Размер шрифта:

Цветовая схема:

15 сәуір, 2020390

Сәуірдің бірінші жартысында дүниеге келген киномайталмандары

Көктемнің екінші айында да талай өнер иелері дүние есігін ашқан. Айдың алғашқы жартысында жарық көрген жандардың арасында актерлер де, режиссерлер де, сценаристер де бар. Олардың кімдер екендігін қазір білетін боласыздар.  

2 сәуір күні Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткері, Қазақ Ұлттық өнер университетінің профессоры, атақты кинорежиссер Сламбек Тәуекел дүниеге келді. Өнер иесі 72 жасқа толды. 

1971 жылы Сламбек Тәуекел Бүкілодақтық мемлекеттік кинематография институтын бітірді. Оқудан соң болашақ режиссер «Қазақфильм» киностудиясында әр түрлі қызметтер атқарып, басшысы лауазымына дейін жетті. 1991 жылдан бастап «Наурыз», «Потеряный край», «Асанәлі» және тағы басқа бірқатар деректі фильм түсірді.  

Ал, оның көркем фильм түсірудегі алғашқы тырнақалды туындысы Мағжан Жұмабаевтың «Батыр Баян» поэмасы негізінде 1993 жылы түсірілген аттас туындысы болды.

Режиссердің аталған фильмдерден бөлек, «Тоқтар Әубәкіров», Игорь Вовнянкомен бірлесіп түсірген «Сәтбаев: ғасыр адамның толғауы» сияқты деректі фильмдер мен «Жерұйық», «Красная полынь», сондай-ақ, екі бөлімнен тұратын «Махамбет» атты көркем фильмдері бар.   

3 сәуір күні Асхат Күшіншіреков дүниеге келді. Биыл ол 38 жасқа толды. 

Қазақстандық актер режиссер мамандығы бойынша Т.Жүргенов атындағы өнер академиясында білім алса да, кино саласына алғаш актер ретінде қадам басты. Оның бұл бағыттағы тұңғыш еңбегі 2008 жылы режиссер Сергей Дворцевойдың жарық көрген «Қызғалдақ» («Тюльпан») фильмі болды. Кинокартинада актер Асхат есімді басты кейіпкердің рөлін сомдады. Тура он жылдан соң Асхат Күшіншіреков режиссердің тағы бір картинасы - «Айка» атты фильмінде өнер көрсетті. Алайда, бұл жолы актер эпизодтық рөлде ойнады.  

Режиссер ретінде Асхат Күшіншіреков 2013 жылы өзінің алғашқы картинасын - «Закончился бензин» атты фильмін түсірді. Фильмде ол режиссер, сценарист әрі продюсер ретінде еңбек етті. 

4 сәуір күні ҚазКСР-ның еңбек сіңірген әртісі, белгілі актриса Жанна Қуанышева дүниеге келді. 

Актриса кино саласына алғаш рет 14 жасында келді. Осы шағында ол С.Райбаевтың «Жауын» қысқа метрлі фильміне түсті. Бұдан соң, 1975 жылы жас актриса «Махаббат дастаны» фильмінде басты рөлді сомдады. Осы фильмдердегі рөлдерінен соң, халық сүйіспеншілігіне бөлене бастаған ол көпшілікке танымал «Гауһартас» көркем фильмінде басты рөлде өнер көрсетті. 
 
Танымал актриса «Тоғысқан тағдырлар» мен «Саранча», «Айналайын», «Астана – махаббатым менің», «25 шақырым» атты сериалдарында, сондай-ақ, «Қауын»,  «Көшбасшы жолы», «Вопреки всему», «Обратная сторона»,  «Книга легенд. Таинственный лес», «Он и она» және тағы басқа талай қазақстандық көркем фильмдерінде түсті. Бұдан бөлек, актриса Ресей мен Өзбекстанның бірлесіп түсірген «Кодекс молчания-2» картинасында өнер көрсетті.  

