Размер шрифта:

Цветовая схема:

02 қыркүйек, 202045

«Растворяться» картинасы Мәскеу халықаралық кинофестиваліне өтті

Атақты кәріс режиссері Ким Кидуктың Қазақстанда түсірген «Растворяться» психологиялық драмасы 42-ші Мәскеу халықаралық кинофестивалінің негізгі бағдарламасына кірді.

«Растворяться» картинасы Қазақстанда 2018 жылы түсіріліп, режиссер Ким Ки Дук пен қазақстандық Astana Film Fund компаниясының ортақ жобасына айналды. Фильм бүкіл әлемде өзекті саналатын тұрмыстық зорлық-зомбылық тақырыбын көтереді. Сюжет желісінде – бір-біріне ұқсайтын екі бойжеткен қыздың тағдыры. Бірі дәстүрлі отбасында өмір сүріп, ата-анасы мен ағасының сөзінен шығуға қорқады. Екіншісі бай демеушінің арқасында қалағанын алып, еркін өмір сүреді. Күндердің бір күнінде қыздар орындарымен ауысады. Бұл ауысу біртіндеп қыспақта тұрып жатқан қыздың тағдырына қауіп төндіреді.

Фильм премьерасы өткен жылы ІІ Almaty Film Festival кинофестивалінде өткен болатын. Ким Ки Дук картинаның режиссері ғана емес, сценарисі, операторы әрі монтажері болды. Картинаға отандық киногерлер – режиссер Ақан Сатаев пен Ернар Құрмашев продюсерлік етті. Лентаның түсірілімдері он күн бойы жүргізіліп, Алматы, Медеу, Шымбұлақ пен Ыстық көлде өтті.

«Менде әлемді шарлап, түрлі елдерде фильм түсіру арманы бұрыннан пайда болған. 2012 жылы Алматыға алғаш рет келдім. Сол кезде Қазақстанмен бірлесіп, фильм түсіру идеясы туындады. Түсірілімге дейін көптеген қазақстандық фильмдерді көріп, ко-өнім дайындау ниеті туды. Картина менің стилімде жасалды, алайда қазақстандық актерлермен бірігіп түсірілді», - деген болатын кәріс режиссері Ким Ки Дук.

Актерлер демекші, картинада Санжар Мәди, Шыңғыс Капин, Еркен Губашев, Ирина Ажмұхамедова мен Динара Жұмағалиевалар сында отандық актерлер өнер көрсетті.

Айта кетейік, 42-ші Мәскеу Халықаралық кинофестивалі биылғы жылы қазан айының 1-і мен 8-і аралығында өтеді деп жоспарланған. Әзірге бағдарламада бес фильм бар. Отандық картинамен бірге фестивальдің негізгі байқауында Әзербайжан, Румыния, Израиль мен Ресей елдерінің фильмдері бақ сынайтын болады.

Автор:  Зарина Смагулова

Фото:  moscowfilmfestival.ru

Поделиться
Для корректного отображения страницы пожалуйста отключите блокировщик рекламы