Размер шрифта:

Цветовая схема:

27 қараша, 2021253

Шәкен Аймановтың көпжанрлы шығармашылығы

«Қазақ киносы» дегенде есіңізге ең бірінші түсетін есім кім? Әрине, бүгінгінің адамдары заманауи киногерлердің аты-жөнін атаса да айыптамаймыз. Дегенмен қазақ ұлттық киносының негізін салушылардың бірі де бірегейі Шәкен Айманов өзінің жеткен биігінде күні бүгінге дейін шарықтап тұра бермек. Оның кеңестік кино тарихында алтын әріппен жазылып қалған «Біздің сүйікті дәрігер», «Тақиялы періште», «Атаманның ақыры» секілді жауһарлары әлі де өз көрерменін жоғалтқан жоқ. Бүгін осы бір керемет киногердің сан алуан жанрды қамтитын фильмдерін есімізге түсірейік.

Шәкен Кенжетайұлы Айманов 1914 жылы 15 ақпан күні Баянауылда дүниеге келген. Ол өзінің өнер жолын театрда ойнаудан бастайды. Ол 1933 жылдан бастап Қазақ драма театрында (қазіргі М.Әуезов атындағы Қазақ академиялық драма театры) жұмыс істеп, жүзден астам рөлді сахналаған. Ал талантты актер кино әлеміне алғаш рет 1940 жылы қадам басты. Сол жылы оны «Ленфильмнің» директоры М.Левин «Райхан» фильміндегі Сәрсен рөлін сомдауға шақырады. Бұл Мұхтар Әуезов жазған сценарий бойынша қойылған қазақ тақырыбындағы тұңғыш фильм еді. Осыдан соң  актер бірнеше эпизодтық рөлдерді сомдайды. 1953 жылы ғана оған «Жамбыл» фильмінде басты рөлді ойнау бұйырады. 38 жастағы актер жыр алыбының  жастық шағынан тоқсан тоғызға келген қарттық кезіне дейінгі образын жоғары дәрежеде ойнап шығады. Кинодағы алғашқы басты рөл Аймановқа үлкен танымалдық әкеліп қана қоймай, оны «ұлттық мінездің» эталонына айналдырды. Осыдан соң  киногер халыққа өзінің актерлік және режиссерлік талантын тереңірек көрсете бастады.

Оның режиссерлік дебюті «Махаббат туралы аңыз» 1954 жылы үлкен экранға жол тартты.  Фильм түсіріу кәсібін халық ауыз әдебиетін экрандаудан бастаған тұлға өмірінің кейінгі он алты жылында он кинотуындыны өмірге әкелді. Шәкен Кенжетайұлы 1953 жылдан 1970 жылы мезгілсіз қайтыс болғанға дейін ұлттық киностудияда көркемдік жетекші, сценарист, актер және режиссер ретінде үздіксіз жұмыс істеді, сондай-ақ өзі құрған Қазақстан Кинематографистер Одағын басқарды.

Ендеше есімі ұлттық киномен қатар аталатын дарынның кесек туындыларына толығырақ тоқталайық.

 «Махаббат туралы аңыз әлде Қозы Көрпеш-Баян Сұлу» (1954)

Аты аңызға айналған Шәкен Айманов өзінің алғашқы картинасын кеңестік қоюшы-режиссер Карл Гаккельмен бірге 1953 жылы түсірді.  Қазақ киносына үлкен сый болған бұл туындының сюжеті қазақ халқының әйгілі фольклорлық шығармасы «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» жырына негізделген. Кинокартинаның тұсаукесері Мәскеу қаласында 1954 жылы 10 мамыр күні болған. Эпостық жырды экранға бейімдеп, фильмнің сценарийін жазған жазушы Ғабит Мүсірепов болса, оператор ретінде Михаил Аранышев, қоюшы-суретші болып Павел Зальцман, ал картинаны музыкамен әрлеген композитор ретінде Сергей Шабельский қызмет атқарды.

