Кіру/ Тіркелу
Рүстем Жаныамановтың рөл сомдаған картиналары
Рүстем Жаныаманов бүгінде жоғары сұранысқа ие және аса танымал отандық актерлердің бірі. Ол еш қиындықсыз кез келген рөлге еніп, романтикалық әрі қарапайым жігітті де, жағымсыз кейіпкерді де жеңілдікпен сомдай алады. Олай болса, іні, бауыр, момын күйеуден «братан», ұрлықшы рөлдеріне дейінгі фильмдерін тізбектеп көрелік.
«Ана жүрегі»/ «Сердце матери» (2012)
Бұл көркем телехикая көпбалалы қазақ отбасының еліміздің тәуелсіздікке аяқ басқан сәтінен бастап осы күндерге дейінгі өмірі жайынан сыр шертеді. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары отбасы Астанаға көшеді. Мұнда ол түрлі өмірлік қиындықтан өтсе де, адамгершілігі мен рухани құндылықтарын сақтай алды. Рүстем Жаныаманов бұл драмалық кинолентада осы отбасының баласын – Алматтың рөлін сомдайды. Айта кету керек, режиссер Ержан Рүстембековтың картинасындағы кейіпкер – Жаныамановтың кинодағы алғашқы рөлі. Бұл фильмде ол жары - актриса Жанаргүл Жаныамановамен бірге өнер көрсетеді.
«Иә, Жанаргүл екеуіміз продакшнге ең бірінші кастинг арқылы келдік. Ол кезде, қателеспесем, бір-бірімізді жақын білеміз, тіпті, жүріп жүрген де сәтіміз шығар. Сөйтіп кастингке барып, екеуіміз режиссердің көзіне көрініп, сол киноға өтіп кеткен кезіміз болатын. Бұл - «Ана жүрегі» деген фильм. Алғашқы рет сол фильмде бой көрсеттік. Мен Жанаргүлдің ол кезде інісін ойнадым, сөйтіп тамаша бір туынды шықты. Кино деген театрдан басқа сала ғой. Сол өзге саланы бағындырғанымызға өте қуанышты болдық» - деді актер «kaztube.kz» бейне-порталына берген сұхбатында.
«Көк тарландары» (2013)
Бұл телехикая әскерилердің күнделікті өмірін, ерліктерін, қиын жұмыстары мен Отан үшін отқа түсуге даярлықтарын суреттейді. Картинаның бас кейіпкерлері – әскери қызметке жаңадан шақыртылған солдаттар. Әрқайсысы әскерге дейін өз өмірімен, өз мәселелерімен шағын ғана әлемдерінде өмір сүрді. Алайда бір күні олардың тағдырларында шешуші сәт – Отан алдындағы борыштарын өтейтін кез келеді. Енді жас жауынгерлерге әскердегі мерзімдерін өтеп, Отанға деген жауапкершілік сезімін тәрбиелеп, жаңа достар тауып, бұрынғыдан да мықтырақ, жақсырақ әрі батылдырақ болуға дағдылану керек болады. Олар мұнда Отанға деген махаббат, патриоттық рух, толеранттылық, ерлік-жігер, дұрыс өмірлік принциптер сияқты нағыз құндылықтарды түсінуге үйренеді. Кейіпкерлер түрлі қиын жағдайлардан шығар жол табады, бірақ сол қиндықтарға қарамастан қарапайым жігіттер болып қалып, руханилықтары мен принциптеріне беріктіктерін сақтайды. Солдаттарға ерекше миссия жүктелген, адамдардың қауіпсіздігі - солардың қолында. Картинада Рүстем Жаныаманов сержанттың рөлін сомдайды.
«Жаңғақ тал» / «Ореховое дерево» (2016)
Фото: kursiv.kz
Режиссер Ерлан Нұрмұхамбетовтың бұл картинасында Рүстем Жаныамановқа бас рөл бұйырған. Ғабит есімді жігіт әдемі Айсұлу деген қызға үйленеді. Ескі дәстүрлерге сүйене отырып, ол достарымен қалыңдығынан рұқсат алып, оны алып қашпақ болады. Алайда бойжеткеннің ата-атасының бұл жайында хабары жоқ. Ғабит, Айсұлу мен олардың достарының қызықты шытырман оқиғалары дәл осы сәттен басталып, ұлан-асыр тойға ұласады.
