Размер шрифта:

Цветовая схема:

13 шілде, 2021257

Salem Social-дың екі веб-хикаясы халықаралық фестивальге қатысады

Әлеуметтік тақырыпты көтеретін «Мыстан» және «Sһeker» веб-хикаялары халықаралық Realist Web Fest фестивалінің ресми бағдарламасына енді. Фестиваль биыл үшінші рет 29 шілде мен 1 тамыз аралығында Төменгі Новгород қаласында өтеді.  

Бұл мәдени іс-шара Ресейдегі жалғыз веб-сериал фестивалі болып табылады және оны Digital Reporter Russia жобасы 2018 жылдан бері өткізеді. 2020 жылы Realist Web Fest фестивалі жеңімпаздарына жыл сайынғы табысты онлайн-жобалардың әлемдік рейтингісіне енуге құқық беретін WSWC Халықаралық веб-хикая чемпионатына қосылды.

Биылғы жылы фестивальге қатысу үшін әлемнің 70 елінен 3000-нан астам өтінім берілген. Веб-мазмұнды шолудың негізгі байқауына 15 елден 45 жоба таңдалып алынды. Оның ішінде Salem Social Media видеоконтентінің жоғарыда аталған екі жобасы бар.

«Бізді қазақстандық өтінімдердің сапасы таң қалдырды», – дейді фестивальдің бағдарламалық директоры Мария Тоқмашова.

Sheker веб-хикаясы Youtube платформасында  2020 жылы қазан айының 10-шы жұлдызынан бастап көрсетіле бастады. Жобаның режиссері – Айтөре Жолдасқали. 10 бөлімнен тұратын веб-хикаяның сюжеті екінші курс студенті Алдиярдың университеттен қуылуы мүмкін екенін естіген сәттен бастап шиеленісе түседі. Ол бұл жағдайды болдырмауы үшін қысқа мерзім ішінде үлкен көлемдегі қаражат табуы керек. Алдияр әкесінің қатал мінезін білетіндіктен, туындаған мәселені отбасына айтпай, өзі ақша табуға бел буады. Осы мақсатта синтетикалық есірткі сататын дүкенге курьер болып қызметке тұрады. Ақшаның дәмін татқаннан кейін ол бұл шаруаға білек сыбана кірісіп, жеңіл ақша табуды әрі қарай жалғастыра береді. Бірақ бір күні ол ақшақұмар полиция қызметкерінің құрығына түсіп қалады...

Басты рөлдерді Азат Жұмаділ, Мадина Кәкімсейітова, Шәріп Серік және Аңсар Ілиясов сомдады.

Ал екінші іріктеліп алынған «Мыстан» веб-хикаясы жақында ғана жарыққа шықты. Ол жобаны Salem Social Media мен Art Dealers продюсерлік компаниясы бірлесіп түсірді. Бүгінгі таңда Youtube платформасында веб-хикаяның үш эпизоды ғана жарияланып, жалпы саны 1,4 миллион көрілім жинады.

Картинаның сюжеті тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккен үш әйелдің: үйленген еркек алдап, аяғын ауырлатып тастап кеткен студент қыз Сымбат; жыныстық зорлыққа ұшыраған Томирис; баласын бұрынғы күйеуінен ала алмай жүрген Перизаттың хикаясын сипаттайды. Осы үш қыз белгілі бір жағдайлармен бір мезгілде полиция бөлімінде кездесіп қалып, мәселелерін шешуге көмектесе алмаған полиция қызметкерінен кек алуға бекінеді. Олардың бойында өзіне қорлық көрсеткен еркектерге де реніш пен ыза бар. Полиция қызметкерін кепілге ұрлап кеткен олар кек алуды әрі қарай заңның жолымен емес, өздерінің күшімен жалғастырады.

Драмедия жанрдағы «Мыстан» веб-хикаяы – отбасылық зорлық-зомбылық, адамдар арасындағы зиянды қарым-қатынас проблемалары және олардың жас ұрпаққа тигізетін әсері туралы ашық айтқан алғашқы жобалардың бірі.

Автор:  Мұқанова Нұржауған

Фото:  Salem Social Media

Поделиться
Для корректного отображения страницы пожалуйста отключите блокировщик рекламы