Кинотуындының сюжеті бойынша, Қарабай мен Сарыбайдың бел құда атанып, «балаларымызды өскенде бір-біріне атастырамыз» деп уағдаласқанына он жеті жыл өтті. Қарабай ақылына көркі сай Баян атты сұлу қызды тәрбиелеп өсірді. Бірақ Сарыбай баласы Қозы туылмай жатып қайтыс болып, бала жетім қалады. Ал Баян сұлуға көңілі құлаған өзімшіл Қодар ақылды аруды өзіне жар етуді көздейді. Бойжеткеннің әкесі Қарабай болса, уәдесінен тайып қызын бар байлығынан айрылған Сарыбайдың ұлына беруден бас тартады. Баянның өзі болса қарапайым жігіт Қозы Көрпешке қосылуды қалайды. 86 минутқа созылатын махаббат драмасы жас ғашықтардың өлімімен аяқталады. Фильм жарыққа шыққаннан кейін түрлі басылымдар картинаның сюжеті «Қозы-Көрпеш пен Баян» хикаясынан бірнеше ғасырдан соң жазылған Ромео мен Джульетта хикаясының батыстық нұсқасына ұқсайтынын жазған.

Көркем туындының басты рөлдерін Шолпан Жандарбекова, Нұрмұқан Жантөрин, Серке Қожамқұлов, Сәбира Майқанова, Рахия Қойшыбаева, Камал Қармысов, Қалыбек Қуанышбаев, Асвад Хасанов секілді қазақ кино өнерінің сол кездегі майталмандары сомдаған. Фильмді Алматы көркем және хроника фильмдер студиясы жарыққа шығарды.

«Дала қызы» (1954)

Қазақ режиссурасының атасы мен Карль Гаккельдің екінші шығармашылық тандемі 1954 жылы жарыққа шыққан 92 минуттық «Дала қызы» картинасымен жалғасты. Қарапайым қазақ әйелінің батырақтан ғылыми қызметкер болғанға дейін жүріп өткен жолын бейнелейтін бұл картинаның тұсаукесері Мәскеу қаласында 1955 жылы 1 сәуірде болып өтті.

Әлеуметтік драманың оқиғасы Кеңес үкіметі билігінің алғашқы жылдарында өтеді. Ақтамбай бай «бай-кулак» деген айыптан қашып, малын шекарадан асыруға бел буады. Әйтсе де, таудағы құпия жолдарды шопан Молбағар ғана біледі. Сондықтан Ақтамбай Молбағарға жетім қыз Нұржамалды әйелдікке беріп, таудан жол көрсетуін талап етеді. Шекара жолында Нұржамал Малбағарға өзінің бейтаныс біреуге әйел болғысы келмейтінін айтып, өзін босатуын өтінеді. Бойжеткенге құлақ асқан Малбағар қыздың Ақтамбай лагерінен қашып кетуіне көмектеседі. Жылдар өтеді. Нұржамал медицина институтын бітіріп, туған ауылына оралады. Мұнда ол өзінің дәрігерлік қызметімен қатар кейбір шөптердің емдік қасиеттерін пайдалану мәселесімен айналысады. Сөйтіп жүргенде 1941 жылы Гитлер ордасының опасыз шабуылы туралы хабар келеді. Нұржамал әскер қатарына дәрігер ретінде алынып, өзі тапқан дәріні жараларды емдеу үшін кеңінен қолданады. Соғыстың сұрапыл жылдары артта қалған соң Нұржамал көп жыл бұрын өзі алғаш табалдырығын аттаған медицина институтының аудиториясында кафедра студенттеріне дәріс оқиды.

Алма-Ата киностудиясында түсірілген фильмнің басты кейіпкерлерін Зәмзәгүл Шәріпова, Жағда Оғызбаев, Елубай Өмірзақов, Нұрмұқан Жантөрин, Сейфолла Телғараев, Бибігүл Төлегенов, Валентина Харламова, Қапан Бадыров, Хадиша Жиенқұлова, Шолпан Жандарбекова, Камал Қармысов секілді актерлер сомдаған. Ал түсірілім тобының құрамында Рокман Фатуев (сценарист), Михаил Аранышев (оператор), Евгений Брусиловский (композитор), Павел Зальцмандар (қоюшы-суретші) болды.