«Кластастар» / «Одноклассники» (2018)
Режиссер Ержан Нұрғалиевтің бұл комедиясы мектеп бітіргеннен кейінгі 15 жылдан соң жиналатын сыныптастардың шытырман оқиғасынан сыр шертеді. Кездесуде түлектер мектеп өмірінде болған қызықты сәттерді еске алады. Көрермендер олармен бірге өткенге оралып, өздеріне жақын сәттерге ене алатын болады. Картинада Рүстем Жаныаманов Дамир есімді сыныптастың бірін сомдайды.
«Ғазиз жүрек» (2019)
Фото: qazaqstan.tv
Режиссер Артем Ганцевтің бұл дебюттық картинасы қазақстандық кардиохирург дәрігері мен оның достары, әріптестері мен жақындарының өмірлерін суреттейді. Телехикаяда драма мен детектив, махаббат пен опасыздық, Жаратқанға және медицинаға деген сенім өзара ұштасып отырады. Басты кейіпкер сүйіктісін аман алып қалу үшін жарының өмірін қиюға мәжбүр болады. Бұл шешім оның өмірін күрт өзгертіп, бар әлемін тас-талқан етеді. Басты рөл – дәрігерді актер Рүстем Жаныаманов ойнайды.
«Жаным, ты не поверишь» (2019)
Тұңғыштарын күтіп жүрген жас отбасының күнделікті ұрыстары ақырындап үлкен айқай-шуға ұласады. Жағдай шарықтау шегіне жеткенде, Дастан әйелінің құлақ құрышын жей бергеніне төзе алмай, достарымен балыққа бармақ болады. Сөйтіп ол жолы болмайтын кәсіпкер мен учаскелік инспектор болып келетін достарымен уақыт өткізіп, ашуын тарқатып келмекші. Алайда аяқ-асты саяхаттары бір мезетте адам сенбес қанды шытырман оқиғаға айналады. Қара комедия жанрында түсірілген туынды талай халықаралық кинофестивальдерде топ жарды. Мұндағы бас кейіпкерлердің бірін Рүстем Жаныаманов сомдайды. Актер картина режиссерінің басқа да фильмдерінде бой көрсеткен болатын, сөйтіп ол Жаныамановтың бір ізді актер емес, жан-жақты екендігін көріп, оны кастингсіз қабылдаған екен.
Фото: актердің жеке мұрағатынан
«...Режиссердің көзіне түсіп, екеуіміз жақынырақ танысқан соң, ол кісі былайша айтқанда, қандай мүмкіндіктерге дайын екенімді көріп, «сені түрлі образдарға салуға болады екен» деген сияқты пікір айтқан болатын. Өз басым оған қуанамын. Өйткені бір сарындағы актер болсам, ол қызық емес. Оның шабысы алысқа бармайды. Мұғалім болсын, дәрігер болсын, неше түрлі кейіпкерлер көп қой. Соларды сомдаған өзіме өте қатты ұнайды. Ал, «Жаным, ты не поверишь» фильміне кастингсіз келдім. Ол кісі бірден шақырып, образдарымызды мөлшерлеп фотошоппен жасап қойыпты, сол кездегі менің түрім мүлдем басқа екенін көріп, мен де таңқалдым. Шашымды артқа гельмен қайырған, екі тісім сынған, басқалары күміспен қапталған, үсті-басы кір-кір, киімдері де соған ыңғайлап тігілген. Сол киімдерімді және ұстайтын мылтығыма дейін көрсетіп, кейіпкеріммен барынша таныстырды», - деді ол бейне-порталымызға берген сұхбатында.
Еліміз үшін жаңа жанрлы фильмдегі рөлді Рүстемнің өзі де жанына жақын екендігін айтқан.
Рүстем Жаныаманов: «...Талай сериал болсын, кино болсын төбе көрсетіп жатқаным рас. Бірақ соның ішіндегі өзіме ең ұнайтын, өзім бір рахаттанып сомдаған рөлдердің ішіндегі рөлім - осы соңғы шыққан «Жаным, ты не поверишь» фильміндегі рөлім, яғни Питөк деген рөл».
