Размер шрифта:

Цветовая схема:

24 маусым, 2020541

Режиссер Шарипа Оразбаева жаңа туындысы жайында

Осыдан бірер күн бұрын режиссер, продюсер әрі сценарист Шарипа Оразбаева жаңа туынды түсіруге кірісетінін хабарлаған едік. Енді, міне, киногер фильм актерлеріне кастинг жариялап жатыр. «Қызыл анар» картинасы көрермендерді қандай хикаямен тамсандырмақ? Фильм кең прокатқа қашан жол тартады? Осы және өзге де сұрақтарға режиссер «kaztube.kz» бейне-порталына берген сұхбатында жауап берді.

«Қызыл анар» фильмі не жайында болмақ?

- Бұл фильм Анар есімді әйелдің жан дүниесі жайлы болмақ. Ол бұл өмірге басқаша қарайды, яғни оның өзінің тура ұстанған жолы бар. Ол айналасында болып жатқан қандайда бір жағымсыз оқиғаларға мән бермеуге тырысады, өзін шыншылмын әрі әділдік таныта алатын жоғары саналы пендемін деп санайды. Алайда, бір күні оның жақын адамымен күтпеген оқиға болып, ол өзінің моральдік ұстанымдарынан мәжбүрлі түрде бас тартуына тура келеді.

Түсірілім жұмыстарын қашан бастау жоспарлануда?

- Қазір фильмнің сценарийлік жұмыстарын аяқтап, кастинг жарияладық. Бұйырса, елімізде карантин ашылып, жағдай тұрақталғанда жаздың соңы- күздің бастапқы айлары деп жоспарлап отырмыз.

Фильм түсірілімдері қайда өтетін болады?

- Фильм бюджетіне байланысты алысқа бармай, Алматы маңында немесе Балқашта өтеді деген жоспар бар.

- Фильм жанры қандай?

Фильм жанры - драма. Бұл - авторлық-фестивальдік фильм, сондықтан біз кейіпкерлердің бейнесі арқылы кейбір қоғамдық мәселелерді астарлап көрсетсек дейміз.

Фильм сценарийін кім жазды? Түсірім тобы бекітіліп қойған болар, оператор, продюсерлері кімдер?

Сценарийін негізінен өзім жаздым. Түсірілім тобы сол «Мәриям» фильмін бірге түсірген азаматтармен жұмыс істесем деп ойлап жүрмін. Оператор - Самат Шарипов, ол сол «Мәриямда» басты қоюшы-оператор болған. Ал, продюсерге келетін болсам, ол өзім десем де болады. Өйткені бұл жоба ешқандай мемлекет тарапынан қаржыланбайды. Мен өзім азын-аулақ қаржы тауып, жеке киностудиямда жүзеге асырсам ба деп отырмын. Сонымен қатар, жақын күндері бұл жобаны шетелдік киноқорларға ұсыну жоспарда бар. Еуропаның бірқатар елдерінде осындай аз қаржыға түсірілетін фильмдерге қолдау көрсетіледі. Біз сияқты қарапайым киногерлерге бұл үлкен үміт сыйлайды.

Фильм қазақстандық көрермендерге қашан жол тартады? Әлде бұл авторлық жоба болған соң, оны алдымен Халықаралық кинофестивальдерде көрсетіп, кейін үлкен экранға бірақ шығарасыздар ма?

Дұрыс айтасыз, бұл - авторлық жоба. Яғни, алдымен Халықаралық кинофестивальдерде көрсетіледі, бұл маңызды. Өйткені қаржы аз, әрі авторлық-әлеуметтік драмалық фильм болғандықтан, көрермендерге бірден жол табу қиын. Оның үстіне фильмді жақсы жарнамалау керек. Ал, егер фильм қандай да бір шетелдік ірі кинофестивальдерге қатысып келсе, онда отандық көрермендердің қызығушылығы да арта түседі. Әрине, қазір комедиялық фильмдер топтап кетті, алайда, кейде көрермендер осындай авторлық-әлеуметтік киноларды көрсе екен, талғамдары жоғарыласа екен дейсің.

Бұл Сіздің екінші үлкен жобаңыз. Дайындықтарыңыз тыңғылықты шығар? «Мәриям» фильмінің сәтті шыққанын ескерсек, демек, бұл фильмнен де зор үміт күтуге болады ғой...