«Біз осында тұрамыз» (1956)

«Біз осында тұрамыз» картинасын Шәкен Айманов Владимир Абызов, Михаил Блейман, Шахмет Хусайыновтардың сценарийі бойынша 1956 жылы Алма-Ата киностудиясында түсірді. Кеңестік-украйн киногер Матвей Володарский аталған картинаға ко-сценарист ретінде де, ко-режиссер ретінде де үлес қосты. Фильмнің операторы Марк Беркович, композиторы Александр Зацепин, ал қоюшы-суретшілері Павел Зальцман, Юрий Вайншток, Мұқан Төлебаевтар болды.

Кинотуындының негізгі оқиғасы 1954 жылы қазақ даласында өтеді. Партияның Орталық Комитетінің шақыруымен шалғай қазақ аулына тыңшылар отряды келеді. Қарт орманшы Бұланбай комсомолдықтарға ол жердің ешқашан адам көрмеген, соқа тимеген «жабайы» жер екенін ескертеді. Бірақ жанып тұрған жас жұмыскерлер қиындықтан қорықпай, жұмысқа кіріседі. Әйтсе де оларға тек қатал табиғатпен ғана емес, совхоз тресінің директоры Қуаныш Қорқытовтың енжарлығымен де күресуге тура келеді. «Комсомольский» кеңшарының басшысы Кудряш оның тапсырмасына қайшы, ауыр, бірақ болашағы зор жер телімдерін өңдеуді жөн көреді. Қиын да табанды күресте жас тың игерушілер ұжымы күшейе түседі. Обком хатшысы Бейісов те трест бастығы мен Кудряштың күресінде, Кудряшқа жақтасады. Қорқытов жеңіліске ұшырап, жұмысынан босатылады. Кезінде өзі тастап кеткен әйелі де оған қайтып барудан бас тартады: ол совхоз партия ұйымының хатшысы Сафаровқа ғашық болып қалады. Тіпті ата-анасы да оны айыптайды. Көп ұзамай астық үшін күресте алғашқы жеңістерге қол жеткізген «Комсомольский» кеңшарына жас тың игерушілердің жаңа отряды келеді.

Жетпіс бір минутқа жалғасатын драманың басты образдарын Константин Барташұлы, Шахан Мусин, Зәмзәгүл Шәріпова, Ыдырыс Ноғайбаев, Сейфолла Телғараев, А.Мұхамедьяров, Сәбира Майқанова, Лола Абдукаримова, Лев Фричинский, Алексей Бахар, Вера Петрова, Евгений Попов секілді әртістер сомдайды. Режиссердің өзі де қосымша рөлдердің бірін алып шығады.

Көркем фильм  1958 жылы Мәскеуде өткен Бірінші Бүкілодақтық кинофестивалінде «Тың игеру туралы үздік фильм» арнайы сыйлығын  және үшінші дәрежелі дипломды жеңіп алды.

«Біздің сүйікті дәрігер» (1957)

Шәкен Айманов түсірген төртінші толықметражды көркем фильм – оның ең сәтті шыққан фильмдерінің бірі де бірегейі. Әйгілі картинаны жасауға режиссерге оператор ретінде Марк Беркович, қоюшы-суретіші ретінде Юда Вайнсток, сондай-ақ кинокомпозитор ретінде Александр Зацепин көмектесті. Фильмнің сюжетін жазған сценарист Яков Зискинд болды. Алматы хроника және көркем фильмдер киностудиясында түсірілген кинотуындының алғашқы көрсетілімі 1958 жылы наурыз айында Алматы қаласында өтті.