«Келінжан» (2019)
«Келінжан» картинасы комедия жасау арқылы қайын енелерімен бір шаңырақ астында өмір сүріп жатқан үш келіннің өмірін суреттейді. Телехикаядағы оқиғалар қазақ отбасының айналасында өрбиді. Бұл шаңыраққа көрші ауылдан Асылым есімді жас, ерке қыз келін болып түседі. Ол тұрмыстық істермен ешқашан айналыспаған, сиырды қалай сауу керектігін тіптен, білмейді. Енесіне жаға алмай жүрген ол, мұнымен қоса үй тірлігіндегі жұмыстарға да үлгермей жүреді. Оның оқиғасымен қатар телетуындыда өз мәселелерінен аса алмай жүрген бұл шаңырақтың өзге де келіндерінің өмірі баяндалады. Олардың барлығын біріктіретін бір нәрсе – енелерінің көңілінен шыға алмайтындықтары. Отандық телехикаяда Рүстем Жаныаманов бас кейіпкер – үлкен келіннің жұбайы – Қылышбектің рөлін сомдайды.
«Келінжан 2» (2020)
«Келінжан» хикаясының екінші маусымы алдыңғысынан әлдеқайда қызығырақ шықты. Мұндағы бас кейіпкерлер – сол үш абысын және Қылышбек. Кенже келіннің жұбайы Асқар спорттық жарысқа кетіп, Асылым қолдаусыз қалады. Енді туыстармен арадағы кикілжіңдерді жас анаға өздігінен шешуіне тура келеді. Алайда оның қайын атасы сияқты жақтасы бар. Асылымның абысындары Айсара мен Балқия болса, еш өзгерген жоқ. Олар сол күйі кіші келін мен енелерін жамандаумен келеді. Айсараның күйеуі Қылышбек болса, бұрынғыша мектепте жұмыс істейді, алайда әйелі оны білім ошағының директоры ретінде көреді. Телехикаяның екінші маусымында да Қылышбектің рөлін Рүстем Жаныаманов сомдайды.
«Где мое кольцо?» (2020)
Фото:brod.kz
Бұл фильм желісі бойынша Асқар есімді жас жігіт өзінің сүйген қызына тосынсыйға гүлдер салонын сыйламақ болады. Алайда сол тосынсыйын жасайтын әсерлі сәтті гүл шоқтарының арасына жүзігін тығып кеткен қарақшы бұзады. Енді ғашықтардың алдында қымбат бұйымды табу міндеті тұр. Олай болмағанда, өмірлеріне қауіп төнбек. Шытырман оқиғаға толы комедия - әнші Айқын Төлепбергеннің тырнақалды продюсерлік жұмысы. Мұндағы қарақшыны Рүстем Жаныаманов сомдайды. Отандық картина көрермендер назарына әлі жол тартқан жоқ.
«Соңғы аялдама» (2020)
Жұмыссыздық, қарыз бен заңсыз тауар тасымалы жайындағы көріністер - шытырман оқиғалы телехикаяның басты тақырыбы болмақ. Бас кейіпкер Берік күн көру үшін шекара арқылы түрлі тауарды заңсыз өткізетін қарапайым жұмысшы болып жұмыс істейді. Сюжет желісі бойынша бір күні ол өзі соны қаламай тұрып, ірі контрабандашылардың ісіне араласып кетеді. Сол себепті оған енді талай қиындықтан өтуіне тура келеді. Телехикаяда сатқындық, сонымен қатар полицейдің жанқиярлық қызметі де көрініс табады. Айта кету керек, төрт бөлімді телехикаяның бас кейіпкерінің рөлін актер Рүстем Жаныаманов орындайды.
«Сержан братан» (2021)
Бұл жаңа веб-хикая 23 жыл комада жатып, кенеттен есін жиятын 90-шы жылдардағы белді алматылық рэкетирдің хикаясынан сыр шертеді. Оянған соң бұрынғы «мәртебелі» жігіт өзінің қартайғанын, балаларының есейіп кеткенін және қазір 2021 жыл екендігін сезінеді. Енді Сержан заманауи өмірге дағдыланып, жақындарымен қарым-қатынасын реттеуі қажет. «Сержан братан» картинасы осы айдың төртінде ғана көрермендерге жол тартты. Қазір желіге веб-хикаяның небары үш бөлімі ғана жүктелген, соның өзінде әрқайсысы екі миллионнан артық қаралым жинап үлгерді. Картинада комаға дейінгі Сержанды Рүстем Жаныаманов сомдаса, қартайған кезін актер Дұлыға Ақмолда ойнайды.
Фото: Актердің жеке мұрағатынан