5 сәуір күні актер, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Нұрлыбай Есімғалиев дүниеге келді. 

Актер осы уақытқа дейін отызға жуық картинада ойнады. Атап айтқанда, «Бәйшешек», «Однажды и на всю жизнь», «Қош бол, Медеу!», «Шоқан Уәлиханов», «Крик», «Кербез. Неистовый беглец», «Жамбылдың жастық шағы», «Алдар Көсе» және тағы басқа фильмдердегі рөлдерді сомдады. 

7 сәуір күні қазақстандық актриса Сая Оразғалиева дүниеге келді. 

Отандық көрерменге актриса қазақстандық «Вузеры» телехикаясындағы Айсұлудың рөлі арқылы кеңінен танымал болды.  

Оның кино саласындағы алғашқы еңбегі - «Жаным-2» хикаясы. Картинада Сая ауылдан қалаға келген жалғызбасты ананың рөлін сомдады. 

Осы уақытқа дейін қазақстандық актриса «Жібек», «Ғашық жүрек», «Красный уровень» телехикаяларында, сонымен қатар, «Тоқал», «Все из-за мужикOFF», «Финансист», «13 регион. Блиц», «Семейные страсти» фильмдерінде өнер көрсетті. Ал, жуырда Сая Оразғалиева құрбылары – актрисалар - Дана Есеева мен Жәния Джуринскаямен бірге жаңа кинокартинаның түсірілімін аяқтады. Сәтін салса, фильм биылғы жылдың желтоқсанында жарық көреді. 

8 сәуір күні қазақстандық режиссер Едіге Болысбаев дүниеге келді. 

Режиссер мамандығы бойынша білім алған ол бірқатар деректі және қысқаметрлі фильмдер түсірді. Ал, 1987 жылы Едіге Болысбаев өзінің алғашқы толықметрлі «Шаңырақ» фильмін жарыққа шығарды. 1990 жылы ол «Ұлтуған», бір жылдан соң «Полет стрелы» атты фильмдерін түсірді. Ал, 2006 жылы режиссердің «Сүйінбай» атты картинасы шықты. 

Бұдан бөлек, Едіге Болысбаев өзін актер ретінде де сынап көрді. 2012 жылы ол Д.Өмірбаевтың «Студент» атты драмасы мен А.Бектібаевтың «Теңіз қасқыры» атты фильмінде рөлдер сомдады.  

14 сәуір күні белгілі сценарист, драматург әрі актриса Лейла Ахинжанова дүниеге келді. Өнер иесі Бүкілодақтық мемлекеттік кинематография институтын бітірді. 

Лейла талай қазақстандық фильмге сценарий жазды. Олардың қатарында Абай Қарпықовтың «Фара» мен «Тот, кто нежнее» фильмдері, Талғат Теменовтың «Станция любви» картинасы және тағы басқа туындылар бар.  

Бұдан бөлек, Лейла Ахинжанова телеарналарда шыққан бірқатар хикаялардың авторы. Атап айтқанда, «Тоғысқан тағдырлар», «Жаным» және «Жаным-2», «Ұлжан», «Жедел жәрдем», «Қызыл алма», «Туған жер» және басқа да телехикаялардың сценарийлерін жазған. 

Осы еңбектері үшін сценарист Бірінші Еуразиялық телефорумда «Телевизиялық хикаялар авторы» аталымында бас жүлдеге ие болған. Сонымен қатар аталған форумның он үшінші салтанатында «Жаңа телевизиялық фильм мен хикая» аталымында жеңімпаз атанды. Ал, 2011 жылы «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған. 

Ал, «Базарбаевтер» телехикаясында шығармашылық тұлға өзін сонымен қатар, актриса ретінде де көрсетті. 

Автор:  Зарина Смагулова

Фото:  Интернет желісінен алынған

Поделиться
Для корректного отображения страницы пожалуйста отключите блокировщик рекламы