Сюжетке сәйкес, дәрігер Лавров ұзақ жылдар бойы Қазақстандағы шипажайлардың бірінде бас дәрігер болып жұмыс істейді. Жай ғана дәрігер емес, ол – алтын адам. Бір рет болса да шипажайда демалып, емделген әрбір адам оны кішіпейіл, кең жүректі адам ретінде мәңгі есте сақтайды. «Адамға қуыныш сыйлау оны емдеу секілді маңызды» деген ұранды ту еткен Анатолий Николаевич Лавровтың алпыс жылдық мерейтойы жақындап келеді.  Шипажай директорының хатшысы Ксения Павловна мен мәдениет қызметкері Бибігүл сол күннің қаһарманына арнап концерт ұйымдастыруды ұйғарады. Алайда шипажай директоры Филькин оларға қажетті ақшаны бөле алмайтындағын айтады. Сонда Бибігүл Филькиннің бұл әрекеттен ештеңе шықпайды деп сендіргеніне қарамастан, тегін концертте өнер көрсетуді өтініп әртістерге барады. Концертті ұйымдастыруда мәдениет қызметкеріне шипажайда демалып жатқан суретші Мұрат пен оның досы, жас әнші Тәкен көмектеседі. Күндіз Бибігүл, Мұрат және Тәкен үшеуі Алматының танымал өнерпаздарына қонаққа барып, кешке концертке қатысуын өтінеді. Барлығы тегін концертте өнер көрсетуге келіседі, бірақ дәл бүгін бос емес екендерін айтады. Қапаланған ұйымдастырушылар белгіленген сағатта шипажайға әрең оралады. Мұнда олар күні бойы барған әртістердің барлығын кездестіреді. Сөйтіп, түсініспеушілік болғаны белгілі болады: өнер адамдарын шақырған кезде ұйымдастырушылар мерейтой иесінің аты-жөнін атамаған; әртістер де өздерінің дәл дәрігердің алпыс жылдық мерекесіне келетіндіктен, қолдары бос емес екенін айтпаған.

Фильмнің ұзақтығы сексен сегіз минут. Картинаның барлығы дерлік музыкалық номерлерден тұратындықтан, фильмдегі актерлер де ерекше тұлғалар болды. Кинотуындыда хатшы, әріптестер, шақырылған қонақтар рөлдерін орындаушылар – шынайы өмірдегі алматылық кәсіби биші, әнші, күйшілер. Олардың қатарында Гүлфайрус Исмаилова, Евгений Диордиев, Ермек Серкебаев, Мулюк Суртубаев, Хадиша Бөкеева, Валентина Старжинская, Шәкен Айманов, Серке Қожамқұлов, Лола Абдукаримова, Рахия Қойчубаева, Ришат Абдуллиндер болды. Айта кету керек, фильмде алпыс астағы егде адамды сомдаған басты актер Юрий Померанцев өмірде бар болғаны 33 жаста болған.

Мейірімді әрі қызықты фильм көрермендердің ғана емес, кәсіби киногерлердің де көңілінен шыққан. 1958 жылы Ташкентте Африка және Орта Азия елдерінің дүниежүзілік фильм фестивалінде актер Ермек Серкебаев пен Шәкен Аймановқа естелік дипломдары табысталса, 1959 жылы Киевте өткен бүкілодақтық кинофестивальде фильмнің өзі ынталандыру сыйлығын жеңіп алды.

«Бір ауданда» (1961)

Билікке қолы жеткен адамның ішкі өзгерісін баяндайтын бұл фильмнің сценарийін жазуға режиссер Айманов Игорь Саввинмен бірлесе атсалысты.  Ал операторлық қызметке Марк Беркович, қоюшы-суретшілікке Юрий Мингазитинов, картинаны музыкалық композициялармен әрлеуге Леонид Афанасьев шақырылды.

Бір жарым сағатқа созылатын фильмнің сюжеті бойынша Сабыр Баянов ұзақ жылдар бойы Алғабас өңірін басқарды. Ірі мал шаруашылығы ауданын құруға көп күш-қуатын, қайрат-жігерін салып, беделі өсіп, құрметке бөленеді. Бірақ біраз уақыт өткен соң Сабыр Баянов өзінің қарапайымдылығы мен кәсібилігін жоғалтып, айналадағы адамдарға менсінбей қарай бастайды. Дегенмен кейін қызық адамдармен – қарапайым жұмысшылармен кездесіп, оларды таныған сайын өзінің  қателескенін түсінеді.

