө фильм бірнеше халықаралық кинофестивальдерге қатысып, жүлделі орындар мен номинацияларға қол жеткізді.

Киносыншы Александр Федоров аталған кинотуынды туралы мынадай пікір білдірді: «Егер сіз экранда «Жеті самурай», «Керемет жетілік», «Жынды Макс» пен «Чапаев» мотивтерін араластырсаңыз не болады? Теледидар викторинасында әлі жеңіске жетпегендерге мен сәл кідірістен кейін жауап беремін: Рашид Нұғымановтың «Жабайы Шығыс» фильмі шығады. Рас, мнда американдық прерийлердің орнына Орталық Азияның шөлі бар, ал мұздай қаруланған қатал рокерлер ағылшын тілін білмейді, ергежейлілер егіншілікпен айналысады... Бір сөзбен айтқанда, «Жабайы Шығыс» «Трактористы 2», «Два капитана 2»  сияқты постмодернистік пародиялар қатарына қосылды. Мұндай фильмдерді 90-шы жылдардағы жас режиссерлер «әкелердің» кинематографиялық капиталын ирониялы түрде қайта қарауға асығып, жарыққа шығарған-ды. «Жабайы Шығыста» режиссердің күші мен жауынгерлік ынта-жігерін сезінбеске болмайды, ол әйгілі «Инеден» / 1988 / кейін еуропалық шарнан бас тартып, аса батылдықпен өрескел құмарлық пен атыс-шабыс, қуғындар мен жарылыстар секілді вестерннің атрибуттарына ауысқан. Мүмкін, Р. Нұғымановтың фильмінде композиторлық үйлесімділік, жинақылық, актер бейнесінің мәнерлілігі жетіспейтін шығар, бірақ, менің ойымша, кино әсерлі болып шыққан.

Кинокартинаның басты рөлдерін Константин Фёдоров, Жанна Исина, Геннадий Шатунов, Александр Аксёнов, Константин Шамшурин, Николай Крутов, Фархад Аманкулов, Александр Спорыхин, Павел Шпаковский, Вячеслав Книзель секілді өнер өкілдері сомдлап шықты. Ал олардың ойынныкамераға түсірген оператор Мұрат Нұғыманов болды, ал фильмнің қоюшы-суретшісі Рүстем Әбдірашев пен Бауыржан Алдеков болды.

«Ине-Ремикс» (2010)

«Ине-ремикс» – 1988 жылғы «Ине» фильміне негізделген 2010 жылғы көркем фильм. Режиссер Рашид Нұғыманов өзінің жарыққа шығарған соңғы фильмінде «Ине» картинасының сюжетін толықтырып, дамытқан. Түсірілім жұмыстары Ресей мен Қазақстанда жүргізілген.  Ол Ресейде, Украинада және Қазақстанда 2010 жылдың 16 қыркүйегінде көрерменге жол тартты.

Сексен жеті минуттық ремикстің сюжеті дәл бұрығыдай, тек фильм соңындабасты кейіпкер Мароның аман қалғандығы көрерменге анық белгілі болады. Картинаға Петр Мамонов, Александр Баширов, Марина Смирнова, Архимед Искаков және Геннадий Лю секілді актерлермен қосымша кадрлар қайтадан түсірілген. Doping-pong студиясы картинаға арнайы Виктор Цойдың графикалық көріністерін жасап берген. Өйткені режиссер Рашид Нуғыманов Моро пайда болуы керек сахналарды дублердің көмегімен аяқтау идеясын құптамаған болатын. Фильм үшін Вячеслав Бутусов Виктор Цойдың мәтініне «Дети минут»» әнін жазды.

Киногер Рашид Нұғыманов осы фильмді жасау идеясы туралы толығырақ былай дейді: «Қалпына келтіру кезінде маған фильмді DVD мен Blu-ray-де ғана емес, кинотеатрларда да шығару идеясы келді. Өйткені Виктор Цойды тыңдайтын жаңа ұрпақ өсті, ал олар «Инені» үлкен экранда көрмеген. Содан кейін фильм-реликт шығарудың мағынасы жоқ екенін түсіндім. Бізге жаңа ұрпақ үшін жаңа, тірі «ХХІ ғасырдың «Инесі» қажет. Алайда өзім қойған екі шарт бұл шаруаны қиындатып жіберді. Біріншіден, мен ешқашан Виктор Цойды дублермен алмастыра алмаймын. Тіпті 1989 жылы Виктордың көзі тірісінде де маған американдықтар фильмді жаңа актерлермен қайта түсіруді ұсынғанда, бас тартқан болатынмын. Екіншіден, түпнұсқалық фильмге енбеген көріністері бар дәстүрлі «кеңейтілген нұсқаны» қолдану да мүмкін емес елі. Себебі бұл көріністердің барлығын «Қазақфильм» жойып жіберген.. Киноның түбегейлі жаңарту керек болды, бірақ қалай? Содан кейін маған идея келді: ремикс жасау! Бұл форма музыкада 50 жылдан астам уақыт бойы  қолданылып келеді. Алғашқы эксперименттерді 40-жылдардың аяғында «нақты музыка» деп аталатын электромагниттік тасымалдаушылардың (Пьер Шеффер, Эдгар Варезе, Янис Ксенакис) пайда болуынан байқауға болады. Қазіргі ремикс технологиясының тамыры 60 -жылдардың аяғында Неліктен бұл тәжірибе кинода қолданылмайды? Мен ешқандай кедергі көрмеймін. Оның үстіне, қазіргі заманауи цифрлық технологиялар мен сызықтық емес өңдеу жүйелері бұған оңай мүмкіндік береді». Осылайша алдыңғы фильмнен алынған көріністер жаңа бейнелермен біріктіліп, экранда жаңарған, жасарған «Ине» жарық көрді.

Кинофильмнің алғашқы көпшілік көрсетілімі 2010 жылы «Еуропаға терезе» XVIII Выборг кинофестивалінде «Выборг -Палас» кинотеатрында болып өтті. Дәл сол жылы Кино үйінде «Мәскеу премьерасы» кинофестивалінде де көрермен назарына ұсынылды. Режиссер Рашид Нұғманов Қазақстан мен Ресей арасындағы мәдени байланысты нығайтқаны үшін Мәскеу үкіметінің дипломымен марапатталады. Үш жылдан соңкартина  Париждегі Cinema La Clef фестивалінде көрсетілді.

Поделиться
Для корректного отображения страницы пожалуйста отключите блокировщик рекламы