Рахмет, иә «Мәриям» фильмі өз деңгейінде сәтті шықты деуге болады. Алайда, онда да көптеген кемшіліктер бар, егер қаржы болып, жақсы техника мен түсірілім уақыты көбірек болса, деңгейі одан да жоғары болар ма еді деп қоямын. Өйткені онда техникалық ақаулар өте көп. Бір таңқаларлығы, соған қарамастан, көптеген шетелдік кинофестивальдер өз көрсетіліміне байқауға шақырып жатады. Бірінші фильмнен соң, екінші фильм жасауға деген жауапкершілік үлкен болады. Өйткені деңгейді жоғарылату керек, өзіңді қамшылау қажет. Егер бірінші фильмде қандай да бір «сәттіліктерінің» арқасында кейбір кемшіліктерге көз жұмылды десек, екінші фильмде ондай кешірімдер болмауға тиіс.

«Мәриям» фильмі талай кинофестивальдерде көрсетілгенімен, отандық көрермендер картинаны әлі көрген жоқ. Қазақстандық прокатқа қашан шығады?

Бұл енді белгісіз жағдай. Ол прокатқа шығады деген үмітім де жоқ. Прокатқа шығу үшін жақсы жарнама керек, ал оған қаржы керек дегендей. Қазір бұл фильм тағы да бірнеше шетелдік кинофестивальдерге қатысып жатыр. Сол көрсетілімдер біткен соң интернетке салып, онлайнға шығаратын боламыз.

- Жақсы, онда асыға күтеміз! Негізі, бұл туынды шынайы оқиғаға негізделген. Ал, «Қызыл анар» фильмін шығаруға не түрткі болды? Бұл да жеке тұлғаның өмірі негізіндегі хикая бола ма?

- Иә, «Мәриям» фильмінде бас кейіпкерді өмірдегі шынайы прототипі сомдаған болатын. Ал, «Қызыл анар» фильмінің сюжетін қазірше ашық айтпай тұрайын, тек айтарым - бұл сюжетке де елімізде болған бір шулы оқиға түрткі болды десем болады. Алайда, мен бұл фильмде әлеуметтік мәселені "плакатты" түрде бетке ұрып көрсетпей, сол мәселені қабылдайтын адамның жан дүниесі арқылы көрсеткім келеді. Адамның табиғаты нәзік, әр адамның ішкі өзегі мен рухы мығым болады. Сол адамның рухы психологиялық түрде қай деңгейде морт сынып, немесе керісінше, көтеріліп шарықтау шегі қалай болады? Осындай пайымдауларды экрандық бейне арқылы көрсеткім келеді.

Қазір фильм актерлеріне кастинг жарияладыңыз. Қатысушыларға қандай талаптар қойылады?

- Айтарлықтай талап жоқ, ең бастысы шынайы болса болды. Фильм бюджеті аз болғандықтан, біз минимум актерлік құрам жасауға тырысамыз. Ол дегеніңіз, 4-5 актер сомдаған бейне арқылы бүкіл сюжетті баяндауларына тура келеді.

Әр режиссер үшін оның кез-келген жұмысы ыстық болады ғой. Сіз үшін бұл жобаның маңызы қандай?

Бұл жоба менің жеке өзім үшін сынақ десем де болады. «Мәриям» фильмін азды-көпті жасадым, енді осы жобаның деңгейі қалай болар екен деген іштей қобалжу бар. Бірақ орыс халқы айтпақшы “кто не рискует тот не пьет шампанское” демекші, тәуекелге бел будым. Ал, енді фильмнің деңгейі мен алар асулары уақыт еншісінде. Ең бастысы - сәттілік серік болып, қазіргі індетті ел болып еңсерсек болғаны.

Олай болса, бастаған істеріңіз сәтті өтсін! Сұхбатыңызға рахмет!

Айта кетейік, «Қызыл анар» фильміне 37 мен 45 жас аралығындағы әйел адамдар және 38-50 жас аралығындағы ер азаматтар қажет. Жұмыс тәжірибесі міндетті емес, алайда болса - жақсы. Іске сәт!

Автор:  Зарина Смагулова

Фото:  режиссердің жеке мұрағатынан

Поделиться
Для корректного отображения страницы пожалуйста отключите блокировщик рекламы