Бұл фильмде Шәкен Айманов режиссерлік пен сценарий жазудан бөлек, басты кейіпкер Сабыр Баяновтың рөлін өзі сомдады. Картинада сондай-ақ Лидия Ашрапова, Асанәлі Әшімов, Евгений Диордиев, Әмина Өмірзақова, Серке (Сералы) Қожамқұлов, Александра Попова, Рахметулла Сәлменов, Сайфулла Телғараев, Кирей Жарқымбаев, Рахметбай Телеубаев, Алексей Бахарь секілді актерлер бой көрсетеді.

Картинаның тұсаукесері 1961 жылы 29 шілдеде Мәскеу қаласында болып өтті.

«Ән шақырады» (1961)

«Ән шақырады» картинасының сценарийін режиссер Аймановпен бірге Қапан Сатыбалдин мен Маро Ерзинкян жазған. Ал операторлық жұмысты Марк Беркович атқарды. Фильм жұмысшылардың күнделікті тұрмыс-тіршілігін көрсетеді және әр көріністің өзіне арналған саундтрегі бар. Оларды композитор Александр Зацепин кинотуынды үшін арнайы жазған. Тоқсан минуттық фильмнің басты рөлдерін Раиса Мұхамедьярова, Мүсілім Абдуллин, Асанәлі Әшімов, Ермек Серкебаев, Таңат Жайлыбеков, Сайфулла Телғараев, Рахия Қойчубаевалар тамаша сомдап шыққан.

Фильмнің сюжеті жас қыз Айгүлдің тағдырына негізделген. Ол колхоз егістігінде жұмыс істейді, жастарға жетекшілік етеді. Ол мүлде басқа салада қызмет етсе де, туған колхозында өзінің халық театрын құруды армандайды. Ол бір күні жолда көлігі бұзылып қалған, өзі Қызылту ауылындағы концертке асығып бара жатқан белгілі әнші Досай Нұрлановты кездестіріп қалады. Айгүл өзінің жүк көлігімен әншінің «Волгасын» сүйреп, екеуін де ауылға алып келеді. Өнерпаз болса, ауылдың таланттарының өнеріне тәнті болып, «Әнші ауылдың» (колхоздың әзілдеп осылай атап кеткен) мәдениеті өсіп келе жатқанының куәсі болады. Бұл оны Айгүл армандаған халық театрының басшысы болуға итермелейді.

Фильм киногерлердің көңілінен шығып, шетелдерде атап өтілді. 1962 жылы Ташкентте Орта Азия Республикаларының Бірінші киношоуында ең жақсы дыбыс жазбасы үшін дыбыс операторы Е.Додонова мен әйел рөлін үздік сомдағаны үшін актриса Р.Мұхамедьяроваға диплом табысталды.

«Жол түйісі» (1962)

Шәкен Аймановқа режиссурасы үшін үздік диплом алып берген бұл туынды 1962 жылы Алматыда түсірілді. 1963 жылы наурызда алдымен сол кездегі ел астанасында, кейін 29 шілде күні одақ астанасында алғаш үлкен экраннан көрсетілді. Драмалық фильмнің сценарийін Ольга Бондаренко мен Василий Катинов жазған. Түсірілім тобында Михаил Аранышев (оператор), Садық Мұхамеджанов (композитор), Павел Зальцмандар (қоюшы-суретші) болды. Ал картина кейіпкерлерін сомдауға Фарида Шәріпова, Асанәлі Әшімов, Леонид Чубаров, Клавдия Хабарова, Владимир Сошальский, Л.Тастанова, Г.Эльвейн, Шахан Мусин, Евгений Диордиев, Петр Морозов, Шолпан Жандарбекова, Рахия Койчубаева, Юрий Померанцев, Сайфулла Телғараевтар шақырылды.

Кинотуындының сценарийі бойынша, дәрігер Ғалия Исмаилова жедел жәрдемнің кезекшісі болып жұмыс істейді. Бір күні оған шұғыл қоңырау түседі. Бірақ көліктің жоқтығынан бөгеліп қалады. Ол амалсыздан  көлігі жөндеуде жатқан жүргізушіге хабарласады. Апат кезінде адамның өмірін сақтап қалу керектігін түсінген екеуі ақау бар көлікпен жолға шығады. Адамдар көп жиналатын қала көшелерімен жедел жәрдем көлігі жүйіткіп келеді. Кенет қиылыстардың біріндегі жол ортасында мас адам пайда болады. Жүргізуші көлікті тоқтатуға тырысады, бірақ тежегіш жасамай қалғандықтан ол жүргіншіні қағып кетеді.  Сөйтіп жүргізуші Медведев сотқа тартылады. Оның ісіне Ғалияның сүйіктісі Ескендірдің төрелік етеді. Қос ғашықтың арасында жанжал туындайды. Ғалия Ескендір адам өмірін сақтап қалу үшін ғана тәуекелге барған адал адамды айыптап, ар-ожданнан аттап отыр депсанайды. Ал Ескендір өзінің заң бойынша әрекет еткенін және Медведевтің кінәсі оның ақауы бар көлікті айдауында екенін дәлелдеуге тырысып бағады.

Осы фильм үшін 1963 жылы Шәкен Айманов Душанбеде өткен Орта Азия кинематографистерінің екінші байқау-конкурсында «Үздік режиссерлік жұмысы үшін» дипломымен марапатталды.

«Алдар Көсе» (1964)

Халық ауыз әдебиетінің ең танымал өкілдерінің бірі – Алдар Көсе туралы алғашқы фильмдің Айманов 1964 жылы түсірді. Сценарийін жазуға өзі де атсалысып, Лев Варшавскиймен бірлесе қызықты сюжетті дүниеге әкелді. Фильмге оператор қызметіне Марк Беркович, композитор ретінде Садық Мұхамеджанов, қоюшы-суретші ретінде Р.Сахи мен Құлахмет Қожықов шақырылды.

Алдар Көсенің өмірде шын мәнінде болған-болмағаныфн ешкім кбілмейді. Алайда оны көз көрген танысындай әңгіме қылып әйтатындар әлі күнге дейін жетерлік. Режиссер аңыз кейіпкерін жасауда бұрынғы заманды емес, Алдар кКөсені өзі өмір сүріп отырған ғасырға лайықтап бейнелеген. Фильмде де Алдар жүрегі жұмсақ, пейілі кең, тек қана жаман, сараң жандарды алдап, кедейлерге көмек қолын созатын кейіпкер ретінде танылады. Ол қаңбақ шал секілді өмір сүріп жүргенінде Қарашаш сұлуды кездестіріп, оған ғашық боп қалады. Бойжеткен оған сезіммен жауап қайтармаса да оның бақытты болуы үшін басты кейіпкер барын салады.

Бүгінде Алдар Көсенің бейнесі көрермен көзінде дәл осы Шәкен Аймановтың өзі жасаған және сомдаған образымен қалғаны даусыз. Режиссер өз фильмінде екінші рет басты рөлді тамаша алып шықты. 1966 жылы  Киевте өткен Екінші Бүкілодақтық кинофестивалінде Шәкен Аймановқа осы рөлі үшін үздік диплом табысталды. Картинада одан бөлек Қалыбек Қуанышбаев, Құрманбек Жандарбеков, Атайбек Жолымбетов, Серке Қожамқұлов, Баян Әділова, Қуатбай Әбдірейімов, Сайфулла Телғараев, Қасымхан Шанин, Рахметулла Сәлменов, Елубай Өмірзақов секілді айтулы актерлер өнер көрсетті.

 «Атамекен» (1966)

«Атамекен» фильмінің сценарийі ақын Олжас Сүлейменовтің «Одна война окончилась другой» деп аталатын шағын өлеңінің идеясынан туған. Ол өз өлеңінің негізінде қазақ киносының алтын қорында қалған картинаның сценарийін жазды. Ал оны Шәкен Айманов экранға бейімдеп 1966 жылы тамаша фильм түсірді.  Кинотуында «Қазақфильм» киностудиясының ең көп табыс тапқан ТОП-10 фильмінің қатарына енді, оны кезінде 4 200 000 көрермен тамашалаған.

Ұзақтығы 91 минутты құрайтын картинаны камераға түсірген өз ісінің маманы Мұрат Айманов, қоюшы-суретші – Құлахмет Хожықов, ал  фильм композиторы  Еркеғали Рахмадиев болды.

Кинокартинаның сюжеті бойынша, соғыс біткеннен кейін бір жыл өткенде қарт қазақ немересімен ел аралап, Ленинград іргесіндегі ауыл зиратынан солдат баласының сүйегін алуға аттанады. Мақсаты – ұлының сүйегін туған қазақ даласына әкеліп жерлеу. Алайда, бейітке жеткенде, олар жақындарының қаруластарымен бірге жерлергенін біледі. Қарапайым халықтың мұңы мен ерлігі өлілермен бірдей болғандықтан, қария мен немересі оны мазаламауды ұйғарады.

1968 жылғы 1 қаңтарда Мәскеуде алғашқы көрсетілімі болған фильмді жазушы Ғабит Мүсірепов «философиялық толғауларға толы қызық картина» деп бағалаған.  Ал кинотанушы Лилия Маматова «соғыс туралы қазақ фильмдерінің ең жақсыларының бірі» деп атап көрсетті. «Простор» журналы Жеңістің 40 жылдығы қарсаңында сұрапыл жылдар туралы фильмдерді қарастыра отырып, сол кезде қазақ киногерлері түсірген соғыс туралы фильмдер арасында «Атамекен» картинасын бірінші орынға қойды.

Кинотуындыдағы негізгі кейіпкерлердің образдарын Елубай Өмірзақов, Мұрат Ахмадиев, Виктор Шевцов, Юрий Померанцев, Тамара Кокова, Яраги Зубайраев, Любовь Малиновская, Әмина Өмірзақова, Шолпан Алтайбаева, Б.Руцинский, Рахметулла Сәлменов, Виктор Перевалов, Раднер Мұратов ьсекілді актерлар ойнады. Осы фильмдегі рөлі үшін актер Елубай Өмірзақов Бүкілодақтық кинофестивалдің сыйлығымен марапатталып, Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанды. Сондай-ақ картинаның өзі Орта Азия және Қазақстан кинематографистерінің байқауында  (Душанбе, 1967 жыл) «Тау хрусталы» сыйлығын, үздік көркем фильм үшін және сценарий үшін бірінші дәрежелі дипломды  қанжығасына байлады. Одан бөлек, 1966 жылы Майндағы Франкфуртте өткен халықаралық кинофестивальде Шәкен аймановқа «Үздік режиссерлік шешім» үшін арнайы диплом табысталды.

 «Тақиялы періште» (1968) 

Шәкеннің шоқтығы биік комедияларының бірі – «Тақиялы періште» фильмі. Ол Аймановтың артында қалған он картинаның ішіндегі ең танымалы десек қателеспейміз. Тоғызыншы толықметражды картинасын түсіргенде режиссер өзінің әуелден бірге жұмыс істеп келе жатқан тәжірибелі мамандарын шақырған. Олар: оператор Марк Беркович, композитор Александр Зацепин, қоюшы-суретші Юрий Вайншток. Зацепиннің осы фильмге арнайы жазған барлық әні халық арасына кең танылып, жеке пластинка болып жарыққа шыққан. Көңілді комедияның сценарийін Шәкен Айманов Яков Зискиндпен бірлесе отырып жазған. Музыкалық фильмнің премьерасы 1969 жылы 20 қазанда Мәскеу қаласында өтті.

Кинотуындының басты кейіпкері – география пәнінің мұғалімі, жүрегі жұмсақ ерке бала Тайлақ. Бірақ баланың жасы жиырма сегізде. Оның осынша жасқа келіп әлі үйленбегені оның анасы – Тананы әбден уайымдатады. Бір күні қайда жүрсе де тақиясын тастамайтын «періште» баласының жағдайына алаңдап, Тана ұлына келіншек іздеу үшін Алматыға арнайы келеді. Ол барлық жерден баласына лайық қыз іздеп жүріп, Нияздың отбасымен танысады. Нияз Тананы ұнатып, көңілін аулап жүргенде Тайлақтың өзі Айша атты қызды тауып үлгереді. Алайда Айшаның әкесімен ескі таныс екнін білгеннен кейін, баласының таңдауына ризалығын бермейді. Бірақ көп ұзамай ұлының бақытына кедергі келтірмеуді шешкен Тана өзі де Нияздың сөзін қабыл алып, фильм соңы қос қуанышпен аяқталады.

Тоқсан жеті минут бойы көрермен назарын алатын атаулы фильмнің басты рөлдерін Әмина Өмірзақова, Әлімғазы Раинбеков, Раиса Лунева, Әубәкір Исмаилов, Ермек Серкебаев, Шолпан Алтайбаевалар сомдайды. Картина жарыққа шыққан жылы Орта Азия және Қазақстан кинематографистерінің шолу-конкурсының дипломына ие болды.

«Атаманның ақыры» (1970)

«Атаманның ақыры» – қазақ киносының асқақ өкілі Аймановтың ақырғы фиьлмі. Режиссердің соңғы фильмі қазақ кинематографиясындағы алғашқы атыс-шабыс және детектив фильм болды. Оның сценарийін кеңестік киногерлер Андрей Кончаловский пен Эдуард Тропинин жазды. Түсірілім тобының құрамында оператор Асхат Ашрапов, композитор Еркеғали Рахмадиев, қоюшы-суретші Виктор Ледневтер болды.

Шытырман оқиғалы фильмнің сюжеті 1920 жылы Қазақстанда болған шынайы тарихи оқиғаларға негізделген. Жаркенттіктер атаман Дутовтың ақ гвардияшыларының бандыларын жою операциясын әзірлейді. Оны жүзеге асыру бастықтың штабына кіріп, сенімге ие болып, басын қатерге тігіп, тапсырманы орындаған чекист Шадияровқа тапсырылады.

Алғашқы қазақ ждетектив фильмі 2 бөлімнен тұрды: бірінші эпизод ұзақтығы 70, екіншісінің ұзақтығы 76 минутты құрады. Бұл картина негізінен барлаушы Шадияров туралы тетралогияның бастапқы бөлімі болды. Кейінгі фильмдер: «Транссібір экспрессі» (1977), «Маньчжур нұсқасы» (1989) және «Сіз кімсіз, Ка мырза?» (2010).

Фильмдегі басты кейіпкерлерді Асанәлі Әшімов, Виктор Авдюшко, Геннадий Юдин, Юрий Саранцев, Курван Абдрасулов, Владимир Гусев, Владислав Стржельчик, Борис Иванов, Нұрмұхан Жантөрин, Алтынай Елеуова, Нұржұман Ықтымбаев, Н.Ли, Зейнулла Сетеков, Евгений Соля секуілді кеңестік киноның алыптары сомдады. Асанәлі Әшімов бір сұхбатында осы картина туралы: «Атаманның ақыры» – Шәкен Аймановтың соңғы фильмі. Былайша айтқанда, жан-айқайы десе де болады. Мен үшін бұл тарихи кезең, өйткені фильм Шәкен Аймановтың өзі бастаған үздік шығармашылық топтан құралды әрі актерлік құрамның өзі бір төбе жоғары тұрды», – деген болатын.

Көркем картинаға 1972 жылы Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығы берілді. Сондай-ақ кейін фильмнің сценарий авторлары А.Михалков-Кончаловский мен Е.Тропинин де, актер А.Әшімов те жоғарыда аталған беделді сыйлықтың иегері атанды.

Поделиться
Для корректного отображения страницы пожалуйста отключите блокировщик рекламы